Қазақстан • 10 Тамыз, 2018

Қазақстанның Түркиядағы елшісі Түркия Дін істері басқармасының төрағасымен кездесу өткізді

476 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2018 жылғы 9 тамызда Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Түркия Республикасы Дін істері басқарамасының төрағасы Али Ербашпен кездесті.

Қазақстанның Түркиядағы елшісі Түркия Дін істері басқармасының төрағасымен кездесу өткізді

Кездесу барысында Елші А.Сапарбекұлы Дін істері басқармасының басшысын жаңа қызметімен құттықтай отырып, ағымдағы жылдың 10-11 қазан күндері аралығында Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің VI отырысына дайындық жұмыстары туралы мәлімет берді. Бұдан бұрын өткен Съез отырыстарында көтерілген көкейтесті тақырыптар мен өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды. Қазақстанның ұстанып отырған көпвекторлы саясаты мен бейбітшілікті орнату бойынша атқарып отырған оңтайлы істерін атап өтті.

Сонымен қатар, А.Сапарбекұлы руханият және мәдени-гуманитарлық сала бойынша екі бауырлас ел арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейде жалғасып отырғандығын жеткізді.

Өз кезегінде, ТР Дін істері басқармасының басшысы Елшіге алғыс айтып, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Қ.К.Тоқаевтан келіп түскен арнайы шақыруына ризашылығын білдірді. Әлем бейбітшілігінің орнығуына елеулі үлес қосып отырған Съездің кезекті отырысына қатысатындығын жеткізіп, Съездің дайындық жұмыстарына сәттілік тіледі.

Әңгіме барысында А.Ербаш дін саласы бойынша Қазақстанмен ынтымақтастықтың жоғары деңгейде жалғасып отырғандығын және алдағы екі жақты өзара сапарлар барысында оны одан ары жандандырудың жолдары талқыланатынын  жеткізді.