Бекболат Әдетов шыққан белестер

Қаншама жыл қатар жүріп, қызметтес болып, бір есіктен кіріп, бір есіктен шығып етене араласып кеткен қаламдастарыңның арасынан да туған туысыңдай аңсап, сағынып тұратын әріптестерің кездесіп қалады ғой. Міне, сондай атпал азаматтардың  бірі де  бірегейі,  журналист-жазушы Бекболат Әдетов «Егемен Қазақстан» газеті ұжымындағы ең беделді де белсенді қызметкер болды. Ол мұндай құрметке өзінің адал да қажырлы еңбегі мен көл-көсір білімінің арқасында жеткені мәлім.

Егемен Қазақстан
14.08.2018 1255
2

Әдетте біз, қаламгер журна­листер, өз әріптестеріміздің қарым-қабілеттерін жарық көр­ген шығармаларына қарап баға­лауға әзір тұрады емеспіз бе? Бұл бір жағынан дұрыс та шығар. Әйтсе де журналист маман­ды­ғының былайғы жұрт біле бермейтін қиыншылықтары  мен қыр-сыры да қыруар. Қолға түс­кен материалды қорытумен қа­тар, оқырмандар ойынан шыға­тын очерктер мен суреттемелер, әзіл-оспақ пен фельетондар, сая­си тақырыптарға арналған бас ­мақалалар мен шолулар, эко­номикалық сараптамалар мен тал­даулар сияқты, тағы басқа да жанрларды назардан тыс қал­дырмай газетке шығару үшін қан­шама білім мен күш-қайрат қажет десеңізші! Бекең соның бәрін бізден бұрын қамтып, өзі басқаратын бөлімдер жұмысын тап-тұйнақтай етіп отыратын.

Қай редакцияда болса да бар ауырт­палықты  өз иықтарымен кө­теріп,  қас­қайып қиыншылыққа қарсы тұра алатын бірді-екілі қаламгер  кездесетіні кәдік. Бас­шылар оларды «киелі китіміз» деп қадірлеп, құрметтеп отырады. Міне, осы «киттердің» ерен еңбегі жұмыс аяғына таман жоғарыдан түсетін ресми мате­риалдарды орысшадан аударып, редакция­лап, келесі күнгі нөмірге берер кезде ерекше тұлғалана түсетіні сөзсіз. Басшы Бәкең (бас редактор Балғабек Қыдырбекұлы)  жорналшы Бекеңді (Бекболат Әдетовті) іздестіріп, «Бүгінгі үйден оқитын кезек­шілікке соны қосыңдар» деп қайта-қайта табыстап жатқанына талай рет куә болғанымыз бар.

Бекең біздің ортамызға бірден топ етіп көктен түсе қалған жоқ. «Еге­мен­ге» елден келді.  Елден келді деген­де оның ең алғашқы  еңбек еткен жер­лері аудандық, облыстық басылымдар бол­ғанын айтқымыз келіп отыр. Ал­­пы­сыншы жылдардың бас кезінде  Қа­зақ мемлекеттік университетінің жур­налистика факультетін бі­тіре салысымен Алматы об­лыс­­тық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Жетісу»), Қостанай об­л­ыстық «Жаңа өмір» – «Новая жизнь», Торғайдың «Торғай таңы» газет­терінде қызмет еткен ол осы өңірдегі бірсыпыра аудандық басылымдарға да басшылық жасады. Үлкен жол, соқпақты сүр­­­леулер мен бел-белестерден өт­ті.  Сөйтіп «Біздің ізіміз еліміз­дің өсіп-өркендеу жолында сайрап жатыр» деп өзі жазғандай, мәңгі өшпестей болып бедерленіп қалды. «Егеменге» келгенде ол осы өсіп-өркендеу тәжірибесі мен талантын барынша жарқыратып көр­сете білді.  Әдебиет және өнер, насихат бөлімдерін басқарды.  Алқа мүшесі болып  сайланды. Аракідік жауапты хатшы мін­­деттерін де атқарып жүрді.

Алматыда біз Ленин прос­пек­тісі (қа­зіргі Достық) мен  Ком­сомол  көшесінің (қазіргі Наурыз­бай батыр) қиылысындағы үйлер­де тұрғанда  жақсы араластық. Олар даңғылдың арғы – шығыс жа­ғында,  біз бергі – батыс бетінде тұрдық. «Күндіз де бірге, түн­де де бірге» дегендей, жұ­мыс орны­мыз да  таяқ тастам жерде, Пан­филовшылар паркін кесіп өтсек болды  «Егеменнің» есі­гіне тірелеміз.

«Күндіз де бірге, түнде де біргенің» көкесі кейін біз – Бек­болат, Сарбас (Ақ­таев), Совет, Қойшығара (Салғарин), Сабыр­­жан (Шүкірұлы), Сабыр (Өтеп­бергенов) және менің туған күн­дерімізді  бірге атап өту дәс­түріміз басталған кезде болды емес пе? «Великолепная семёрка» атанып кеткен біздің бұл құпиямызды басшылар білге­німен жұмысымызда кінәрат бол­мағандықтан «бұларың не?» дейтіндей теріс қабақ таныта қойған жоқ.

Туған күнге жиналған соң, әрине, ащы-тұщы ішімдік іше­сің. Ішкен соң көңілденесің. Кө­ңіл әркімнің өз патшасы. Шат­танасың, билейсің, ән айта­сың. Бірақ біз шектен шықпайтынбыз. Ойымызда әрқашан жұмыс тұратын. Оның үстіне арамызда жалғыз ішпейтін адам – ре­дактордың орынбасары Ақтаев отыратын. Ал сәл-пәл асып-тасып бара жатсақ, «Жігіттер, байқаңдар, ертең жұмыс қой» деген ескертпесін емеурінмен жеткізіп жататын.

Бірде осындай басқосулардың ер­теңінде (біз туған күнімізді тек қана жұ­ма, сенбі күндері ғана өткізетінбіз,  дүйсенбіде қыз­метке  сергек бару үшін) үйде еле­гі­зіп отыр едім, Бекең звондай­ қалғаны.

– Хал қалай, бала, – деді аман-сау­лықтан соң өзіне тән қарлы­ғыңқы даусын қырнап.
– «Несін сұрайсың, айт­сам өзің де жылайсың» дедім Бекеңнің іл­геріде студент болып жүрген кезінде «Ле­нин­шіл жас» (қазіргі «Жас алаш») га­зетіне шыққан «Қасқыр мен қоян» деген өлеңінің алғашқы жолдары есіме сарт ете қалып.
– Оппа! – деп Бекең ризашы­лығын білдірді де, бір сәтке кі­ді­ріп барып, – сенің қо­лың бос бол­са, ана Жазираңды жетектеп бері, біз жақа қарай өтсеңші, – деді. – Бірдеңесін ойластыра жатар­мыз. 

Аға-дос айтқанда жан бар  ма, алып-ұшып жетіп келсем, ол да өзінің кіш­кентайының (немересі ме, жиені ме білмедім) қолы­нан ұстап күтіп тұр екен.

– Айда, кеттік! – деді алға тү­сіп, бая­ғыда әріптесіміз Ма­ғауия Машақов­тың әкесі ақын Сәду Машақов айтыпты деген тіркес­ті қайталап.
– Қайда? – деппін, «айда  кеттіктің» артында қандай тіркестің тұратынын сезсем де білмегенсіп.
– Пугасов көпіріне!
– Ау, Беке, мыналарды  қай­теміз? – деп­пін сасқанымнан кішкен­тайларды көр­сетіп,
– Қайтуші едік, жүреді де өз аяқ­та­рымен ойнап, көгалы көп жер ғой.

Пугасов көпірі – Комсомол көшесі тұйық­талып, трамвай айналатын тұс. Алматы өзені осы жерден өтеді. Арғы беті Горький паркі. Ел демалатын жер. 
«Ақырғы аялдама» деп аталатын ай­­­налма жолға келген жұрт шаршап-шалдығып, шөлдеп қалмасын дегендей кәуапты бұрқыратып сырахана ашып қой­ған екен. Таңсық иіс мұрын қыттықтайды. Таңертеңгі саф ауамен ара­­ласып адамның аранын аша түскен­дей. Амалсыз бұ­рыласың.

Бекең екеуміз қос-қостан кә­уап алып, оның майы аздау же­рі­нен бір-бір түйі­­рін кішкен­тай­лардың аузына тостық та, өзі­міз сыраға бастық!

Шөлді қандырып, бас­ты ба­бына кел­ті­ріп алған соң парк­тің оңтүстік жа­­ғын­дағы оңа­шалау алаңқайға жай­ғасып, кіш­кентайлар ойнай тұрсын деген оймен көди-сөди әңгімеге көштік. Қайда, қандай жағдайда жүрсе де тәлім­дік әңгіме айтудан танбайтын Бекең: «Сен мына шөптерді білесің бе?» деп айналамыздағы көк өскіндердің аттарын сұрай бастады. Бақбақтан басқасын  тап басып тани алмайтын мен амалсыз төмен қарадым. Сол-ақ екен Бекең маған ботаникадан сабақ беріп отырған жандай қолына уыстап алған гүлді шөптердің аттарын рет-ретімен атай бас­тады. Бірін білсем, бірін білмеймін. Бас шұлғудан басқа амал қалмады. 

– Бұл жердегілердің бәрі мә­дени өсім­діктер ғой, – деді Бе­кең қайтар кезімізде қайтадан баяғы әңгімесіне көшіп. – Нағыз шөптер тауда. Алла жазса, оны да көрсетермін.

Алла тағаланың адамзат ба­ласы­ның ақжарылқап тілегі мен айтқан сөзін айна қатесіз алдан шығарар  құдіретіне қа­лай таңғалмайсың! Арада біраз уа­қыт өткен соң «Дәуір» баспаханамыз Талғар жақтан журналистерге арнап сауық­тыру  орнын ашты да  соның ал­ғашқы демалушылары қатарында біз­дің де болғанымыз бар. Күндіз жұ­мыс істейміз де, түнге қарай демаламыз. Арнайы бөлінген автобус бар. Таң­ертең алып келіп, кешке қарай алып ке­теді. Қызметтен қалмаймыз. Рақат-ақ! Біз­дің редакциядан әдеттегідей Бекең бас­тап, Совет қостаған біраз жігіттер бар.

«Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, біз енді  жұмыс  күні емес, екі күнімізді де осы жерде өткізетін болдық.

– Ертең тауға шығамыз! – деді Бекең жұма күнгі кешкі ас үстінде. – Барғысы келетіндер бар ­болса, ертеңгілік даяр тұрсын.

Бәрі «барамыз» деп құл­шын­ғанымен таңертең жинал­ған­дардың қарасы аздау болды. Оған онша өкіне қойған жоқ­пыз. Тауға шығу әркімнің өз еркі ғой. Жоғарыға қарай тартып кеттік. Бірақ оның  өзі де ман­дымады. Бір бел аспай жатып Зейнолла Серікқалиев пен Совет Шиман­баев бастаған топ қалып қойды. Баймолда Мусиннің жі­гіт­тері де «е, өзі­міз күнде шы­­­ғып­ жүрген тау емес пе?» деп тарт­­­қыншақтай бастады. Бекең олар­­дың ешқайсына да ләм деместен алға тар­та берді. Мен сыр бермеуге тырысып бақ­тым.

Бір кезде алдымыздан сылдырай ағып жатқан өзеншеге тап болдық. «Ен­ді жоғарыға шығуымызға сәл-пәл жеңілдеу болатындай шығар», деді Бекең. Бағанадан бері жоғарыда келе жатқан шығармыз деп ойлаған мен мұны неге айтты екен дедім де қойдым.

Шынында да өзеншенің  екі жағында адам жүре алатындай ескі сүрлеудің сілемі бар екен. Сонымен ілгері-кейінді  жылжу манадан бері біз азаптанып әзер келе жатқан ну жынысты жарып өтуден әлдеқайда жеңілдеу сияқты көрінді. Бірақ мен қатты шаршаған едім. Екі аяқтан әл кетіп қайта-қайта шалыныса берді. Менің осы халімді сезген Бекең «Шыда, енді бір-екі бел ассақ, межелі жерге де жетіп қалармыз», деді. Ол қандай жер екенін сұраудың өзі күшке түсті.

– Қой, болмас, – деді аға-дос бір алаңқайға көтеріле берген кезімізде, – дем алайық. Байқаймын, сенің де майың таусыла бастаған сыңайлы. Қайтарға да күш керек.

Жеткен жерімізге етпетімнен түстім де, жата кеттім. Қатты қал­­­жыраған екен­мін, Бекең тұр­­ғыз­баса ұйықтап қалар ма едім,­ бойымды әрең жиып алдым.

Қайтар кезде өзен аңғарын бой­лай жүрдік. Бұл өзі біз көте­рілген жақтан сәл-пәл бұрыстау болса да, дұрыстау болды. Жол-жөнекей Бекең жабайы өсімдік пен жемістің сан түрін көрсетіп, оларды қай кезде, қалай жинау керек екеніне  дейін  тәптіштеп  түсін­дірумен болды. Мен тұңғыш рет рауғаш пен қымыздықтың  дәмін татып көрдім.

– Біз өзі қанша тау астық, – деп сұрадым төменгі жазыққа түскен соң.
– Тауың не? Белес те? Біз көп болса, екі-үш бел астық-ау дей­мін, – деді Бекең күліп. – Таудың төбесіне шығу үшін әлі осыншама жер жүру керек еді. 
– Бәрібір, мен үшін бел де тау. Сіз елуге толғанда амандық болса «Бес тау асқан Бекең» деген естелік жазатын боламын.
– Алдымен соған жетіп ала­йық та, – деді Бекең күліп. – Бес тау дейсің бе, бес белес дейсің бе, өзің білесің ғой. Әркімнің алдына қойған мақсат-мүддесі  бар емес пе? Соған жету үшін адамзат неше түрлі жолдан өтеді. Ал оның өрі де, қиясы да болады. Алла ғұмыр берсін!

Бекең сол жасына жақсы жет­ті. Шығармашылығы шыңда­лып,­ тәжі­рибесі толыса түсті. Ал­­пы­сын да абы­ройлы атқарды. Жет­піс жасын той­лағанымызда жас жігіттей шауып жүр­гені күні кеше сияқты еді. Енді, міне, тағы бір онжылдықты артқа тастап, өмір белестері биіктерін абыроймен алып келеді.

Айтпақшы, мен айтқан сөзім­де тұра алмадым: Бекеңнің жартығасырлық ғұмыры туралы материал бере алмадым. Оның «мінәйі себептерін» (кейіпкердің төл сөзі) кезінде дос-ағаның өзі жазып көрсеткендіктен, қайталап жатқым келмейді.

Бекең екеуміздің көр­кем әдебиеттегі алғашқы шығар­ма­ларымыз да қатар шықты. 1977 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген кітаптарымыздың кө­ле­мі де (5 баспа табақтан), аттары да (менікі – «Ақ күмбез», аға-достікі – «Ал­тынай») ұқсас болатын. Оны айтасыз, сыртқы пішімі мен безендірілуі де бірдей екі кітаптың  мұқабалары да сары қағазбен қапталған еді. Авто­рын анықтап оқымаса, былайғы жұрт бай­қай бермейтін егіздің сыңарындай бұл кітаптардың өзгешелігі ішінде болып шықты. Ол кезде жаңадан көрінген ав­тор­лар­ға баға беру үшін міндет­ті түрде кітаптарын рецен­зиялай­тын дәстүр бар-тұғын. Менікі сы­налды, Бекеңдікі мақ­­талды. Дос-аға­ның бұл бағытта да өзің­нен озық тұрғанын амалсыз мойындайды екенсің.

Бекең сол бетімен көркем әде­биет­пен шындап айналыса бергенде, Құдай біледі, қазір атақты жазушылар қатарында түрлі сыйлықтарға таласып жатар ма еді?! Жоқ, «Бәйшешек» (1979 ж.) және «Жердегі жұлдыздар» (1989 ж.) атты тағы екі жинақ берді де қанағат етті. Күнделікті журналистік қарбалас жұмыс жеке шы­ғар­машылықпен шындап айналысуға мүмкіндік бер­месі кәдік.

Мен осы кітаптарды ыждағат­пен түгел  оқып шықтым. Тал­дап баға беру сыншылардың енші­сінде десек те, Бекеңнің  адамдар тағдырын әртүрлі жағдайда өз кезеңі мен ортасына сай нанымды да шынайы суреттеудегі сұң­ғылалығына тәнті болғаны­мызды айта кеткеніміз жөн.  Көр­кем тіл, парасатты ой әр пове­сі мен әңгімесіне тән.  Стилі жа­ғы­нан Қалихан Ысқақовтың жаз­­­ғандарына келіңкірейтін сияқ­­ты. Балалар мен жас­өс­пірімдерге арнап жазған шы­ғар­­маларының ішінде мектептің оқу бағдарламаларына кіруге сұранып тұрған тәлімді әңгімелер мен мысалдар да кездеседі. Тек оларды көретін көз керек. 

Б.Әдетов аудармамен де аз айна­лысқан жоқ. Өзі айтқандай, саяси әде­биет болсын, қоғамдық, ғылыми, та­нымдық әдебиет болсын, деректісі бар, дерексізі бар тау төбе. Соның бере­келі бір арнасы – көркем аударма.Бекеңнің  қазақшалауымен  Виталий Коротичтің «Өшпенділік ұсқы­ны», Мигель Астуриастың «Жү­гері адамдар», «Дауыл», «Көр­дегілердің көздері», Драго Янчар­дың «Қашқын», Вальтер Скот­тың «Пуритандар» романдары оқыр­­мандарға жол тартты.

Аударма демекші, сексенін­ші  жылдары біз Бекең екеу­міз құрылысшылар мен жұмыс­шыларға арналған кірпіштей бір кітапты аударуға алып, қатты қиналғаным бар. Ортасынан қақ бөліп берілген әлгі дүниені мен екі-үш айдай тәржімалап қара терге түстім. Бірақ толық бітіре алмадым. Бекең болса өзіне тиесілі бөлігін диктовка жасап, бір айдың ішінде тап-тұйнақтай етті. 

Баспаға тапсыруға бір-екі аптадай қалғанда Бекең мендегі бөліктің не болып жатқанын сұрады. «Төрт-бес беті қалды» деп едім «е, онда маған әкеп бе­ре салсайшы, қағып тастаймын ғой», дегені. Құтыла алмай отыр­ған қол-жазбаларымды сол күні-ақ қолына тигіздім. Кәсіп­тік-техникалық училище шәкірттеріне арналған сол кі­таптың кейін басылып шық­қанын естігеніммен, қолыма түсі­ре алмадым. Өткенде Бе­кеңнен сұрасам «мен де көрген жоқпын кітапханалардан іздестіру керек шығар, сірә»,  дейді. Қазақтың жұмысшы маман­дарын даярлауға қомақты үлес қосар­лықтай ондай еңбектерді тауып, бағдар­ламаға енгізсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Кез келген кісіге көмек көрсе­тіп, қам­қорлық жасауға әзір тұру Б.Әдетовтің қанына сіңген қасиет пе деп білемін. Бір­де тағы да сол Талғар жақтағы «Ақ қа­йыңда» жат­қанымызда ғой деймін, бір пәпке  қолжазба көтеріп  кел­гені бар. «Бұл не?» дейміз ғой баяғы әдетпен. «Кітап, дейді Әдетов басбармағын көр­сетіп, қазақтарға қажетті кітап». Кейін­ атақты медик Ишанбай Қара­құлов бізге қонаққа келгенде білдік, «Қырық сұрақ екен». Ака­демик ағамыз өз жинағын біздің досқа «қарап шығуға» беріпті. Қарап шығу қайта жазумен бірдей болғанын автордың өзі мойындап, алғыс айтқанда біз де ризашылық білдірдік. Бұл да бір қажетті кітап еді, кейінгі кездері сөрелерден көрінбей кетті.

Тағы бірде Бекеңнің қол­ты­ғынан қомақты пәпкені байқап қалып, «Соң­ғы кез­дері елдің қолжазбаларын ре­цен­­зиялауға көшкенбісіз бе», деп қал­жыңдадық. Бекең екі басбар­мағын бірдей көтерді. «Бала кезден бірге өскен дос деп айтуға болады деді,– өткенді еске алып, –  «Таусүгірде» таныс­қан едік. Содан бері жұбымыз жазыл­ған емес. Қазір айтулы ауыл ша­руа­шылығының маманы, ғылымға да талабы бар. Кандидаттық қорғамақ, мына жазбалар соның жобасы».

Әдеттегідей әзіл айттық: «Ау, Бәке, ондай досыңызбен қалайша біз осы уақытқа дейін таныса ал­май жүрміз. «Асық­па, бәрі алда» деген аға-дос сөзі­нің ақиқаттығын  кейін біз Ешімбет  Байбарақовпен таныса келе көз жет­кіз­гендей болдық. Алматының түбін­дегі «Абай» құс шаруашылығы кең­шарына жетекшілік еткен ол кейін осы шаруашылықты үлкен өндірістік бір­лестікке айналдыра білді. Ғылым кан­дидаттығын, докторлығын қорғады. Ұлт­тық ғылым академиясының академигі. «Егеменнің» бірде-бір мәдени шараларынан қалыс қалған емес.

Бекеңнің мен жақсы көретін  қа­сиеттерінің бірі – жершілдік, рушылдық деген бөлінушіліктен мүлде адалдығы. Адамдарды адалдығына, іскерлігіне қарай бағалап, дос-жаранды да осы тұрғыда таңдайды. Жастарға қамқорлық жасай білді. Редакцияда болашақ басшымыз болған Ержұман Смайыловты тікелей өз «өнімі» десе де болғандай. Болат Шубаев, Қадір Әлімқұлов, Саясат Бейісбаев, Әлисұлтан Құланбай, Өтеген Оралбаев, Қуанбек Боқаев сияқты тағы басқа да әр буын өкілдері  Бекеңнің қамқорлығын аз көрген жоқ.

Жақсы басшы да бола білді. «Ауыл», «Дәуір – Время» газеттері мен «Бас­қару мектебі», «Школа управление», «КазМБА жаршысы» – «Вестник КазГАУ» басылымдарына жетекшілік етті.

Б.Әдетовтің кезінде журналис­тер арасында алғашқылардың  бірі бо­лып «Құрмет белгісі» орденімен наград­тал­ғанының өзі неге тұрады десеңші! Себебі кеңес кезінде мұндай марапатқа тек бірінші басшылар ғана ілігіп, қалған қаламгерлер медальдармен ғана шек­телетін.

Б.Әдетов зейнеткерлік демалысқа шыққанан кейін де белсенділігін бір сәтке бәсеңдеткен емес. Жеке шығарма­шылығымен  қатар, қазақ тілінің қа­зіргі хал-жайы, болашағы туралы жаз­ғандарын мерзімді баспасөзден жиі оқып, ризашылық білдіріп отырдық. Оның ел аузында жүрген «Аяқтан сү­рін­­сек те, тілден сүрінбейік», «Саз бен сөз»,«Ақсақалдар айтпады деп жүр­­месін» деген ой-толғамдары – осы кейін­гі кездері жарияланған дүниелер. Жалпы, біз­­дің ортамызда туған ана тіліміздің тағ­дыры жөнінде  Сабыржан Шүкірұлы мен Бек­болат Әдетовтей мәселе көтеріп, шыр-пыры шыққан қаламгерлер некен-саяқ.

Орнықты отбасы. Жан жары Нұри­па Жарқынбекова да «Егеменнің» қыз­меткері болған. Міне, қазір екеуі де демалыстарын мәнді де сәнді өткізіп, немере-жиендерін тәрбиелеп жатыр.
Әдетовтер әулеті өсіп-өркендей берсін!

Әділ ДҮЙСЕНБЕК

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

22.09.2018

Жалпықалалық сенбілікте 9 мыңнан астам ағаш егілді

22.09.2018

Мақтаарал ауданында «Жасыл ел» жастардың еңбек жасақтары жұмысын бастады

22.09.2018

«Балалар Евровидениесі» байқауының жеңімпазы анықталмақ

22.09.2018

Халықаралық «Ясауитану-2018» байқауы өз мәресіне жетті

22.09.2018

Елбасы елорданың қала құрылысын игеру жоспарымен танысты

22.09.2018

Даниал Ахметов Зырян ауданын Алтай деп атау туралы ұсынысты қолдады

22.09.2018

Елбасы Чан Дай Куангтің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты

22.09.2018

Жаңа Жібек жолы: Алматы

22.09.2018

Катонқарағай ауданы тұрғынының сібір жарасынан көз жұмғаны расталды

22.09.2018

Сенаторлар сенбілікке шықты

22.09.2018

Б.Бекназаров Әзербайжан Парламентінің 100-жылдығына арналған шараға қатысты

22.09.2018

Мұнайдың әлемдік бағасы өсті

22.09.2018

Лондонда қазақстандық өнер көрмесі ашылды

22.09.2018

Түркия «Қазақстан» журналын шығарды

22.09.2018

Ақтөбеде «Анаға тағзым» орталығы ашылды

21.09.2018

Тимур Жақсылықов Президенттің көмекшісі болып тағайындалды

21.09.2018

Маман дайындау мәселесі талқыланды

21.09.2018

Астанада тұрғын үй кешенінде шартты өртті сөндіру бойынша тактикалық оқу-жаттығу өтті

21.09.2018

Бүркітші қыз Айшолпан түскен «Көшпенділер» фильмі көрерменін қуантады

21.09.2018

Павлодарда биыл 1655 жұп қосылса, 1101-і ажырасқан

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Qasiet pen qasiret

«Dánikkennen qunyqqan jaman» degen sózge mán bersek, munda úlken fılosofııalyq maǵyna bar. Táýba, bireý bireýden nan surap jeıtin zaman emes qazir. Toqshylyq zaman. О́zimizdi qoı ústine boztorǵaı jumyrtqalaǵan barshylyqta, etek-jeńniń keń kezinde dúnıege kelgen, zárýlik kúıin sezinbeı ósken urpaqqa balaımyz. Dastarqannan nan, maı, qant, sút, qaımaq eshqashan úzilgen emes. Sonymyzben baı sanalmasaq ta, bardyń sanatynan bolatynbyz... Qudaı saqtaı gór, taǵamǵa talǵam-talabymyzdyń sharyqtap ósip ketkeni sonshalyq keıde dastarqannan búginde nan qoıylatyn bos oryn tappaı qınalatynymyz ras. Sóıte tura, toqshylyq zamanda ómir súrip jatqanymyzdy sezinbeıtinimiz jaman. Moıyndaǵymyz kelmeıtini qorqynyshty. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Minez adamnyń taǵdyry ma?

Qazir Elbasynyń «Bolashaqqa baǵdar: rýhanı jańǵyrý» baǵdarlamasy týraly jıi áńgime qozǵalýda. Jańa turpatty jańǵyrýdyń eń basty sharty – ulttyq kodyńdy saqtaı bilý, ıaǵnı zaman jańalyqtaryn qabyldaı, oǵan ún qosa otyryp, basqa ulttardan árdaıym erekshelendirip turatyn ózińniń ulttyq bolmysyńdy, qazaqy qalybyńdy damyta bilý ekendigi aıtylýda.

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Esti men eski

Elektrondy aqparat quraldaryn qosa qalsań-aq jarq etip shyǵa keletin ánshilerdiń bitim-bolmystarynan syr aýlaı uzaq qadalatynyń bar. Qyz-jigitterdiń arasynda burynnan biletiniń ıa qatarǵa jańa-jańa ilingenderiniń oryndaǵan ánderine qulaı elikpeseń de – beker obaldary káne, beıjaı tyńdap otyrǵyzbaıtyn izdenisteriniń qýaty barshylyq. Bul salanyń jetik bilgiri sanalmasań da, tańdaǵan repertýaryna ózińshe kóńil aýdaryp, naqyshyn ishki tarazyńmen ólshep, órnek ıirimin oısha saraptaısyń ǵoı, baıaǵy. 

Ермухамед Мәулен, «Егемен Қазақстан»

Boljam aıtyp baıyǵandar

Sport bızneske aınalǵaly qashan. Árıne bul sózben qazir eshkim daýlasa almaıdy. Álemdegi eń baı adamdar sportshylar ekeni anyq. Alaıda osy sport bıznesi salasynda alaıaqtyq ta joq emes. Ásirese bás tigip aqsha tabatyndar men qandaı báske qoıý kerektigin usynatyndardan aıaq alyp júre almaısyz. Keńes beretin keń­seler men aqyl aıtyp otyratyn saıttar qap­tady. Aldaǵy ýaqytta alaıaqtardyń arbaýyna túspes úshin bul júıeniń qalaı áreket etetinin aıtyp óteıin. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Naǵyz Báıterek

Qazirgi baspasóz betterinde, buqaralyq aqparat quraldarynda «Báıterek» degen sóz teńeý retinde kóbinese qoǵamǵa eńbegi sińgen nemese ómir jolynda jeke basy jaqsy tabystarǵa jetken, sodan halyqtyń kózine túsken adamdarǵa qatysty qoldanylyp júr. Durys-aq. Ondaı adamdardyń eńbegi halyq ıgiligine jarap jatsa, sol ıgilikten kóptegen adamdar nár alyp, turmysyn jaqsartsa nemese sol adamnan úlgi alý arqyly urpaǵyna durys tárbıe, baǵyt-baǵdar berse, tipti basqany bylaı qoıǵanda, et jaqyn týystary, aýyldastary sonyń saıasynan pana taýyp, sol arqyly ómirin durys arnada jalǵastyryp jatsa, nege qoldanbasqa. Rasynda da, mundaı adamdar «Báıterek» degen atqa ábden laıyq qoı.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу