Шәкәрімнің үш анығы

Егемен Қазақстан
14.08.2018 1352
2

Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анық» атты фәлсафалық трактаты – отандық, гуманитарлық білім жүйесінде ерекше орын алатын шығарма. 

Шәкәрім Құдайбердіұлы «Үш анық» еңбегін жазуға ересен даярлықпен келген. Қазіргі біз білетін авторлардың еңбектерімен таныс болып қана қоймай, оларға талдау жасаған. 

Ол сол замандағы сөздіктермен энциклопедиялық еңбектерді пайда­ланған. Оның үстіне айтарым, Шәкәрім араб, парсы, түрік, тілдеріндегі шығар­малармен таныс болған.

Бұл тұста тағы бір ескертетін жайт, Шәкәрім үшін ғалымның атағы, оның кең танымалдығы басты мәселе емес, оның шындыққа жақындығы ғана қызықтырған. Ол «Үш анықта» бірде-бір автордың ығына жығылып, оның насихатшысына айналмаған. Шәкәрім сыншыл. Ол адамзаттың сонау Пифагор дәуірінен адасқандарына еш күмән келтірмейді. Біздің атақты деп жүргендеріміздің дені адасушылар. Біразы адасып жүріп жол табушылар, ал бір парасы адамзатты одан әрі адастырушылар. Білемін деп білмей сөйлеушілер, түсінемін деп түсініксіз кітап жазушылар. Жаратушының алғашқы білімін қиратушылар. Ақылдымын дегендер менмендікке салынып, адамзаттың алдағы замандарда ашар есіктерін жаптырушылар.

Шәкәрім осылардың бәрін білім, өзінің сау ақылына салып саралаған, сөйтіп өзінің кемел түйінін – «Үш анықты» баян еткен.

Неге Шәкәрім еңбегін «Үш анық» деп атаған. Сонда «анық» дегеніміз не? 

ХІХ жүз жылдықтың аяқ шенінде дүние өздігінен, жаратушы ие жоқ деген жол тұйыққа тірелді. Сол кезде позитивизм деген ағым пайда болды. 

Оның қалыптасуы негізінен француз Огюст Контқа қатысты айтылады, ол метафизиканы сынға алған. Ол кезде метафизика деп философияны айтатын. Конт позитивистік түйіндерді алты ғылымнан: математика, астрономия, физика, химия, биология және социологиядан тапты. Позитивизм кейінірек тарам-тарам болып бүгінге дейін жеткен. Шәкәрім осы позитивизм ағымымен таныс. 

Шәкәрім айтады: «Огюст Конт позитивизм (шын анық) деген бір жол шығарды. Оның қорытындысы мынау: көзіміз көріп, өзге сезімімізбен әбден анықталмаған һәм жаралыс жолы физика ғылымымен тексеріліп, шындығына көзіміз жетпеген нәрсеге әуре болмайық деген».

Шәкәрім позитивизмді қазақшаға «анық» деп аударған. Ұтымды аударма. Сонда не анық? Көзбен көріп, қолмен ұстап, құлақпен естіген анық па, әлде анық сыры өзгерісте ме? Өзгеріс анық, бірақ көзбен көріп тұрғаның анық па? Шәкәрім Контты сынайды: «Адамда жаралыс жолынан жоғары бір қуат барлығын сезетіндік бар болғандықтан, күн сайын бұрын сыры білінбеген нәрсе табылып, бұрын тіпті мүмкін емес дегендеріміз әншейін дағдылы нәрсе болып, оны күнде пайдаланып отырғандықтан, ол Конттың сөзіндей сөздер адамды жаралыс жолынан жоғары қуатты ойланудан тоқтата алмайды». 

Анық деген – жол таңдау. Адамзат адамдар жүретін жолда ма? Позитивистер адамзаттың адасуын айтуда. Өздерін анық жол көрсетушілер деп түсінген сыңайлы. Сондықтан олар «анықты» білушілерміз деген. Шәкәрім бұл оймен келіспейді. Ол «Қай жолдасың, айтшы сен?» деп басталатын өлеңінде «Өмір деген – ұйқы ғой, түс көргізбей қоя ма?» деген. 

Ұйықтап жүріп түс көргендер соны «анық» деуде. Бұл Шәкәрім сыны. Келіспесек, ояу жүргенімізді дәлелдеп көрейік. Ояу болсақ, неліктен ойсыздыққа жол береміз. Неліктен көпе-көрінеу теріс жолға түсеміз. Сонда ұйықтап өмір сүргеннен, ұйықтап жатып түс көргеніміз «анық» болғаны ма? Шәкәрім «анық» мәселесін мүлдем күрделендіріп жіберген. Ойласақ солай, ойламасақ бәрі көрген түстей ап-анық. 

Шәкәрім «анық» дегенді анықтай алмай қиналған, ол жоғарыда келтірген мәтінде «...ұйқыдағымыз, ояуымыз бірдей» – деген. Анықтың қолға ұстатпайтын шындық екеніне Шәкәрім грек ойшылы Платонның Үңгір философиясына сүйене айтқаны бар. 

«Баяғы Платон деген білгіш өзінің «Республика» деген кітабында Троглодит деген адамдар болыпты деп былай мысалдайды. Олар зындан сияқты бір қараңғы үңгірде өскен, өмірінде жарық көрмеген. Соның бірі әлдеқалай кез болып, үңгірдің аузын бекіткен есікке қақтығып, есік ашылып, тысқа шыққан. Басында көзі шағылысып түк көрмесе де, үйрене келе күнді, ағашты, суды, шөпті, тауды көріп қуанып, тамашалап, жолдастарына келіп айтса, мынау жынданған екен деп күлкі қылыпты. Әлгі байғұс анық көрген табиғат қасиеттерін айтпай тұра алмай, шын дей берген соң, аналар оны ұрып-соғып қойғызбақшы болады. Бірақ оларды сөгуге де болмайды. Себебі өмірінде ондайды көрген жоқ. Не барып олар да тексеріп көрген жоқ. Өйтіп сынап қараса, ана байғұсты сөкпес те еді. Сондықтан біз өмірімізде көргеніміз жоқ, ондайды білмейміз, біз білмеген соң ол айтқаның жоқ нәрсе дейді де қояды. Оған лажың не?» 

Шәкәрім заманында философ, ойшыл, данышпан дегендер дүние туралы айтқандары бұлдырлай берді. Түсінікті-ау дегендерді терістеп түсініксіздікке айналдыра бастаған философтар қалыптасты. Ақыл сенбейтін сөздер көбейді. Осы жағдайда позитивизм ағымы қоғамдық талқыға түсе бастады. Оның объективтік негізі Батыс Еуропада нарық және нарықтық қатынастар нығая бастауында еді. Нарыққа дерексіз философияның қажеті шамалы. Америка Құрама Штаттары өңірінде позитивизмнің өзге түрі «прагматизм» өмірге келіп, күш алды. 

Қара сөзбен жазған «Үш анық» толымды, мағынасы терең шығарма. Қазақ ғылымында мұндай шығарма Шәкәрімге дейін жазылмаған. Әрине, есімізге хакім Абайдың қара сөздері, әсіресе отыз сегізінші сөзі оралады. Шәкәрімнің «Үш анығының» ерекшелігі, ол өзі ғұмыр кешіп отырған замандағы ғылымның, техниканың, философияның, діни, өзге де қоғамдық ғылымға қатысты ілім, теория, жаңалық деректерді және иррационалдық: спиритизм, телепатия, т.б. сол кезде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтар сияқты қап­таған ақпараттарды талқыға салған. Осылардың анық-қанығына толыққанды шолу жасаған.

Шәкәрім «Үш анықта» саясат жағына бармай-ақ анықтың ғылымдық, дүниетанымдық, философиялық мәселелеріне талдау жасаған. Шәкәрім ғылымға арқа сүйеген. Ол заманда атом бөлініп, ғылым, техника жаңалықтары қауырт шыға бастаған кез. Нарық және нарықтық қатынастар өріс ала бастаған. Нарыққа ғылыми жаңалық, технология қажет. Яғни, ойлау жүйесі де нарыққа сай болуы – табиғи үйлесімдік. Осы халге орай, Батыс Еуропада позитивистік идеялар өріс ала бастады. Қазақшалап айтсақ, олар анық идеялар, бірақ дүниетанымдық, философиялық жағы қалай болмақ дегенге Шәкәрім жауап іздеп, анық деген тек физикалық нәрселер емес, анық деген ой анығы деген. Огюст Конттың позитивизмі (анығы) Шәкәрім, сау ақылына келмейтін, сыймайтын жай екен. 

Бірінші анық

Бірінші анық Жаратушы білімі. Шәкәрім мәселені мұнымен аяқтамайды. Ол Жаратылыстың мазмұны туралы айтқан. 

Егер себепсіз бар болған Атом немесе Нұр десек, олар қозғалыста. Ал қозғалыстың өлшеулері бар. Осы ойды ноқталап Шәкәрім: «Өлшеулі нәрсе өзі бар болған емес», дейді. Ол қозғалыстың абсолюттігін айтып отыр. Қозғалыстың себебі – себепсіз себепте, яғни түп Жаратушыда. Ал ол түп себеп өлшене ме? «Өлшеулі нәрсе өзі бар болған емес», дейді Шәкәрім. Олай болса, өлшеусіз нәрсенің бар болғанын қалай білмекпіз. Өлшеусіз нәрсені ғылымда абсолют дейді. 

Түп себептің өлшеуі жоқ. Ол Жаратушы білімі. Жаратушының өзі де абсолют, Жаратушының білімі де абсолют. Хакім Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегеніндей. 

Жаратушы абсолют – онтология. Жаратушы білімі де абсолют (гносеология). Шартты түрде осылай бейнелеуге болады. Негізінде Жаратушы да, оның білімі де – тұтас абсолют.

Жаратушы білімнің себебі өзінде, ол еш нәрсемен өлшенбейді, құпия, сыр.

Алла тағала – абсолют. Негізінде «тағала» деген абсолют деген мағына береді. Шәкәрім Абсолютті өлшенбейтін, өлшеуі жоқ нәрсе деген.

Шәкәрім бірінші анық Абсолют – Жаратушы дегенмен ойын аяқтамаған. Ол Абсолютті – субстанция десе, оның акциденцияларын атап өткен, олар: өлшеусіз Құдірет оны ғылым тілінде – онтология деуге болар;

Өлшеусіз білім (Алла тағала білімі бізге беймәлім), оны ғылым тілінде гносео­логия деңіз.

Өлшеусіз шеберлік, оны ғылым тілінде гармония деңіз. Хакім Абайдың «Безендірген жер жүзін Тәңірім шебер» дегені осы жағдайға саяды. 

Қорыта айтсақ, бірінші анық – Абсолют. Жаратушы (Алла тағала).

Абсолютті – субстанция десек, оның акциденциялары: 

– өлшеусіз құдірет
– өлшеусіз білім
– өлшеусіз шеберлік

Демек, бірінші анық Жаратушының білімі, құдіреті, шеберлігі. Бұл үшеуінің өлшеуі жоқ, олар Абсолюттің акциденциялары. 

Екінші анық

Жан туралы. Адамзат тарихында жан мәселесімен айналыспаған, пікір айтпаған ғұлама жоқ. Жан туралы айтылған, жазылғандарда есеп жоқ.

Шәкәрім жанды былайша түсіндірген. Әуелі бар болған жан ешқайда жоғалып кетпек емес, ол барлықтың ішінде жүре бермек. Жан әр түрге түсуі мүмкін, бірақ жоғалмайды. Мысалы, дейді ол: «Инстинкт – сезімді жан, сознание – аңғарлық жан. Мысль – ойлайтын жан, ум – ақылды жан дегендей әртүрлі қасиеттері болады».

Ойланайық. Шәкәрім алдымен Жанды денеге қатысты айтты. Жарайды. Келістік. Бірақ бұл өте үлкен даулы мәселе екенін ескерте кетелік. 
Бұдан әрі Шәкәрім Жанды ақылмен қоса өрбіте баяндап, пікір айтуда. Ол кісі жанның нәпсіге қатысты жағын айтпаған. Ол мәселені, әзірше қоя тұралық.

Сезімтал жан – инстинкт. Бұған талас жоқ. Ол адамға дейінгі (тіптен, кейде адам баласына да қатысты – Ғ.Е.) жандылар әлеміне тікелей қатысты жағдай. 

Шәкәрім «сознание» дейді, оны біз «сана» дейміз, оның Жанға қатысы күрделі. Сана – жан туралы түсінік, сонымен бірге жанның құпиясын жабушы. Мен солай ойлаймын. Саналы жан түсінеді, бірақ, шын мәнінде, бәрін санаға салса, айнала дүние – тұйық түсініксіз, әншейін құмырсқа – тіршілік. 

Келесіні Шәкәрім «Мысль» дейді, ол ой, ойлау. Ойлаушы жан азап әлемінің есігін ашушы. Ой, ойлау әлем құпиясына саяхат. Нағыз азапты жан. Себебі бәрі түсініксіз, бәрі құпия. Содан үміт, қиял, армандар өсіп-өніп шыққан.

Ойшылдық «ум» – ақылды жан дегені Жанның адамға қызметі. Шәкәрім: «толық, терең ақыл адамнан шығады. Бірақ сол адам да табиғаттан шебер емес». Тамаша ой!

Шәкәрім жанның мәңгілігі деген мәселені өлімге қатысты түсіндіріп көрген. Тыңдайық, ол кісі не деген екен. «Мен жан жоқ, өлген соң өмір жоқ дегенге таңғаламын. Оларға мұндай сөзді қандай ой айтқызып отыр екен? Осы кезде жанның барлығына, өлген соң да жоғалмайтынына күндей жарық дәлелдер табылып тұрса да, нанып қалған, әдет алған шатақ діннен шыға алмаған молдаларша қатып қалу – ақыл ісі ме? Бір адам жанының өлген соң да жоғалмай, мұнан таза, жоғары болатынын ақылымен қабылдап нанса және бір адам жан өлген соң біржолата жоғалады деп таныса, осы екеуі өлерде есі дұрыс болып, өлерін біліп өлсе, екеуі не жаймен өледі? Әрине жанның өлген соң тазарып, жоғарылайтынына нанған кісі қуанышта болып, жоғалуына нанған кісі өкініште болып, біржола жоғалдым-ау деп өлсе керек».

Жан мәңгілігін қабыл алмағандар дүниеден аса бір қиналыспен өтеді. Жанның мәңгілігі деген иман мәселесіне тірелді. Осыдан әрі Шәкәрім үшінші аныққа ауысады. 

Үшінші анық

Шәкәрім пайымдауынша, жанның екі өмірдегі азығы ұждан-совесть. Күрделі мәселе. Шәкәрімді тыңдалық, ол «Адамдығы нысап, әділет, мейірім үшеуін қосып айтқанда, мұсылманша ұждан, орысша совесть бар». Ұждан араб сөзі, ол мұсылмандық түсінік. Оның құрылымы ақын айтуынша нысап (қанағат деуге болады – Ғ.Е.), әділет, мейірім. Негізінде бұл жердегі басты ұғым – әділет, қалған екеуі оны айқындаушалыр.

Абай да, Шәкәрімнің өздері де ар деген ұғым қолданады. Ар білімі дегенді Шәкәрім айтқан деп жүрміз. Ұждан деген мұсылмандық түсінік. Ар білімі дегенде ұждан, нысап, әділет, мейірім дегендер Ар білімі құрылымдары. Шәкәрім ілгеріде өзі айтып жүрген Ардың орнына неге Ұжданды айтты десек, сірә, ол араб тіліндегі оқыған көп кітаптарының ықпалы болса керек. 

Сондықтан үшінші анықты жанның екі дүниеге азығы болатын Ар білімі десек, артық емес. Мұқият оқыған адам «Үш анықта» ар білімі туралы айтылып отырғаны белгілі болмақ. Бірінші анық Алла тағаланың алғашқы білімі (Алла тағала білімі – Ғ.Е.) болса, екінші анық жанның мәңгілігі туралы пайым, үшінші анық – ар білімі.

Шәкәрім «Мен сол ұждан, совесть (Ар деп түсіне беріңіз – Ғ.Е.) қайдан шығып тұр десем, оған жауап жоқ сияқты» дейді. Жауап бар. Жанды қиянатқа жұмсайтын нәпсі. Шәкәрімнің өзі айтқан нәпсі қиянатты жастанып жатыр деп. Жан қиянатқа ұшыраса, оның арашасы – Ар. Бұл екі дүниеде қатысты сөз. 

Нәпсі жанды қинағанда, күнәлі бол­ғанда «ар соты» деген болады. Мұны жалғанның ісі десек, бақида қалай болмақ, Шәкәрім пайымында ар соты о дүниеде болмақ. Пенде Жаратушысына жауап бермек, пенде қойылатын сауалдарға даяр болмақ. Олай болса, бұл жалғанда пенденің жүретін бір ғана жолы бар, ол мұсылмандық жолы дейді Шәкәрім. Данышпанның өзін тыңдалық: «Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол осы мұсылман жолы сияқты».

Осы тезиске талас бар ма, әрине пікірлер болар, бірақ адам атаулы бір бауыр деп түсінуден биік ұғым бар ма?!

Шәкәрімнің үш анығы мұсылман­дық жолға бастамақ. Ол адамзатты бауыр ететін ізгілік жолы. Осы жолды қабылдағандар адаса ма, әлде адамзатты тура жолға сала ма?

Ол үшін Алла тағала білімін анық деу, жан мәңгілігін мойындау және оның екі дүниедегі азығы Ар білімін үйрену керек.
Бұл әр Зиялының көңіл қалауына ұсынылатын Шәкәрім пайымдауы.

Ғарифолла Есім,

академик

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

18.09.2018

Головкин мен Альварестің үшінші жекпе-жегі болуы мүмкін бе? (ВИДЕО)

18.09.2018

11 жылдан кейін қайталанған тарихи кездесу

18.09.2018

Мемлекет басшысы қосарланған салықты болдырмайтын Өзбекстанмен арадағы келісімге өзгерістер енгізді

18.09.2018

Елбасы Байқоңыр тұрғындарына медициналық көмек көрсету заңына енгізілген өзгерістерге қол қойды

18.09.2018

Студент жастардың жатақхана мәселесі шешілуде

18.09.2018

Батыс Қазақстан облысында Мемлекеттік қызмет мектебі ашылды

18.09.2018

Жеңімпаздар әлем чемпионатына барады

18.09.2018

«Астана» 4 қазан күні өз алаңында Францияның «Ренн» клубымен ойнайды

18.09.2018

Атырауға алғаш рет Елбасының көшпелі көрмесі келді

18.09.2018

Қостанай облысының оңтүстік өңірі егін орағын аяқтап келеді

18.09.2018

Бауыржан Қарағызұлы Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі болып тағайындалды

18.09.2018

Ақмола облысында 61 ІТ сыныбы ашылды

18.09.2018

Әлихан Смайылов Қаржы министрі болып тағайындалды

18.09.2018

«Адырна» республикалық әдеби-көркем ұлттық журналы аламан бәйге жариялады

18.09.2018

Статусты сәйкестендіру керек

18.09.2018

Қостанай облысында адасқан тырна аңшылық шаруашылығына тапсырылды

18.09.2018

Ақмола облысында 2870 орынды қамтитын 11 жатақхана салу жоспарлануда

18.09.2018

Әулиеата аймағында туризмді дамытудың нақты жоспары жасалды

18.09.2018

Құрылыс компаниялары қызығушылық танытуда

18.09.2018

Елімізде жұмыспен қамтылған жастардың саны - 2,1 млн адамды құрайды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Ермухамед Мәулен, «Егемен Қазақстан»

Boljam aıtyp baıyǵandar

Sport bızneske aınalǵaly qashan. Árıne bul sózben qazir eshkim daýlasa almaıdy. Álemdegi eń baı adamdar sportshylar ekeni anyq. Alaıda osy sport bıznesi salasynda alaıaqtyq ta joq emes. Ásirese bás tigip aqsha tabatyndar men qandaı báske qoıý kerektigin usynatyndardan aıaq alyp júre almaısyz. Keńes beretin keń­seler men aqyl aıtyp otyratyn saıttar qap­tady. Aldaǵy ýaqytta alaıaqtardyń arbaýyna túspes úshin bul júıeniń qalaı áreket etetinin aıtyp óteıin. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Naǵyz Báıterek

Qazirgi baspasóz betterinde, buqaralyq aqparat quraldarynda «Báıterek» degen sóz teńeý retinde kóbinese qoǵamǵa eńbegi sińgen nemese ómir jolynda jeke basy jaqsy tabystarǵa jetken, sodan halyqtyń kózine túsken adamdarǵa qatysty qoldanylyp júr. Durys-aq. Ondaı adamdardyń eńbegi halyq ıgiligine jarap jatsa, sol ıgilikten kóptegen adamdar nár alyp, turmysyn jaqsartsa nemese sol adamnan úlgi alý arqyly urpaǵyna durys tárbıe, baǵyt-baǵdar berse, tipti basqany bylaı qoıǵanda, et jaqyn týystary, aýyldastary sonyń saıasynan pana taýyp, sol arqyly ómirin durys arnada jalǵastyryp jatsa, nege qoldanbasqa. Rasynda da, mundaı adamdar «Báıterek» degen atqa ábden laıyq qoı.

Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»

Tо́relik qyzmetke tо́r qashan beriledi?

Abaı atamyz: «Burynǵy qazaq jaıyn jaqsy bilgen adamdar: «bı ekeý bolsa, daý tórteý bolady» dep aıtypty», deıdi. Rasynda, bul sózdiń ómir tájirıbesinen alynǵanyna esh kúmán joq. О́ıtkeni bul arada hakim bıdiń sany emes, sapasy daýdy azaıtatynyna mán bergeni anyq. Al endi bul búgingi kúni de elimiz aýmaǵyndaǵy tórelik qyzmet prosesinde týyndaıtyn qoǵamdyq qatynastardy sheshýde eń basty eskerer jaıt bolyp tur. Sebebi azamattyq daýlardy qaraýda qara qyldy qaq jaratyn ádil sheshimge qol jetkizý áli de arman.

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

О́mir súrý salty

BUU aqparatyna saı, áıelder arasynda eń joǵary ortasha ómir súrý uzaqtyǵy boıynsha 86,8 jaspen Japonıa aldyńǵy qatarda tursa, er adamdar arasynda 81,3 jaspen Shveısarıa birinshi orynda. Al keıbir elderde ortasha ómir súrý uzaqtyǵy tipti 60 jasqa da jetpeıdi. «Nege?» degen suraqqa túrli faktorlardy keltire otyryp jaýap berýge bolady.

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

Búgingi qazaq áıeli

Qazaq áıeli qaı zamanda da qatparly taqyryp bolǵan. Epostyq jyrlar men ertegilerde, jyraýlar poezııasynda qazaq áıeliniń, qazaq qyzynyń asqaq beınesi áspetteldi, sulýlyǵy jyrlandy, jan dúnıesiniń izgilikti qasıetteri pash etildi. Baǵzydaǵy Tumar hanym men Umaı anadan bastap qazaq tarıhy da Domalaq ana, Aıpara ana, Qyzaı ana, beridegi Bopaı hansha men uly Abaıdyń ájesi Zere syndy ardaqty esimderge kenen bolyp kelgeni belgili. Qashannan-aq halyq qasıetiniń qormaly, ulttyń uıaty áıel bolǵan.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу