Аймақтар • 08 Тамыз, 2018

Түркістан облысында суармалы жер көлемі ұлғаяды

1021 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Түркістан облысының 9 миллион гектар жайылым алқабы бар, оның 2 миллион гектары ірі фермерлердің меншігінде болса, тағы 2 миллион гектары игерусіз бос жатыр. Жалпы, еліміздегі барлық ауыл шаруашылығы жерлерінің бар-жоғы 7 проценті суармалы егіс алқаптары. Сол аз ғана жер еліміздің барлық ауыл шаруашылығы өнімінің 40 процентін беріп отыр. Бұл көрсеткіш суармалы егістіктің қаншалықты тиімді екенін байқатады. Әсіресе Түркістан облысы үшін бұл мәселе маңызды. Сондықтан облыстағы пайдаланылмай жатқан алқаптарды тездетіп қайта айналымға қосу қажет.

Түркістан облысында суармалы жер көлемі ұлғаяды

Бұл деректер Премьер-Ми­нистрдің орынбасары – Ауыл шаруа­шылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен Түркістанда өткен өңірдегі агроөнер­кәсіптік кешенін дамыту бағ­дарламасы мен инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын талқылауға арналған семинар-кеңесте келтірілді. Аталған жиын­ға Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің өкілдері, аудан, қала әкімдері, ауыл әкімдері және ірі тауар өндірушілер мен кооператив төрағалары қатыс­ты. Айта кетелік, Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Түркістан облы­сына жұмыс сапары барысын­да алдымен Ордабасы ауданын­дағы «KazKioti» трактор зауыты жұмысымен танысқан бола­тын. Оңтүстік Корея инженер­лері­нің үлгісі бойынша трактор құрастыратын зауыттың өні­міне сұраныс жоғары. Қазір осы кәсіпорыннан трактор алатын шаруаларға «ҚазАгроҚаржы» қаржылық компаниясы арқылы несие беру шаралары қолға алынуда. Зауыт жылына 6 мың трактор құрастыру мүмкіндігіне ие. Өмірзақ Шөкеев кәсіпорынның жұмысына оң баға беріп, қажет болған жағдайда мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ вице-премьер Арыс қаласындағы Ақдала ауылдық округіне келіп, «Жаңа Ақдала» ЖШС-нің егістік алқабын аралап көрді. Жоғары сапалы томат және алма пастасын өндіретін 2700 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорын 2009 жылы құрылған. Серіктестікте 48 адам тұрақты жұмыс істе­се, маусымдық кезеңдерде жұмыс­шы­лар саны 200-ге жетеді. Шаруа­лармен жүздескен министр мем­лекет тарапынан бұл салаға қол­дау жоғары екенін айта келе, оң бастамаға сәттілік тіледі. Жұ­мыс сапары барысында Ө.Шө­кеев «Gol­den camel group LTD» ком­па­ния­сының қымыз бен шұбатты өң­­деп, құрғақ сүт шығаратын за­уы­­тының жұмысымен де таныс­ты.

Агроөнеркәсіп кешенін да­мытудың 2017-2021 жылдарға ар­­налған бағдарламасына енгізіл­ген толықтыруларды талқылауға арналған жиында агросекторды жедел дамыту жолдары бойынша ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. 

«Бүгінде отандық ет өнім­деріне Өзбекстан мен Иран ғана емес, Қытай да қызығушылық танытып отыр. Әсіресе Қытай нарығының ашылуы – қазақстандық ауыл ша­руашылығы тауар өндірушілеріне беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Мұны фермерлер тиімді пайдалануы тиіс. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағ­дай­ындағы дамудың жаңа мүм­кіндіктері» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы ұлттық экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін айтқан болатын. Елбасы тапсырмаларын орындау үшін біз агроөнеркәсіп кешенінің 2017-2021 жылдардағы даму бағдарламасын қабылдадық. Алдағы бес жылда саладағы еңбек өнімділігі мен экспорт көлемін 2,5 есеге арттыру­ды көздеп отырмыз», деді жиында Ауыл шаруашылығы министрі. Сондай-ақ министр агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасының орындалуы тікелей аудан және ауыл әкімдерінің міндеті екенін, әрбір аудандағы қолданылмай жатқан егістік жерлерді қолданысқа енгізіп, суармалы жерлердің көлемін арттыру, қарқынды бау ша­­руа­­шылығын дамыту және ауылшаруашылық саласына ин­вес­тиция тартуды басты назар­ға алу қажеттігін атап өтті. Ал агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы ұсы­натын мүмкіндіктер туралы баяндаған бірінші вице-министр А.Евниев мал шаруашылығымен, оның ішінде қой және жылқы өсірумен айналысатын 80 мыңнан астам отбасылық фермаларды құру, жайылым алаңдарын 58 миллион гектардан 100 миллион гектарға дейін, ал ірі қара малдың санын 15 миллион басқа дейін, қой санын 30 миллион басқа дейін жеткізу көзделгенін атап өтті. Вице-министрдің мәлімдеуінше, фермер аграрлық несие корпорациясы арқылы қаржылай қолдау қорымен 15 жылға 4%-пен қаражат ала алады. 

Жиында сөз алған Түр­кіс­тан облысының әкімі Жан­сейіт Түй­ме­баев биылғы жарты­жыл­дық­та саладағы жалпы өнім көле­мі 146,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда 25,4 млрд теңгеге артқанын атап өтті. Облыс әкі­мінің айтуынша, ауыл шаруа­шылығы экспортының көлемі 68,6 млн АҚШ долларын құрап, өт­кен жылғы тиісті кезеңдегіден 18,2 процентке артқан. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда облыс бойынша 60 мыңнан аса үй шаруашылықтары мен шағын фермер мүшелерінен құралған 704 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркеліп, жұмыстарын жүр­гізуде. Бағдарламаны жүзеге асы­ру мақсатында ауыл шаруа­шылығын дамытудың 4 бағыты ай­қындалып, 2018-2025 жылдарға арналған арнайы концепция әзірленген. Атап айтқанда, аудан, қалалардың климаттық ерекшеліктеріне байланысты мамандандыру, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолжетімді несие қаржылармен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы коопе­ра­тив­тері жүйесі мен машина-трак­торлық стансалар жүйесін жетіл­діру және суармалы жерлер­дің көлемін ұлғайту, су өткізгіш­тік қабілетін жақсарту іс-шара­ларын атқару. Өңір басшысының мәлімдеуінше, осы төрт бағыт­тағы жұмыстарды жүйелі түрде жү­зеге асырғанда 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі ең­бек өнімділігі кем дегенде 2,5 есеге артып, 2025 жылдары об­лыс­тағы барлық суармалы жердің көлемі 636,24 мың гектарды құрай­тын болады. Бұдан бөлек егін шаруашылығында жаңадан 1570 гектарға қарқынды бау, 1000 гектарға жаңғақ егіліп, қуат­тылығы сағатына 1 тонна шы­рын шығаратын зауыт салынады. Жалпы сомасы 5,02 млрд теңгеге түрлі ауылшаруашылық техникалары алынса, жаңа тұқым өңдейтін цех орнатылады. Ал мал шаруашылығы саласында қосымша 43,5 мың тонна сүт, 65,8 мың тонна (тірі салмақта) ет, 67 млн дана тағамдық жұ­мыртқа өндірілу көзделсе, экс­портқа 3 жылда 5,5 мың тонна ет шығарылатын болады. Өңір­лік салалық бағдарламалар шең­берінде өңірде 10 жылда бор­дақылау алаңдарының айналасында жалпы сүтті ірі қара мал басы 150 мыңнан асатын 3000 отбасылық ферма құрылатын болады. Қой басы 300 мың басқа дейін ұлғаймақ. 

Жиын барысында сөз алған фермерлер де жаңа мемлекеттік бағдарлама жөніндегі ойларын ортаға салды. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»