Қазақстан • 09 Тамыз, 2018

ЭКСПО-2017 мұрасы: 99 жоба жұмысқа енгізу сатысында тұр

482 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Былтыр елордада өткен ЭКСПО көрмесінде ұсынылған жобалардың игілігін көре аламыз ба? Заманауи озық идеялар отандық өндірістен өз орнын қаншалықты тапты? Осы мәселелер жуырда Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралған болатын. Экспо-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде көрсетілген жобаларды енгізу және пайдалану туралы еліміздің Энергетика министрі Қ.Бозымбаев пен Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев баяндады.

ЭКСПО-2017 мұрасы: 99 жоба жұмысқа енгізу сатысында тұр

Қазіргі таңда енгізу үшін 115 технология іріктелді (әкімдіктер – 102 технология, компаниялар – 13 технология). Осы ретте 16 технология бүгінде пайдаланылып жатыр, 2018 жылдың соңына дейін 20 технология енгізіледі. Қ. Бозымбаевтың айтуынша, бүгінде әкімдіктер мен компаниялар аталған технологияларды енгізу бойынша жол карталарын әзірлеп, бекітті.

Қазіргі уақытта мұнай мен газ саласында Ресей, АҚШ, Қытай мен Финляндияның 9 технологиясы анықталды, оның ішінде 7 технологияны әкімдіктер, 2 технологияны компаниялар таңдады. «Электр энергетикасы» бағыты бойынша 72 технология анықталды, оның ішінде 63-ін әкімдіктер таңдап отыр.

Сондай-ақ «Қазатом­өнер­кәсіп», «Ембімұнайгаз», «Қаз­ТрансОйл», «KEGOC» компания­лары бұған дейін таңдаған 9 технология бойынша жұмыстарын жалғастыруда. «Көмір» бағыты бойынша 3 технология таңдалды. Бұл технологиялар 2019-2020 жылдары енгізіледі. «Экология» бағыты бойынша әкімдіктер мен компаниялар тұрмыстық және өнеркәсіптік тауарлары тазарту, ауа сапасын бақылау және қал­дық­тарды басқару саласында 31 тех­нологияны таңдады», деді Қ.Бо­зымбаев.

Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, әкімдіктер мен компаниялар осы технологияларды бекітілген жол карталарына сәйкес енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бірінші кезеңде әкімдіктер дәстүрлі отынды пайдалануды азайтуға, қалалық ортаны жақ­сартуға және атмосфераға зиян­ды шығарындыларды азайту ар­қылы қоршаған ортаны жақсар­туға мүмкіндік беретін 16 технологияны енгізді.

Айталық, Ақтөбе облысының әкімдігі 6 технологияны таңдады. Германияның «AN Bonus» жел электр стансалары «Зару» ШҚ және «Жел энерго» ЖШС-да енгізілсе, АҚШ-тың «General Electric International Inc» GE санатындағы редукторлары «General Electric International Inc» мұнай-газ саласына арналған детандерлері, Қытайдың тұзасты кешенінің ұңғымаларында жер­асты қыртыстарын гид­рав­ликалық жару және бір мезет­те құматқыш перфорация техно­логиясы мұнай мен газ өнімін автоматты топтық өлшеу құрыл­ғылары да өңір экономикасын өрістетуге қолданылады.

Бұдан өзге, Қарағанды жә­не Солтүстік Қазақстан облыс­тарының әкімдіктері «Смарт орын­дық» технологиясына «құда түскен» еді. Алты смарт орын­дық Қарағанды қаласында, төрт орындық Петропавл қаласында орнатылды. Қостанай облысының әкімдігі «Vissmann қазандық қондырғысы» неміс технологиясын енгізу арқылы жылумен жабдықтаудың сапасын жақсартып, жылу энергиясының өнімділігін арттыруда. Сонымен қатар қытайлық «күн батареялары» технологиясы негізінде Лисаков қаласында ұзындығы 1,7 шақырым болатын автономды жарықтандыру желісі орнатылды. Бұл электр энергиясы төлемінің үнемділігі жылына 1 млн теңгені құрайды. Об­лыс­тағы Наурызым және Денисов аудандарында қуаттылығы 4 кВт болатын қытайлық «гибридті жел-күн электр стансасы» технологиясы саябақтарды жарықтандырады.

Павлодар және Солтүстік Қазақ­стан облыстарының әкім­дік­тері «ұзақ жанатын қазан­дық­тар» атты неміс технология­сын таңдаған болатын. Қазіргі уа­қытта бұл қазандықтар Пав­лодар облысының Железин ауда­нындағы 23 білім беру меке­месінде орнатылса, Солтүстік Қа­зақстан облысының нысандарында 73 қазандық орнатылды. Аталған технология отын шы­ғынын 1,5-2 есеге дейін азай­туға мүмкіндік береді. Бұл бұ­рынғы қазандықтарға қара­ғанда экологиялық тұрғыдан 8 есе тиімді. Сонымен қатар 2018 жылы Солтүстік Қазақ­стан облысының әкімдігі «Био­мас­садағы қазандықтарды орнату» поляк технологиясын енгізді. Оның артықшылығы – күлдің және атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың болмауы, сондай-ақ көмірлі қазандықтарға қарағанда 2 есе үнемді. Қазіргі таңда облыс әкімдігімен бюджеттік саладағы нысандарда және кәсіпкерлік нысандарында 73 қазандық орнатылған.

Қ. Бозымбаев сондай-ақ отандық технологиялардың енгізілуі туралы баяндады. Мәселен, ғалым А. Әлімғазиннің «SN-62 маркалы жылу сорғысы» жобасы Қостанай облысының Әулиекөл ауданында күн энергиясы есебінен суды тікелей жылыту үшін енгізілді. Ғалым А. Болотовтың «жел роторлы турбинасы» жобасын да осы облыс қажетке жаратпақ. Ғалым А. Жылқышинованың ЭКСПО көрмесінде көрсетілген «қуаты 500 кВт бөгетсіз тиімді шағын СЭС» жобасы Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласындағы Кедровка өзенінде іске асыры-
латын жобалардың тізіміне кірді. Ал ғалым Д.Байсейітовтің «Гелиоколлекторлар пайдаланылатын гелиоқазандықтар» жобасын «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ биыл өндіріске енгізуді жос­парлап отыр.

Өз кезегінде, Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев көрмеде ұсынылған жаңа технологияларды пайдалану аясында белгіленген мерзімге сәйкес белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Қазіргі кезде шетелдік уни­вер­ситеттермен, компаниялармен, ұйымдармен, ЖОО-лармен, ведомстволық бағынышты ҒЗИ-мен жасалған келісімдердің, келісімшарттар мен меморан­дум­дардың нәтижесінде 14 бағ­дарлама мен жоба іске асырылып жатыр, оның ішінде 12-сі ЖОО-ларда», деді Е. Сағадиев.

Бұдан өзге, ЭКСПО-2017 материалдарын білім беру процесіне енгізу мен пайдалану аясында Петропавл қаласында балаларға арналған АT орталығы бар Оқушылар сарайының құрылысы, сондай-ақ республика өңірлерінде Оқушылар сарайларының базасында 6 мыңнан астам оқушыны қамтитын, балаларға арналған 7 технопарк пен 1500-ден астам бала оқитын 12 бизнес-инкубатор құру жоспарланған.

Сондай-ақ отырыс барысында өңірлерде жобаларды енгізу туралы Алматы облысының әкімі А.Баталов, Шығыс Қазақ­стан облысының әкімі Д.Ахме­тов, Қостанай облысының әкі­мі А.Мұхамбетов, Астана қала­сының әкімі Ә. Исекешев, Алма­ты қаласының әкімі Б.Байбек баян­дады.

Ел Премьер-Министрі Бақыт­жан Сағынтаев Мемлекет бас­шысының тапсырмасы бойынша сарапшылар тобы ЭКСПО-2017-де көрсетілген 1133 тех­нологияның ішінен 115 жобаны іріктеп, бүгінде жұмысқа кірісіп кеткенін жеткізді. Оның ішінде 16 жоба енгізілді, жыл соңына дейін тағы 20 жобаны енгізу жоспарланған және тағы 99 жоба іске асыру сатысында тұр.

«Нәтижелер жаман емес. Дегенмен осымен тоқтап қалмау керек. Себебі баяндамаларға сәй­кес, барлық облыста жұмыс бір­дей деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. Кейбірі алда болса, кейбір өңірлерде бұл бағытта ешқандай жұмыс атқарылып жатқан жоқ», деді Премьер-Министр.

Осыған орай облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қала­ларының әкімдіктеріне, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтер мен компанияларға озық технологияларды енгізу жұмыстарын барынша жандандыру тапсырылды. Биыл енгізу көзделген жобалар міндетті түрде жүзеге асырылуы тиіс. Бақылау жұмыстары Премьер-Министрдің бірінші орын­басары Асқар Маминге жүк­телді.
 

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»