Білім • 06 Тамыз, 2018

Дуалды оқытудың артықшылығы неде?

3724 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы жариялаған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында «Әрбір адам, соның ішінде, әсіресе, жастар белгілі бір кәсіптік саладан өз болашағын көргісі келетіндігін мойындау қажет. Бұл – өте қалыпты жағдай. Өйткені адам өзінің қайда бет алғандығын анық көрген кезде ғана биікке қарай күш-жігермен ұмтылады» деп атап көрсеткен еді. Елбасы осы өзекті мәселені шешуде дуалды кәсіби білім беруді дамытудың маңызды екеніне де назар аударған болатын. Сондықтан дуалды кәсіби білім берудің жоғары білім саласында мамандар дайындаудағы мән-маңызы, алатын орны, ерекшеліктері неде және оны жүзеге асыруда қандай жетістіктер мен кемшіліктер бар деген сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбіткенді жөн санадық.

Дуалды оқытудың артықшылығы неде?

Дуалды оқыту жүйесі – теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясы. Бұл алғаш Алманияда пайда болып, негізі қаланды. Әсіресе оның кәсіптік-техникалық білім бе­ру­­дегі алатын орны ерекше. Мұнда оқу­шылар уақытының үштен екі бөлі­гінде еңбек ете жүріп өндірістен қол үзбей оқиды, тек уақытының үшінші бөлігін теориялық оқуға, білімді ұйым­дас­тыруға арнайды.

Оқу орындары жұмыс беруші жеке шаруашылық мекемелерімен серік­тестік ретінде бірлесе отырып, нарық заманында бәсекелестікке төтеп бере алатын, жаңа заманауи технологияларды, инновациялық технологиялық бағдарламаларды меңгере алатын да­йын білікті мамандар даярлайды. Осы мақсатта болашақ маман иелері өздері таң­даған мамандықтарды кәсіби тұр­ғы­дан жан-жақты игеріп, қазіргі заманауи озық технологияны меңгеріп әрі қарай дамытуы керек. Сондықтан елі­міздегі өндіріске қажетті мамандар әзірлеу деңгейін көтеру міндетін әлеу­меттік серіктестік және теория мен тәжірибенің үйлесімді болуы үшін дуал­ды білім беру жүйесін енгізу қажет.

Дуалды жүйемен оқытудың төмен­дегідей артықшылықтары бар. Біріншіден, түлектердің жұмысқа ор­наласу көрсеткіші жоғары болады, себебі оқу барысында өндіріспен тығыз байланыста болған оқушы жұмыс берушінің айтқан талаптарын игеріп, меңгерген тәжірибесі бар маман болады.

Екіншіден, жақсы білімді, болашақ маман психологиялық жағы­нан жаңа ортаға бейімделген дайын маман болып шығады. Өндірісте өздігінен шешім қабылдай алады. Теория мен тәжірибені меңгеріп, бекі­тілген жұмысқа деген жауапкер­шілік сезімі жоғарылайды. Өндіріс­те болғандықтан ұжыммен жұмыс­ жүргізуге және өндірістегі жұмыстар­ды алып кетуге қабілетті.

Үшіншіден, «тәжірибеден теорияға» принципімен жұмыс жүреді, студент теориялық, яғни мәтінмен айтудан гөрі, өндірістегі жағдаят­тарға сәйкес жұмыс жүргізеді. Теорияда қиындау келетін терминдер мен есептерді тәжірибе жүзінде шешеді. Төртіншіден, студент тек теорияны ғана меңгермей, өндірістегі соңғы жаңалықтарды біліп, заманауи талаптарды меңгереді.

Жоғарыда аталған мәселелердің барлығы дуалды оқыту технологиясы енгізіліп, жүзеге асқан кезде қол жеткізетін нәтижелер. Қазіргі кезде еліміздегі еңбек нарығында білікті мамандар тапшылығы байқалып отыр. Соның ішінде мал шаруашылығы саласында білікті мамандар тапшы. Сондықтан қалыптасқан жағ­дайда білім беруді тек теориялық тұрғыдан ұйымдастыру жеткіліксіз, яғни жас маманның өндірістік ма­шық­танудан толық кәсіптік деңгейге шығуына жағдай жасау өзекті мәсе­ле.

Осы мақсатты орындауда біздің мал шаруашылығы өнімдерін өн­ді­ру және өңдеу технологиясы­ ка­фе­драсы қазіргі таңда «Мал шаруа­шылығы өнімін өндіру технологиясы» мамандығы бо­йынша «Сapital Projects LTD» ЖШС және «Астана-Өнім» ЖШС-нің «Алтын Тұлпар» серіктестігімен оқы­ту­дың дуалды жүйесін енгізу мақ­сатында келісімшартқа отырдық. Екі шаруашылық та Астана іргесін­дегі Целиноград ауданында орна­лас­қан. Басқа мекемелер бойынша да келісімшарттар жасалды.

Атал­ған өндіріс орындарының маман­дары «Құс шаруашылығы» және «Жылқы шаруашылығы» пәнде­рінің оқу бағдарламаларында беріл­ген прак­тикалық сабақтардың тақырып­та­рымен танысып, өндіріске бейім әр пән­нен 15 тақырып таңдалды. Мә­се­лен, жылқының дене бітімі бо­йынша бағалау, тірілей салмақтарын өлшеу, дене өлшемдерін алу, тәулік­тік өсімдерін анықтау, бағып-күту, азықтандыру технологиясын игеру, көбею қабілеттілігін бағалау, тұ­қым­дылық және өнімділік қасиетін анық­тау, аталық айғырларды жеке өнімділік және ұрпағының сапасы бойын­ша бағалау, тауық жұмыртқасының сапасы, инкубациялық кезеңдері, құсты азықтандыру және сою технологиясын игеру сияқты өзекті мәселелер таңдалды.

Дуалды оқыту жүйесіне көшу үшін мал шаруашылығы өнімдерін өн­діру және өңдеу технологиясы кафедрасы келесідей үш кезеңдер бойын­ша жұмыстарды ұйымдастырды:

Дайындық кезеңінде білім беру меке­мелері мен кәсіпорындарының әрекет ету бағдарламалары мен жос­пар­ларын біріктіру жағдайларында дуал­ды білім беру жүйесін әзірлеу және енгізу: нормативтік-құқықтық базаны дайындау (екіжақты келісім-шарт, оқу аудиторияларын таңдау); оқу құжаттамасын (оқу жоспарла­ры, бағдарламалары) әзірлеу және бейімдеу; штаттық нормативтер,­ тари­фикациялау механизмі, оқу кес­тесін әзірлеу; ғылыми-әдістемелік, кадр­лық, техникалық, жобаны ақпараттық қамтамасыз ету механизмдерін анық­тау және әзірлеу.

Енгізу кезеңінде дуалды білім беру­ді жүзеге асыратын мекемелерді ресурс­тық қамтамасыз ету, экспери­менталдық модульдерді жүзеге асыру қажет. Айталық, кәсіби-бағдарлық қыз­мет, оқу-теориялық қызмет; кәсіби- тәжірибелік қызмет. Қорытынды кезеңде дуалды оқыту жүйесін енгізу бойынша жұмыстар нәтижелерін талдау және жалпылау қаралады.

Оқу үрдісіне дуалды білім бе­ру­ жүйе­сін сәтті енгізу келесі мәсе­ле­лерді шешуге мүмкіндік берді. Бұл студенттердің қызығушы­лы­ғы­ мен сұранысына қарай бағдар­ла­малар, элективті (икемді) курс­тар бағ­дарламаларын әзірлеуге, маман­дықты тереңірек ойланып жетік тү­сі­нуге, өндіріске бейімдейтін білікті­ліктің дамуына, дуалды жүйе бо­йынша оқытылатын тұлғаның қажетті біліктілік пен еңбек дағдыларына, кәсіби білімге ие болып еңбек на­рығында сұраныс деңгейінің жоғары­лауына, бітірушілерді одан әрі жұ­мыс­қа орналастыру мүмкіндігінің мола­йып, жұмыссыздықтың қысқа­руына, бітірушілердің әлеуметтік бейім­де­луіне, білім беру мекемелерінің жоба­ларды жүзеге асыру кезеңдерінде қо­су арқылы кәсіпорындармен өзара әрекет­тесу аясын кеңейтуге, білім беру­ мекемелерінің бәсекелестікке қабілет­тілігін жоғарылатуға көмектеседі.

Сонымен бірге дуалды оқыту барысында кездескен қиыншылықтар мен ұсыныстар да бар. Мәселен, әр топта студент санының көптігі (1 топта 25 студент), шаруашылықта әр студентке жеке-жеке өз бетімен зерттеу жұмыстарын жүргізудің толық мүмкіндігінің болмауы, мал өлшейтін таразы біреу, раскол біреу, микроскоптар 5 және басқа жабдықтардың жеткіліксіздігі.

Осыған орай жаңа 2018-2019 оқу жылында дуалды оқыту жүйесін сапалы жоғары деңгейде өткізу үшін сабақ кестесінде аптасына 2 күн өндіріске 5 сағаттан екі топты қоюды, дуалды­ оқыту пәндерінен топтарды екі шағын топқа бөліп оқытуды ұсынамыз.

Қорыта келгенде, дуалды жүйе бойын­ша оқыту мал шаруашылығы сала­сы студенттерінің бойындағы кәсі­би біліктілік, дағды мен іскер­ліктерді тікелей жұмыс орнында мең­геріп, жан-жақты кәсіби дамуына мүм­кіндік беріп, түрлі жүйелердің – білім, ғылым, өндірістің өзара байланысын, қарым-қатынасын, әсері мен кірігуін қамтамасыз ету арқылы жоғары білім беру жүйесінің сапасын арттыратындығына сенімдіміз.

Нұрлыбай ҚАЖҒАЛИЕВ,

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу кафедрасының меңгерушісі, доцент