Қазақ әдебиетін шетелдерде насихаттауды шығармашылығына берік ұстаным кеткен Мәлік Отарбаев бүгінде еліміз ғана емес түркі дүниесіне белгілі қаламгер. Көпшілік елей бермейтін қоғамдағы түйткілді мәселелерді қамтып жазған адами құндылықтар, руханият мазмұнындағы эсселері мен шағын әңгімелерін автор Астананың 20 жылдығына тарту еткен «Бір қайыры бар дүние» кітабына арқау етіпті. Кітапты жарыққа шығарған – «Аннұр» баспасы.
Зиялы қауым өкілдері бас қосқан рухани іс-шараны ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы жүргізіп, Мәлік Отарбаевтың қазақ қаламгерлерінің шығармаларын түркі дүниесіне танытудағы еңбектеріне тоқталды.
Ал Ұлттық кітапхананың директоры Ж.Сейдуманов жазушыға шығармашылық табыстар тілей отырып, алдағы уақытта осы руханият шаңырағында қазақ жазушылары алаңының ашылатындығы жайындағы қуанышты хабарды жеткізді.
Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімін алғашқы болып сегіз жасар Мұстафа бастады. Балдырғанның әкесі жас жазушыға кезінде есімін өзіңіз қойыңыз деп қолқалаған екен. Д.Ысқақ, Б.Шаханұлы, ана тіліміздің жанашыры А.Осман, қоғам қайраткері Ш.Беркімбаева сынды қайраткерлеріміз кітаптың лентасын қиып, жазушының шығармашылығына телегей табыстар тіледі.
Автордың жаңа туындысына орай пікірін білдірген ақын Рафаэль Ниязбеков «Бір қайыры бар дүние» кітабында жарық көрген ықшамды дүниелерде үлкен философия, мән-мағына жатқандығына тоқталды. Күнделікті тіршілікте кез келген адам елей бермейтін құнды сөздерді қаламына арқау еткен Мәлік Отарбаевтың бұл да бір ерекше қыры деп, атап өтті аға қаламгер.
«Мәліктің шығармашылығына зор құрметпен қараймын. Әрбір сөзін мазмұнды тіркестермен өріп, бес-алты сөйлемнің ішіне құнды дүниені сыйғыза білген шеберлігіне тәнті бола отырып, білікті, білімді, зерделі жазушы екендігін байқаймыз», деп бағасын берген жазушы А.Ашири автордың «Баянды бақ» пьесасы тұрғысында да аз-кем пікірін білдірді.
Ал ақын Темірхан Медетбек және жазушы Берік Шаханұлы жазушының азаматтығымен қатар кәсіби саладағы іскерлігіне тоқталды. Прозада, драматургиямен қатар аударма саласындағы шығармалары арқылы қазақ пен түркі жұртын мәдени тұрғыдан байланыстырып жүргендігін атап өтті.
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық мұражайының директоры Әділғазы Қайырбеков қазақ-түркі әдебиетінің қайнарынан қанып ішкен жас жазушының әлемдік әдебиет тәжірибесіндегі дәстүрді өз шығармашылығына арқау етіп, оқырманға жеткізуі үлкен жетістік деп бағасын берді.
Ал ақын-жазушы Нұржан Қуантайұлы жазушының түркілер тарихын жақсы меңгергендігін жеткізді. «Бір қайыры бар дүние» эсселер жинағында шығыстың көне сарындарын, Осман заманын, мұсылмандық кезеңдерді қазіргі уақытпен салыстыра отырып, ой түйіндейді. Мұндай қадамға екінің бірі бара бермейді. Мәлік Отарбаев бұл салада бесаспап маман», деп атап өтті.
Ғалым-ұстаз Шәмша Беркімбаева Мәлік Отарбаев шығармаларымен «Алматы ақшамы», «Егемен Қазақстан» газеттері арқылы да танысып отыратындығын жеткізді.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»