Аймақтар • 10 Тамыз, 2018

Алматыда 2018-2019 оқу жылына арналған оқулықтарды дайындау барысы таныстырылды

897 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мамандары 3,6-8-сыныптарға арналған оқу әдебиеттерін басып шығару әрі білім беру мекемелеріне жөнелту барысындағы жұмыстармен таныстыру мақсатында Алматы қаласында баспасөз өкілдерімен кездесіп, оқулықтардың дайындалу өндірісіне қатысты арнайы тур өткізді.

Алматыда 2018-2019 оқу жылына арналған оқулықтарды дайындау барысы таныстырылды

Қазіргі кезде республика өңірлеріне оқулықтар жеткізу қарқынды жүріп жатыр. «Полиграфкомбинат» өндірістік кешеніндегі баспахана жұмыстарымен таныстыру барысында «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед «Полиграфкомбинат» өндірістік кешенінің оқулықтар шығарудағы жетістіктеріне тоқталды. Ал «Полиграфкомбинат» ЖШС директоры Ыдырыс Бегалиев жетпіс жылдан аса тарихы бар өндіріс орнындағы жұмыс барысымен таныстырды. Оқулықтардың баспадан кейінгі баспахана өндірісі туралы кеңінен баяндап, кітап болып түптеліп, аймақтарға жөнелтуге дейінгі барлық кезеңдерді қамтып өтті.

Өндірістік кешен жұмысынан кейін №159 мектепте баспагерлер, оқулық авторларының қатысуымен арнайы баспасөз мәслихаты өтті. Аталған шараны жүргізген ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Тайкенова оқулықтардың дайындық барысына тоқталып, сөз кезегін кәсіби мамандарға ұсынды. Өз кезегінде «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Бейбітгүл Кәрімова 2018-2019 оқу жылында 3,6-8-сыныптарға арналған оқулықтардың білім үдерісіне енгізілу барысынан хабардар етті. Бейбітгүл Сәрсемханқызының айтуынша, аталған оқулықтар  пилоттық мектептерде сынақтан  өтіп, қоғамдық бағалау, ғылыми-педагогикалық сараптама кезңдерінен өткен. Қазіргі кезде оқу әдебиеттерінің Тізбесіне енгізілген.

Оқулықтардың дайындалу барысына қатысты «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед, «Мектеп» баспасының Бас директоры Ерлан Сатыбалдиев, «Алматыкітап баспасы» ЖШС президенті Гаухар Саймасаева және оқулық авторлары көптеген маңызды мәселелерді ортаға салып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ