Әдебиет • 16 Тамыз, 2018

Сұраған Рахметұлы. Тыныштықбектің «Алқоңыры»

730 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Сұраған Рахметұлы. Тыныштықбектің «Алқоңыры»

Адамзат тарихында азуын айға білеген айбарлы ақын, ақылдылар аз болмаса керек. «...Аспанда жұл­дыз аралап, Ай нұрын ұстап мінсе де, арманын қимас адамзат...» Бұл – Бұқар жыраудың жыр бұрқағы... 

«Оқ ғасырдағы» жаңаның бәрі – адамзат арманының жұғыны. Адамзат арманы – уақыт үні. Поэзияның күллі сарыны өз үнін жаһан дүниеге жеткізу үшін жініккен тірі ақындардың тілінің кіл қимылымен ойнамалы келері мәлім-ді. Тілдің қимылы ұзақ ғұмыр кешкен. 

Тегінде поэзияны қалқып-шелкіп өтпеген дәуір, ақындар дауысын тек естіп қана өте бермеген. Ес, ақылы түзу жұрт хас ақынының үнін көкірегіне тоқыған. Тоқу – ой өрнегі. Өрнектің мың өрімінде өз-өзін жөрмеп, мәнін мәнге жеткізіп отыратын құпия қасиеттер бар. Ендеше құпия мәннің соңғы оқушысының болмауы да содан. Өркениеттер тоғысында өз боя­уын өзгерте-өзгерте өңін жойған заматтар кейпі бар. Олар көбінесе елес ретінде ғана «естілген». Мысалы, Сапфо б.э.д VІІ-VІ ғасыр­дың түрені. Көне гректердің үні. Туған жері – алақандай ғана арал. 

Алайда оның өлшемін ұлы ғұлама Сократ қана бере ал­ды. Өлмес жан... қисынын ұлас­тырған тұлға, Сапфоның бұлайша табиғатына ерекше өле берілген Сократ қана. Өң мен жанның ұлы сүгіретін ақын өлеңінен іздеген. Бір тамырдан құлап түскен екі түйір күштің бір-бірін толықтыруы жасын ғұмырдың заңы да шығар?! Ал осы қазақтың Тыныштықбегін бағалаған, оның өлшемін өзегімен тінткен ғұламалар қанша?! Әуелі, «иә» дейікші?! Ол уақыт күмбірін өлеңмен жасады... Жазды. 

Мүмкін Сапфо, иә болмаса Сократпен «шөлдейді». Кім білсін?! «...Қаңбақ күндер келмеске домалаған...» (Ауыл кеші) өлеңіндегі келісті өрімдерден тыс ойды ойға жетелейтін бағдар, сұлба туралы меңзеулер өстіп жалғаса береді. Ұласа түскен іш­­­кі қозғалыстар өлең бойынан өріп оқырманның жан дүниесіне же­теді. Ойлау қасиетіндегі тұ­тастықтың бөлініп-бөлініп жет­кізілуі, бір ізбен жікке келуінің белгісі осы. Тағы да көнегректік бірінші Зенонда «көп оқу мен аз тоқу» қисыны жүреді. Мысалы: «Дихотомия». Осы қисын бо­йынша Тыныштықбектің ішкі алгоритмдік «атомы» екіден төрт­ке, төрттен сегізге бөліне бе­­­реді. Шексіз! Бір ғана «Түнгі су­рет» қандай сызылған?! Өле­ңін­­дегі өңнің өзі өлшеусіз. «...Түн қылауын қидалап құлағымен, Осқырынып қояды құла ат ма­ған...». Бұл қозғалысты аша тү­су үшін өлеңді түгелдей зерде алаңына қотарып әкелу жөн секілді. Өлең – өте ұзақ, һәм жақын. Бояу, Өмір... өксіп өлең айтады, тыңдатады, сездіреді. Мұнда біз жалпы поэзияға көне зенондық антикөзқараспен қарайтындарға ештеңе дей алмаймыз. Ештеңе! Алайда ақын­ның тосын ойларын бөлу қа­ғи­даларына қарай икемдеп ой­лансақ жететіндей. Өлең жазатындар әуелі көктем туралы­ балаң өлеңімен сурет сыза бас­тай­ды, қиялдайды. Бұндай тәтті ғұмырды кешпегендер жоқ. Ендеше Тыныштықбектің бас­­тау – «Көктемі» мүлдем бас­қа ұғым, өңге мағына. «...Қал­пағыңды шешсеңде-ақ, бұл Маусымның, Үлгереді торғайы жұмыртқалап...». «...Құшағына қыз-самал енген сайын, Балқи түсер таулардың сүйектері...». Ғаламның шексіз қозғалысы хаһындағы ойлары тұтастанып осылай өрби түседі. Заттың пайда болуы мен жойылуы, қайта келуі... қимылдар лебі еседі. 

Поэзиялық құбылыс ретінде, иә болмаса көнеден бері ұласқан архетиптік нұсқамалар ауанын­да ерекше мән берілуге тиіс өлең – «Түс жорыған». «...тө­бе­мізде – түйе бұлт, кішкене Күн, Күні бойы қой бағып, түні бойы, Қозы иісіндей қоңырқай түс көремін...». Ақынның ми қатпарында сақтал­ған ақпараттық хабарламалар, ой-түйсігіндегі нәзік құбылыстардың әлде бір күшпен үндес келуі, оның шап-шағын өлең-роман жүйе­сіне өзінен-өзі жіктелуі керемет! Тыныш­тықбектің ұйқыдағы «ақыл-ой орталығының» таңға­жа­йып­­тары даламен шырқай келетіні осы құбылыстан белгілі. 

Кейбір сәтті шыққан физикалық ғылыми тұжырымдарда қандай бір құбылыстардың ара мәнін өзін­дік ерекшеліктерімен сал­ғас­тыру қажеттілігі айтылады.­ Кембриждегі талантты фи­зик­тердің де долбарларына сүйене отырып, болашақта аса талантты суреткердің ойынан да ірі-ірі жаңалықтар тетігі табылатынына сенеді. Өз ортасына, рухани жан дүниелердің қимыл, қозғалысына үнемі бақылау жасауға ниеттенген ақынның осынау әлеуметтік ортаның құпиясына қарайғы «рух шеруі», үздіксіз «ми шабуылын» жіберуі тегіннен тегін емес. Кезінде ағылшын ойшылы Чарльз Диккенстің машақатты қаракеті осылай басталған. Расында солай!

Машақатты жырлар теңгеру, адамшарлық ғаламының қал­тарыс, бұлтарыстарына үңілуге ақын «Қассақ аңқымасын» ұсын­ған-ды. Ол қазақ руханияты ортасына лақтырған өлеңдерімен белгілі бір зиялы ортаның пайым-парасатын түбірімен өзгерте алды. Оқырманның бір аңсары һәм бір жансусары болатыны секілді. Ақынның бейаңсары, ішкі өңі бірнеше өлеңдерімен көрінеді. Поэзияның күші, дәмі қатар сезілер тұста өнер әлемі жасай беретін сыңайда. Өлең – орта жүрген ойды толтыру, ішкі пайымның селкеуін жамау үшін тура ақын арқылы жұртқа Тәңірден берілген сый осындай болса керек. «...Қыбыр етпес аптапта сусар шілік, Тау-ұйқышыл, ит-тыныш, жусан сұлық...». «...Қара өлеңім ұшады қазбен бірге, Қарпып өтіп тұманды күз көмейін...». «...Мен жолаушы емеспін, көз жасыңмын,

Әжіміңді қуалай домалаған...». Бұл өлеңдердің түбіне жете тал­даудың қажеті шамалы. Са­на тер­белісіне ілінген барлық құбы­лыс­тың көркемдіктің зау басына шыр­қағанын көреміз. Мүмкін ХХ, ХХІ ғасыр ширегіндегі қазақ поэзиясының шырқауы көрі­нер... Мүмкін болашақтық шексіз ұш­қын. 
Қаз дауысымен қатар естілетін өлеңнің ең нәзік соңғы үні құлақ­та қалады. Шырқаудан шырқауға ұласқан, шебер шегенделген. ХХ ғасыр түгелдей Гийом Апол­ли­нерге қарайтын-ды. Бүкіл «изм» мен ағымдардың өткел аузын­д­а зар илеп өмірге келген сол ақынға француздардың рәміз­герлері түгелдей тілекші еді. Тыныштықбектің «Ажал дала­сындағы тірі тас», «Сілкініс», «Тозақта» қатарлы өлеңдерінің шебін футуризмнен іздейміз бе?! 
Сонда бізде де ерекше соны идеялар толқынын көтеріскен ақындар болғаны ма?! Ғажайып!

Тыныштықбектің өлеңдері жаңа ғасырдың идеограматикалық үн ауанына өзгеше бір леп әкелді деуге болады. Әр буын өкілдерінің өз ерекшеліктері болары рас болса, оның аса күрделі ойлары ке­лесі бірнеше буынға серпін бере алады. Өркениеттің өзгеше дауасын өлеңінің өнбойына аса шебер­лікпен кестелеп енгізе ал­ған шедевр тек өзінше жылқы ғұмыр кешіп келеді. Қоғамның аумалы-төкпелі аласапыранында бағытынан жаңылмаған, не түрлі зіл мен қызғаныштардың төпеш­теуінен өтіп келе жатқан ақын-құбылыс.

«...Тағы да ми үстінде шал­қиды Күн-қорғасын, Мендегі тірлік – осы, тылсыммен Күнде арбасу...» ақынның күнделікті пейіш әрекеті мен «тамұқи» ойының майданы осылай жалғасып жатыр. Ақынның кішкентай жүрегі, алып және сондай дарақы алағұс империялдармен осылай шайқасады. Атом қасіреті. «Дегелеңнің кеткенде миы атылып!...» Басқаға шарасыз ақын сәби даласының еңбегін жүрегімен қорғайды. «...Жүрегім – жұдырықтай бір қызыл Дән...» дейді. 

Жер дүниені қопарып арсыл­дасқан жанжалға ақын жүрегімен «оқ» атады. Адамзаттың ажалмен арпалысы, жалған сенім, өтірік уағыз, дүмшелікке қарасты жырлары өз алдына бір зауза! Киришан Чандар деген урду жазушысы бір кезде «Калу Бханги» атты қыс­қарақ әңгімесін жариялағанда күллі урдулар малақайын аспанға атып «қырылып қала жаздаған!?». 

Мұндайда Тыныштықбектің «Аңқыл ес – ІІ» (кемеңгерлік пен кещелік сыры) еске оралады. «...Жаға – жеңін өзінше жалау көрген: танымының орнына танау керген» біз оны әлі ұға қоймағандаймыз!? Сонда осы «ақынның Іңкәрінің оқылуы қалай болады?» деген ойға қаламыз. Меніңше, оны кәдімгі сахналау керек деп түйем... 

«Қазақ әдебиетінің қайта өр­леу кезеңі» деген бір түсінік қалып­таса алмай кешеуілдей беретініне таңмын. Тыныштықбек осынау бей жаттанды әрі күрделі қисынның белді өкілі, нағыз көшбасшысы. Бір кездері Ирлан­дия­да дәл осындай «жаңа сергу кезеңі» басталғанда сүлкіні түскен өлмелі қоғамның өң бетін тырнап ашуға ақын-жазушылары ғана үздіксіз шұбырып жол кешкен. Өкілі әлгі Жеймс Жойстың дәуірінде өрбіген әрқилы рухани теңселістер өмірге нағыз қайралған ақын Жойсты әкеледі. Өмірді әрлеп, әдемілеп көрсететін барлық жанрға қарсы көзқарас танытқан Жойстың күллі рухани өмірі – Тыныштықбектікімен өте ұқсас. Келісесіз бе, жоқ па, ша­руам­ жоқ! 

Сөздің ішкі ойын құбылту, ақ көңіл сенгіш әлеуметті тіпті қай­­маналандыру боз үміті, орын­­далуы мүмкін емес елес бо­­ша­лаң қиялдарын ащы сарказм арқылы кейіптеу жағынан Ты­ныштықбектің қимылы –тап-таза жаңалық. Қоғамның психологиялық дағдарысын өлең арқылы қозғау – шеберліктің шыңы, сезімтал суреткерлікке қаты­сы бар іс. В.В.Набоковтың «Талант» жинағына енген кіжін­ген шығармалары, ешкімге ұқса­май­тын мазасыз пайымы секілді бүгінгі қоғамның санасын жылдам өзгертіп жіберетін желісімен үндес, ымдас деседе болатындай. 

«Әй, аңғалай,
Жұлдызданған Шексіздіктен
нені ұқтың?
Менің жазу дәптерім мен
сендегі әсем көріктің
Төбесінен Күн шығарып
қойған екен бір Мықтың!
Көбелектің өрнектелген
қанатындай тірліктің
Көкейдегі лыпып тұрған
көлеңкесіндей боп жамалы,
Осы мына қызыл Күз бен 
жасыл Күннің обалын
Хрустальдай қырлап көру-көз
арманы пенденің...»

Тегінде осы тақылеттес көп хаостың шегінде адамзаттық жал­пы­сақаулық дағдарысқа «тіл» бітір­гендей болады. «Транс» атты бір өлеңінде де: 
«...Айтшы, күнім 
 Итке айналу қиын ба?
 Итарқаның елесі жүр
Миымда... – деп тосын ой түйеді. Егер әлемдік әдебиеттің бір парағын дұрыс жағынан ауда­рыстыра алмаған кейбір жанға өлеңнің ішкі дауысы басқаша естіліп, бөгделіктің бір «иісі» сезілері де мүмкін. Осындай тақы­рыптан мүлдемге шошынатын­дар да табылуы ғажап емес. Тыныш­тықбектің «Ақшам хаттарынан» кейінгі көп өлеңі әуезді, лебізді, сазды емес десек қалай көресіз?

Ақын беталды сырт пішін­ қуа­ла­майды. Сыншыл реа­лизм­шілдер оның сұрықсыз бейнесіне қарай баға беріп қалуы мүмкін. Бірақ ықшамдылық тарапына қарай келер болсақ, Тыныштықбектің өлеңдері сондай жинақы, кіді. Қазірге дейін сананың өресіздігіне қарай тартқан әуелгі басты сарыны, нақышты іздері – соны. Саз тілінде оны leitmotiv деп атайды. Ал қаз «тілінде» – қаңқыл! Сарыны ерекше естілер жырдың ішкі қуатына қарап болашақта әлде бір ақындар өзгеше бой түзеп келуі заңды құбылыс. Өлшем мен бір үлгіге бағынбайтын өз пайымының өзіндік сұлбасы қалыптасқан ақынды әлі де көп жүрексінбей талдауымыз керек секілді. Бір ақынға аздық ет­пей­тін ұшы-қиырсыз көңіл күй кеңіс­тігінде шеңбер сызу оңай шаруа емес. Рухани жауапкершілікте ойсырап тұрған кеңістіктің орнын жамауда ол шын пейілімен жүгіреді. «...Сенбеңдер, не, се­ніңдер, айтқаным жоқ асылық, Сол күні Мен түс көрдім: ...Өліп қап­пын асылып...» (Себеп).

Жан, өлім, рух, қан секілді түрлі күңгірт өлеңдерді мына ғалам­да Тыныштықбек қана жа­зып жүр десек, артық болар. Аме­­ри­калық Уильям Карлос Уильямс: ­«...жүзіп өткен кеменің тү­ті­­нін­дей иірліп...» деп өте қы­зық жырлар жазған ақын-ды. Соны­­сымен ерекше бағаланды да. 
Ал қазақ ақыны Тыныштық­бектің нақты бағасын ешқашан есінен жаңылмаған ұлы халқы бар, солар берер-ді. 

Сұраған Рахметұлы