Арман Әлменбет. Менің бірінші бизнесім (Хикая)

Бұл хикая үлкен өмірге енді араласа бастаған Еркіннің дүниеге деген қалыптасып келе жатқан көзқарасы, пайымы туралы. Өзінің алғаш бизнес бастар алдындағы, оны іске асырған кездегі ойын саң-саққа бөлген тәжірбиесіздігі мен жастығы хикаяның өне бойында жап-жақсы көрінеді. Дербес ойлауды, шешім қабылдай алуды, қоғамдағы қалыптасып қалған, бұзылмастай көрінетін түсініктерге Еркіннің ішкі қарсылығы анық білінеді. Жеке жұмыс жүргізудің өз тәртібі, өз ережесі бар екенін түсінсе де, ата-анасының сөзіне қарсы шыға алмаған Еркіннің бойындағы кемшілік – шарасыздығы. Алғашқы бизнесін бастап, жалғастыра алмаған оны әлі талай жұмыс күтіп тұрғандай.

Хикаяның қазақ тілін үйреніп жүрген орыстілді ортаға лайықталып жазылған нұсқасын ұсынып отырмыз.

Егемен Қазақстан
02.08.2018 3587
2

I БӨЛІМ

ХАБАРЛАНДЫРУ БОЙЫНША ХАБАРЛАСҚАН ЖІГІТ

2008 жыл. Маусымның 23-і. Дүйсенбі. Мен жергілікті газетке барып, хабарландыру бердім. Хабарландыруда: «Телефон жөндейтін адам керек. Еркін 87773465960» деп жазған едім. Бірнеше адам хабарласты. Бірақ ешқайсы көңілімнен шыққан жоқ. Сәрсенбі күні Антон деген орыс жігіт хабарласты.

– Қайырлы күн!

– Қайырлы күн!

– Хабарландыру бойынша хабарласып тұрмын.

– Иә, атыңыз кім?

– Антон.

– Бұрын осы салада жұмыс істеп көрдіңіз бе?.

– Жоқ, – деді Антон. – Бірақ үйде телефон жөндеп көргенмін. Бұрын телевизор, денди, сегаларды да жөндей беретінмін... Үйреніп кетемін.

         Маған оның сыпайы, шынайы, әрі батыл сөйлегені ұнады.

– Жасыңыз нешеде?

– Он тоғыздамын.

– Онда сен деп сөйлей берейін. Мен сенен үлкен екенмін. Сексен тоғызыншы жылғысың ба сонда?

– Иә.

– Мен сексен төртінші жылғымын. Онда ертең таңертең тоғызда кел, бір апта сынап көремін, – дедім.

– Жарайды, – деді Антон.

***

Мен мамыр айында ғана әскерден келгенмін. Оған дейінгі өмірімді қысқаша айтайын. 2001 жылы он бір жылдық мектепті бітірдім. Одан соң бір жыл бос жүріп, үш жылдық колледжге түстім. Мамандығым – программист. Коледжден соң тағы да бір жылдай бос жүрдім де, былтыр әскерге кеттім.

Әскерден келген соң әке-шешем жұмысқа тұр деп үгіттеді. «Қазақмыстың» шахтасында Дулат деген жақын туысымыз әжептәуір бастық еді. Сол кісі мамандығыма сай жұмыс тауып беремін депті. Мен келіскен жоқпын. Өзім бір кәсіп көзін тауып, бизнес жасағым келеді дедім. Сөйтіп, екі күн ғана үйде жаттым да, үшінші күні жүк түсіретін жерге жұмысқа шығып кеттім. Вагонмен келетін тауарларды түсіріп, таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп, 16 000 теңге ақша таптым. Бір айда үш-ақ күн демалдым. Әскерге кетер алдында сатып алған компьютерім бар еді. Соны 30 000 теңгеге саттым. Әскердегі табысымнан жинаған 8 000 теңгемді қостым. Сөйтіп, 54 000 теңге жинадым. Біздің Жезқазған кішкентай қала. Сондықтан 54 000 теңгені табу оңай емес. Оның үстіне қазіргі дағдарыс кезінде.

Биыл дүниежүзілік дағдарыстың кесірі бізге де тиіп жатқан секілді. Бензин қымбаттап кетіпті. Біраз жанармай бекеттері жабылып та қалды.

Мен қандай бизнес ашқаным дұрыс деп, бір ай бойы көп ойландым. Дағдарыс кезінде қалай ақша табуға болады? Өзімде бар ақшаны ескердім. Әке-шешемнен ақша сұрай алмаймын. Өйткені, ол кісілерде онсыз да қарыз көп. Жалғыз ұлдарының түрі – мен. Әскерге дейін ештеңе ойламай, қыдырып, төбелесіп жүре беріппін. Енді-енді ойланып, ата-анамды қарыздарынан құтқарайын деп шештім. Қайтсем де жағдайын жасауым керек. Әрекет жасай бастағаным да сондықтан.

Бұрын студент кезімде әртүрлі жұмыс істедім: кафеде даяшы, жанармай бекетінде күзетші, телефон сататын жерде дүкенші болдым.Ең ұзақ істегенім осы телефон сататын жұмыс болды. Кейін шахтадан руда ұрлайтындармен бірігіп, камазбен Қытайға руда жіберіп те көрдік. Ол кезде ақшаны көп таптым. Бірақ екі рет жіберген соң, бұл жұмысқа енді жоламастай болдым. Арам ақша маған жақпайтынын білдім. Оңай келген ақшаны не істеріңді білмей, жұмсай береді екенсің. Көп қыдырдық. Арақты да сол күндері ішіп көрдім. Әке-шешем менен үміт күтіп отырғанда мен солай ақымақтың ісін істеп жүрдім. Енді тек дұрыс жолмен ақша тапқым келеді. Ойланып-ойланып, ұсталған телефондарды сататын және жөндейтін жер ашайын деп шештім. Жылдан жылға ұялы телефон ұстайтын адамдар көбейіп келе жатыр. Жаңалары қымбат. Дағдарыс кезінде осы ескілер көп өтетін шығар деп ойладым. Оның үстіне әскерге дейін ұзақ уақыт істеп көрген жұмысым да осы.

Мінекей, осындай оймен алдыңғы аптада бутикті жалға алдым. Бутикті базар жақтан емес, Бейбітшілік көшесінің бойындағы үлкен «Нұр» деген сауда орталықтан алдым. Айына 15 000 теңгеге келістік. Оның төлеген соң, менің қолымда 39-ақ мың теңге қалды. Енді тауар қоятын витрина іздедім. Жаңасын алуға немесе арнайы жасатуға әзірге қалта көтермейді. Сондықтан ұсталған, ескі екі витрина таптым. Біреуін 2500 теңгеден, екеуін 5000 теңгеге әзер берді. Екеуі екі түрлі. Мейлі. Екеуін әкеліп қойдым. Жанына үйдегі үстелім мен орындықтардың біреуін әкеліп орналастырдым. Бұларды екі жерден әкелу үшін такси шақырып, оған 800 теңге төледім. Содан соң әлгі «Телефон жөндейтін адам керек» деген хабарландыруды бердім. Оған тағы да 1000 теңгем кетті. Сонымен 29700 теңгем қалды. Шыдамай, 120 теңгеге су сатып алып іштім. Жүк түсіруге жаяу барып, тамақты тек үйден ішіп, әскерден келгелі 1 тиын жұмсамай жүр едім. Шөлдедім ғой деп, өз-өзімді көндіріп, су алып іштім. Жалпы, өз-өзімді қинамағаным дұрыс қой. Бірақ ақшаны жұмсамаймын деген соң, ережені сақтап, жұмсамағаным дұрыс еді. Яғни, мен табыс тауып, 54000 теңгемді қайтарғанша ақша жұмсамауым керек деп осыдан бір апта бұрын ереже қабылдағанмын.

Газетке хабарландыру берген соң қабырғаға ілетін сөзді де шығарттым. «Ұялы телефон сатамыз, сатып аламыз, жөндейміз» деп жазғыздым да, принтерден 130 теңгеге шығартып, бутиктің шыны қабырғасына жабыстырдым. Есігі көбінесе ішке қарай ашылып тұратын болған соң, көрінбей қалады ғой деп, әдейі қабырғаға желімдедім.

Сейсенбі күні телефон жөндегенде керек болатын құрал-саймандарды алу үшін базарға бардым. Оны іздеп тауып, сатып алып, қайтып келгенше түс болды. Саймандарға кеткен ақшамды да айта кетейін: 2800 теңге жұмсадым.

Сейсенбі күні түстен кейін және сәрсенбіде күні бойы бутикте өзім отырдым. Бірінші күні витринам таза бос тұрды.

Бейсенбіде жұмысқа Антон келді.

***

Антон арық, ұзын бойлы бала екен. Үстіне ескі қызыл футболка киген. Шашы өсіңкіреп кеткен. Бірақ өзі жағымды жігіт екені бірден байқалды. Екеуіміз қайта таныстық.

Менің бойым 172 сантиметр ғана. Антон, сірә, 180 сантиметрден асатын сияқты. Жаныма келгенде тіпті ұзын көрінді.

– Бұрын қайда жұмыс істедің? – деп сұрадым.

– Ешқай жерде ұзақ уақыт жұмыс істеген жоқпын.

– Қайда оқыдың?

– Кәсіптік лицейде оқығанмын, бірақ тастап кеттім.

– Әскерге бардың ба?

– Жоқ.

Сотталғансың ба деп те сұрағым келді. Бірақ сыпайы, жағымды жігітті ондайға қимадым.

Оған енді шаруа жағдайын түсіндірдім. Аптасына алты күн таңертең оннан кешкі жетіге дейін осы жерде отырасың, айына 20 000 теңге айлық аласың дедім. Жексенбі – жұмыс, демалыс – дүйсенбі күні болатынын да айттым. Антон келісті.

– Жөндеуге телефон әкелетін болса, алдымен қолыңнан келе ме, соны қарап ал, – деп ескерттім кетер кезде. – Мүмкін демалыс күндері білетін бір адамдарды тауып, біраз үйреніп қайтатын шығармыз. Көреміз.

Антон басын изеді.

***

Бутикті Антонға тапсырған соң, басқа шаруаларды істеуге мүмкіндік туды. Енді алдымда екі жұмыс тұрғанын түсіндім. Біріншісі, бутикті жарнамалау, екіншісі тауар табу.

Телефон сататын және жөндейтін жер деп атадық. Бірақ әлі бір де бір телефон жөндеген жоқпыз. Кеше бір қыз келіп Motorola RAZR V3 телефонын ұсынған. Мен оны 6000 теңгеге сатып алдым. Тіпті, ұсталған телефонның бағасы қандай болатынын да онша білмейді екенмін. Қымбатқа алып қойған сияқтымын. Антонға түсіндіргенде осы жайтты ескертіп, барынша арзанға алуға тырыс деп, қолына әдейі төрт-ақ мың теңге тастап кеттім. Ал Motorola-ны кем дегенде 8000 теңгеге сат дедім.

Антонға ақша бергеннен кейін қалтамда 16 500 теңге қалды.

«Түйенің танығаны жапырақ» дегендей, алдында хабарландыру беріп Антонты тапқан газетке барып, «біз ашылдық» деп жарнама бердім. Жарнама хабарландыруға қарағанда қымбаттау болды. 1 500 теңге алды.

Қалған он бес мыңымның неше теңгесіне телефон алуым керек деп біраз ойландым. Енді 28 күннен кейін 15 000 теңге бутиктің ақшасын, Антонға 20 000 теңге айлық төлеуім керек. Одан бөлек өзім де пайда табуым керек емес пе? Не істеуім керек? 15 000 теңгені бутик үшін төлеуге қалдырсам ба екен? Әлде бәріне телефон алып, витринаны толтырып қойғаным дұрыс па? Бірақ айдың соңына дейін олар өтпей қалса ше? Немесе аяқ астынан ақша керек болып қалса не істеймін?

Түскі аста үйге барғанша осыны ойладым. Тамақ ішіп отырып та бас қатырумен болдым. Ал тамақ ішіп болған соң, тағы бір мәселені ескермегенімді түсіндім. Осы Антон түскі асты қайдан ішеді? Кешке дейін бутикте аш отыра ма? Аш отырған адам жұмысты дұрыс істей ме? Мен оған әлі айлық берген жоқпын, ақшасы да жоқ шығар. Өзім тойып алып, оны аш қалдырғаным дұрыс па?

Бір нәрсені уайымдап отырғанымды байқап, анам мән-жайды сұрады. Мен шынымды айттым. Антон деген баланы жұмысқа алдым да, оның түскі асы туралы ойланбаппын дедім. Анам маған риза болғандай көрінді. Жымиып күлді де:

– Өзі үйден пісіріп әкеліп отырмай ма? – деді.

Мен ойланып қалдым. Солай істесе, Антонның өзіне жақсы болар еді. Әйтпесе ана жерден ұзақ уақытқа кете алмайды. Қалай бұл жағдайды ескермегенмін...

Жұмысқа тұрған адам берілген тапсырманы орындайды. Рұқсат еткен уақытта кетеді, белгіленген уақытта жұмысына қайта барады. Ал мен бизнес бастаған адам ретінде біреуден көмек күте алмаймын. Қайта өзім қол астымдағы адамдарға көмектесуім керек. Олардың жағдайын жасауым керек. Осы ойдан өзім шошығандай болдым. Расында да мен біреуге жұмыс беріп отыр екенмін ғой? Ол мен не айтсам соны істейді. Мен жақсы қарасам, жұмысты жақсы істейді, дұрыс қарамасам, нашар істейді. Немесе кетіп қалады.

Мен түстен кейін ұсталған телефондарды сататын басқа дүкендерді қарайын деп шештім. Бутикке сағат алты жарымның кезінде бір-ақ барғаным дұрыс шығар.

Біз студент болып жүрген кезде байланыс түрлері аз еді. Қателеспесем, Activ пен Beeline ғана болды-ау деймін. Қазір, міне, Neo, Pathword дегендер шықты. Бұрын қалада ғана байланыс болса, қазір ауылдарда да бар. Сол үшін күннен күнге ұялы телефон саудасы қызып келе жатыр.

Сонымен бірге, телефон ұрлайтын бұзақылардың табысы көбейген сияқты. Гоп-стоп деген пайда болды. Түнде жүрген адамдарды тонап, телефонын ұрлап, сатады. Әрине, өздері сатпайды. Оны ұйымдастыратын адамдар бар. Ертең олар маған да келіп ұсыныс жасауы мүмкін. Бірақ оны алуға болмайды. Алсаң, артынан иесі келіп телефонын танып қойса, шу шығаруы мүмкін. Бұны Антонға ескертуім керек екен деп ойладым.

Қалада базардың маңында телефон сататын жерлер көп екен. Базар Некрасов көшесінің бойында. Менің бутигім келесі үлкен көше – Бейбітшілікте. Яғни Некрасов пен Бейбітшілік параллель жатыр. Базар арзандау, сауда үйі қымбаттау. Демек мен тұрған жерге жағдайы бар адамдар келеді... Бұл туралы да ойлану керек.

Осылай ойланып жүріп, дүкендердің біразын қарап шықтым. Содан соң сағат алты жарым болғанын күтуге шыдамай, алтыға он минут қалғанда бутикке кіріп бардым.

Антон қолын қусырып, орындықта отыр екен. Біраз зеріккен секілді. Мен жаққа бірден қараған жоқ. Жақындап келе жатып витринаға қарап үлгердім. Бір де бір телефон жоқ екен. Тіпті өзім сатып алған Motorola да көрінбейді.

Тура витринаның жанына барғанда Антон мені көріп, атып тұрды.

– Қал қалай? – дедім жымиып.

– Жақсы, – деді ол да. Мен сияқты жымиып күлген жоқ, бірақ жылы жауап берді.

– Motorola-ны саттың ба?

– Иә.

– Қаншаға кетті?

– 9000.

– Тамаша. Тамаша ғой?! Бірнәрсе жедің бе?

– Жоқ.

– Қап. Шаршаған екенсің.

– Жоқ, шаршаған жоқпын.

– Құрал-саймандарды қарап көрдің бе?

– Иә, қарап шықтым.

– Онда ертең істемейтін біраз телефон алып келейін. Соларды жөндеп көр. Бүгін хабарландыру бердім. Енді осы жерде отырып жауап беретін бір телефон қоюым керек. Әзірге менің нөміріме хабарласа береді ғой.

Антон басын изеді. Мен көңілденіп кілттелетін суырманы аштым. Бұл – біздің кассамыз. Ішінде 13 000 теңге жатыр. Таңертең кеткенде 4 000 болған. Сонда бұл сауда Motorola-ны сатып алған 6000 теңгемді жапты және 2000 теңге пайда түсірді деген сөз. Бірінші күнге жаман емес. Бірақ күніне 2000 теңге деген, әрине, аз.

– Антон, – дедім содан соң ақшаны қалтама салып жатып. – Сен түскі асты үйден пісіріп әкеліп отырғаның дұрыс шығар? Өзің бойдақсың ғой, иә?

– Иә.

– Онда мамаң пісіріп беріп отырса?

Антон үндемей қалды. Мен бірнәрсені бүлдіргенімді сездім. Қалай сезгенімді білмеймін, әйтеуір денем дір еткендей болды.

– Қазір әлі бір сағат уақытымыз бар екен, – деп аяқ астынан әңгімені басқа жаққа бұрдым. – Бүгін қандай адамдар келді, не сұрады соны айтып берші маған.

– Көп адам келген жоқ. Келгендер қандай телефон жөндейсіңдер, бағасы қанша деп сұрады.

– Сен не дедің?

– Бірінші телефонды алып келіңіз дедім.

– Дұрыс. Алдымен қарап көр, содан соң жөндеуі қиын ба, жеңіл ме соған қара. Жеңіл болса арзандау айта бер. Ал қиын болса, одан соң бөлшектерін ауыстыру керек болса, онда бағасын кейін айтамыз де. Өйткені ол бөлшектерді іздеу керек қой...

– Оны қайдан іздейміз?

– Алаңдама, ол жағын өзім бірдеңе қыламын.

Күндіз қараған дүкендерімді еске алдым. Олар да жөндеумен айналысады. Демек, бұзылған, ішіндегі кей бөлшектері алынған телефон оларда бар. Солардан сұрап көруге болады. Одан соң...

– Одан кейін істемейтін телефон әкелсе, өте арзан бағаға аламыз де. Солардың бөлшектерін кейін басқа телефонға саламыз. Бірақ сирек кездесетін телефондарды алмауға тырыс.

– Жарайды.

– Айтпақшы, бір адам қайта-қайта телефон әкеле берсе, алмай қой. Өйткені, ұрланған телефондарды әкелуі мүмкін. Кейін басымызға бәле болады.

– Жарайды.

– Бәрінен бұрын Motorola-ны сатқаның күшті болды. Оны кім алды өзі?

– Бір қыз келіп алып кетті. Біраз тексеріп қарады. Симкартасын салып сөйлесті. Содан кейін саудаласпастан 9000 теңгеге алып кетті.

– Жақсы, тамаша. Бүгін біраз ішің пысқан шығар, бірақ алда әлі жұмыс көбейеді. Кешкі жетінің қалай болғанын білмей қалатын боласың.

         Антон жымиды. Мен жарайсың дегендей арқасынан қағып қойдым.

***

Мамасы туралы айтқанда Антонның үндемей қалғаны есімнен кетпей қойды. Өзі оқу оқымаған, дұрыс жұмыс істемеген. Осы уақытқа дейін немен айналысты екен? Әлде әке-шешесі жоқ жетім бе екен?

Кешкі ас ішіп отырғанда әке-шешеме Антон туралы айттым. Өзі жақсы бала, бірақ отбасылық жағдайы қиын секілді дедім. Әкем «байқап жүр» дегендей қауіп айтты да қойды. Көп сөйлей қоймайтын кісі. Анам болса жақынырақ сөйлесіп, жағдайын біліп алғаның дұрыс шығар деді.

Мен үндемей ойланып отырдым да, анама:   

– Жеңіл-желпі түскі ас дайындап, ыдысқа салып беріп отырасыз ба? Антон өзі пісіріп әкеле алмайтын сияқты, – дедім.

– Сосын оны қалай апарасың? – деп күлді анам.

– Білмеймін. Түс кезінде соғып, алып кетіп отырсам ше?

– Жарайды, ары-бері жүруге шаршамасаң болды ғой, – деді анам. – Көрші бутиктеріңде тоңазытқыш жоқ па екен, сұрап көр. Болса, таңертең шыққанда апарып қоя саласың. Тіпті микротолқын пеш болуы да мүмкін. Соған жылытып іше береді, – деп ақыл қосты содан соң.

***

Менде қазір 28 000 теңге бар. Таңертең үйден шығардағы ойым осындай болды. Оның 4 000 теңгесін кеше кассаға тастап кеткенмін. Сонда қалтамда 24 000 теңге тұр.

Бүгін күн ысиын деп тұр екен. Маусымның ортасы ғой. Жезқазған осы уақытта құрғай бастады. Ыстық көтерілсе болды, ауа қапырықтанып кетеді.

Үйден ерте шыққан екенмін. Бір қызығы Жезқазғанның базарының өзі сағат 11-ден бастап толық іске кіріседі. Бірен-сараны 10-да ашылады. Ал қазір сағат тоғыздан жиырма кетті. Әлі ерте. Соны ойлап, жаяу шықтым.

Антон үйінен шығып, жұмысқа келе жатқан шығар. Бутиктің шыны есігінің кілті де, кассаның кілті де сонда. Өзі барып ашып, сағат онда отыруы керек. Әйтеуір келмей қалмаса болды. Он жарымға қарай сол жерге барып, бір тексере салайын.

Мен Жезқазғанның тоғызыншы орам деген жерінде тұрамын. Базардан әжептәуір алыс жер. Бірақ қала өзі соншалық үлкен емес, сондықтан алыс деген жерінің өзіне жаяу бара беруге болады.

Бүгін бейсенбі. Адамдар жұмыстарына барып үлгерді. Кешіккендері ғана асыға басып кетіп бара жатыр. Жалпы, Жезқазған тыныш қала. Базардың айналасында болмаса, адам аз.

Жолмен жүрмей, үй-үйдің арасымен төте тарттым. Студент кезімізде талай жүрген жерлер. Өзім оқыған колледждің жанынан да өттім. Сағат онға таяды.

Кеше соғып, телефондарын көріп кеткен бір дүкенге бардым. Дүкен болғанда толық дүкен емес, ол да біздікі секілді бір бутик қана. Бірақ базардың жанындағы дүкеннің ішінде. Және тура кіреберісте, есіктің жанында. Кеше келгенімде жас жігіттер үймелеп, музыка жүктеп жатқан. Бізде ондай қызмет жоқ. Музыка жазу үшін компьютер керек. Мүмкін кейін қосу керек шығар. Мүмкін қоспаған да дұрыс шығар. Оны да ойлану керек.

Дүкенге кіргенімде сатушының орнында бір жас қыз тұр екен. Мектепте оқитын сияқты. Дүкеннің кіреберісінде кондиционер қосылып тұрған соң ба, бұлардың бутигі тұрған жер салқын екен. Сол үшін қыз үстіне спортбешпент жамылып алыпты. Сірә, кешегі жігіт бұл қыздың ағасы болса керек, мына киім соныкі шығар деп ойлап үлгердім.

– Сәлеметсіз бе? – деді қыз маған қарап. Қарасы байыпты екен.

– Сәлеметсің бе... Кеше осы жерде бір жігіт тұр еді...

Мен осы сөзді айтқанша болған жоқ, бутиктің есік жақ бұрышында еңкейіп, шкафтың ішіндегі заттарды жинап отырған жігіт басын көтерді. Мен оны сол кезде бір-ақ байқадым.

– Ассалаумалейкум! – деп даусымды шығара амандастым.

– Уағалейкум.

Танымадым ғой дегендей маған бақылай қарады.

– Мен кеше де келіп кеткенмін. Адам көп болды да, сөйлесе алмадым.

– Иә, не шаруа еді?

– Мен телефон жөндейтін, сатып алып, сататын бутик ашып жатқанмын.

– Қай жерден?

– «Нұрдан».

– Қанша болды ашқаныңа?

– Үш күн.

Ана жігіт күліп жіберді. Сірә, біраздан бері істеп жатқан адам деп қалса керек.

– Атың кім? – деді содан соң.

– Еркін.

– Марғұлан.

Екеуіміз қол алыстық. Байқауымша, менен 7-8 жас үлкен жігіт сияқты.

– Қай мектепте оқыдың? – деп сұрадым.

– Мен Сәтбаев қаласында оқыдым. 4-ші мектеп.

– Ә, онда мен осы жақта 13-ші мектепті бітірдім.

– Нешінші жылғысың?

– 84. Өзің?

– 76.

Бұдан кейін Марғұланнан шаруа жайын сұрай бастадым. Қай жерден бөлшектер алуға болады, қай жерден арзан бағаға жаңа телефондар алуға болады. Ол көмек ретінде керек адамдардың нөмірін берді. Алматыдан тапсырыс бойынша әкелетін жігіттер бар екен.

– Сенде істемейтін телефондар бар ма? – дедім содан соң.

– Дұрыс істемей тұрғандар бар. Біреуінің даусы шықпайды, біреуі заряд алмайды.

– Сатасың ба?

– Ал.

– Қаншаға бересің?

– Ескі телефондар ғой. Мың жарымнан ал.

– Онда екеуін 2500 теңгеге берсеңші?

– Жарайды, ала бер.

Сөйтіп, 2500 теңгеге екі ескі телефон алып, «Нұрға» қарай тарттым. Марғұлан екеуіміз сөйлескенде сөзге араласпай, біз жаққа назарын салмай өз бетімен тұрған қызды есіме алдым. Әлі 9-10 сыныпта оқитын болса керек.

Бутикке кіргенімде сағат он бірге жиырма қалған еді. Антон тура кешегідей орындықта отыр екен. Екеуіміз қол алысып амандастық.

– Жақсы демалдың ба? – деп сұрап қойдым. Ол басын изеді.

Қалтамдағы екі телефонды алып, құрал-саймандар тұрған үстелдің үстіне қойдым.

– Бүгін ішің пыспайды енді. Мына екеуін жөндеп көр. Біреуі заряд алмайды дейді. Біреуінің даусы шықпайды. Өзің тексересің ғой. Екеуінің де зарядчигі бар. Міне.

Антон орындығын үстелге жақындатып қойды да, ыңғайланып отырып, телефондарды қарай бастады. Мен кішкене сыртынан бақылап, үндемей тұрдым. Телефонның екеуін қарап шықты. Батарейкалары бар ма, батырмалары басыла ма, сілкігенде артық дыбыс шықпай ма – соны қарады. Одан соң екеуін де қосып көрді.

– Қазір өзімнің симкартамды салып сөйлесіп көремін ғой, – деді содан соң.

– Иә, желкеңде тұра бермеймін бұлай, қазір кетемін, – деп күлдім. Антон да күлді.

– Айтпақшы, мамам тамақ істеп қоятын болды. Қазір түске қарай әкеліп беремін. Мына жерде тоңазытқыш бар ма, қазір соны админстратордан сұрап білейін. Болса, күнде таңертең түскі ас әкеліп тұрамын.

– Жоқ, әуре болма. Өзім бірнәрсе қыламын ғой.

– Жоқ-жоқ. Солай істейік. Әйтпесе, тамақ ішу үшін сыртқа шығып кете алмайсың ғой. Ертең мына жерде телефон көбейсе, кешке шыққанда да шкафтың ішіне жинап кетіп отыру керек болады. Түскі асқа кеткенде де жинап жатпайсың ғой. Оның үстіне адам келгенде сен болмай қалсаң, ол да дұрыс емес. Сондықтан осылай істейік.

Антон рахмет деп айтқысы келгендей болды. Бірақ үндеген жоқ. Ыңғайсыз жағдай орнап қалды. Мен ал жақсы дегендей қолымды сәл көтердім де, шығып кеттім. Көрші бутикке барып, тоңазытқыш пен микротолқын пештің жайын сұрадым. Сөйтсем осы жердегі дүкеншілердің көбі қолданатын екі тоңазытқыш, екі пеш бар екен. Қуанып кеттім. Админстрацияға барып, менің дүкеншім де енді осы заттарды қолданатын болады деп ескертіп қойдым. Жалпы, бүгін шаруаның бәрі сәтімен оңғарылып жатыр. Енді Антон ана екі телефонды жөндей алса. Жөндеп, витринаға қойып қойса. Айтпақшы, мен ол телефондардың бағасын айтпаппын ғой. Егер жөнделсе біреуін үш мыңнан, біреуін екі жарым мыңнан қою керек шығар. Жарайды, sms жаза салармын. Әзірге мазасын алмайын.

II БӨЛІМ

АЛҒАШҚЫ ТАБЫСТАР

Обалы нешік, Антон телефон жөндеуді де, клиенттермен сөйлесуді де тез игеріп кетті. Бірінші демалысында, яғни, дүйсенбі күні Марғұланның бір танысын шақыртып, оған 5 000 теңге төлеп, телефон жөндеудің қыр-сырын үйрендік. Әрине, мен емес, Антон үйренді. Содан кейін жұмыс тіпті жақсы жүріп кетті. Басында витрина бос болмасын деп өзім телефон әкеліп жүрсем, енді өз бетімен тола бастады. Екі аптада бутикке төлейтін ақша мен Антонның айлығының жартысы шықты. Айналымда жүрген 20 000-нан астам ақша бар. Яғни, тауар құнын қоспағанда, таза қол ақша 47 000 – 48 000 теңгедей ақшам бар. Бұлардың бәрінен бөлек, бірінші аптада қалтама салып жүрген 15 000 теңгенің 6 000 теңгесі бар. Қалғаны күнделікті жүріп-тұруға, оны-мұны шығынға кетіп қалды. Шын айтсам, басындағыдай әрбір 100 теңгені санауды қойып кеттім. Шама келсе, үзбей есептеп отырған дұрыс еді.

Осы екі аптада тағы бірнәрсені түсінгендей болдым. «Нұр» сауда үйінен бутик алған кезде-ақ ол жерге жағдайы жақсы адамдар келетін шығар деп ойлағанмын. Сол ойым дұрыс болып шықты. Бізге жөндеуге берген, бізге сатқан, бізден сатып алғысы келіп сұраған маркалардың бәрі қымбат немесе орта бағадағы телефондар. Бірақ бұл ерекшелік жақсы ма, жаман ба, әзірге түсіне алар емеспін. Тек қымбат телефондарды жөндейтін және сататын бутик болып қалсақ, пайда аз бола ма, көп бола ма? Арзан-қымбатты араластырып сататын базардағы бутиктер бізден гөрі көп табатын шығар. Қанша дегенмен тауары көп қой. Мен де арзан телефондарды басқа жақтан әкеліп қойып қойсам не болады? Өтпей, текке тұрып қала ма? Онда оған салған ақша да текке тұрып қалады деген сөз. Не істеу керек?

Мені ойландырған тағы бірнәрсе бар. Ол – Антонға қатысты.

Антон көп сөйлей қоймайды. Тұйықтау жігіт. Бірақ біртүрлі жаным ашитын сияқты ма, әйтеуір соған алаңдап тұрамын. Кіммен тұрады, қандай жағдайда тұрады, әке-шешесі бар ма? Әлі сұраған жоқпын. Мамам істеп берген тамақты күнде таңертең әкеліп беріп жүрмін. Антонға мамамның тамағы ұнады. Күнде кешке ыдысымды қайтарған сайын рахметін айтады.

Әскерге кеткенше жақын араласып тұратын группалас, сыныптас достарым бар еді. Әскерден келгелі оларды бір-ақ рет көрдім. Келгенімде пойыздан күтіп алды, үйге бірге бардық. Сол күні түннің біруағына дейін бірге отырдық. Одан кейін мен шаруа-шаруа деп кеттім де, хабар үзіліп қалды. Бір нәтиже шығарғанша, басқасының бәрін қоя тұруым керек деп шешкен едім. Тіпті бір-екі рет шақырған жерлеріне бармай қалдым. Жігіттер ренжіп жүрген шығар. Бірақ жағдайды түсіндіріп айтқанмын. Сонда да кейінгі кезде қуыстанып жүрмін. Әсіресе, Қанағаттан ұят. Бұрын демалыс сайын балыққа барып тұрушы едік. Басқа жігіттер кейде қосылады, кейде қосылмайды. Кейде ешкім шықпай қалады да екеуіміз ғана көлге кетіп бара жататын едік. Енді сол дәстүрді қайта жаңғыртқым келді. Телефонды алып, Қанағаттың нөмірін тердім.

– Ало.

– Ало, Қанағат, ассалаумалейкум.

– Уағалейкумассалам. Сен де звондайды екенсің ғой.

– Иә, саған звондамағанда кімге звондаймын енді?!

– Қалай, шаруаларың реттеліп жатыр ма?

– Шүкір. Өзіңде не жаңалық?

– Бірқалыпты сол.

– Балыққа барып жүрсің бе?

– Бірге баратын адам болса ғана барамын.

– Онда осы дүйсенбі таңертең барсақ қайтеді?

– Дүйсенбі жұмыс қой маған.

– Онда жексенбі кешке кетіп, дүйсенбі таңертең қайтып келейік. Бірден жұмысыңа кетесің.

– Одан да ертең кешке кетейік те? Ертең сенбі ғой.

– Маған жұмыс қой.

– Орысың бар емес пе?

– Оны қайдан білесің? Бутикке келдің бе?

– Иә, бір-екі рет соққанмын.

– Антон деген жігіт ол. Жақсы бала. Соны да ала кетейін деп едім балық аулауға. Ол дүйсенбі демалады.

– Ә-ә-ә... Антонға жаның ашиды да, маған жаның ашымай ма?

Қанағат осы сөзді айтқанда екеуіміз де күліп жібердік.

– Жарайды, онда ертең шықсақ, ертең шығайық. Жексенбі Антонға демалыс беріп, бутикте өзім отырып көрейін, – дедім мен Қанағаттың ұсынысын қабыл алып.

– Жарайды, келістік онда.

***

Ертесі күн қатты ыстық болды. Жезқазғанның ыстығы басқа жақтың ыстығына ұқсамайды. Бұл жақта күн ысыса темір пештің табы сезілгендей болады. Яғни, күннің ыстығы төбеден күйдірсе, жерден тағы бір ыстық көтеріліп, адамды қақтап жібереді. Бой-бой болып терлейсің, ауа жетпей аузың бақадай ашылады.

 Бұл күні сауда да болған жоқ. Адамдар терезелерін газетпен жауып тастап, үйлерінен шықпай жатыр.

Кеше Антонға да қоңырау шалып, балыққа баратынымызды ескерттім. Әдейі барғым келмейді демесін деп, сенімді түрде барамыз дедім. Бұрын балыққа барып көрмеген екен. Егер барғың келе ме деп сұрасам, қашқақтауы да мүмкін еді. Мен шегелеп айтқан соң, бүгін ауыстыратын жеңіл киімдерін де алып келіпті.

Өзім де қармақтарды, ілгекке салатын жемді, киімдерімді – бәрін кеше дайындап қойғанмын. Мамам түнде жейтін тамақ пен сусынды да кешке дейін әзірлеп қоюы тиіс.

Мен арақ, сыра дегенді ішпеймін. Әскерге кетерден бір жыл бұрын бәрінен үзілді-кесілді бас тартқанмын. Ал Қанағат бұрыннан татып алмайды. Антон балыққа барамыз дегенде ішеміз деп ойлаған болуы да мүмкін. Өйткені көп адамның ойында балық аулау деген арақ ішіп қайту дегенді білдіреді. Арақ ішпей балық аулауға да болатынын Антон осы жолы бір көрсін.

Кешкі жетіде бутикті жаптық та, біздің үйге соғып, заттарымызды алып шықтық. Содан соң келісім бойынша Қанағаттың үйіне беттедік. Қаланың шағындығы ғой, осының бәріне 40 минут кетті.

Қанағат та сайланып, дайын отыр екен. Үшеуіміз қаланың солтүстік батыс жағын бетке алып, тартып кеттік. Күн батқанша әлі бір жарым сағат бар. Ыстық әлі қайтар емес. Қапырық.

Қаланың сырт жағындағы көлді айналып, қарсы бетіне бардық. Жеткенше көбіне Қанағат екеуіміз әңгімелесіп бардық. Антон жарты қадам кейін қалып, бізге ілесіп отырды.

Қағанат екеуіміз мектепті бірге оқығанбыз. Ол сабақты жақсы оқыды, тәртіпті болды, мен сабақты да дұрыс оқымадым, тәртібім де сонашалық жақсы болмады. Мұғалімдерді ренжіткен кезім болған жоқ, бірақ әртүрлі жағдайларға тап болып, мектептің атына біраз кір келтіріппін. Осының бәріне қарамастан, бір қарағанда екеуіміз екі түрлі болсақ та, Қанағат екеуіміз жақын дос болдық. Ол мектепті бітіріп Алматыға оқуға кеткенде де арамыз үзілген жоқ. Мен не оқу жоқ, не жұмыс жоқ – сандалып жүрген кезімде Алматыға өзімше қонақ болып баратын едім. Сонда Қанағат жақсы күтіп алатын. Ал ол Жезқазғанға каникулға келген күні қашан да мереке болушы еді. Бір аптаға келсе де біздің үйден бір тамақ ішпей кетпейтін. Сөйткен досым қазір қалалық газетте тілші болып жүр. Үйленген. Әзірге сәбилі болған жоқ, бірақ бұйырса әлі-ақ болады ғой деп ойлаймын.

Сәтін салса, бүгін таңға дейін үш шаруаны реттеп қайтпақпын: бірінші балық аулау; екінші Қанағат досыммен әңгімелесіп, сағынышымды басу, бір жағы оның көңілін аулап, арамызды жақындатып қою; үшінші Антонмен жақынырақ әңгімелесу.

***

Түнде балық онша қаппай қойды. Тек Антонның қармағына ғана екі ақбалық түсті. Қанағат екеуімізге майшабақтар ғана ілінді. Оларды бәрібір жеп жарытпаймыз деп, жібере салдық. Қарнымыз ашып, шаршаған соң, сағат он екінің кезінде үйден алып шыққан нан, жуа, туралған ет сияқты оны-мұны азықтарымызды алып шығып, дастарқан жайдық. От жақпай-ақ қояйық деп шештік. Балық көбірек түскенде отқа қақтап жеуге болар еді. Екі балыққа бола от жағып әуре болғымыз келмеді.

– Қалай, Антон, бастығың саған көп ұрыспай ма? – деп Қанағат қалжыңдап Антонға қарады. Антон жымиып күлді де қойды.

– Антон шаруаны жақсы істейді, – деп қойдым мен. – Біз Қанағат екеуіміз мектептен бері доспыз, – деп одан кейін Қанағатты Антонға таныстыруға көштім. – Әскерден келгелі алдымен ақша жинадым, одан осы бутикті аштым, Қақаңа хабарласпай кетіп едім. Енді, міне, шаруа кішкене ыңғайланған соң, балыққа шақырғаным ғой. Бір жағы сені де шақырайын дедім. Жақынырақ танысайық деп.

Антон әдетінше үндемей мақұлдап отырды. Мен сөзімді әрі жалғадым:

– Менің әңгімем – осы. Бұрынғы өмірімді Қанағат жақсы біледі. Қатырып ештеңе істеген жоқпын. Әскерге кеткенше салпақтап жүрдім де қойдым. Енді өз-өзімді асырап, одан соң әке-шешеме де кішкене болса да көмек көрсетіп, бәлен жылдан бері құтыла алмай келе жатқан қарыздары мен несиелерін жапсам деп ойлаймын. Со-о-л, жігіттер. Қанағат – журналист. Мен туралы кейін жазатын осы Қанағат болады.

Қанағат пен Антон сөзіме күліп алды.

– Өзің бойдақ екеніңді білемін, – дедім Антонға қарап. – Кіммен тұрасың?

Антон сұрақ қояды деп ойламаған адамдай маған жалт қарап, үнсіз қалды да, аздан соң жауап берді:

– Ағаммен тұрамын.

Біз әке-шешең қайда деп сұраудың ретін таппай қалдық. Соны өзі түсінді-ау деймін, Антон сөзін әрі жалғады:

– Шешем екі жыл бұрын қайтыс болған. Ал Әкем биыл көктемде қайтыс болды.

– Біз енді оны білмей қалдық қой... – дедім. Қанағат екеуіміз ыңғайсыз жағдайға түскен едік.

– Ештеңе етпейді, – деді Антон термостан құйылған жылы шайды бір ұрттап.

– Ағаң үйленген бе?

– Жоқ. Жаманайбат деген шахтада істейді. 15 күн сонда, 15 күн үйде.

Енді үнсіздік орнады. Әңгімені басқа жаққа аудару керек болды. Мен сөз таба алмай отырмын. Бір кезде Қанағат шалқасынан түсіп жатты да:

– Екеуімізге бір дұрыс балық түспей қойғанын қарашы, ә? – деді.

– Қайта Антонға екі ақбалық түсті, – дедім мен.

– Антонның жолы жеңіл екен. Өзің бірінші рет келіп тұрсың ба? – деп Қанағат басын көтеріп Антонға қарады.

– Иә, – деді Антон да тақырып өзгергенге қуанғандай болып.

– Мықты.

– Қазір қармақты тағы бір салып көрейін. Ай енді шықты ғой. Балықтар жарыққа келетін шығар. Одан кейін бір-екі сағат мызғып алып, күн шығардың алдында тағы салайық, – дедім мен шаруаға шын көшіп.

Қанағат сөйтейік дегендей басын изеді. Антон үнсіз келісті.                 

***

Жатар алдында да онша балық түскен жоқ. Антон тағы бір ақбалық ұстады. Бірінші рет балыққа шыққан адамның осынша олжаға кенелгенін алғаш рет көруім.

Сағат бір жарымның кезінде сөмкелерімізді жастанып, жағамызды көтеріп, балағымызды шұлыққа тығып, қолымызды қусырып жата кеттік. Сағат үш жарымға дейін демалып алмақпыз. Антон шаршаған екен, бірден ұйқыға кетті. Қанағат екеуіміз сөйлесіп, біраз ояу жаттық.

– Үйленетін ой жоқ па? – деп бастады ол әңгімені.

– Әзір емес-ау.

– Қыз жоқ па?

– Жоқ қой.

– Ойда жүрген де ешкім жоқ па?

– Қалай айтсам екен... Айтсам, күлесің ғой қазір, – деп сөзімнің соңын жұттым.

Мен бұл әңгімемді Қанағатқа айпасам, басқа ешкімге айта алмайтынымды білемін. Сондықтан іште сақтай бермей айтқаным дұрыс сияқты. Оның үстіне Қанағат енді айтқызбай қоймайды.

– Неге? Мен танитын біреу ме? – деп сұрады ол.

– Жоқ, танымайсың.

– Енді?

– Жасы кіші.

– Нешеде сонда?

– Білмеймін. Мектепте оқиды, әйтеуір.

– Кім ол?

– Бір жігіттің қарындасы.

– Ал керек болса. Қай жігіт?

– Оны да танымайсың.

– Айтсаңшы енді, әлдеқандай болмай.

– Марғұлан деген жігіт. Базарда телефон сататын бутигі бар. Қарындасы кейде демалыс күндері сол жерде тұрады. Әйтеуір оқушы екенін білемін. Шамасы тоғыз-он оқитын шығар.

– Кәмелетке де толмаған ғой?

– Солай шығар.

– Таныстың ба енді?

– Жоқ-ә. Мен көкемін ғой ол үшін.

– Енді не істемексің?

– Білмеймін. Әйтеуір екі-үш рет көрдім. Ағасына шаруа бойынша барып тұрамын ғой. Ағасы да жақсы жігіт. Бізге біраз көмектесті.

– Қарындасы да жақсы дейсің ғой.

– Иә, біртүрлі жақсы қыз. Әдемі дейтін де әдемі емес сонша. Қара қыз. Бірақ өзін-өзі ұстауы, сөйлеуі ерекше. Адамға тіке қарамайды. Сыпайы.

– Сол қызды аламын деп отырсың ба енді?

– Ол қыз өскенше... кім бар, кім жоқ дегендей. Көрерміз. Әзірге осы шаруаны реттеуім керек. Ақша дегенді енді-енді түсіне бастадым ғой.

– Миллионер болайын деп жүрсің бе?

– Кім біледі. Алдымен әке-шешемнің кредитін жауып берейін.

– «Қазақмыстағы» ағаң жұмысқа шақырған жоқ па?

– Дулат ағам ба? Шақырыпты. Үйдегілер бар деп еді, өзім барған жоқпын.

– Жұрт әйтеуір сол жаққа жұмысқа тұра алмай жүреді ғой.

– Айлығы жақсы шығар. Бірақ мен одан да көп тапқым келеді.

– Дұрыс екен.

Осылай жатып ұйықтап кетіппіз. Әскерден бері келе жатқан Nokia 3310-ымның оятқышы шырылдағанда атып тұрдық. Сағат төртке жиырма қалыпты. Оятқыш бес минут сайын қайта шырылдайды. Біз үшінші рет шырылдағанда бір-ақ тұрыппыз. Шығыс жақ көкжиек ағара бастапты.

Қармағымызды алып, суға тұра ұмтылдық. Күн шыққанша біраз балық аулап алмақпыз.

***

Басқа біреу айтса сенбес едім. Бірақ сол күні Антон тағы да бес ақ балық ұстады. Қанағат екеуімізге сол күйі майшабақтан басқа ештеңе түспей қойды. Антонның жолы болғыштығына таңғалып, бірге серуендеп қайтқанымызға мәз болып үйге қайттық.

Антон Қанағат екеуімізге екі-екіден төрт балығын берді. Қалған төртеуін алып, үйіне кетті.

***

Көп ұзамай Антонның айлық алатын күні келіп жетті. Маусымның 26-сында жұмысқа шыққан. Бүгін шілденің 26-сы болды.

Бірінші айда бутик өзін-өзі артығымен ақтады. Маған таза пайда ретінде 46 000 теңге қалды. 46 000 теңге! Айналымда тауардың құнымен қосқанда 68 000 теңге жатыр. Бутикті төледім, енді, міне, айлық төлейін деп отырмын.

         Антон бір ай бойы менің анам дайындаған тамақты ішті. Еш ренжіспей, бір ай жақсы жұмыс істедік. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу, құжаттарды реттеу, сырттан клиент іздеу, бутикті жарнамалау, телефон сататын, жөндейтін басқа дүкен иелерімен танысу сияқты жұмыстарға бар уақытымды жұмсадым. Ал іштегі шаруаның бәрін Антон істеді. 4-5 телефонды жөндей алмай қайтарды, басқасының бәрін істеді. Тез үйреніп кетті. Жалпы ризамын. Сол ризалығымның белгісі ретінде келесі айда айлығын өсірмек болдым.

– Антон, – дедім кешке бутикті жауып шыққалы отырған кезде. – Осы айда жақсы жұмыс істедік. Енді келесі айда қымбат телефондарды одан сайын көбейту үшін барымызды салайық. Егер осы айдан да жақсы жұмыс істесек, сенің айлығыңды 30 000 теңге қыламын. Келістік пе?

Антон жымиып басын изеді. Мен қолына 20 000 теңгені санап бердім.

Екеуіміз сыртқа шықтық. Антон күндегідей жолдың арғы бетіндегі аялдама жаққа емес, бергі беттегі аялдамаға қарай жүрді. Қарасам, 3-4 жігіт күтіп тұр екен. Ескі достары сияқты.

***

Келесі күні Антон жұмысқа кешігіп келді. Көзі ісіп кеткен. Басын жумаған. Көңіл-күйім түсіп кетті. Бірақ білдірмеуге тырыстым. Өзінікі дұрыс емес екенін түсініп, өкініп тұрған сияқты.

– Кешірім сұраймын. Кеше достарым келіп, бірінші айлығыңды жу деді. Көңілдерін қалдыра алмадым, – деді бір кезде.

Антонның бетіне қарадым. Бір жағы мені түсінеді деп ойлаған секілді. Яғни, айлық алғанда достары келсе, солармен ішсе, ертесіне кешігіп келсе, мен ренжімеуім керек. Бәріміз жігітпіз ғой дегендей. Арақ ішкеннен біреудің бақытты болғанын көрген жоқпын. «Несіне жетісіп ішесің, не әкең жоқ, не шешең жоқ» деп айтқым келді. Бірақ олай деген жоқпын. Жұмыс бойынша тапсырмалар бердім. Содан соң бүгін реттемек болған бір шаруамды айттым:

– Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп жатырмын. Сені ресми түрде жұмысқа алу үшін куәлігің мен тіркелген мекен-жайың керек, – дедім. Негізі расында да жұмысқа алайын деп жүргенмін. Бірақ бүгінгісінен кейін көңіл-күйім түсіп қалды. Тағы бір ай күтіп, тексеру керек пе екен... Бірақ не де болса куәлік көшірмесін алып, мекен-жайын біліп алайын деп шештім.

Антон сұрағыма жауап бермей тұрып қалды. Содан соң:

– Маяковский көшесі 88 үй, 50 пәтерде тұрамын, – деді. Мен телефонымның хабарламасына жазып алдым да:

– Енді куәлігіңді берсең, өзім көшірмесін жасай саламын, – дедім. Антон төмен қарап:

– Менде куәлік жоқ, – деді.

– Куәлігі жоғы несі? Жоғалтып алдың ба?

– Жоқ, мүлде алмағанмын.

– Сонда қалай? Сені ешкім тексермей ме?

Антон жауап берген жоқ.

– Әскери комиссариатқа шақырмай ма?

– Жоқ.

– Өзің тіркеуде барсың ба?

– Жоқ.

– Ал керек болса. Сонда қалай ол?

Осы кезде телефонын саудалап бір келіншек келе қалды. Антонның түрін ескердім де, клиентке өзім қызмет көрсетейін деп шештім. Антонға сыбырлап:

– Беті-қолыңды жуып кел. Содан кейін шай қойып, ыстық шай іш. Мен қазір кетемін, содан соң кешке бір-ақ келемін. Оған дейін өзің боласың, – дедім.

Келген кісі жап-жаңа Fly телефонын алып келіпті. Жаңадан шыққан Nokia Express Music алғысы келеді екен. Сол үшін мынаны сатуға келіпті. Fly – жаңадан шыққан, бағасы арзандау, өзі нәзіктеу, басқа маркаларға ұқсамайтын ерекше телефон. Қарап-қарап тұрдым да, қаншаға сатқысы келетінін сұрадым. Ол кісі 32 000 теңгеге алғанын, енді кем дегенде 25000 теңгеге сатқысы келетінін айтты. Бізде көбіне қымбат телефондардың ескілері жатады. Сондықтан ең қымбат дегенін осы уақытқа дейін 20 000 теңгеге ғана алғанбыз. Сондықтан мынаны алуға онша құлшынбадым. Бірақ келіп тұрған адамның көңілін де қалдырғым келген жоқ.

– Сіз телефонды 1-2 күнге тастап кетсеңіз қайтеді? Өтсе, ақшасын береміз. Бірақ 25000 теңгеден сатайық. Сонда тез өтеді. 20000 теңгесін сіз аласыз, 5000 теңгесі бізге қалсын?

– Онда мен күйеуіммен ақылдасып көрейін, – деді келіншек. – Ертең осындай уақытта тағы соғармын. Немесе кешке соғуым мүмкін.

– Жарайды, нөміріңізді жазып алайын, осындай жаңа телефон іздеген адамдар болса, сізді шақырайық – дедім. Келіншек нөмірін айтты. Мен телефондардың тізімі жазылған дәптерге «Жаңа Fly – 25000 теңге» дедім де, жанына нөмірін жазып қойдым.

Антон да келіп, шәйнекке су құйып, тоққа жалғады. Жаңағы келіншектің телефонын түсіндірдім.

– Сонда сен мектепті бітірген жоқсың ба? – дедім содан кейін алдыңғы әңгімені қайта жалғап.

– Жоқ.

– Кәсіптік лицейде оқыдым деп едің ғой?

– Иә, бірақ ол кезде әлі куәлік алатын жасқа жетпеген едім.

– Тіркеуде неге жоқсың?

– Неге болушы еді... Әке-шешем тірі кезде үйден кетіп қалғанмын. Былтыр әкем төсек тартып жатқан кезде ғана үйге қайтып бардым.

– Сонда қайда жүрдің?

– Қаңғыбас болдым. Әркімнің үйіне қондым. Кейде далаға қондым. Арақ іштім. Екі жыл алыс ауылдарға кетіп қалып, қыс бойы жұмыс істедім.

– Неге бірден айтпадың?

– Онда жұмысқа алмай қоятын едің ғой.

– Мүмкін. Бірақ сонда да білгенім жақсы еді. Ең болмаса балыққа барғанда айтпадың ба?

         Антон үндеген жоқ. Қайнаған шайын да ішпей отыр.

– Жарайды, шайыңды іш, – дедім. – Бұдан кейін жұмыстан кешікпе. Құжатыңды бірдеңе ғып реттейік... Өзі осы жерде жұмыс істегің келе ме?

– Иә.

– Онда бұрынғыдай жақсылап істе. Келесі айдың айлығына бірден киім сатып ал. Адам бір ай бойы жұмыс істемегенде арақ ішу үшін істемейді ғой?

– Сөйтетіндер де бар. Менің ағам сондай.

– Ендеше сен ондай болма.

Антон маған шарасыз сияқты көрінді. Менен ұялып, өз-өзіне ашуы келіп отыр. Бірақ соншалық жерге кірердей ұятты сезінбейтін сияқты. Мен әрі қарай не айтарымды білмей біраз кідірдім. Содан соң:

– Мен құжат мәселесін реттеуге тырысамын. Өзі құжат жасатып, адам қатарына қосылғың келе ме? – дедім ызам келіп.

Даусым кішкене қатқылдау шықты. Құжат туралы бірінші рет айтқанымда қуанбағанына ашуым келе бастады.

– Иә, әрине, – деді Антон. Кеше ішкен арағынан миы дұрыс жұмыс істемей отырған секілді. Мен барынша сабыр етуге тырыстым.

– Антон? – дедім ақырын ғана. – Егер тағы да арақ ішетін болсаң, бір күн бұрын маған айт. Тамақ әкелмеймін. Әкем де арақ ішкен. Анам арақ дегенді жек көреді. Мамама арақ ішкен адамға арнатып тамақ істеткім келмейді.

Антонның көзі жасаурап кетті. Мен шығып жүре бердім.

Таңертең үйден шыққанда жоспарым көп сияқты еді. Енді ештеңе істегім келмей қалды. Сенген адамың күмәнді іс жасаса, жалғыз қалғандай болады екенсің.

Марғұланның бутигіне қарай жүрдім. Күн біресе бұлттанып, біресе ашылып тұр. Ашылған кезде ысып кетеді. Бұл жақта тамыз айымен бірге күз де келеді. Жел соққан кезде сол күздің лебі сезілетін сияқты. Тамыз жақындап келе жатыр.

***

Марғұланның бутигіне кірсем, қарындасы тұр екен. Көңіл-күйім түскен соң, қайда барарымды білмей осы жаққа тартып кеткенімнің себебін енді түсіндім. 15-16-лардағы қыз мені телефон алуға келген клиент ретінде қабылдады. Таныған жоқ. Бір ай бұрын бірінші рет көріп едім. Ол кезде маған зер салып қарамаған. Одан кейін де екі рет көргенмін. Бірақ ол кезде де сөйлескен жоқпыз. Ағасын сұрап кетіп қалғанмын.

– Сәлеметсіз бе? – деді маған тура қарап. – Не іздедіңіз?

– Сәлем. Не іздеп жүргенімді өзім де білмеймін.

Қыз күле ме деп едім. Күлген жоқ. Өзім де осы сөзді айтуын айтып алып, ойланып қалдым. Марғұланға солай деді деп кейін бәрін айтып берсе, масқара ғой.

– Негізі мен Марғұлан тұрған шығар деп ойлап едім, – деп жөніме көштім содан соң. – Мен де телефон сатамын. Осы жерге ылғи келіп тұрамын.

– Марғұлан аға ауылға кеткен.

– Өзің Марғұланның қарындасысың ба?

– Иә.

– Жарайды. Марғұлан хабарласса, Еркін келіп кетті деп айта саларсың. Бірақ айтпай-ақ қоюыңа да болады. Онша шаруам жоқ. Жай, өтіп бара жатып соққанмын.

– Жарайды.

Бутиктен шықтым да, қайда барарымды бір ойлап, қыздың ұстамды жауаптарын ойлап тағы тұрып қалдым. Ақымақ болып, не әзілдеген емес, не шын сөйлескен емес, бірдеңелерді шатып-пұтып шығып кеткенімді қарашы. Көп қыздарға сәл бірнәрсе айтсаң, күліп, өзіңе жауап беріп, алдыңа түсіп алады. Бұл қыз тым ақылды, әрі тәрбиелі сияқты. Бірінші көргенімде кішкентай сияқты еді. Одан бері өсіп кеткен бе?

Қой, тұра бермей, бір жаққа барайын. Антонның құжатын көшіріп, жұмысқа алатын қағаздарын дайындаймын деп ойлап едім. Ол болмайтын болды. Енді оның құжатын жасату керек. Оны жасату үшін «Қазақмыста» істейтін Дулат ағама хабарласуым керек. Бір көмектессе, сол кісі көмектеседі. Қаланың орталығында орналасқан «Қазақмысқа» қарай аяңдап жүріп кеттім.

***

Дулат ағам мені жылы қарсы алды. Жұмысқа шақырғанда неге келмегенімді сұрады.

– Өзің шаруа істеймін деп жүргенің жақсы. Бірақ келемін десең, кез келген уақытта хабарлас. Программист деген қашан да керек қой, – деді содан соң.

– Мықты программист болу үшін үнемі үйреніп отыру керек. Мен қазір ол жағынан қарайып қалдым ғой, – дедім мен де шынымды айтып. Содан соң Антонның жағдайын айттым:

– Үйсіз-күйсіз өскен бала екен. Қазір ағасы екеуі әке-шешесінен қалған үйде тұрады. Өзі ақылды, сыпайы жігіт. Құжатын реттеп жіберсек, болашақта адам болып кетуі де мүмкін.

– Құжат деген өзі де шешіледі ғой. Қазір бұрынғыдай қиын емес. Дегенмен тиісті жерлерге хабарласып айтып қоя салайын. Орысың сол күні барып реттей қойсын.

– Жарайды, көп-көп рахмет!

– Әйтеуір бір күні өзіңді далада қалдырып кетпесін.

– Олай бола қоймас.

– Әзіл ғой. Ал, жақсы!

– Сау болыңыз.

Дулат ағаммен қоштасып шықтым да, үйге қарай аяңдадым. Сағат бір болып қалыпты. Түскі ас ішіп, қайта шығармын деп ойладым.

Бірақ тамақ ішкен соң ұйқым келді. Түске дейін қатты шаршап қалыппын. Өз-өзімді қинамайын дедім де, бір сағаттай мызғып алдым.

Тұрған соң басым ауырды. Одан сайын шаршап қалғанымды сездім. Жолда полиция мекемесіне соғып, құжат рәсімдеу үшін керек болатын қағаздар тізімін алдым. Ертеңнен қалдырмай Антонды осы жаққа жіберейін деп шештім.

Асықпай басып бутикке келдім. Соншалық шаршап келе жатқаныма таңғалдым. Түк құлшыныс жоқ. Неге бұлай болғанын.

Антон таңертеңгідей емес, көзінің іскені басылыпты. Сергек. Телефон жөндеп отыр екен, мені көріп атып тұрды.

– Жағдай қалай? Не жаңалық? – дедім.

– Бәрі жақсы. Бүгін бір телефон жөндедім. Үш телефон сатып алдым. Бір телефон саттым.

– Fly-ға ешкім қызыққан жоқ па?

– Бір әйел алатын шығармын деп кетті. Нөмірін алып қалдым. Ондай жаңа телефонға 25 000 арзан сияқты. Сондықтан алады ғой деп ойлаймын.

– Дұрыс екен.

Антон есіне бірдеңе түскендей есікке беттеді. Маған қарап:

– Қазір келемін, – деді де шығып кетті. Артынша қолында таңертең мен әкелген тамақ бар, қайтып кірді.

– Мына тамақты жеуге ұялдым. Кеше ішпеймін деп едім, жігіттер қоймады. Әйтпесе, ішпей жүр едім. Мына тамақты қайтадан қойып қояын да, ертең ішейін. Бұзылып кетпейтін шығар?

Мен бірден жауап бере алмай қалдым.

– Бұзылмауы тиіс, – дедім содан кейін. Антон тоңазытқыш тұрған бөлмеге қайтадан шығып кетті.

Мен орнымда тұрып қалыппын.

***

Антон содан кейін ішкен жоқ. Бір ай бойы тағы да жақсы жұмыс істедік. Бутиктегі витриналарды жаңартып, қосымша шам жағып, ішін жап-жарық етіп қойдық. Басында арзан телефондардан, кейін орташа бағадағы телефондардан да құтылдық. Енді тек қымбат телефондар қалды. Көбі смартфондар. Басатын батырмасы жоқ, тек экран арқылы жұмыс істейтін, стилус деп аталатын қалам сияқты құралы бар телефондар келе бастады. Біз енді 40-50 мың теңгенің телефондарын сата бастадық.

Сату жағынан жақсы болғанмен, бұл телефондарды жөндеу қиындау еді. Бірақ Антон туабітті инженер екен. Кез келген телефонды шашып, жинай беретін болды. Бұрын бізге келіп үйретіп кететін Марғұланның танысы енді Антоннан келіп кеңес сұрайтын болды.

Дулат ағам көмектесіп, тездетіп Антонның куәлігін де жасаттық. Тіркеуге де тұрғыздық. Әке-шешелерінен қалған пәтер ағасы Диманың атында екен, тіркеу мекемесіне барғанда ол да келді. Он бес күн вахтада жұмыс істеп, он бес күн демалатынын Антон айтқан. Сөз жобасынан арақ ішетінін де шамалағанмын. Кездескенде көзім жетті. Өңі тозып кеткен, ап-арық, бойы еңкіш тартып кеткен, бір сөзбен айтқанда арақтың зиянын ерте көрген жігіттердің бірі екен. Жасы мен қатарлас болса да, үлкен көрінеді.

Марғұланның қарындасын осы айда мүлде көрген жоқпын. Атын да сол күйі біле алмадым. Бұрынғы уақыт болса жатпай-тұрмай ойлап, танысудың жолын қарастырып, біраз қызықтауға болар еді. Бірақ қазір мақсаттарымды ғана ойлап жүріп. Негізгі мақсат – ақша жинау. Әке-шешеме көмектесетін деңгейде жету. Дәл қазір әке-шешемнің қарыздарын жауып, біраз көмектесе аламын. Бірақ онда дамуым баяулайды. Қазір ақшаны жұмсамай, тапқанымды шаруаға сала берсем, кейін айналымнан ақшаны алу да оңай болады.

Ақшаны үнемдеген секілді, күш пен уақытты да үнемдеу керек. Жұмыстың бәрін Антон істеп жатыр. Былай қарасаң, менің қолым бос болуы керек сияқты. Бірақ бір сәт емін-еркін отыра алмаймын. Бір күн жөндеу жұмыстарын жоспарласам, бір күні салық мекемесінде жүремін, енді бір күні жөндеуді бітіріп, жаңа тауарға кетіп бара жатамын.

Жаңа телефондарды әкеліп, біз сияқты дүкендерге көтерме бағамен сататын нүктені тауып алғанмын. Енді онымен де тоқтап қалмай, одан да арзан жер іздеп, Алматыға барып қайтуды ойлап жүрмін. Күн сайын осындай жұмыстар, ойлар бітпейді.

Өстіп жүргенде тамыздың соңы болды. Біз бұл айды 59 000 теңге пайдамен жаптық. Жөндеу жұмыстарына біраз ақша кетіп қалды, әйтпесе 90 000 теңгеге жуық ақша шығар еді. Бутиктің ақысы мен Антонның айлығы бұған кірмейді.

Антонға бұл жолы 30 000 теңге айлық беремін деп шештім. Енді тұрақты айлығы осы болады. Бірақ жұмысты тіпті жақсы істейтін болса және қателік жібермесе, айлыққа қосымша ретінде сыйақы беруді де ойладым.

***

Айлық беретін күні аялдама жақта тағы да Антонның достары отырғанын байқадым. Мен Антонның ақшасын қызғанбаймын. Қайда жұмсаса да, өзі біледі. Арақ ішпе деп те айта алмаймын. Інім емес, тіпті досым да емес. Антон – менің қызметкерім. Дегенмен, бір күн арақ ішіп, келесі күні қалғып-шұлғып отырғанын қаламаймын. Одан соң, қазір айына бір ішсе, ертең демалыс сайын іше бастауы мүмкін. Олай болатын болса, артық ақшаны араққа беріп жатқандай боламын. Бұның бәрін былай қойғанда, байғұс балаға жаным ашиды. Осыған дейін көрген өмірі өмір емес. Бірақ өзі жақсы тұрмысқа талпынады. Өте қабілетті жігіт. Достарының көңілін қимайды, бірақ солар алқаш болды екен деп бұл да алқаш болуы керек пе?

Бутикке кірсем, Антон бір клиентпен сөйлесіп тұр екен. Шаруасын аяқтағанша алыстау тұрып күттім де, болған соң жанына бардым.

– Антон, достарың сенің айлық алатын күніңді біліп алып, өздері келіп тұр ма, әлде сен шақырдың ба? – дедім. Антон ыңғайсызданып қалды да:

– Айлығым көтеріледі деп едім, соған келгендері ғой. Жу дейді. Жусам, жуамын, бірақ өзім ішпеймін дегенмін. – деді Антон. Ішпеймін деп сөйлеу – ішетін адамдардың әдеті екенін жақсы білемін. Сондықтан ашуымды жасыра алмай, бірақ барынша сабырлы болуға тырысып Антонға былай дедім:

– Сенің әке-шешең арақ ішті ме?

 Антон түнеріп кетті де, амалсыз жауап берді:

– Иә.

– Менің де әкем кезінде ішкен. Кезінде өзім де ішкенмін. Бірақ, қазір ішпеймін. Және кезінде бірге ішкен жігіттердің біреуімен араласпаймын. Неге дейсің ғой? Өйткені олар ішу үшін ғана араласады. Қазір мен барамын да ана жігіттерге Антонның мазасын алмаңдар деп айтамын.

Осыны айтып Антонға қарап едім, ол үндемеді. Достарынан ұялса да, осылай дұрыс болатынын түсініп тұрған сияқты. Мен сөзімді жалғадым:

– Қазір айлығыңды беремін. Ертең ертең тұрып базарға бар. Жұмысқа түсте келсең де жетеді. Таңертең өзім келіп отырамын. Сен әдемі қара көйлек, қара шалбар сатып ал. Ауыстырып кию үшін екеуден алсаң, тіпті жақсы. Енді жұмыс формамыз сондай болады. Сенің орныңа отыруға келгенде мен де сондай киім киіп келетін боламын. Келістік пе?

Антон басын изеді. Киім туралы идеям ұнаған сияқты, көзінде кішкене қуаныш пайда болды.

Сыртқа шықтым. Танымайтын жігіттерге ашуым келіп, өзіммен-өзім ашуланып келе жатырмын. Аялдаманың жанындағы темір қоршауға отырып алып, әрнені айтып күліп отырған түрлері жүйкеме тиді. Арттарынан барған бойда желкелерінен түйіп-түйіп, домалатып түсіргім келді. Бірақ сабыр етіп, бейбіт түрде барғаным дұрыс болар деп, бір сәт кідірдім де, демімді басуға тырыстым. Бұлар да Антон сияқты тәрбие көрмеген, көшеде өскен бейбақтар ғой. Не істеп жүргендерін өздері түсінеді дейсің бе? Бала кезден көріп өскенін істейді де...

– Жігіттер, здорова! – дедім байыпты түрде. Бәрі маған жалт-жалт бұрылды да, мынау кім тағы дегендей түсінбей қарады.

– Мен Антонның бастығымын, – дедім сабырлы қалпымнан айнымауға тырысып. – Сендер соны күтіп отырсыңдар ма?

Ешқайсы мардымды ғып жауап та қатпады. Жағдайды бірден түсініп, ұялып қалған сияқты көрінді.

– Антонның жұмысы көп. Дәл қазір шықпайды. Одан кейін ертең де істейтін шаруалары көп, үйіне барып демалсын. Өздерің де түсінесіңдер ғой, жұмысқа тұрған соң, дұрыстап істеуі керек. Мен оған жамандық тілемеймін. Сендер де жақсылық ойлайсыңдар. Сондықтан оны енді мазаламай-ақ қойыңдар. Сен кімсің дейтін шығарсыңдар. Мен Еркінмін. 9 орамда сексен төрттермен жүремін. Сұрасаңдар, сол жақтағылардың бәрі біледі.

Жігіттер үндеген жоқ.

– Түсінікті ғой? – дедім даусымды шығара.

 Бастарын изеді.

– Антонға ренжімеңдер. Ол сендерді сыйлайды. Бірақ жағдай осылай болып тұр.

Осыны айттым да «Нұрға» кірмек болып, теріс бұрыла бердім. Ішке кірген соң терезеден қарап едім, аялдама жақ бос тұр екен – жігіттер кетіп қалыпты.

III БӨЛІМ

ҮШІНШІ АЙ

Келесі айда мен екі үлкен қателік жасадым.

Антонды киім алуға жіберген күні бір жас жігіттен өте арзан бағаға жап-жақсы смартфон сатып алдым. Қалай қателескенімді... Оның алдында Антонға сенімсіз адамдардан телефон алма деп өзім ескертсем де, ақшасы жоқ екені түрінен көрініп тұрған жас жігіттен арзан бағаға қымбат телефонды сатып алдым.

Антон түс кезінде келді. Үстінде су жаңа киім. Шашын да сәндеп алғызып, жуынып келген сияқты. Бойы тіпті ұзын көрініп, жүзі жайнап тұр. Танымайтын адам көрсе, не бір байдың баласы, не бір әртіс деп ойлап қалатындай. Сірә, сән-салтанат Антонның табиғатына жақын болса керек, көңіл күйі тым көтеріңкі. Өзінің жоғалтып алған бейнесін енді тапқандай.

– Мәссаған! – дедім көрген бойда.  – Мына түріңмен дүкеншімін десең, енді саған ешкім сенбейді.

Антон мәз болып күлді. Өмірі інім болса деп армандаушы едім. Осы орысты інімдей көріп кеткенім қалай өзі деп ойлап үлгердім.

Енді бутикті Антонға тапсырып, өз шаруаларыммен кетуге ыңғайландым. Бір сағат бұрын алған қымбат смартфонды да көрсеттім. Антон оны көріп түрі бұзылып кетті:

– Қаншаға алдың? – деп сұрады содан кейін.

– 15-ақ мыңға алдым.

Антон басын шайқады.

– Не болды? – дедім ішім бірнәрсені сезіп.

– Бұндай телефон арзанға келсе, демек ол ұрланған деген сөз ғой. Мен бұндайды алмаймын. Өзің айтып едің ғой алма деп.

Мен қателігімді осы кезде бір-ақ түсіндім. Ұрланған қымбат телефонды сатып алыппын. Бұл телефонды қазір полиция іздеп жүр деген сөз. Енді не істеу керек?

Полицияға хабарласып, осы телефонды байқамай алып қойдық деп айтуға болады. Онда дұрыс полиция қызметкеріне түссек, телефон иесі де табылып, ол кісі бізге сүйінші де беруі мүмкін. Он бес мың теңге шығын көрсек те, абыройымызға зиян тимес еді. Бірақ мен қателік үстіне қателік жасадым. Мүмкін бұл телефон ұрланбаған шығар немесе оны полиция іздеп жатқан жоқ шығар деген ой келді. Полицияға берсем, олар иесіне бердік деп өздері алып қойса қайтемін деп өз-өзімді және алдадым. Сөйтіп Антонға:

– Біраз күтейік. Әзір сатпай тұра тұр. Бір-екі күнде полиция келмесе, көре жатармыз, – дедім. Шешім қабылдамау да – шешім. Яғни, шешім қабылдамау – қате шешім қабылдау деген сөз. Оны кейін түсіндім.

Телефонды сатып алғаным да, оны полицияға хабарламағаным да менің бірінші үлкен қателігім еді. Бұның бәрін бір үлкен қате деп түсінемін. Ал екінші қатені сәл кейінірек жасадым. Неге сонша ақымақ болғанымды өзім де түсінбеймін.

***

Шілденің 30-ы күні біздің бір ағамыз мерейтой жасап, үй ішімізбен соған бардық. Дулат ағам да келді. Бәрі сол кісіні айналшықтаумен болды. Менің әкем де екі-үш рет Дулат ағаны оңаша алып шығып, сөйлесіп жүрген. Ақыры той біткен соң мені де шақырып алып:

– Мына Дулат көкең жақсы жұмыс бар деп отыр. Дипломыңа обал болды. Енді жұмыс істегенің дұрыс. Жасап жатқан кәсібіңе де зияны тимейді деп отыр, – деді.

Дулат ағам маған жымия қарады.

– Таңертеңнен кешке дейін жұмыста болсам, кәсібіме кім қарайды? – дедім мен.

– Ол жерде жұмыс бітсе болды, – деді Дулат аға. – Таңертең сегізде келіп, түске дейін істеп кетуіңе де болады. Әйтеуір жұмыс бітуі керек. Мен ертең басқа жаққа ауысып кетуім мүмкін, сондықтан қазір мүмкіндік барда тұрып алғаның дұрыс. Кейін ұнамаса шығып кетуіңе де болады ғой.

Мен ойланып қалдым. Түске дейін осы жұмысты істесем, түстен кейін өз шаруаммен жүрсем. Екеуінен әжептәуір ақша табуға болады. Антон бәрін өзі істей береді. Қазір істеп жүрген жұмыстарымды мықтап кіріссем жарты күнде де үлгеріп отыруға болатын шығар.

– Жарайды, ақылдасыңыздар, – деді Дулат аға. Менің ойланып қалғанымды сезген сияқты.

Оңаша қалған соң әкем мені одан әрі көндіре бастады.

– Қандай жұмыс болса да дипломмен істегендей болмайды, – деді. – Үкіметтің жұмысына ештеңе жетпейді. Істей бер.

Әкемнің түріне қарасам, іштей қатты қуанып тұр екен. Кезінде өзі оқымай қалған соң, өмір бойы жалғыз ұлы қызметкер болса деп армандайтынын білуші едім. Осындай жарты күндік жұмыс болып тұрғанда әкемді де бір қуантып қалайыншы деген ой келді.

***

Бір жерде жақсы жұмыс істеп жүріп өзінің кәсібін де тәуір дөңгелетіпті деген адамды естідіңіз бе? Мен естіген жоқпын. Бірақ өзім сондай боламын деп ойладым.

Шынын айтқанда жұмыс өзіме ұнады. Корпарациядағы жап-жаңа компьютерлерге бағдарлама орнататын, жаңартып отыратын бөлім екен. Бұл жердегі компьютерлерді Жезқазғанның басқа жерінен таба алмайсыз. Мүмкіндігі ең жоғары деген компьютерлер мен ноутбуктар бірінші осы жерге келеді. Бағдарламаларды да жаңасын және заңды әрі ең қымбат нұсқасын алғызады. Әскерге кеткеннен бері бұл салаға жоламай, алыстап қалған едім, енді қайтадан көзім ашыла бастады. Барып кел-шауып келден қол босағанда аға қызметкердің жанына отырып алып бірнәрсе үйренуге тырысамын. Ол жігіт өзі менен бір жас кіші. Дәурен деген жігіт. Миы қатты жұмыс істейді. Мен келген кезде жұмыстағы компьютерлердің барлығын бір-бірімен байланыстыратын жүйе жасап жатыр екен. Мен Дәуреннің жұмыстарына қарап отырып ешқашан ол сияқты бағдарламашы бола алмайтынымды түсіндім. Бірақ корпарция ішіндегі мәдениет, жап-жаңа қымбат компьютерлер, менен әлдеқайда көп білетін мықты адамдар, қымбат жалақы – осының бәрі мені баурап алғандай болды. Мен бірінші айдан бастап бірден 90 000 теңгелік айлыққа іліктім. 90 000 теңге Жезқазған үшін өте көп ақша. Бутиктен де осындай ақша тапсам, көп ұзамай барлық қажетімді өтеп, үлкен істерді жоспарлай бастауға да болатын еді.

Басында бірге дейін ғана «Қазақсмыста» боламын деп ойлап едім. Жоқ, бірде емес, екі-үшке қарай бір-ақ шығатын болдым. Кейде тапсырылған жұмыстарды бітіріп үлгермей қаламын, кейде әлденені қызықтап отырып қаламын. Интернетке кіруге, видеоойындарды ойнауға әуестене бастадым.

Тамыздың 20-ы күні таңертеңгі сағат он бірдің кезінде Антон қоңырау шалды. Әр жағында әлдекімдер келіп, бір телефонды қайтаруын талап етіп тұр екен.

– Ол не телефон? – дедім мен.

– Баяғы өзің 15000 теңгеге сатып алған смартфон, – деп түсіндірді Антон. Ол қайсы еді деп ойланып тұрдым да, бір кезде есіме түсе кетті:

– Оны әлі сатпап па едің?

– Жоқ.

– Енді неғыл дейді андағы адамдар?

– Қайтар деп отыр. Бір ай бұрын ұрлатып алғанбыз дейді.

– Қандай адамдар өзі?

– Екі жігіт пен бір қыз.

– Берші тұтқаны.

Антон телефонды әржақтағы бір жігітке берді.

– Ассаламалейкум, – дедім мен.

– Уағалейкумассалам.

– Брат, не болып жатыр?

– Анау менің қарындасымның телефоны ғой. Бір ай бұрын сумкасымен қосып ұрлап кеткен. Тыныштықпен қайтара салыңдар.

– Ол телефонды байқамай сатып алып қойған өзім едім. Мен андағы бутиктің иесімін. Брат, былай болсын. Атың кім?

– Әділет.

– Әділет, менің атым – Еркін. Түстен кейін бутикке барамын. Сол кезде бәріміз отырып сөйлесейік. Егер рас сендердікі болса, мен сатып алған бағасына қайтарып беруге дайынмын. Былай қарағанда сүйінші ретінде ғой.

– Қайдағы баға, бауырым? Біз полиция шақырып немесе разборка жасап келіп тұрған жоқпыз ғой. Жақсылықпен қайтара қоймайсың ба?!

– Брат, мен қазір жұмыста отырмын. Сағат үште сол жерде кездесейік, жарай ма?

– Жарайды.

Қап. Не деген қырсыққа тап болдым. Жоқ, қырсық емес, өзім бәрін бүлдірген. Дәл қазір барып шешіп тастайтын нәрсе еді, бірақ түске дейін мына жерде отыруым керек. Қарап отырсам, өткен аптада бутикке бір-ақ рет барыппын. Ана бәле телефонның сатылып-сатылмағанына да мән бермеппін. Тіпті оны ұмытып кетіппін. Не ойлап жүрмін өзі?

Сағат бірге дейін әзер шыдадым. Не істейтінімді өзім білмеймін. Ана телефонды шынында да қайтарып бере салған дұрыс. Бірақ, біріншіден 15 000 далаға кетеді, екіншіден ертең әркім келіп телефонын сұрауы мүмкін. Оның үстіне шынында да ол телефон осы кісілердікі дейтін дәлел жоқ қой?

Түсте шығысымен бутикке бардым. Антон көңіл күйі жоқ, іштей маған ренжіп отырған да сияқты. Онысы әбден орынды енді. Мен жап-жақсы бастасам да, орта жолдан басқа жұмысқа тұрып, бутикке қарамай кеттім. Онымен қоймай өзім осындай қиындық тудырдым.

Антон екеуіміз осылай үнсіз отырдық. Сағат үшке он минут қалғанда екі полицияны ертіп әлгі кісілер кіріп келді. Бағана салқын сөйлескеніме қарап, телефонды қайтармайды деп ойлаған болулары керек.

– Сәлеметсіздер ме? – деп полиция қызметкері ресми түрде амандасты. – Учаскелік инспектор кіші лейтенант Азамат Байқараев. Сіздердің үстеріңізден азаматша Айнагүл арыз жазды. Жоғалған телефонын осы жерден көріпті.

Мен келіп тұрған жігіттер мен Айнагүл деген қызға қарадым. Қабақтарын түйіп алыпты.

– Мен сендерге былай-ақ беретін едім ғой, – дедім ашуым келіп. – Мен бұны байқамай 15 000 теңгеге сатып алдым деп айттым ғой бағана? Не болды сонша арыз жазып?

– Сен бізден ақша сұрадың ғой, – деді екі жігіттің біреуі.

– Енді мен оны сатып алдым ғой. Оның үстіне ол телефон рас сендердікі ме, жоқ па, оны қайдан білемін? – дедім. Іштеріндегі жалғыз қыз:

– Менде оның қорабы бар, – деп сөмкесінен қорап алып шықты. Расында да осы телефондікі сияқты.

– Енді осыны алып келіп, жай сөйлесуге болмады ма? – дедім тоқтағым келмей.

– Тынышталыңыздар, – деді полиция қызметкері. – Ол телефон қай жерде тұр? Алып шығасыздар ма?

Антонға қарап едім, ол дереу витринадан алып шығып кіші лейтенанттың қолына ұстатты. Ол болса телефонды қосып жатып алдымен маған, содан соң Антонға қарап алды да, басын маған қайта бұрып:

– Сіз Еркінсіз ғой?! Ал мына кісі кім болады? – деп сұрады.

– Антон деген жігіт. Осы жерде сатушы. Бірақ андағы телефонды мен өзім сатып алғанмын. Басым істемей қалғаны ғой... Қымбат телефонды арзан бағаға алып нем бар еді.

Өзін Азамат Байқараев деп таныстырған тәртіп сақшысы телефонды жанындағы сержантына берді де, мені дәлізге қарай оңашалап алып кетті.

– Телефонды кімнен алғаның есіңде жоқ па? – деді сенге көшіп.

– Жоқ. Әйтеуір бір жас бала екенін білемін.

– Рас 15 000 теңгеге алдың ба?

– Иә.

– Мен олардың арызын әлі тіркеген жоқпын. Қазір сен телефонды қайтарып бере сал. Мен оларға сүйінші деп біраз ақша бер дейін. Солай шеше салыңдар. Әйтпесе арты ырың-жырың болып кетеді.

Мен кіші лейтенанттың сөзіне риза болып кеттім. Осыншама шу шығарғаным үшін сауда үйінің иесінен де ұялып, Антоннан да ыңғайсызданып тұр едім. Не де болса енді тезірек шешілсе екен дедім.

Мен барған соң, кіші лейтенант Байқараев екі жігіттің біреуін шақырып алып сөйлесті. Ол сөйлесіп бола берген кезде мен телефонды алып шықтым да, қызға ұсындым:

– Айып етпеңіз, – дедім сыпайылап. – Байқамай алып қойып едік. Әйтпесе әкеліп сатқан адамды ұстатып жіберу керек екен.

Осы кезде кіші лейтенантпен сөйлесіп тұрған жігіт келіп, досының құлағына бірнәрсе сыбырлады. Ол болса қалтасынан 5000 теңге шығарып, маған берді:

– Мынау сүйіншіге! Рахмет көп-көп!

Бес мыңды сүлесоқ алдым. Кіші лейтенант пен қонақтарымыз шығып кетті. Сержант іште қалып қойды да, менің жаныма келіп сұраулы жүзбен маған қарады. Не айтқысы келіп тұрғанын түсінбей мен де оған барлай қарадым.

– Жаңағыңды бере сал, – деді сосын ол жан жағына қарап алып.

– Нені?

– Сүйіншіңді. Нені болушы еді.

Мен жағдайды енді түсіндім. Бәсе, кіші лейтенант неге адамгершілік таныта қалды деп едім. Арызды тіркемей, осы жаққа екеу болып келіп, уақыт жоғалтып жүргендері тегін емес екен ғой. Арыз жазғандардан да кемі бір бес мың теңге алған шығар. Мүмкін олар арыз жазбаған да шығар?

Бес мыңды қол алысқан болып тұрып сержантқа ұстаттым. Оң қолын еппен қалтасына салған күйі сержант та шығып кетті.

***

Ұрланған телефонның оқиғасын әке-шешем естіген жоқ. Естісе, тіпті қиын болар еді. Бірақ сол оқиғадан кейін бутикті жүргізуге құлшынысым тіпті төмендеп кеткенін байқадым. Оның үстіне мен аз барған сайын ол жердегі шаруа да құлдырап бара жатыр. Басында жарты күнде бәрін істеп үлгеремін деп едім, оның бәрі жай қалды. Түкке де үлгермей жүргенімді түсіндім. Тамыз айының 26-сында Антонқа 30 000 теңге айлық және 10 000 теңге қосымша сыйақы бердім. Осы айда жалғыз өзі бутикті сүйрегені үшін. Бутиктің ақысын төледім. Сонда бар-жоғы 16 000 теңге ғана қалды. Тауар күйінде 80 000 теңгенің үстінде ақша бар. Соңғы айда біздің кері кеткеніміз осының өзінен ап-анық көрініп тұр еді.

Сол күні үйге бардым да, түннің бір уағына дейін ойландым. Тамаққа тәбетім болған жоқ. Ұйқым да келмей қойды. Не істеуім керек?

Не жұмыстан кетуім керек не бутикті жабуым керек деп шештім. Осылай жүре берсем, екеуін де қатырмаймын. Әрине, жұмыстан шықсам, әке-шешеме ауыр тиеді. Бір-ақ ай істеп, жұмыстан шығып қалыпты деген сөз кімге жеңіл тисін? Мені жұмысқа алғызған Дулат ағама да бұл абырой әпермейді. Демек, әзірше жұмыстан шығуға болмайды. Ең болмаса жарты жыл істеу керек қой.

Сонда бутикті жабу керек пе? Антонға не бетімді айтамын? Әп-әжептәуір бастап едік, енді аяқ астынан өзгергенім қалай болады?

Қап, жұмысқа бекер тұрған екенмін. Осыны сезіп едім-ау. Неге аяқ астынан өзгеріп қалдым? Бутиктің жұмысы менсіз-ақ жүре береді деп ойладым ғой.

Егер бутикті уақытша жапса, қалай болады? Жаңа жылға дейін осы жұмысты істеп, одан соң үлкен кісілерден рұқсат сұрап, шығып кетсем? Бутикті қайта ашсам? Мүмкін ол кезде телефон жөндейтін емес, компьютер жөндейтін бутик ашатын шығармын. Компьютер деген телефоннан әлдеқайда қымбат қой. Оны сату да, жөндеу де көбірек пайда әкеледі. Антон оны да үйреніп кетер еді.

Мен өз-өзімді осы шешімге көндіргендей болдым.

***

Келесі күні – сәрсенбіде түс кезінде бутикке бардым. Антон осымен екінші рет айлық алған күні ішпей, келесі күні сергек күйінде жақсы көңіл-күймен жұмысқа келіп отыр. Таңертең кешікпей келгеніне сенімдімін. Жалпы, қазір Антонды тексеретіндей жағдайда емес едім.

Антонға мәселені бірден айтуға дәтім бармады. Үндемей ойланып, аз отырдым. Былай қарағанда, мен Антонға біраз жақсылық жасаған сияқтымын. Осы жерге келіп ақша тапты, телефон жөндеп үйренді, арақ ішпей жүр. Бәрінен бұрын куәлігін қалпына келтіріп, тіркеуге тұрғызып бердік. Енді үйленіп, ел қатарына қосылып кетуі де мүмкін. Әлде бутик жабылған соң бұрынғы достарын қайта таба ма? Әңгіме-сөзге ермей, жұмыстан шығып, бутикті қайта қолға алсам ба екен? Жоқ, олай болмайды.

– Антон, – дедім ақыры. – Мен мына бутикті жапсам деп отырмын.

Антон маған аңтарылып қарады.

– Көріп жүрсің ғой, жұмысқа тұрғалы бұған қарай алмай кеттім. Енді осы айда минусқа кіріп кетуіміз мүмкін. Бір ай жұмыс істетіп, соңында саған айлық бере алмай қалсам, масқара ғой.

Антон сонда да үндеген жоқ.

– Қазір компьютер бағдарламасын қоятын бөлімде жүрмін ғой. Кейін сол жердегі жігіттермен танысып, компьютер әкелетін, жөндейтіндермен араласып кетсем, қысқа қарай компьютер жөндейтін бутик қылып қайта ашайық? Оған дейін бір жұмыс тауып істей тұрсаң?

Сөзімнің соңғы жағына келгенде даусым жалынышты шыққандай болды. Антон маған жаны ашып кеткендей көрінді.

– Әрине, Еркін, – деді. – Бір жөні болады ғой. Телефон жөндейтін басқа бутиктерге барып көрермін. Енді қара жұмыс істегім келмейді.

– Дұрыс. Мен Марғұланға айтып көрейін. Біреуіне болмаса, біреуіне адам керек шығар. Бірақ қыста мен жұмыс бастайтын болсам, маған келесің бе? – дедім өзімше әзілдегендей болып.

– Әрине, Еркін. – деді Антон сенімді түрде.

– Онда осы аптаның соңына дейін істеп тастайық, – дедім мен. – Қазір админстрацияға айтып кетемін. Енді телефон сатып алмайық. Бар телефондарды сатып үлгеруге тырысайық. Сәл бағасын түсірейік. Осы үш күнге тағы да ақша төлеймін.

– Жарайды. Сөйтсек, сөйтейік.

***

Апта соңына дейін бутик жұмыс істеп тұрды. Үлкен жазумен «Скидка» деп жаздық та, телефондардың жартысынан көбін сатып жібердік. Таныстарға хабарласып, телефон арзан болып тұрғанда алып кетіңдер деп едім, ол да біраз көмек болды.

Админстрацияға жабылатынымызды айтқанда, олардың да көңілі түсіп қалды.

– Артық қиындық тудырмайтын, жұмысқа уақытында келіп, уақытында кететін жақсы клиент едіңдер. Сатушың да жақсы жігіт еді, – деп көңілімді одан сайын түсіріп тастады. Әрине, жақсы едіңдер дегені ұнады. Бірақ осынша жақсы істі тастап бара жатқаным дұрыс емес екенін одан сайын дәлелдей түсті.

Жұма күні жабылатын кезде қалған телефондарды сумкаға салып, Антонның ақшасын беріп, қалғанын өзіме алдым. Екеуіміз есікке беттедік. Қайтып кіріп, ештеңе қалып қойған жоқ па деп, сөрелердің ішін тағы бір қарап шықтым.

– Витрина сатылмады ма? – деді Антон.

– Хабарландыру бергенмін. Ешкім хабарласқан жоқ. Марғұлан алатын шығармын деген. Әзірге осы жерде тұра тұрады. Кейін басқа біреулер келсе, үйге алып кетермін. Админстраторға ескертіп қойдым ғой.

Антон екеуіміз есік алдына шықтым.

– Айтпақшы, Марғұланға сен туралы айтқанмын. Әзірге жұмыс жоқ, бірақ болса міндетті түрде айтамын дейді.

– Рахмет, Еркін.

– Ал, жақсы онда.

– Рахмет! Бәріне де рахмет.

– Ой, қойшы, жарайды.

– Жоқ, шын айтамын. Рахмет!

– Ал, аман бол. Хабарласып тұр.

***

Тамыздың соңында Антон екеуіміз осылай қоштастық. Бірақ одан кейін хабарласқан жоқпыз. Мен жаңа жұмысыма біржола кіріп кеттім. Жарты күн емес, кешке дейін отыратын болдым. Бағдарлама жазып қатырмайтынымды, бірақ жұмысқа деген ынтам бар екенін байқап, мені фабрикаларды тексеретін бөлімге ауыстырды. Айына бір рет, кейде екі рет Жезқазған мен Сәтбаевтағы, кейде Қарағандыдағы фабрикаларды аралап қайтамын. Арасында форум, семинар деп, Алматыға жібереді. Мен кәдімгідей қызметкер болып шыға келдім. Бұған әке-шешем ерекше қуанды.

Күздің суығы басталған уақытта аялдамадан Марғұланның қарындасын көріп қалдым. Әжептәуір өсіп, бойжетіп қалыпты. Жанындағы қыздармен сөйлесіп, автобус күтіп тұр екен. Арқаларында сумка. Сабақтан шығып, үйге қайтайын деп тұрған беттері. Әлі мектепте оқиды екен ғой деп ойладым іштей. Қатарласып тұрдым да, көзімнің қиығымен назар салып қарадым. Ұзын бойлы, қараторы қыз. Бір қарағанда байқалатын керемет сұлу емес. Қарапайым ғана. Бірақ өзін-өзі ұстауы ерекше.

Қыз мен жаққа қараған да жоқ. Қараса да танымайтын шығар деп ойладым.

***

Уақыт өткен сайын мен бутик ашқанымды ұмыта бастағандай болдым. Қысқа қарай компьютер жөндейтін бутик ашсам деген ойым да жайына қалды. Анда-санда еске түседі, бірақ бір жұмысты бастау үшін жатпай-тұрмай соны ойлау керек. Менде ондай құлшыныс жоқ.

Желтоқсанның соңында, жаңа жыл мерекесі таяп келе жатқанда Марғұлан хабарласты. Тек телефон жөндеумен ғана айналысатын бутик ашайын деп жатыр екен, соған Антонды жұмысқа алмақшы. Мен қуанып кеттім. Бір жағы Антонға хабарласатын сылтау, бір жағы Марғұланның жұмысы дамып жатқанына риза болдым.

Байланыстар тізімін ашып, жаздан бері хабарласпаған Антонның нөмірін іздедім. Бастым. Қоңырау кетті. Дың-дың етіп бірнешеуі барды. Көтермейді. Сәлден соң қайда хабарластым. Қоңырау барады, бірақ көтермейді. Ішіп кеткен жоқ па екен деген ой келе қалды. Қой, ішпейтін шығар. Бір жерге жұмысқа тұрып, содан қолы тимей жатқан шығар, өзі қолы тиген кезде хабарласар деп ойладым.

Ақыры солай болды. Кешке үйге келіп, беті-қолымды жуып, тамаққа енді отырайын деп жатқанда телефоным безектеп қоя берді. Қарасам, Антон деп тұр екен.

– Антон бауырым! – дедім телефонды көтере салып. Өзі хабарласқанына қуанып кеткен едім.

– Кім бұл? – деді әржақтағы дауыс. Сөйлеп тұрған Антон емес, басқа адам екен.

– Өзің кімсің? Антон қайда? – дедім түсінбей.

– Мен ағасымын. Сен кімсің?

– Еркінмін.

– Жазда куәлік жасатқан Еркінсің бе?

– Иә. Антон қайда?

– Антон қайтыс болған.

– Қашан?

– Екі айдан асты.

– Неден қайтты?

– Машина қағып кетті.

– ...

– Жарайды, сау болыңыз.

Төбемнен бір шелек суық су құйып жібергендей болды. Антон қайтыс болыпты! Байғұс бала-ай...

Біраз уақыт не ойларымды білмей отырдым. Одан соң есім кірейін деді. Мен үлкен қателік жасаппын деп ойладым содан соң. Мені аға көріп жүрген жігітті тастап, өзіме жайлы орын іздеп кетіппін. Әрине, мен бутикті жаппасам, Антон тірі қалар еді дей алмаймын. Ажалы келген адам бір сәт те аман тұра алмайды.

Бірақ бутикті жаппағанда менде мынандай екі уайым болмас еді.

Алдымен, Антонның алдында өзімді кінәлі сезінбес едім. Байғұс баланың өмірінде болған бір жақсылық – екеуміздің кішкентай бутигіміз еді ғой. Менің оған адам деп қарағаным, оған жұмысты сеніп тапсырғаным, уақытында айлық төлегенім – ол үшін бір бақыт еді. Мен болсам оны тастап кеттім.

Екіншіден, Антонның соңғы айлары қалай өткенін білмеймін. Мүмкін ол бұрынғы достарын қайта тауып, арақ ішіп кеткен шығар. Көлік оны сау күйінде соқты ма, мас күйінде соқты ма? Достарымен ішіп отырып, мені боқтаған да шығар? Жоқ, ол өйтпейді. Бірақ боқтамаса да іштей ренжіп, булығып жылаған болар.

Егер бутикті жаппағанымда дәл осындай ойлар мені азапқа салмас еді...

Мүмкін Антон одан кейін мүлде ішпеген шығар. Мүмкін ол бір қызбен танысып, үйленуді де ойлаған шығар? Бойы ұзын, сүйкімді де, жағымды жігіт еді ғой. Екеуіміз жұмысқа осылай киінейік деп қара шалбар мен көйлек алғанда оған қалай жарасып кетіп еді? Мүмкін ол жақсы бір жерге жұмысқа тұрған шығар? Жұмысты мықты істеуші еді ғой. Телефон жөндеу ол үшін бұйым емес еді. Ол одан да үлкен радиотехникаларды жөндей алар еді. Тіпті білім алса, бағдарлама жазып кетуі мүмкін еді. Кез келген жаңа технологияны көрген бойда қалай жұмыс істейтін бірден түсіне қоюшы еді. Өте қабілетті еді. Соған сай адамгершілігі де жоғары болатын. Әттең, көзін ашқаннан дұрыс орта көрмей өсті. Айналасының бәрі қараңғы, сұрғылт болды. Мен бір сәуле түсіргендей едім, оның өзі баянсыз болды. Не істедім мен...

Әйтеуір машинаның ішіне арақ ішіп жүріп түспеген болсаң ғой, Антон. Өз-өзіңе қол жұмсау үшін түспегеніңе сенімдімін. Ажалың жетіп, аяқ асты болған жағдай шығар.

Кейін ағасымен кездессем, осының бәрін сұрауым керек. Одан ештеңе өзгермейді, бірақ сонда да сұраймын.

ЭПИЛОГ

Менің бірінші бизнесім осындай болған. Бизнестегі бірінші үлкен қателігім де осы болды деуге болады. Бірақ өмір ғой. Осылай болуы керек болды. Осылай болды.

Одан кейінгі шаруаларым, көрген қиындықтарым, бастаған бастамаларым өз алдына бөлек әңгіме. Мүмкін кейін оларды да айтып беретін шығармын.

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

20.11.2018

Елбасы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевті қабылдады

20.11.2018

Қайырымды қала тұрғындары тегін дүкен ашты

20.11.2018

Гүлшара Әбдіқалықова Албания Республикасының Еуропа істері және сыртқы істер министрімен кездесті

20.11.2018

Қ.Тоқаев Албанияның Еуропа және сыртқы істер министрі Д.Бушатиді қабылдады

20.11.2018

Павлодардағы электр қуаты 4 процентке төмендеді

20.11.2018

Түркі киносын әлемге таныту тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті

20.11.2018

Атырауда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде көшелерді жарықтандыру жобасы іске асырылады

20.11.2018

Павлодарда Елбасының өмірі туралы көрініске әртістер таңдалуда

20.11.2018

Түркістанда «Agrofest – 2018» фестивалі өтті

20.11.2018

Албанияның Сыртқы істер министрі Қазақстанға алғашқы ресми сапармен келді

20.11.2018

«Құлагер» ұлттық жүлдесі табысталды

20.11.2018

Жетпіс мың адамның жалақысы өседі

20.11.2018

Алматыда жаңа комедиялық фильмнің тұсауы кесілді

20.11.2018

Түркістан аймағының Берлинде басылған көне картасы

20.11.2018

Алматыда «Құлагер» ұлттық жүлдесі табысталды

20.11.2018

Талғат Ешенұлы. Жүрегі бар жалғыз үй

20.11.2018

Нұрсұлтан Назарбаев «Отырар сазы» оркестрінің жетекшісі Дінзухра Тілендиеваны қабылдады

20.11.2018

Қазақ ғалымы Швецияда су тазартудың экологиялық таза әдісін ойлап тапты

20.11.2018

«Қазақстан темір жолы» және «ҚазМұнайГаз» басқармаларының жаңа төрағалары тағайындалды

20.11.2018

Қайрат Әбдірахманов ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблея басшылығымен кездесті

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Stokgolm sındromy

Jumyr jerdiń betinde sany jaǵynan bizden áldeqaıda kóp, alaıda táýelsiz el atanýdy mańdaılaryna jazbaǵan, ol oryndalmas armandaı kórinetin halyqtar az emes jeterlik. Jaratqannyń qalaýymen qolǵa tıgen táýelsizdik qazaq balasynyń eń bir asyl muraty edi.

Талғат БАТЫРХАН, Егемен Қазақстан

«Baı bolsań halqyńa paıdań tısin»

«Batyr bolsań jaýyńa naızań tısin, Baı bolsań halqyńa paıdań tısin». Kezinde aıyr tildi Áıteke bı aıtqan aqyldy sóz. Keler ǵasyrlarǵa da keter ǵaqlıa.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Esi ketken eskini alady

Búginde avtomobıl degen burynǵydaı baılyqtyń, sol kólikti satyp alǵan adamnyń áleýmettik jaǵdaıynyń jaqsy ekendiginiń kórsetkishi bolýdan qalyp barady. Bir úıde eki, keıde úsh avtokóliktiń bolýyn, tipti keıbir jumyssyz júrgenderdiń de avtokólik satyp alýyn oǵan mysal retinde keltirýge bolady. Osy oraıda avtomashınalardyń sonshalyq kóbeıip ketýiniń syry nede degen saýaldyń týyndaýy da zańdy. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Qala jáne qazaq

Astana – jastar qalasy. Qala kóshelerinde kele jatyp aınalańa qarasań kóbinese jastardy kóresiń. Demek, Astana – bolashaqtyń qalasy. Osy Astana arqyly qazaqtardyń qala halqyna aınalyp kele jatqandyǵyn jáne aınala alatyndyǵyn anyq baıqaýǵa bolady.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Mádenıetti adam. Ol kim?

Osy keıde on ekide bir gúli ashylmaǵan kókórim jastarǵa albyrttyqtyń saldarynan jibergen aǵattyǵy men qateligin túzeý maqsatynda apalyq qamqorlyqpen azǵantaı bir aqyl-keńes aıta bastasań, munyńdy muqatý, tuqyrtý dep oılaıtyndaryna túsinbeısiń.  Olardyń bári syndy solaı qabyldaıdy degen pikirden aýlaqpyz árıne, biraq kúndelikti ómirde mundaı jaıtqa jıi tap bolyp jatatynymyz ras endi. Munan soń aldyńǵy tolqyn apalarymyz ben aǵalarymyzdyń aldarynan kese-kóldeneń ótpeı, jumsaǵan jaqtaryna quldyrańdaı usha jóneletin baıaǵy bizdiń kezimizdegi jastardyń eleýsiz ǵana eskertilgen úlkenderdiń áńgimesinen keıin endigári sol kemshilikti qaıtalamaýǵa tyrysatyn elgezektigi, qarapaıymdylyǵy, kishipeıildigi, ıbalylyǵy sanamyzǵa saǵynysh sazyndaı sarqyla oralady. 

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу