Қазақстан • 11 Тамыз, 2018

Астанада тоқыма өнеркәсібі саласындағы Қазақстан–Қытай ынтымақтастығының келешегі талқыланды

411 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚХР-дың Тоқыма өнеркәсібі одағының құрамына кіретін 30-дан астам ірі қытай компанияларының жетекшілері Қазақстанның инвестициялық әлеуетімен танысу үшін алғаш рет Астанаға келді, деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Астанада тоқыма өнеркәсібі саласындағы Қазақстан–Қытай ынтымақтастығының келешегі талқыланды

Кездесу барысында Kazakh Invest басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев Қазақстан мен Қытай арасындағы бірлескен инвестициялық бағдарлама аясында биотехнологиялар, автокөлік кластері, жаңартылған энергия көздері салаларындағы ірі жоғары технологиялы жобаларды іске асыру басталғанын атап өтті. Сондай-ақ, тағы да басқа келісімдерге Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың биылғы маусым айындағы ҚХР-ға сапары барысында қол жеткізілді.

«Тоқыма өнеркәсібі – ынтымақтастықты арттыратын үлкен әлеуеті бар, келешекті бағыт. Мәселен, Қазақстанда жыл сайын 250 мың тоннаға жуық мақта жиналады. Осы көлемнің шамамен үштен бір бөлігі өңделеді, ал қалған бөлігі шикізат түрінде экспортқа бағытталады. Сонымен қатар, бізде Өзбекстанмен шекара маңында орналасқан “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағы бар. Халықаралық рейтингтерге сәйкес Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың Орталық Азия аймағындағы ең жақсысы екенін ескерсек, ҚР-дағы бизнесті дөңгелетіп, экспортты одан әрі дамытуға әбден болады», — деді С. Тұяқбаев.

Өз кезегінде «Оңтүстік» АЭА-ның басшысы Медеу Ділдәбаев қытайлық серіктестерге арнайы экономикалық аймақ қатысушыларына қарастырылған жеңілдіктер туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Қытайдың Тоқыма өнеркәсібі одағы сол елдің жетекші ұйымдарының бірі. ҚХР-дың Тоқыма өнеркәсібі министрлігінің құрамынан шыққан Одақтың 20 жылдан астам тарихы бар. Қазір ұйымның қатарында 20 млн-нан астам адам жұмыс істейді. Одақтың компаниялары Қытайдың бүкіл тоқыма өнеркәсібінің жалпы экспорт көлемінің 12%-ын экспорттайды, ал Қытай экономикасына қосқан үлесі 3%-ға бағаланады.

Кездесу барысында тоқыма өнеркәсібі делегациясының мүшелері мақта өндіру, шикізатты қайта өңдеу, киім өндірісі және логистика саласындағы ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізе бастады.

«Бұл біздің Қазақстанға алғашқы сапарымыз және біздің делегация мүшелерінің көпшілігі сіздің елмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Мұнда Kazakh Invest компаниясының шақыруымен келдік. Меніңше, бізде өте сәтті кездесу болды, Қазақстанның инвестициялық әлеуеті туралы білдік. Қазақстан мен Қытай – ортақ таулар мен өзендер арқылы байланыстырылған, ортақ шекарасы бар ел, сондықтан да осы сала бойынша екі ел арасында үлкен мүмкіндіктер барына сенемін», — деді Қытай делегациясының басшысы, Қытай Тоқыма өнеркәсібі одағының төрағасы Сун Жуйчжэ.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасындағы Қытай Халықаралық Сауда Палатасы өкілдігінің бас директорының орынбасары Гао Ци «бүгінгі кездесу Қытай мен Қазақстан арасындағы тоқыма өнеркәсібі ынтымақтастығы үшін жақсы бастама болды. Үкімет инвесторлар үшін өте қолайлы жағдай жасап жатыр. Сондықтан бүгінгі келіссөздер мен талқылаулардан кейін жақсы нәтиже болады деп ойлаймын» деп атап өтті.