Қазақстан • 14 Тамыз, 2018

Инженерия үздіктері анықталды

352 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда Назарбаев Университетте халықаралық The IET PATW 2018 ғылыми презентациялар жарысы өтті. Оған Франция, Ирландия, Швейцария, Чехия, Грекия, Кипр, Мальта, Бахрейн, Оман, БАӘ, Сауд Арабиясы, Катар, Иордания, Пәкістан, Гана, Нигерия, Египет, Маврикий және Қазақстаннан 20 қатысушы қатысып, өзара бақ сынады.

Аталған додаға Қазақ­стан атынан Назарбаев Универ­ситеттің 3-курс студенті Ека­терина Шес­такова қатысты. Ол ғима­рат­тарда энергия тиім­ділігін артты­ратын материалдар тақыры­бындағы жұмысын таныстырды. Жүлделі екінші орын мен оған тағайындалған 300 еуро ақ­шалай сыйлық Швей­цариядан келген қатысушы Мак­симилиан Кисске бұйырды. Оның қорғаған тақырыбы – әуеде еркін құлау­дың физикасы. Біріккен Араб Әмір­лік­терінен келген қатысушы Мо­хаммед Фаузаан Шайхтың «яд­ролық реактор» тақыры­бында дайындаған жобасы үздік деп танылды. Бірінші орын­ды еншілеген оған ұйымдас­ты­ру­шылар тарапынан 400 еуро ақ­шалай сыйлық берілді. Бұған қоса жоба жеңімпазы қараша айында Лондонда өтетін финал­дық кезеңге қатысуға жолдама алды. Онда төрт құрлықтан үз­дік деп танылған 5 қатысушы жарысқа түседі. 

Аталған жобаның ұйым­дас­тыру­шылары The IET (Institution of Engineering and Technology) – әлемнің ең үлкен инженериялық ұйым­дарының бірі. Дүние жүзі бо­йынша 150 мем­лекеттен 168 мың­нан аса мүшесі бар. Жобаны ұйым­дас­ты­ру­дағы негізгі мақсат – әлем­дік инженерия қоғамын ақ­парат­тандыру және ынталандыру. 

Айта кетерлігі, аталған жо­­­­­баның алғашқы тол­қыны ұлт­­тық деңгейде ұйым­дас­ты­­рылады. Сәуір айында Назарбаев Уни­вер­ситеттегі ин­­женер және технолог студенттерден құралған топ PATW (Present Around The World) жарысын өткізді. Бұл жарысқа 30 жасқа дейінгі кез келген студент, ғалым, инженер қатысуға мүмкіндік ал­ды. Бірінші кезеңде 8 қа­ты­сушы іріктеліп, араларынан жеңімпаз атанғаны келесі ке­зеңге қатысуға жолдама ал­ды. Екінші аймақтық кезең Еу­ропа, Африка және Таяу Шы­ғыс елдерін қамтиды. Биыл ұйым­­дастырушылар айтулы шараны Астанада өткізуге ниет біл­дірген. Былтырғы аймақтық кезең Дубайда өткен болатын.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»