Медицина • 06 Тамыз, 2018

Егіншіліктің елімізге берері мол

3199 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Дәлме-дәл егіншілік технологиялары ширек ғасырдан бері Еуропа елдерінде, АҚШ пен Қытайда белсенді түрде қол­да­ны­лу­да. Соңғы жылдардан бастап бұл үрдіске Оңтүстік Аме­ри­ка ел­дері, атап айтқанда Бразилия да қосылып отыр. Бұған эко­­но­микалық даму, ғылым ықпалының күшеюі, сондай-ақ фер­мерлердің өндірістік шығындарды азайтуға деген құл­шы­нысы себеп болуда. 

Егіншіліктің елімізге берері мол

Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың еліміз­дің ауыл ша­руа­шылығына цифрлы технологияларды енгізу жөнінде Үкіметке тапсырма беруі бұл іске ерекше екпін берді. Соған сәйкес дәл қазір түрлі мемлекеттік және жекеменшік құрылымдарда тиісті инфрақұрылымдар қалып­тастырылуда. Осының бәрі дәл­ме-дәл егіншіліктің қа­лып­тасып, да­муына түрткі бола­тындығы анық.

Қазақстанда дәлме-дәл егін­ші­лік жүйесін енгізу жөнін­де тұжырымдама әзірлеген ға­лым Оңғарбек Әліпбекидің айтуы бойынша, бұл өсімдік шаруашылығы саласының соңғы уа­қытта айсбергтей көрініс бе­ре бастаған инновациялық ба­ғыты. Жаңа атау өткен ғасыр­дың тоқсаныншы жылдарынан бас­­тап пайда болды. Дәлме-дәл егіншіліктің мақсаты – өсім­дік шаруашылығының ор­нық­­ты дамуына қол жеткізу.

Бұл мақ­сатқа қол жеткізу үшін аг­­рарлық ғылымның, ма­­ши­­на жасау саласының, ақпа­рат­тық-коммуникациялық тех­но­­ло­­гиялардың, геоақпа­рат­тық жүйе­нің (ГАЖ), жерді қа­шық­­тық­­т­ан зондтаудың (бай­қаудың), спут­­никтік нави­гацияның, ком­пьютерлік инжиниринг пен қазіргі заманғы агроменеджменттің жетістіктерін бір арнада біріктіру қажет.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай дәлме-дәл егіншілік жүйе­сі технологияларын енгізу бір сәтте, тұтас күйінде жүзеге аса қоймайды. Өйткені бұл үшін кеңіс­тіктік деректердің аграр­лық­ инфрақұрылымдарын (КДАИ)­ қалыптастырып алу, тыңайт­қыштар мен өсімдіктерді қорғау құрал­дарының ауыспалы себу жүйесін (VRT) құру, навигациялық құрылымдарды әзірлеу, байланыс желілері мен ақпараттық талдау жүйесін (АТЖ) қалыптастыру және мамандарды оқыту мен дайындау қажет.

Демек, дәлме-дәл егіншілік жүйесін енгізу дегеніміз бірте-бірте нығайып, біраз уақытты қамтитын созылмалы үдеріс. Бірақ солай екен деп қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Өйткені әлемдік өсім­дік шаруашылығы қазір дәл осы бағытпен алға кетіп барады. Оның үстіне Қа­зақ­станда жоғарыда аталған инфрақұрылымдардың біразы бар және сәтті жұмыс істеп тұр. Мәселен елімізде ғарыш саласы қалыптасып, дамып келеді.

Оның жерді қашықтықтан зондтау, жоғары дәлдікті спутниктік навигациялау жүйесінің жер үсті инфрақұрылымдары жұмыс істеп тұр. Осылар арқылы қазірдің өзінде кеңістіктік деректердің аграрлық инфрақұрылымдарын қалыптастыру және спутниктік навигациялау жөніндегі үлкен проблеманы шеше аламыз. Сөз жоқ, бұл біздің көптеген елдерге қарағанда дәлме-дәл егін­шілік жүйесін қалыптастырудағы негізгі артықшылығымыз.

Ал енді дәлме-дәл егіншілік жүйе­сін енгізуде қай елде қандай ша­руа тындырылып жа­тыр деген мәселеге келсек, Германияда қазірдің өзінде фермерлік шаруашы­лықтардың 60 проценттен астамы дәлме-дәл егіншіліктің жеке­леген элементтерін пайдалану ар­қылы жұмыс істеуде. Олардың ара­сында ірі шаруашылықтар да, ұсақ шаруашылықтар да бар.

Де­мек, дәлме-дәл егіншілік технологияларын енгізу мәселесі ша­руашылықтардың көлеміне тіреліп тұрған жоқ, жеке фер­мер­лердің құлшыныстары мен бі­ліміне сәйкес өріс алып келеді деу­ге болады. Ал осының нәтижесінде олардың тауып отырған пайдасы бұрынғыға қарағанда анағұрлым өсе түскен.

Жалпы Германияда дәлме-дәл егіншілік жүйесінің жекелеген элементтерін енгізу арқылы ғана астық шығымдылығы 30 процентке артып, тыңайтқыштар 30 процентке үнемделіп, гербицидтер шығыны 50 процентке азая түскен.

Сондай-ақ Голландия мен Дания да тамаша табыстарды көрсетіп отыр. Мәселен жер көлемі бізден жүз есе аз Гол­­ландияның ауыл ша­руа­­шы­лығындағы жылма жыл табатын табысының бірнеше ондаған есе жоғары болуы көп жайдан сыр аңғартса керек.

Өйткені бұл ел дәлме-дәл егіншілікпен шек­теліп қалмай, оның технологияларын мал шаруашылығында да қолдануда. Мұнда дәлме-дәл егіншілік жүйесі мал азығының өзіндік құнын төмен­детуге көп әсер етуде.

Аталған егіншілік жүйесін енгізу­де АҚШ-ты әлем елдерінің арасында көшбасшы деп айтуға болады. Себебі АҚШ қуатты ғарыштық держава. Сондықтан бұл елде спутниктік навигациялау мен жерді қашықтықтан зондтау жақсы жолға қойылған. Мәселен АҚШ-тың спутниктік навигацияларды қабылдау жөніндегі GPS жүйесі әлемнің көптеген елінде жұмыс істеп тұр.

Үлкен қалаларда осы арқылы көшедегі көліктер қоз­ғалысы реттеледі. Өзіңіз мүлдем бол­маған екін­ші жерді GPS-тің көр­сетуі арқылы дәл тауып бара аласыз. Бұл жағдай жаңа технологиялардың құдіреті мен болашағын айқын білдіретін болса керек. Демек, АҚШ-тағы егіншілік саласы да осындай технологиялардың қолдауымен алдағы уақытта дамыған үстіне дами бермек.

Өйткені олар егін шы­ғымдылығын дәл болжауды, топырақ құнарлылығын зерттеу, осы арқылы тыңайтқыштар мен гербицидтерді себетін жеріне тек қажетіне орай себу жағдайын күшейте береді. Осыдан егін шы­ғым­дылығы артып қана қой­май, жұмсалатын қаржы да көп азаяды. Фермерлер мол табысқа кенеледі.

Міне, осындай жағдайға сәй­кес 2006 жылдың өзінде АҚШ фермерлерінің 80 проценті дәлме-дәл егіншілік жүйесінің жекелеген элементтерін қол­дана бастаған болатын. Бұл елде фермерлердің талғамы мен сұраныстарының артуына сәйкес технологиялардың шапшаң қарқынмен дамып келе жатқаны да айқын байқалып отыр.

Елдегі John Deere, Mid-Tech Center-Line Raven RGL, Cultiva ATC секілді белгілі фирмалар шығаратын техникалар тиісті бағдарламалармен қамсыз­дандырылған борттық ком­­пью­терлермен, бақылау-түзе­ту енгізу ақпараттары топ­тастырыл­ған құралдармен жаб­дықталған. Осының нәти­жесінде әрбір техни­каның жинаған өнімі мен жұмысы, олар­дың орналасқан орны тұты­нушыларға дейін жетіп жатады.

Франция дәлме-дәл егін­шілікті енгізу жөніндегі өзінің он жылдық жұ­мыс тәжірибесі негізінде ең әуелі әрбір егіс алқабының электрон­ды картасын әзірлеуге, бүкіл мау­­сым кезінде тұтынушыларға қыз­мет көрсетуге және олардың деректер мен мәліметтер базасына кіріп, қажетті ақпараттарды алуы­на мүмкіндік беретін PixAgry жүйесін құрды.

Содан кейін француздар неғұрлым кең ауқымды қыз­меттермен қамтылған бизнес-талдау жүйесін жасап шықты. Мұның өзі ауыл шаруашылығындағы ке­ңіс­тіктік деректердің аграр­лық ин­фрақұрылымдарын қалыптастыруға мүм­кіндік берді.

«Міне, осы сияқты КДАИ жү­йе­сін құруға Қазақстанның да мүм­кіндігі жеткілікті. Өйткені оны жүзеге асырарлық ғарыштық тех­но­логиялар бар. Оның үстіне Қазақстан мен Франция арасында ғарыш саласында жақсы ынтымақтастық қалыптасып отыр. Осы әріптестікті оңды пайдаланып, «Қазақстан ғарыш сапарлары» ұлттық компаниясы» АҚ-тың тиісті мәселемен шұғылданатын қызметкерлерін Францияға жіберіп, оқытып алуға болар еді» дейді профессор Оңғарбек Әліпбеки.

Әрине, көршілеріміз әрі әріптес елдеріміз Ресей мен Украина да дәлме-дәл егін­шілікті енгізу саласында босқа қарап отырған жоқ. Ресей – бай тәжірибелі ғарыш­тық ел. Қазір Ресейдегі ғарыш қыз­ме­тінің айналасында ауыл шаруа­шылығына қызмет көрсететін, ша­руаларды ауа райын болжау, егін шы­ғымдылығын алдын ала анықтау саласында қажетті ақ­па­рат­тармен қамтамасыз ете алатын жеке компаниялар құрылуда.

Олар­дың біраз жетістіктері де бар. Ал дәлме-дәл егіншілік жүйесі технологияларын енгізу мәселелерімен Агрофизикалық институт, Ресей ауыл шаруашылығы академиясы, Ресей мемлекеттік аграрлық университеті, К.А.Тимирязев атын­дағы Мәскеу ауыл шаруа­шылығы ака­демиясының ға­лымдары мен маман­дары шұғылдануда.

Әлемдік тәжірибеге жүр­гізілген тал­даулар дәлме-дәл егіншілік жүйе­сін енгізуге бөгет болатын бас­ты кедергілердің бірі – өсімдік ша­руа­шылығы алқаптарының же­ке меншікке бөлініп берілуі мен он­дағы ша­руашылық жүргізудің ес­кірген тәсілдері екендігін көрсеткен.

Себебі жекеменшік жер иелері өз қолындағы жердің жағдайы мен көлемі, өздерінің жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы ақпараттармен бөлісуге онша құ­лықты бола бермейді. Олар жерге тауар ретінде қарайды. Жер бағасы көтерілсе, оны сатуға да­йын тұрады.

Енді дәлме-дәл егіншілікті ен­­гізу жөнінде өз тәжірибемізге келетін болсақ, оның бастапқы ны­шандары Кеңес одағы дәуі­рінің өзінде өріс алған бола­тын. Одақтың ыдырау қар­саңында К.А.Тимирязев атын­дағы бүкілодақтық ауыл ша­руашылығы академиясының ғалымдары бас болып, «Ауыл ша­руашылығы дақылдарының өсімін бағдарламалау» атты жобаны жасады.

Оған Қазақстаннан академик Зайролла Дүйсенбеков қатысты. Егіс алқаптарының шығымдылық әлеуетін анықтау, соның ішінде дақыл­дың өсіп жетілуінде топы­рақтың, су­дың, күннің, тыңайт­қыштың, агро­номиялық тәсілдердің, адам қолының үлестері қаншалықты болатындығын жеке-жеке анық­тау – бағдарламаның басты мақсат­тарының бірі болды.

Демек, бұл жер­де агрономия, биология, кибернетика, математикалық моделдеу тәсілдерінің басын қосу қажеттігі пайда болды. Өкінішке қарай, ел басына М.С. Горбачев келіп, қаржы жетімсіздігі пайда болған соң бұл бағдарлама тоқтатылды. Бірақ Ресейде осы мәселенің бастауында болған Тимирязев академиясының ви­це-президенті, академик И.С.Чатиловтың шәкірттері, Қа­з­ақ­­стан­да Зай­ролла Дүйсенбеков пен оның басшылығымен жұмыс істе­ген ғалымдар бар.

Оның үс­тіне көп мәселені компью­тер мен бағдарламалық тәсіл­дер атқаратын заманға жетіп отырмыз. Қазақстанда ғарыш қыз­меті құрылып, жылдан- жыл­ға дамып келеді. Ака­демик З.Дүйсенбековтің басшы­лығымен елімізде мемлекеттік жер кадастры мен оның авто­маттандырылған ақпараттық жүйесі ТМД елдерінде бірінші болып құрылды. Осының не­гізінде жер телімдерінің жағдайы мен ондағы жүргізіліп жат­қан жұмыстарды спутниктік мониторинг арқылы бақылауға болады.

Осындай факторлардың ық­палы­мен еліміздің ең астық­ты өңірлерінің бірі Солтүстік Қазақстан облысында егістік­тердің электронды картасын жасау ісі қолға алынды. Қазір бұл жұмыс бел ортасынан ауды. Енді осы істің қорытындысында қай ал­қапқа қандай тыңайтқыш сіңіруге бо­латындығын және оның мөлшерін айқындап, білуге бо­лады.

Егістіктің өнімділігіне алдын ала болжам жа­сау мүм­кіндігі қалыптасады. Де­мек, жасқанатын ештеңе жоқ. Қай­та, заман мен уақыт ыңғайының біздің пайдамызға жұмыс істей бастағандығын көріп отырмыз.

Сонымен дәлме-дәл егін­шілік жүйесінің жалпы сипаттамасы мен ерекшеліктері жер аумағы ора­сан зор, ол жер көлемімен салыс­тырғанда халық саны мардымсыз Қазақстан жағдайына дөп келе­тіндей. Мәселен осынау байтақ дала­мызды бақылай алатындай, ондағы қимыл-қозғалыстарды кө­руге қабілетті бір ғана ғарыш қыз­метінің жаңа тынысы біздің кең даламыздың зор әлеуетімен бірге ашылмақ.

Тіпті мұның сыртында, елде тыңайтқыштар мен гербицидтерді сатып алудан бас­қа, оны ауылдарға жеткізудің шы­ғындары жер арасы шалғай бол­ған соң өте үлкен. Аталған инно­вациялық жүйені енгізу көп шы­ғынды үнемдеу арқылы осындай табиғи олқылықтарымыздың да орнын толтыратын болады. Дәлме-дәл егіншіліктің ауыл шаруа­шылығындағы менедж­ментті жетіл­діруге де орасан зор пайдасын ти­гі­зе­тіні анық.

Демек, «құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей дәлме-дәл егіншілік жүйесінің енгізілуі Қазақстан жағдайына өте дәл келіп тұрғандай. Іске сәт, дейміз ендеше!

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»