Руханият • 02 Тамыз, 2018

Ұлттық асхана және ұлт ұяты

2025 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ұлттық асхана және ұлт ұяты

Ана бір жылы Мәскеуге жо­лы­мыз түскен. Внуково әуе­жайынан Санкт-Петербург ба­ғы­т­ындағы ұшаққа отыруы­мыз керек. Оған әлі уақыт бар. Әуе­жайды аралап келген сапар­лас­тарымның бірі:

– Мына жерде өзбек асханасы бар екен, – деді.

Бардық. Өзбек халқының ұлт­тық нақыштарымен безен­ді­рілген дәмханада кісі көп. Па­лау­ын таңдадық. Дәмді. Сам­са­сы мен пәтір наны да тіл үйі­реді. Алматыға, Таразға жиі ба­рып тұрамыз. Өзбек ұлты та­ғам­ды тым тәуір дайындайды. Өзі­міз­дің Шымкентте де өзбек тағамдары жетіп артылады.

Гарвард университетінің студенті Шыңғыс Мұқанның айтуынша, Нью-Йорктің өзінде он шақты өзбек мейрамханасы бар екен. Америкалық қазақтар ұлт­тық тамақты сағынғанда сол мей­рамханалардан табылатын кө­рі­неді.

Мына түрік ағайындар жер ша­рының түкпір-түкпіріне «Адана кебап» деген тағамын тез таратып үлгерді. «Адана кебап» атауымен Америкаңыздың өзін­де айқайлап алдыңыздан шы­ғатын көрінеді.

Ал біз ше? Ұлттық тағам­да­­ры­мыз дегенде ет, қуырдақ, қа­­рын­бөртпе, мипалау, сірне, бау­ырсақ, құрт, ірімшік, жент, қымыз, қымыран, қазы-қарта, жал-жая деп шұбырта жөнелеміз. Бірақ осы ұлттық тағамдардың қайсысын жарқыратып көрсете, на­сихаттай алдық? Кешегі ЭКСПО кезінде мұхит асып кел­гендер қазақтың қай тамағын сүй­сіне жеп, не ішіп «осыны біз­дің қалада да жасауға болады екен ғой» деп оны қалай жасау ке­ректігі жөніндегі нұсқаулықты алып кетті? Ештеңе дей алмаймыз. Неге? Өйткені кезінде қымызымыздың өзін немістер патенттеп алып, сан соқтырып кете жаздады. Осыдан соң өзгеге өкпе жүре ме?

Сондықтан облыстық әдеп-ғұрып және салт-дәс­түр ортал­ы-
­ғы ұлттық тағам­да­ры­мыз­ды на­си­хаттау жөнінде бір­не­ше се­минар өткізіп келеді. Соның ішін­де күнделікті тұрмыста әзір­ленбей, ұмыт болып бара жат­қан ұлттық тағамдарымызды на­си­хаттауда көп ізденістер жа­сады. Мәселен, «Көмбе» де­ген тағамды жеп көріп пе еді­ңіз? Оны былай жасайды. Жер­ді жарты метр-
дей қазады да ішіне от жағып, бүйірлерін әб­ден қыз­дырады. Содан соң кү­лін алып тастайды да, қарынға са­лын­ғ­ан етті осы қуысқа салады. Қарын аузына қамыстан ұзын түтік жасайды. Мұнан кейін ыстық топырақ пен күлді қарынның жан-жағына үйіп көмеді. Топырақ үстінен қызуы қатты от жағады. Осылайша, мар­қаның еті үлбіреп, әдемі пі­седі. Тіпті сүйегіне дейін жұмсарып кетеді. Жайлауда, жорықта жүр­ген жауынгер халық көмбені өте дәмді етіп пісіру тәсілдерін жақ­сы меңгерген. Қарынға түрлі дәм­деуіш шөп қосқан.

Осыны жақсы меңгерген қа­зақ әлемнің әр түкпірінен келген ту­ристерге бренд болатын­дай бірер тағам ұсына алмауы мүм­кін бе? Ендеше қазақ мей­рам­ха­на­ларына тән өзін­дік стильдер неге қалып­тас­тыр­маққа?

Оңтүстік туристер тарту­ға ең қолайлы аймақ деймі­з. Мақ­тан­ғанда аспанға лақтыратын бөр­кіміз қайта түспейді. Сонда дей­міз-ау, үнемі шекесінен қара­й-
­тын шетелдіктердің өзі «е, қазақтарда мынадай тамақтар бар екен ғой» деп таң қалатын ұлт­тық тамағымыз қайсы? «Бес­бар­мақ» деймісіз. Келісеміз. Бі­рақ оның жаймасы, тұздығы қан­дай? Қамыры қалың, бетінде кеу­іп кеткен бірер түйір сиыр не қой еті бар тағамды «мынау біз­дің мақтанышымыз» деп қо­нақ­тар­ға көрсете аламыз ба? Әлде олар­дың алдына құда ре­тінде бас қоямыз ба?

Қалың қазақ шоғырланған Шым­кентіңізде ұлттық асхана неге аз? Толып жатқан «Палау орталықтарға», «Гамбургер», «Лаваш­тарға» «Адана кебаб­тар­ға», «Түрік мейрамханаларына» қа­шанғы бара бермекпіз? Ұлы ұяты­мыз қайда қалады сонда?

Рухани жаңғырамыз деп жа­тыр­мыз. Қоғамдық сананы өз­гер­тпекпіз. Ол ұлттық құн­ды­лық­тарынан бірте-бірте ажырап жат­са, қалай жаңғырамыз?

Міне, гәп қайда?!.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ