Әдебиет • 09 Тамыз, 2018

Өмірзақ Қажым­ғалиевтың «Жаңғырық» трилогиясы жарық көрді

982 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ағатай» баспасынан Өмірзақ Қажым­ғалиевтың үш романнан тұратын «Жаңғырық» трилогиясы жарық көрді. Әр кітабына өз кезеңінің келбетін сөз өрнегімен кестелей білген қаламгердің байтақ еліміздің сонау түкпірінде жатып, қоғамдық сананың қозғалысына белсенді араласуы – оның сергек болмысын аңғартса керек.

Өмірзақ Қажым­ғалиевтың «Жаңғырық» трилогиясы жарық көрді

«Әр өлкенің ойы орамды, сөзі салиқалы, көкірегі күмбір, пейілі сүмбіл қазына қарттары болады. Менің ұғымым­да Құрманғазы ауданындағы Өмірзақ Қажымғалиев – осындай тұлға. Көргені мол, түйгені одан да терең ағаның сергек санасы, не нәрсеге де жедел үн қосқыштығы күні бүгін де оның байыпты да, сарабдал келбетін одан әрі өркештендіре түседі» деп жазады қаламдасы Исатай Балмағамбетов. Ұзақ жылдар бойы мал дәрігері қызметін атқарып, аудандық атқару комитетінің төрағасы, агро-өнеркәсіптік кешеннің директоры, асыл тұқымды Еділбай қойын өсіретін «Мақаш» өндірістік кооперативінің басшысы қызметін атқара жүріп, қолынан қалам түспеген Өмірзақ Қажымғалиев «Биіктерге беталыс», «Жолдар, жылдар», «Нарынның нар ұлдары», «Мүслимат», «Дариға – дәурен», «Жанкешу», «Мақашпен қауышу», «Қиял…Үміт…», «Қыран қияда», «Самғау», «Жаңғырық» кітаптарын жазды. Өз кәсібімен қоса, қоғамдық жұмыстардан да сырт қалмай, үнемі руханият шаруасына бел шеше кірісіп кететін қаламгердің жазушылық жолын жанкештілік деп атаса да болады.

Соғыс кезіндегі қазақтың әр ауылында кездескен зұлмат кеселін өз тілінде суреттеп жазып, Ана бейнесін жарқырата көрсеткен «Жанкешу» романы бір ауылдың, я әулеттің басынан кешкен зобалаңы емес, ұлт тағдырына жазылған қасіретті парақтар еді. Ел ішіндегі әртүрлі пиғылды адамдардың бейнесін жасап, соның арасында Ана келбетін келісті кестелеген қаламгер заман тынысын жеткізе алыпты. «Әдебиетіміздегі Аналар бейнесі тағы бір күрескер, қайраткер, мейірбан, ақылман Анамен толықты деп айтуға болады» депті осы романға жазған алғы сөзінде жазушы Берік Шаханов.

«Дариға-дәурен» роман-эссесінде Шалқар мен Самалдың арасындағы ғашық­тық сезімді суреттеген, адал махаббат, іңкәр жүректің боямасыз, қазақы қалыбын жасаған. Асыл махаббатың айшықты ескерткішіндей шығарманың алғы сөзін шебер жазушы марқұм Рақымжан Отарбаев жазыпты.

Трилогияның түйіні – «Кемел» романы арқылы қаламгер өмір жолын барынша байыптап, сараптап, ең көрнекті тұстарын ақ қағазға түсіріпті. Өмірде көрген-баққанның бәрі алтын емес. Бірақ бір қарағанда ұзақ, бір ойланғанда қысқа көрінер ғұмырдың мағыналы, мәйекті шағы да аз болмайды. Соны зерделеп, асыл сөзбен кестелеу де – жазушылық болса керек. Ертеңгі ұрпаққа өнеге орнына жазылған «Кемел» романын ақын Ғалым Жайлыбай: «қазақтың кемеліне келген, елім деген азаматтары туралы өнеге беретін үлкен туынды» деп бағалапты.

Ендеше оқырман қауымға, қаламгерге құтты болсын дейміз.

 

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»