Әдебиет • 03 Тамыз, 2018

Дауыл өтіндегі ақын жүрегі

499 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Али Ахмад Саид Эсбер

Дауыл өтіндегі ақын жүрегі

Менің мектепке барғым келеді

Бұл әңгіме ақынның өзі және оның сарапшылары тарабынан неше мәрте айтылған. Әрі бұл әңгіменің жұрт арасында әлденеше рет қайталанып айтылғанында да күмән жоқ, бір қызығы әр естіген сайын жаңа естігендей әсер береді.

Ол 1930 жылы Сирияның батысында өмір есігін ашқан оның туған ауылы Хассабида балалар білім алуға арналған мектеп жоқ еді, тіпті, жарық, телефон дегендер ауыл тұрғындары үшін қол жетпес бұйымдар еді. Ол Али Ахмад Саид Эсбер деген елеусіз есіммен бозбала шаққа қадам тастап, жергілікті медреседен Құран оқып, онымен қоса араб классикалық поэзиясын ойына тоқып өседі, оның әкесі де осы салаға баса ден қоятын.

1943 жылы Сирия өз тәуелсіздігін алды; бұл мемлекеттің тұңғыш президенті Шүкіри әл-Қуатли ел ішін аралап іс сапарда жүргенде, Хассаби ауылына жақын маңдағы бір қалашыққа келіп түседі. Али Ахмад өз жанынан өлең шығарып, ел басшысының келген қадамын, елдің тәуелсіздігін құттықтап, бала жүрегінен туындаған өлеңін президенттің алдында оқып беруге дайындық жасайды. Ол әуелі алда болатын ұлы кездесу туралы ойша жоспар жасап та қояды; жоғары лауазымдылардың алдында ол өлеңін жатқа айтып береді; ел басшысы өлеңін ұнатып оған қамқорлық жасайды. Ол сосын: «Менің мектепке барғым келеді» дейді тайсалмай. Оның тілегі орындалады. Бұл бала қиялдар шындыққа жақын болды. Осы ертегі желісімен болашақ ұлы ақынның өмірі күрт өзгерістермен толығады. Көп өтпей ол ауылдықтағы оқытуы жақсы мектепке қабылданады, ол Франция мемлекеттігіне қарасты Тартус лицейі еді, 1944 жылы бұл лицей жабылған соң ол үкіметке қарасты мектепке ауысады. Арада көп өтпей мемлекеттік степендияны иеленіп, Дамаск университетіне оқуға түсіп, 1954 жылы осы оқу орнын философия мамандығы бойынша тамамдайды.

Мифопоэс ретінде поэтикалық сәйкестік

Ол оқу барысында да өлеңнен қол үзіп қалған жоқ, бірақ газет редакторлары ол жіберген өлеңдерге көз қырын сала қоймайды.  Мезетке болса да тауы шағылған ол жабайы қабан жарып өлтірген аңшы жігіт Адонистің есімін қолданып, мифологиялық туындылар жаза бастайды. Али Ахмад бұдан былай өзін қабанның жемі болған Адонис және газет редакторы ретінде сезінеді. Ол өлеңдерін Адонис деген автор атымен тағы бір мәрте редакцияға жібереді. Ғажабы бұл жолы оны жолы болады; ол жазған өлеңдердің өн-бойынан мифологиялық қасиеттер менмұндалап тұрғандықтан болар газет редакторы оның алғашқы туындыларын жариялап, оған ақжол тілейді. Алғашқы табыстарына риза болған ол күні-түні өлең жазып, ақындық әлемге бір жола бет бұрады.

Саясат, түрме, қуғын-сүргін

Университет құшағында жүрген Али Ахмад... Жоқ Адонис Сирияның ұлттық социял партиясына қатынасады; бұны Адольф  Гитлердің партиясымен шатастырмау керек, бұл дінмен шектелмеген демократиялық және тоталитарлық жүйедегі Сириялық жүйеге ие партия еді. 1955-56 жылдар аралығында әскери міндет өтеп жүргенде, қарсы партиямен саяси селбестікте болғаны үшін ол темір торға қамалады. Қамақтан босаған соң, сол кездегі әйелі әрі әдебиеттанушы Халида Саидпен бірге Ливанға барып, Бейрутқа қоныс тебеді, жаңа қонысына орныққан олар бар өмірлерін шығармашылыққа арнайды. Адонистың 20 неше жыр кітабының алғашқылары 1957 жылы қағазға түсе бастайды, көп өтпей ол күллі араб поэзиясына жаңашылдық әкелген тұлғаға айналады; поэзияның тақырыптық және эмоционалдық жетістіктерін кеңейту үшін раушан поэзиясының ресурстарын пайдалана білді; үкімет степендиясымен Францияда бір жыл білім алады, осы орайда ол Француз ақындары Ив Бонфуа, Сен-Жон Персе және Анри Мишо секілді ақындардың шығармаларын аударуға кіріседі. Осы еңбекқорлығы араб әдеби журналдарына өзгеше рух бітіреді, басқалармен бірлесіп Элиоттың «Сортаң жер», Эзра Паунд, Филлип Ларкин және Роберт Лоуэлл секілді даңықты тұлғалардың туындыларын арт-артынан аударып, қағаз бетіне түсіреді, бұдан сырт, араб прозасының антологиясын өңдеумен айналысады, осындай еңбекқорлығының арқасында, Бейруттағы St Joseph университетінде араб әдебиеті мамандығы бойынша PhD атағын алады, осыдан соң, Ливан университетінде араб әдебиетінен сабақ береді, кейіннен Фанциядағы және Америкадағы жоғары оқу орындарында да жұмыс істейді.1982 жылы Израиль Ливанды басып алған соң, ол тағы да қоныс аударып, ақыры 1985 жылы Фрацияға табан тірейді, отбасымен бірге күні бүгінге дейін Парижде өмір сүріп келеді.  

Белсенді ақын

Оқырмандар бізден: белсенді ақын деген қандай атау деп сұрауы мүмкін? Белсенді ақын – авторитарлық мемлекеттің қызметін, оның көшбасшылары мен ресми идеологиясын мадақтайтын адам. Мадақтау керек болса біз Адонисты өз міндеті мен жауапкершілігін, уағдасын толық орындаған ақын деген арлы да тағдырлы атаққа ие жан иесі деп алқар едік. Ол поэзиялық сарынмен тұжырымдалған сыни ойлардың, сондай-ақ әдеби туынды жазудың тамаша үлгісін қалыптастыра алды. Оның тікелей өмірілк тәжірибесі Сионист палестиналық қоныстанушы Накба туралы; 1967 жылғы арабтағы құлдырау; және 1982 жылғы Израиль шапқыншылығы кезіндегі Ливандағы шиеленіс; мұндағы уақыттарда болған араб әлеміндегі келеңсіздіктер туралы айқын деректерді көз алдымызға жайып салады.

1967 жылғы арабтың жеңіліс төрінен көрінуі оған өзгеше шабыр сыйлап, «Бұл менің есімім» атты поэзиялық туындыны жазуға күш береді, бұл поэма тарихты мәңгілік аян ретінде символдаған поэма:

Жер бетіндегі сорлы жан, қасыма кел,

бұл дәуірді шұлығыңмен, көз жасыңмен сүртерсің

Өз жылуын іздеп жүрген тәнменен орарсың,

қала деген ақсүйектердің шеңбері,

Өз зәузәтін арқалаған төңкеріс болды көргенім

Миллиондаған әнді жерлеп... қорынғам

Қабіріме кірдің бе, онда ұста менің қолымнан:

Ілес менің соңымнан

Менің дәуірім қақпамды дәл қазірге қақпайды

Жаһаннамның бейіті алдымда тұр қасқайып,

оған де бердім төзімді

Сұлтанның сүйек күлі... 

ұста менің қолымнан:

Ілес менің соңымнан.

Сондай-ақ, ақынның «Қамал» атты кітабында, Ливанның ішкі соғысы, Израильдың шабуылы туралы тарихи сәттер тілге тиек болады, ақыр заман,  лирикалық және тұрақты прозалық толғаныстар біздің қаңырап тұрған әлемімізді кереметтей үйлесімділікпен өзіне тарта түседі:

Қираған шаһарлар, жершары тозаңға тиеген арбадай

Бұл кеңістікпен қалай қауышарымызды тек отты өлең ғана біледі.

«Шөл» өлеңінен.

Еш топырақ оған мекен бола алмады, өз қанынан басқа.

Ол пана іздеп еді, тапқаны тек ұйқысыздық лашығы болды.

Ол жалын атқан бейнемен

Ақ қармен бұрала биге басты.

Сосын тәңсәріні құшақтап, іңір бетіне сурет салды.

Сосын: жел біткен менің сыңарым деді.

Оның ертеңі

Күн мен көкжиекті тоғыстырған кеме болды.

«Бейтаныс» өлеңінен.

Поэзиз – ойлам

Ой – поэзияның ажырамас басты шарты деген байламда ақын. «Поэзия деген – ой, ал, ұлы ой әрине поэзия болмақ» дейді ол әлем әдебиетінің бүгінгі күйі туралы берген сұқбатында. Оның әр кітабының аты да тағдырлы әрі тарихи есімдер деуге болады. Ол осы күнге дейін «Күн мен түннің парақтары» (2001), «Теңіз ғана ұйықтай алады» (2003), «Сүйіспеншіліктің жеткізілуі» (1982), «Бес поэма» (1980), «Адонистің қаны» (1971), «Михар мен Дамаскының жыры» (1961), «Дауыл өтіндегі жапырақтар» (1958), «Күлдер мен раушандар арасындағы бір сәт» (2004) қатарлы жыр жинақтарын оқырмандарға ұсынумен қатар, танымдық, қоғамдық сипаттағы мақалалар жазып, ақындық ойын, ашық көзқарасын ортаға салған талант иесі. Ол еңбектері үшін тұңғыш рет «Назым Хикмет» атындағы халықаралық поэзия сыйлығын, «Сирия-Ливанның үздік ақыны», Халықаралық «Бурссел» әдеби сыйлығын еншілеген.

Қалай десек те Адонис – әлемдік ақын. Күмәні мен тұманы қатар келген өмірге ол поэзияның күшімен қарсы келді. Қағынан жерініп, құланын құдыққа түсіруге беттеген қара бет қоғам оның сөзіне құлақ тоса қоятын күйде емес еді. Келмеске кеткен балалық сәттерінің елестерін, қарсы атылған қаныпезер бомбаның демімен күл-талқан болған кіндік қаны тамған мекеннің қастерлі мұғжизаларын, ешкімге де кінәсі жоқ сәбилердің анда-мұнда шашылған сүйектері мен аналардың көз жасын тек қана өлеңнің рухымен қалпына келтіруді мақсат еткен ақынның әр кітабы, ондағы өлеңдерінің әрбір тармақтары туған халқының жеңісі мен жеңілісін жырлаудан танған емес.

Өлең мен ақындық жүректің лүпілі бір арада тоғысып, жер бетіндегі жыр етуге тиісті тақырыптар мен мәселелердің ақынның қаламынан күллі ғаламға жар салынатыны даусыз. Өмірден де, өлеңнен де құдіретті күш жинаған Адонис – тағдырлы тұлға. Бұған оның төрткіл дүниеге жеткен ақындық дабысы куәгер. «Мен күндердің күнінде әлемдік ақын болуым керек» деген асау арманның жетегі оны жол ортасында қалдырған жоқ. Грек аңызындағы батыр Адонистың есімін өзіне лақап ат еткен ол қалам мен қарудың хикіметінің тең екенін, батыр қаруымен, ақын қаламымен серік екенін, осы арқылы елін қорғай алатынын түйсінген. Толассыз соғыс өрті, тірлік таласы, шарасыздықтың шекпенін киген ұлттық демократия, атамекендерін айдалаға қалдырып босып бара жатқан ел-жұрт, екіге жарылып қырық пышақ болған ұлт тағдыры оның ақын жүрегінен айналып өткен жоқ. Мейлі қандай күн туса да қаламынан көз жазбаған Адонистік жүрек өзі таңдаған даңғыл жол – ақындық мұраттың жолына шыққан күннен бастап бірде-бір күн жұртының тағдырын өз тағдырым деуден жазған емес. Өзіне-өзі серік, өз жүрегіне өзі мұңдас бола білді. Мұндайда Виктор Гюгоның: «Өз-өзіне тірек бола білген адам – ұлы адам» дегені ойыңызға оралады. Данышпан Гюго бұл даналықты Адониске қаратып айтпаса да, Адонис секілді ақындығы мен батырлығы ұштасқан ұлттық тұлғаға айтқаны мұнда тұр.

Жуық жылдардан бері ол Нобель әдебиет сыйлығына қатарынан бірнеше рет ұсынылып келеді. Бұл әлем оқырмандарының санатында Адонистің шығармалары бар екенін растайды. Ақиқат іздеген жанның түбі Нобель сыйлығы төрінен көрінері де ақиқат. Оның ой әлемі поэзия арқылы өмір шындығын іздеді, іздегенде шынайы жүрекпен, таусылмас үмітпен іздеді, әрі таба алды.

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері