Технология • 10 Тамыз, 2018

Қазақстанда мемлекеттік хабар таратудың жаңа стандарты жүзеге асырылуда

618 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде Цифрлы эфирлік телерадио хабарларын тарату бағдарламасы жүзеге асырыла бастады.

Қазақстанда мемлекеттік хабар таратудың жаңа стандарты жүзеге асырылуда

Қазіргі күні «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде Цифрлы эфирлік телерадио хабарларын тарату бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаны белгілі. 2018 жылдан бастап, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бұйрығы бойынша цифрлы хабар таратуды кезең-кезеңмен жүзеге асыру арқылы аналогты хабар таратудан түбегейлі бас тарту жоспарланып отыр. Мәселен 2018 жылдың қазан айын­да Маңғыстау облысы, желтоқсан айында Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыс­тары цифрлы хабар таратуға көшеді. Бұл жұмыс одан әрі қалған өңірлерде де кезегімен іске асады. Осының нәтижесінде ел тұрғындарының 99,8%-і көп бағдарламалы телехабар таратудың жоғары сапалы цифрлы желісіне тегін қол жеткізетін болады.

Айта кету керек, сандық телевизияға ауысу – халықаралық «Женева-2006» халықаралық келісімі аясында жүзеге асқалы отыр. Мұндағы бір мақсат – қала мен ауыл тұрғындарының арасындағы ақпараттық теңсіздікті азайту арқылы телеарналар санын көбейту, осылайша ақпаратқа қолжетімділікті арт­тыру. Тағы бір маңызды мәселе – тұр­ғындарға және телеарналарға қызмет көрсетудің халықаралық талапқа сай болуын қамтамасыз ету. Телеконтент нарығында өз телеарналарымыздың хабар тарату үлесін көбейту де жос­пардағы іс. Түптеп келгенде, негізгі мақ­сат – ел аумағында отандық теле­арна­ларды көру аясын кеңейтудің не­гізінде мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Хабар таратудың қазіргі түрі – ана­лог­тық желі бойынша ел тұрғын­дарының жартысы орта есеппен 5 телеарнаны ғана көрген болса, цифрлы хабар таратуды іске асыру барысында оның саны айтарлықтай артады. Атап айтқанда, облыс орталықтары 30-ға тарта телеарнаны көру мүмкіндігіне ие болса, шалғай елді мекендер 15 телеарнаны тамашалайды. Оның үстіне хабар таратудың қазіргі желілері сияқты цифрлы телевизия жалпыға бірдей қолжетімді, тегін әрі қосылуы қарапайым болғанымен, арналардағы бейне мен дыбыс бүгінгіден әлдеқайда жақсарып, мөлдір, тұнық күйінде ұсынылады. Тағы бір айта кететін мә­селе, облыстық хабар тарату желі­сінің жұмысын да жақсарту көзделіп отыр.

Цифрлы хабар таратудың артық­шылықтары мұнымен шектелмейді. Мәселен, жалпыға бірдей қолжетімді каналдардың бірінші және екінші мультиплексі (арналар пакеті) бойынша абоненттік төлем алынбайды. Бұған қоса дәстүрлі телевизияда таңсық саналатын ақпараттық қызмет түрлері (төтенше жағдайлар туралы хабардар ету, телегид, телетекст және т.б.) іске қо­сылады. Қарапайым теледидарды DVB-T2/MPEG-4 форматтағы цифрлы құрылғыға және дециметрлік диапозонды антеннаға жалғау арқылы цифр­лы эфирлік телехабар тарату желісіне қосылуға болады. Сонымен қатар жиі­­лік ресурстарын тиімді пайдалану­ арқылы арналар санын көбейтуге мүм­кіндік бар. Бір жиіліктегі сәйкес бағдарламаның орнына 15 цифрлы арна топтамасының толық пакеті (мультиплекстер) ұсынылады.

Тәуелсіздіктен бері отандық телеви­зияның мүмкіндігі артып, телеарналар қатары көбейгені, ақпарат кеңістігін бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз ету жолға қойылғаны белгілі. Десек те, қазіргі заманның көрермені үшін дәстүрлі телеарнаның хабар тарату мүмкіндігі жеткіліксіз болып отыр. Кабелді және жерсеріктік хабар тарату желісінің дәстүрлі телевизиямен салыс­тырғанда аясы кең, мүмкіндіктері әлдеқайда мол екені анық аңғарылды. Кабелді телевизия технологиясының артықшылығы көрерменді сапалы жиілікпен қамтамасыз етуінде болып отыр.

90-жылдардың орта шенінде ка­белді телевизияның локальді бренді са­налатын «Алма-ТВ», «Секател» және «Қазорталық ТВ» Алматы мен Астана және Қарағанды шаһарына аяқ басты. Дәл осы жылы жерсеріктік хабар тарату желісі – «Жарық» құрылып, ауылдық елді мекендер тұрғындары «Қазақстан» телеарнасын көре бастады.

1995 ұлттық хабар таратуды жер­серіктік хабар таратуға ауыстыру туралы жарлық шықты. Қазақ елі эква­тор үстінде қалықтаған ғарыштық жер­серік белгілерін алу мүмкіндігіне ие болды. Пираттық хабар тарату кон­тентін қадағалауға индустрия сол кезде қауқарсыз еді. Ақпараттық қауіп­сіздікке қауіп төніп, арзанқол және ұрланған контент локальді брендпен бәсекелестікке сай бола алмады.

Ал 2012 жылдан Қазақстан аналог­тық желіден цифрлы хабар таратуға көше бастады. Іс жүзінде бұл жүйенің ұтымды екенін уақыттың өзі көрсетті. Осы кезең аралығында еліміздегі теле­көрермендер саны 2,3 миллионға жетті.

Осы орайда 2018 жылдан бастап, Қазақстанда эфирлік цифрлы хабар таратуды кезең-кезеңмен жүзеге асыру арқылы аналогты хабар таратудан түбегейлі бас тарту жоспарланып отыр. Теле-радио арналар цифрлы хабар тарату желісінде телерадиокомпаниялар мен телехабар тарату операторлары арасындағы келісімге сәйкес қызмет көрсететін болады. Мемлекеттік бағ­дар­ламаны атқарушы ұлттық оператор – «Қазтелерадио» АҚ.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл жүйеге көшу кезең-кезеңмен жүр­­­гізілмек. Осы жылғы қазан айында Маңғыстау облысы, желтоқсанда Жам­­был, Түркістан облыстары қам­тылады. Ал алдағы жылдары Атырау, Қызылорда, Алматы облыстары. Сон­дай-ақ Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қара­ғанды облыстары да жоспарда бар. Бұ­дан кейінгі кезең бойынша Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстары, Астана және Алматы қалаларын қамту көзделіп отыр. Жалпы, 2020 жылға дейін бағдарлама бойынша цифрлы жүйемен ел тұрғындарының 95%-ін қамту жоспарланып отыр.

Қамбар АХМЕТ,

«Егемен Қазақстан»