Медицина • 02 Тамыз, 2018

Ажалы жоқ ала қарға

1226 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаланың орталық саябағы таңертеңнен күн батқан­ша ерсілі-қарсылы адамнан арылмайды. Жай басып, демалып жүрген адамдар қаланың азан-қазан шу­ына әбден құлағы жауыр болғандықтан ба, сая­бақ­тағы сән үшін қойылған темір бағанның басына қыстырылып қалған құстың дауысын ешкім де елең қылған жоқ. Тек қызымен қыдырып жүрген Татьяна Владимировна ғана темір бағанның тұсынан бір-екі рет өткенде құстың дауысы қинала шығып жатқанын байқады. 

Ажалы жоқ ала қарға

Биік бағанның ұшар ба­сын­д­ағы құстың бір қанаты сал­бырап кетіпті, басы көрі­нер-көрінбес. Оның пай­ым­дауынша, құс қарға сияқты. Демек түймедақ гүлін бей­нелеген темір бағанның жан-жаққа май­ыс­­тырылған бұтақ­тары­ның ор­тасы шұңғыл болған, құс сонда түсіп кеткен б­о­луы тиіс. Баған тым би­ік, оған тек кран керек. Кеш­ке қарай кімді тапсын, ертесіне ол қалалық тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылығына хабарласып, көрген жайтты айтты, құсты құтқармаса, көп ұзамай өліп қалатынын ескертті.

Хабар жетісімен сая­бақ­қа «Адал-И» кәсіп­орнында элек­трмонтажшы болып істейтін Асқар Сәрсенов келіп, автокранның көме­гі­мен темір бағанның ұшар ба­сында металдан жа­сал­ған «түймедақ гүлі­нің» «тұтқыны» болып отырған ала қарғаны босатып алды.

– Ала қарға биылғы бала­пан болуы керек. Ол бағанның басында өте ұзақ, кемінде екі күн отыр­ған тәрізді. Ты­пыр­лай-тыпырлай қау­ыр­сын­дары сын­ған, өзі әб­ден әлсіреген, қа­натын қа­ғу­ға да шамасы кел­ме­ді. Жақсылықты құс та бі­­ле­ді, ол бізден қашқан жоқ. Шү­берекпен орап, Та­тьяна Вла­димировнаға та­быс еттік, – дейді Асқар.

Ала қарға аштық пен судан әбден қаталап қал­ған екен. Сол күндері Қос­танайда шілде де шілің­гір мінез танытқан еді. Қа­зір оны өзінің басты құт­қарушысы Татьяна Вла­ди­мировна үйінде ұстап отыр. Алдына қойған та­мақ пен суды іркілмей ішіп-жейді, қалпына келе бас­таған. Ала қарғаның үйге де, мейірімге де бойы үйре­ніп қалды. Құстың түсіп қал­ған қауырсыны орнына кел­ген соң, ол бостандыққа жі­беріледі.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ