Әдебиет • 08 Тамыз, 2018

Сар дала сағынар әлі Сабыржанын

403 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Арқа төсіндегі Арқалық қаласының өнер мен әдебиет, мәдениет десе ішкен асын жерге қояр жұрты жуырда жақсы жаңалық естіп елең ете қалған. Оған себеп қаладағы Абай көшесіндегі №82 үйге ескерткіш тақта орнатылуы еді. 

Сар дала сағынар әлі Сабыржанын

Белгілі жазушы, журналист, Қазақстанның мәдениет қайраткері, кезінде «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары қызметін атқарған, марқұм Сабыржан Шүкірұлы туған жерінде жемісті еңбек еткен уақыттарында осы үйдің тұрғыны болған. Енді міне, араға жылдар салып, үй қабырғасына ескерткіш тақта қойылып, қала халқы марқұмға өздерінің құрметін көрсеткен.

Бірнеше кітаптардың авторы, тарих, әдет-ғұрып, тіл тақырыбына қалам тербеген Сабыржан Шүкір­ұлы­ның азаматтық келбеті, шығар­ма­шылық жетістігі хақында Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Т.Әубәкіров баяндады. Алматыдан арнайы келген сыйлас досы К.Сауытов, шаруа қожалық иесі К.Карбозов, інісі Қ.Шынтеміров естелік айтты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Нағашыбай Мұқатов қаламдас әріптесі хақында өлеңнен өрнек өріп, мынадай жолдармен түйіндеді.

Айналып алуан түрлі сағымға күн,

Ала бұлт аспанымда қалықтадың,

Нар ғана Нағашыбайды налытпай ма,

Сар дала сағынар әлі Сабыржанын.

Мәдени шарада лентаны қию құрметі елдің еңселі азаматтары К.Карбозов пен Ж.Өмірбековке жүктеліп, соңынан «Достық» мейрамханасында марқұмның рухына арналып ас беріліп, құран бағышталды.

Осылайша жазушы қалам­гердің екінші рухани ғұмыры басталды деуге әбден болады. Алдағы жылы туғанына сексен жыл толғалы отырған қарымды қаламгер Сабыржан Шүкірұлын ақын айтқандай сар дала әлі сағынарына еш күмән жоқ.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар