Медицина • 06 Тамыз, 2018

Шағын аудандағы түйткілді мәселе қашан шешіледі?

778 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Екі мың жылдық тарихы бар көне Тараз шаһарының бүгінде даму қарқыны артып келеді. Жамбыл облысының орталығы саналатын қалада құрылыс нысандары көптеп салынып, ел игілігіне берілуде. Бұдан бөлек, көшелерді абаттандыру, қала көркін арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар да жетерлік. Жалпы, Тараз қаласының аумағын кеңейту, әлеуетін арттыру бүгінде күн тәртібіндегі мәселе болып тұр. Сондықтан да шаһарда жұмыс орындарын ашу, тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелері жолға қойылған. Дей тұрғанмен қалада әлі де шешімін күткен мәселелер баршылық.  

Шағын аудандағы түйткілді мәселе қашан шешіледі?

Көпшілік тілегі – көгілдір отын

Кезінде Тараз қаласымен іргелес жатқан Жамбыл ауданына қарасты Құмшағал, Қызыл-Абад, Көлтоған, Жиделі, Казарма 34-98 және Шөлдала ауылдары 2010 жылы облыс орталығына қосылып, көне шаһардың бір-бір шағын аудандарына айналған еді. Бұдан бөлек, «Ветеран», «Вос­ход», «Жамбылстрой», «Локомотивщик» және «Грэс» сияқты барлығы 28 саяжай да Тараз қаласына біріктірілді.

Сөйтіп бұл аймақ Тараз қаласы әкімдігінің №11 аумақтық округі болып бекітілді. Сонда ауылдағы халықтың Тараз қаласына қосылып, бөркін аспанға атып қуанғаны есте. Осы уақытқа дейін бір ауданның құрамындағы ауылдар ғана болып келген аймақ шағын аудан болып өзгертілгенде, елдің мұндағы газ, ауызсу, жол және тағы да басқа мәселелері шешіледі деген үміті басым болып еді.

Бірақ арада қанша жыл өтсе де «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып отыр. Аталған аумақтық округтың орталығы «Құмшағал» шағын ауданы Тараз қаласынан не­бәрі үш шақырым қашық­тықта орналасқан. Облыс орта­лығымен жапсарлас жатса да әлі күнге дейін тұрғындар көгілдір отынсыз күнелтуде.

Бүгінде аталған 6 шағын аудан мен 28 саяжайда барлығы 20 742 халық тұрады. Енді сол жиырма мыңнан астам халықтың талап-тілегі тек көгілдір отын болып отыр. Біз сондағы тұрғындармен жүздесіп, елдің жағдайын көзбен көру мақсатында №11 округке атбасын бұрғанымызда да тұрғындар көгілдір отын мәсе­лесін айтумен болды.

«Тараз қаласына қосылғанымызға биыл сегіз жыл болды. Әйтсе де халық әлі газсыз отыр. Өткен жылы қаланың әкімі тұрғындар алдындағы есепті кездесуінде көгілдір отын мәселесі келесі жылы шешіледі деп сендіріп еді. Енді міне, жылдың жартысынан ауып барады. Газ әлі жоқ», дейді Абдулла Досанов есімді тұрғын. Сонымен қатар «Береке» және «Коммуновщик» саяжайының тұрғындары да көгілдір отын мәселесін алға тартты. «Бүгінде көмірдің тоннасын 16 100 теңгеден аламыз.

Ал бір машина ағаш 10 000 теңге тұрады. Бір үй кем дегенде бір қыста 10-12 тонна көмір жағады. Сонда қанша ақша болатынын есептей беріңіз. Ал алқабымызға газ келсе бұдан әлдеқайда арзан болатын еді», дейді Оспан Мұқанов. Көгілдір отын мәселесі бір-екі тұрғынның ғана уәжі емес, әрине. Бұл тұтас халықтың мұңы десе де болғандай.

Мұндағы шағын аудандар мен саяжайларды Тараз қаласы әкімі №11 аумақтық округінің бас инспекторы Мұрат Аққұлиевпен бірге аралап көргенімізде, газ құбырларының көшелерге тартылып қойылғанына куә болдық. Өкінішке қарай, бұл жұмыс одан әрі жалғасын таппаған. Ал мұндағы жиырма мыңнан астам халық тілегінің енді қашан орындалатыны белгісіз.

Дей тұрғанмен көпшілік әлі жақсылықтан үмітті. Ал Шөлдала ауылының тұрғыны, сексеннің сеңгіріне таянып отырған Қонарбай Кенжеқұлов қария бүкіл шөлдалалықтардың арманы да, тілегі де көгілдір отын екенін айтты.

Жарық «жыры» һәм қоғамдық көлік мұңы

Тараз қаласымен іргелес жатқан шағын аудандар мен сая­жайларда тұрғындарды толған­дырып жүрген тағы бірер мәселе алдымыздан шықты. Өркениет көшіне ілескен көне шаһардың аумақтағы тұрғындары үшін жарық «жыры» әлі таусылмай келеді екен. Бұл жерде, әрине жарық бар. Бірақ күнделікті тұтынып отырған жарық баға­сының аспандап тұрғаны көпшіліктің көңілін күпті етуде.

«Біз 1 кВт жарыққа қазір 24 теңгеден төлеп отырмыз. Ал Тараз қаласының өзінде тұрғындар 13 теңгеден төлейді. Сонда бұл қалай? Далада шашылып жатқан ақшамыз жоқ қой» дейді саяжай тұрғыны Бердіғали Сағынбаев. Сонымен қатар мұндағы жол, ауызсу мәселесі төңірегінде Ғани Оңғарбаев, Асқар Нұрғалиев, Амантай Бекниязов, Жолдасбай Малдыбаев секілді тұрғындар да өз ойларын айтты. Шынында да саяжайлардағы жолдың бүгінде тозығы жетсе, халық ауызсуды бір құ­дықтан ғана алады екен. Оның өзі ескіден келе жатқан құдық.

Аталған аумақтар қалаға жа­қын болса да, тұрғындар үшін облыс орталығына қатынаудың өзі мұң. Жеке көлігі жоқ азаматтар қашанда қоғамдық көліктің қызметіне жүгінеді. Ал күнделікті такси жалдауды екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Қала құрамындағы ауылдарға бүгінде №54 бағыттағы қоғамдық көлік қатынайды. Бірақ мұның өзі тұрғындар көңілін көншітпейтін болып шықты.

«№54 бағыттағы қоғамдық көліктің жүру жиілігі жиырма екі минут болғанымен, кейде бір сағаттан астам күтіп қаламыз. Оны күтіп тұратын аялдама да жоқ. Сонда қарапайым халық қалай күн көруі керек», дейді Түркпенғали Ерназаров. Ендігі жерде халық Тараз қаласы әкімдігінен қалаға қосылған шағын аудандар мен саяжайларға өзге де қоғамдық көліктердің қаты­науын ұйымдастырып беруді сұрап отыр.

Адастыратын атаулар көп

Бір таңқаларлығы, еліміз Тәуелсіздік алғалы бері ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, №11 аумақтық округіндегі атаулар әлі күнге дейін қазақ­шаланбаған. Кеңес одағы кезін­де аты қойылған «Ветеран», «Вос­ход», «Локомотивщик» сияқ­ты саяжай атаулары сол қалпында. Айта кетейік, 1927 жылы бұл алқап­тан Түрксіб теміржол ма­гис­тралі өткен. Сонымен қатар бұл аймақта кезінде «Жам­был – Нефтебаза» сияқты ірі зауыттар жұмыс істеген. Сол кезеңде салынған саяжайлардың атаулары қазақшаланбағаны өз алдына, саяжай көшелері де осы уақытқа дейін орысша аталып келеді.

Мұндағы 28 саяжайдың әрқайсысында 10-15 көшеден бар. Бірақ бірінен екіншісіне қай­талана беретін көше атаулары тұрғындарды адастырады. Мәселен бұл жерде Яблочное көшесі 12 рет, Виноградная 10 рет, Малиновая көшесі 7 рет қайталанады екен. «Егер сырттан қонақ келсе бұл жерден ешкімнің үйін таба алмайды. Сондай-ақ жедел жәрдем көлігі ауырған кісінің үйін таппайды. Халық болған соң ауру-сырқау болмай тұрмайды. Жедел жәрдем көлігін шақыра алмай діңкеміз құриды» дейді саяжай тұрғындары. Сондықтан да мұндағы атауларды ауыстыру да күн тәртібіндегі мәселенің бірі болып тұр.

Түйін:

Жалпы, бүгінгі таңдағы шағын аудандар мен саяжайлардағы мәселенің ең үлкені – көгілдір отын мәселесі. Әулиеата өңірінде бүгінде 377 елді мекен бар болса, оның 181-і газдандырылған. Ал облыстық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасы газдандыру және өнеркәсіптік қауіпсіздік бөлімінің басшысы Бақтыбай Қырық­баевтың айтуынша, 2018-2025 жылдары 354 елді мекен газдандырылады екен.

Ал магис­тралдық газ құбырынан 50-100 шақырым алшақ орналасқан және халық саны аз, сондай-ақ экономикалық жағынан тиімсіз болғандықтан 23 елді мекен газдандырылмайды. Алайда Тараз қалалық әкімдігі өз тарапынан жобалық-сметалық құжаттарын дайындау үстінде екен. Бірақ Тараз қаласындағы №11 округті газдандыру үшін қаражат қарас­тырылмапты. Алдағы уақыттарда аталған шағын аудандар мен сая­жайлардағы мәселе оң шешімін тапса, көпшіліктің көкейіндегі көкейкесті мәселе де шешілетін еді...

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы