Қазақстан • 02 Тамыз, 2018

Сенат депутаттары Солтүстік Қазақстанға жұмыс сапармен келді

356 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Құрамында Ерік Сұлтанов  және Ольга Перепечина бар Парламент Сенатының депутаттары Қызылжар өңірінде болып, бірқатар аудандарды аралады. Еңбек ұжымдарымен кездесіп,  заң шығарушы орган тарапынан атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді. 

Сенат депутаттары Солтүстік Қазақстанға жұмыс сапармен келді

Аққайың ауданында жалғасқан жұмыс сапарында халық  қалаулылары  Рублевка ауылында «Иван Зенченко» ЖШС-нің қаражатына салынып жатқан мал шаруашылығы кешенінің құрылысында болды. 600 бас сиырға арналған сүт фермасы күзге салым пайдалануға берілмек. Сүтті бағыттағы 596 мал әкелініпті.

«Дайындық агро» серіктестігі тұрғындардың сұранысы бойынша Жансүгір батырдың кесенесін салуға қызу кіріскен. Құрылысқа қажетті  материалдар Ақтау жағынан жеткізіліпті. Шаруашылық басшысы Біржан Шәймерденов депутаттарды 800 малға арналған кешен жобасымен таныстырды. Елді мекенде мәдениет үйі, фельдшердік-амбулаториялық пункт, балабақша, тағы басқа әлеуметтік нысандар жұмыс істеп тұр.  Мектептің күрделі жөндеуіне 58 миллион теңге бағытталып,  жаңа спорт залы іске қосылмақ.

Тұрғындармен кездесуде  Ерік Сұлтанов Солтүстік өңірлерді табиғи газбен қамту  жұмыс басталып кеткенін,  3-4 жылда  Қызылжар өңірі де жеткізілетінін хабарлады.

Тайынша ауданында өткен жүздесулерде  сенаторларға бірқатар әлеуметтік нысандар таныстырылды. Вишневка мектебінің пайдалануға берілгеніне 60 жылдан асыпты. 80 орынды білім ошағында 120 бала оқиды. Оның апатты жағдайда тұрғанын көрген депутаттар Парламенттің ықпал етуімен  бөлінген 40 миллиард теңге мектептер мен ауруханар салуға бағытталатынын, келесі жылы осы ауылда 150 орынды еңселі ғимарат бой түзейтінін айтты.

«Парламентте 84 заң қабылданды. Олардың ішінде  кәсіпкерлік, кеден, салық  Кодекстері секілді маңызды құжаттар бар. 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті бекіту барысында облыс жолдарын қалпына келтіру үшін қосымша 5 миллиард теңге  алуға қол жеткізілді. Бұл қаражат жергілікті жолдарды жөндеуге жұмсалатын болады», деді халық қалаулылары.

«Тайынша-Астық» ЖШС-і ірі агроқұрылымдардың бірі саналады. Қазақстан нарығында 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 800 адам жұмыспен қамтылған. Егіншілікпен де, мал өсірумен де айналысады.  Серіктестіктің бас директоры Анатолий Рафальский Канададан оралғанын айта келіп, алған әсерлерімен, іс-тәжірибелермен бөлісті. Агроқұрылымда сұйық минерал тыңайтқыштар өндіретін зауыт іске қосылыпты. Енді  өсімдіктер мен қоғамдық малдардың иммунитетін жақсартатын  пайдалы  микроорганизмдер шығаратын кәсіпорын салу жоспарланып отыр.

Сенаторлар мұндай озық жобалар мен жаңашылдықтарды қолдап, атқырылған жұмыстарға жоғары баға берді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар