Білім • 10 Тамыз, 2018

Тілді меңгерген төрге шығады

500 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы әлемдік даму үрдісі мен қазақ халқының ежелден жалғасып келе  жатқан өзіндік бағыт-бағдарын салыстыра отырып, зерттелген, жан-жақты қарастырылған, мемлекеттік бағдарламамызға  айналған даму бағытымыздың негізгі түпқазығы болып отыр. 

Тілді меңгерген төрге шығады

Болашақта ұлттың табысты болуы оның таби­ғи бай­лығымен емес, адамда­рының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір   қазақстандық, сол арқы­лы тұтас ұлт ХХІ ғасырға ла­йықт­ы қасиеттерге  ие  болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті  алғышарттардың санатында.

Міне, көріп отырғаны­мыз­дай, ана тілімізді   өрбіту  ая­сында тек сонымен ғана шек­теліп қалмай, әлемдік бәсе­келестік жағдайына сай болу  керектігімізге  Елбасы жоғары мән беріп отыр.

Қазақ тілі пәніне арналған бағдарлама білім берудің ұлттық жүйесін халықаралық стандарттарға негіздей отырып, еліміздің алға қойып отырған іргелі міндеттеріне сай және қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық үдерістерді, ұлттардың бейбітшілік пен келісімге негізделген өмір сал­тын қалыптастыру саясатын ұстану қағидаларын басшылыққа ала отырып, мемлекеттік тілді оқытудың тиімді әрі сапалы жүйелерін қалыптастыруды көздейді. Бағдарламаның білім мазмұны қазақ тілі арқылы оқушыларға қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетін, қазақ халқының салт-дәстүрін, қа­зақша сөйлеу әдебін, қазақ әде­биеті үлгілерін меңгертуді көздейді және алған білімдерін өмірдің қажетті жағдаяттарына сай қолдана білуге үйретеді.

Ұлт мектебінде қазақ тілін үй­рететін ұстаз  үшін  басты мақ­сат – өзге ұлттың баласын мемлекеттік тілде сөйлету. Қазақ сөзінің құдіреттілігін, сырын сезіндіру, тіл үйренуге ынталандыру. Өткен оқу жылында облыс көлеміндегі орта білім беретін мектептерінде 117830 оқушы оқыса, орыс тілді мектептерде 61379 оқу­шы оқыды.

Мемлекеттік тіл мәртебесі өсуінің бір саласы өзге ұлт өкіл­дерінің мемлекеттік тілді­ дамытуға бағытталған іс-шара­ларға қатысу белсенділігін арттыру болып табылады. Мектептің 7-11 сынып оқу­шыларының арасында өт­кен бір ғана іс-шараға, «Жар­қын  болашақ» қазақ тілі олим­пиадасының бірінші кезеңіне 702 оқушы, екінші кезеңіне 356 оқушы,  облыстық кезеңіне 117 оқушы қатысты.

 «Әдебиет тек асыл мұ­рат­пен, таза ар-намыспен кі­руге болатын зәулім сарай»­ де­ген ұлылар сөзі бар. Жалпы адам­заттың, әрбір жеке ха­лық­тың өмірлік тәжірибесі арқылы айқындалған қым­бат құндылықтар, биік адам­гершілік, азаматтық, кісілік, Абай әспеттеген толық адам­дық қасиеттердің сырын­ ашып, бағасын беретін, рухани асқарға жетелейтін асыл мұра – қасиетті қазақ әде­биеті. Облыстың қазақ тіл­ді мектептерінде 7 ұлт өкі­лінің ұстаздары жас  буындар­ды бүгінгі өскелең өмірдің талабына сай оқытып, ынталандырып, жан-жақты білім берудің әдістемелік тәсіл­дерінің алуан түрін бастауыш сыныптарда, қазақ тілі мен әдебиеті, инфор­ма­тика, ағылшын тілі, де­не­шы­­нықтыру, музыка пән­де­рінде қолданып тәлім беру­де. Жақсы ауданындағы Ғ.Әб­дірахманұлы атындағы Қима орта мектебінің бастауыш сы­нып және ағылшын тілі мұ­ғалімі Евгений Варанкин ағылшын, орыс, түрік тілін еркін меңгере отыра, 14 жыл бойы ұстаздық қызметінде тәр­биелік мәні бар қазақ тілінде сабақ беріп, оқушылардың  интелектуалды деңгейін көтеріп келе жатқан ұстаз. Ақкөл ауданы Құрылыс негізгі мектебінің денешынықтыру пәнінің мұға­лімі Юлия Величко облыстық «Мемлекеттік тіл – менің тілім» сайысында 2015-2016 оқу жылында Гран-приді иеленді. Степногор қаласындағы С.Сей­­фуллин атындағы №5 көп­ салалы мектеп-лицейінде бас­тауыш сыныптың жоғарғы санатты мұғалімі Светлана Жа­қышева қазақ отбасын құрып, мемлекеттік тілді  жаң­ғыр­ту­шы мұғалім.

Шәкірт талабын шың­дау­ қазақ тілі  мен әдебие­ті мұ­­ға­­ліміне үлкен жауапкер­шілік жүктейтіні рас. Орыс мек­­тептерінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың басты мақ­саты – оқушылардың дұ­рыс сөйлеу, сауатты жазу дағ­дыларын қалыптастыру. Педа­гогика ғылымы алдында оқу-тәрбие жүйесін ұдайы жетіл­діру мәселесі қойылып келеді.

Бұл маңызды мәселені ше­шуде орыс тілді ортада қа­зақ тілі мен әдебиеті пәнінің әр­бір сабағының тиімділігін, ғы­лыми-педагогикалық дәре­жесін арттыру қажет болып саналады. Қазіргі кезде орыс мектебі оқушыларының иге­руіне арналған бағдарлама бұрынғы жылдармен салыс­тыр­ғанда анағұрлым күр­делі. Ақпараттарды жоға­ры ғылыми-теориялық  дең­гейде терең және шығар­машылықпен меңгеру талап етіледі. Яғни білімін кө­теруіне, кітаппен жұмыс істеу тәсілдерін жетілдіруіне, ақыл-ой қабілетінің дамуына, білім негіздерін саналы түрде игеруіне барынша көңіл ауда­рылуы қажет деп білеміз. Жоғарыда айтылғандарды ескере келсек, орыс тілінде оқы­тылатын мектептерде  қа­зақ тілін оқытуға қойылатын талап-тілектердің бүгінгі күн­де жаңарып отырғанын аң­ғарамыз. Оның себебі, орыс тілінде мектеп бітірген оқу­шылардың кейін еңбекке ара­ласқан кезінде мемлекеттік мәр­тебе алған тілде сөйлей алмауын болдырмау.

Түрлі әдіс-тәсілдерді, жа­ңа технологияларды қол­дану тәжірибесі бойынша Степ­ногор қаласындағы №4 облыс­тық  мамандандырылған «Болашақ» мектеп-интерна­тының қазақ тілі мұғалім­дері белсенді оқыту мен оқу әдістерін пайдалануда, ұжым­дық шешім арқылы мынандай міндеттер қойып отыр. Тіл­ді үйренудің күнделікті прак­тикалық жағын қарастыру, оқу­шының ауызша, жазбаша сөй­леу тілін қалыптастыру, сөз байлығын молайту мен шығар­машылықпен жұмыс істеуі, өз бетімен ізденуге дағды­лан­дыру.

Бүгінде облыстың 565 мек­тебі интернет жүйесіне көшкен, оның 533-і кеңжолақты интернет жүйесіне қосылған. Ком­пьютермен қамтамасыз ету бойынша 9 оқушыға 1 ком­пьютерден келіп отыр. Ағымдағы жылдың соңына дейін облыс мектептерін 305 мультимедиалық қондыр­ғы­мен қамтамасыз ету жос­парлануда. Талап деңгейіне сай оқыту технология тәжіри­бесімен алмасуда облыс не аудан орталығынан шалғай орна­ласқан елді мекендердегі мектеп ұстаздары үшін BILIM LAND сайтты немесе комплект дискілерді қолдану жұмысы өзінің жемісін беруде.

Ақмола облысы аумағын­да, облыс орталығы – Көк­шетау қаласының білім ошақ­тарында ел Президентінің «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қызу талқыланып, оны іске асыру бағытында үлкен іс-шаралар қолға алынуда. Осы орайда  орыс тілді мектептерде  қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың  жаңа әдістемелерін  енгізудің маңыздылығын  ешкім жоққа шығара алмайды. Осы талап тұрғысынан Елбасының өмірлік маңызы зор бағдарламасының  негі­зінде  заман талабына сай  жұмыс­тар атқару  тіл дамыту  барысында бәсекелестік қабі­летімізді жетілдіру, әлемдік  озық тәжірибелерден үйрену – біздің абзал борышымыз.

Талғат ЖҮНІСОВ,

Ақмола облыстық білім

басқармасының басшысы