Америкалық кәсіпкерлер алдында сөз сөйлеген еліміздің Сыртқы істер министрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы қаңтардағы Америка Құрама Штаттарына жасаған ресми сапарының барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
«Вашингтон қаласындағы жоғары деңгейдегі келіссөздер екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты айтарлықтай жандандыруға мүмкіндік берді. Елбасы сапарының қорытындылары бойынша қол қойылған іскерлік келісімшарттардың көлемі 7 миллиард долларды құрады және қазақстандық экономиканың барлық салаларын қамтыды», - деп атап өтті дипломат.
Кездесу барысында Қ.Әбдірахманов Қазақстанның алдағы экономикалық саясатына тоқталды. Оның айтуынша, бұл саясат Қазақстанға шетелдік инвестицияларды тартуға және халықаралық бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Министр экономикалық басымдықтар туралы айта келе, екіжақты ынтымақтастықты дамытуда агроөнеркәсіптік кешен, әртүрлі тауарларды бірлесіп өндіру, денсаулық сақтау, ақпараттық технологиялар және қаржы қызметтерін ұсыну саласындағы «дамымаған» әлеуетті атап өтті. Кәсіпкерлер «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі туралы толық ақпаратпен таныстырылды.
Министр Мемлекет басшысының ұлттық экономиканы диверсификациялау саясатын ескере отырып, Қазақстан ірі технологиялық жобаларды іске асыру үшін америкалық тәжірибе мен капиталдың ауқымды тартылуына мүдделі екеніне назар аударды. Осы және басқа да көптеген жобалар қазақстандық жоғары лауазымды тұлғалардың Америка Құрама Штаттарына және америкалық сауда миссияларының Қазақстанға алдағы сапарлары кезінде талқыланады.
Америкалық кәсіпкерлер Қазақстанмен ынтымақтастыққа үлкен қызығушылық танытты және сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда табысты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендігін білдірді.
Кездесу барысында бірлескен экономикалық іс-шаралар өткізу мәселесі де талқыланды. Осы тұрғыда АҚШ Сауда министрлігінің өкілі Даника Старкс екі ел арасындағы ғарыш саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Д.Старкс аталған мәселе бойынша тараптардың мамандарына консультациялар жүргізуге шақырылды. Америкалық тарап 24-26 қазан күндері Қазақстанға АҚШ экономикасының түрлі салаларын таныстыратын 15-20 компаниядан құралған сертификатталған сауда миссиясын жіберуді жоспарлауда. «Осындай миссиялар байланыстарымызды кеңейтетініне сенімдімін», –деп атап өтті Д.Старкс.
Талқылауға қатысқан АҚШ Сауда өкілі кеңсесінің өкілі Зеба Рейязуддин Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдарымен халықаралық сауда саясаты мәселелері бойынша, соның ішінде Дүниежүзілік сауда ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, америкалық «Жалпы Басымдықтар Жүйесі», Сауда және инвестициялар туралы негіздемелік келісім (ТИФА) аясындағы тығыз ынтымақтастық туралы хабарлады. Осылайша, АҚШ Сауда өкілі делегациясының Қазақстанға сапары ағымдағы жылдың тамыз айына жоспарланып отыр.
Өз кезегінде «Chevron» компаниясының өкілі Эми Конрой жоғары деңгейдегі сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес корпорация Қазақстан аумағындағы жобаларды жүзеге асыруға 250 млрд доллар инвестициялауды жоспарлағанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта «Chevron» компаниясы қазақстандық тараппен сәйкес жобаларды іріктеу жұмыстарын жүргізуде.
Іс-шарада «John Deere» корпорациясының мүддесіне өкілдік еткен Сарой Дин ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларына тоқталды. АҚШ-тың ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын ең ірі өндірушісі «айтарлықтай ауыл шаруашылығы мүмкіндігіне, сондай-ақ ірі көлік және транзиттік әлеуетіне ие мемлекет» ретінде Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға ниет білдірді. Осыған байланысты С.Дин Қазақстан Президентінің АҚШ-қа сапары барысында қол қойылған «Қорғас» арнайы экономикалық аймағында өнімдерді шоғырландыру орталығын құру туралы «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «DHL Global Forwarding» және «John Deere» АҚ арасындағы келісімді іске асыру барысы туралы хабардар етті. Сонымен қатар С.Дин Ауыл шаруашылығы министрлігі делегациясының өткен жылы «John Deere» кәсіпорнына сапары туралы және осы жылы компанияға Қазақстан делегациясын шақыру ниеті туралы мәлімдеді.
«Сиерра-Невада» корпорациясының халықаралық бизнесті дамыту жөніндегі директоры Ертем Мутлу Қазақстандағы кіші авиацияның даму перспективалары туралы және компания Қазақстанда ұшу және жерге қону үшін ерекше жағдайларды талап етпейтін ұшақтар құрастыру бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыруды ұсынатынын хабарлап, бұл әуе кемесінің аймақтағы шалғай жерлерге қолайлы екендігін атап өтті. 50-ге жуық жолаушыға арналған мұндай ұшақтар әлем бойынша кеңінен қолданылады, оның ішінде АҚШ арнайы мақсатты күштерімен Ауғанстанда қолданылған.
Сонымен қатар іс-шараға қазақстандық нарыққа шығу мүмкіндігін қарастыратын америкалық компаниялар (AGCO GSI, Navistar, AMS, SkyPower және т.б.), сондай-ақ шетелдік және жеке инвестициялар жөніндегі мемлекеттік корпорациясының (OPIC) өкілдері қатысты. Олардың барлығы ағымдағы жылдың 4 қазанында Нью-Йоркте өтетін Қазақстан бойынша Инвестициялық конференцияға қатысуға шақырылды.
Қамбар АХМЕТ,
«Егемен Қазақстан»