Бизнес • 16 Тамыз, 2018

Маңғыстаудың мақсаты – мұнайсыз даму жолымен көркейе түсу

443 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Маңғыстаудың мақсаты – мұнайсыз даму жолымен көркейе түсу

Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес империясы  күйреп, Қазақстан ата-бабаларымыз армандаған азаттыққа қол жеткізгенімен, экономикасы құлдырап, ауыр дағдарысқа тап болған алмағайып кезеңде елімізді көтеруді  батыс өңірлердің мұнай кеніштерін барынша игеріп, халық игілігіне жаратудан бастағаны мәлім. «Елбасы әуелі Атырау мен Маңғыстауды көтерді, ал Атырау мен Маңғыстау Қазақстанды көтерді» деген сөздің жаны бар.

Мемлекет қазынасының қаржы «доноры» саналатын екі облыста өндірілетін «қара алтынның» пайдасын, әрине жерасты байлығын ерен еңбекпен сыртқа шығарып, саудаға салып отырған сол өңірлердің тұрғындары көбірек көрсе, оларға қызғанышпен қараудың да қисыны жоқ, мұны әлеуметтік әділдік деп түсінген жөн. Былтыр Атырауға барған іссапарымызда осыған көз жеткізіп оралғанбыз. Мысалы, өткен жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы барлық өңір сияқты, Атырау облысына да 4 көппәтерлі тұрғын үй салуға  республикалық бюджеттен қыруар қаржы бөлінген. «Жыртықтарын жамауға» мемлекеттен субвенция алып отырған кейбір өңірлер сол қаржыны місе тұтқан болса, атыраулықтар жергілікті бюджеттен тағы 10 көппәтерлі тұрғын үй салуға қаражат бөліп, кейін орта мектебі мен балабақшасы да бой көтеретін тұтас бір шағын ауданның құрылысын бастап кеткендігін көріп қызыға қарадық. Атырау өңіріндегі облыстық бюджет қаржысы есебінен күтіп-ұсталатын жергілікті маңыздағы жолдардың сапасы республикалық маңыздағы жолдардан әлдеқайда жақсы екендігін де аңғарып тағы бір сүйсіндік.

Маңғыстау облысының әлеуметтік-эко­номикалық даму деңгейі көршілес Атырау өңірінен еш кем түспейді. Маңғыстаулықтар, әсіресе биылдан бері барлық көрсеткіш бо­йынша көш түзеп, тұрғын үй салудан Астана мен Алматы қалаларынан кейінгі орынды еншілеп отыр. 

Алайда Пір Бекет ата бастаған үш жүз алпыс екі әулиенің мәңгілік мекені – киелі Маңғыстау облысының бес ауданы мен екі қаласын он күн бойы аралаған уақытта «қара алтынның» құны түсіп қана қоймай, қоры да шамаланып қалғандығын жалпы мұнаймен байланысты өңір болашағының бұлыңғыр екендігіне көзіміз жетті. Тіпті «мұнай дәуірі» дүрілдеп тұрған кезде жұмыскерлеріне мол жалақы төлеп келгендіктен, оны әлемдік нарықта «қара алтын» бағасының төмендеуі себепті кемітуге бармаған «Өзенмұнайгаз» компаниясы қазіргі уақытта шаш-етек­тен шығынға батып, жыл сайын өз құрыл­тайшысы – «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясынан 19 миллиард теңгедей дотация алып отырған болып шықты. Осыған орай мұнда «5 – 50» әлеуметтік жобасы іске асырылу үстінде екен. Оның мәнісі мынада: мұнайшылық жұмысынан өз еркімен босаған әр жұмыскерге 5 жылдық табысының 50 проценті, яғни 2,5 жылдық жалақысы төленеді. Бұған келіскендердің ішінде зейнет жасына жақындап, ауыр жұмыстан алқынып жүрген азаматтар да, отыз-қырықтың ішін­дегі қылшылдап тұрған жігіттер де бар. Бұл бастамаға көзқарас та әртүрлі. Сай­лаушылармен болған кездесулердің біріне қатысқан кейбір кәсіподақ белсенділері бұл жобаны қолдамайтындықтарын білдірді. Ал облыс әкімі Ералы Тоғжановпен кездесіп, осы жайлы көзқарасын сұрағанымызда ол: «Мен мұнайдың болашағы бұлдыр екендігін ескеріп, «5 – 50» жобасын қолдап отырмын. Өйткені бірден екі жарым жылдық қомақты жалақысын алып, өзінің жеке кәсібін ашып жатқан бұрынғы мұнайшылар аз емес. Тағы бір айта кететін жайт, осы жобаға қатысушылардың ішінен бірде-бір адам: «Азаматтық құқығым бұзылды» деп облыс әкімдігіне шағым түсірген жоқ»,  деп кесімді пікірін білдірді.

Дегенмен бұл ретте ойланарлық мәселе де бар. Себебі 2,5 жылдық жалақысын бір­ден қалтасына басып қана қоймай, зейнетақы қорындағы жеке шотына тиесілі төлемі де аударылған бұрынғы мұнай­шылардың бір бөлігі іле Жұмыспен қамту орталықтарына барып, жұмыссыз болып тіркеліп, мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы алып жүр екен. Сондықтан да «Екі жарым жылдық жалақысын күні бұрын ала тұра, олардың жұмыссыздар қатарын жасанды түрде көбейтетіндігі қалай?» деген орынды пікір туғызатын сауал туындап тұр. Яғни «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасы төрағасының бұйрығына сәйкес іске асырылып жатқан «5 – 50» әлеуметтік жобасын тағы бір пысықтап, жетілдіру һәм оны Үкіметтің арнайы қаулысын қабылдау немесе қолданыстағы заңнамаға тиісті түзету енгізу арқылы заңдастыру қажет сияқты.

Елбасының алдағы уақытта экономиканы дамытуда мұнайға иек артпай, шағын және орта кәсіпкерлікті кеңінен өрістету қажеттігі жөніндегі тапсырмасын Маңғыстау облысының басшылығы жан-жақты ойлас­тырып, қолда бар мүмкіндікті ұтымды пайдалана отырып, жаңашылдықпен іске асыру үстінде. Бұған өзге өңірлердің ешқайсысында жоқ «Нұр – Капитал» бағдарламасы қолға алынғандығы айғақ. Аталған бағдарлама бо­йынша өзінің жеке кәсібін ашам деушілерге небәрі 1 проценттік мөлшерлемемен 7 жылға 30 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Жыл басынан бері 110 маңғыстаулық өздері ұсынған бизнес-жобаларын тиісті комиссия отырыстарында сәтті қорғап, жеңілдікті несиеге қол жеткізгелі отыр.

Бұған қатысты өңір басшысы Е.Тоғжанов та ірі мұнай компаниялары мен шаруашылық құрылымдарының осыған дейін әлеуметтік саланы қолдауға бөліп келген қыруар қаржысының ендігі уақытта өңірдегі шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталатындығын атап өтті. «Соңғы кезде әлеуметтік сала­ның бюджеттен жеткілікті көлемде қаржылан­дырылып отырғандығын ескердік. «Нұр – Капитал» қорына қазірдің өзінде 2 миллиард теңгеден астам қаражат жинадық. Бұл сома жылдан-жылға көбейе беретін болады», дейді облыс әкімі. 

«Нұр-Капитал» өңірлік бағдарламасы бо­йынша алғашқы болып несие алған кәсіпкер Асхатжан Ибраев өзінің Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов ауылында орналасқан, сүт өнімдерін шығаратын «АsiaMilk» зауытында түйе сүтін қайта өңдеу цехын ашып, оны шетелге экспорттауға мүмкіндік алыпты. Ол бізге аталған бағдарлама жер­гілікті кәсіпкерлерге елеулі демеу болып отырғандығын ризашылықпен айтты.

«Аспанда –  Құдай, жерде – мұнай, ортасында – адай» деп мақтаныш еткен күннің өтіп бара жатқандығын ұғынып, Маңғыстауды мұнайсыз даму жолымен көркейе түсетін өңірге айналдыру мақсатын алға қойып отырған  облыс басшылығы қазіргі таңда кәсіпкерлікті кеңінен өрістетумен қатар, салық төлеуде тәртіпті барынша нығайтып, бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру, мал басын көбейту, ауыл шаруашылығын қайта өркендету бағытында біршама жұмыстарды қолға алған. Жаңаөзен қаласы мен Кендірлі кентінің маңынан жаңа ауыл шаруашылығы ауданын ашу, сондай-ақ қажетті инвестицияны тауып Ақтау және Құрық порттарын одан әрі дамыту арқылы облыстың транзиттік, көлік-логистикалық әлеуетін барынша арттыру қамы да келешек дамудың келелі кепілі екені анық. 

Маңғыстауға сапардан көңілге түйген тағы бір ойды ортаға сала кеткен жөн. «Қара алтыны» кімді болса да магниттей тарт­қан облыс тұрғындарының саны кейінгі он жыл ішінде көршілес Өзбекстан мен Түрік­менстаннан атамекендеріне үдере көшкен ағайындардың және осы өңірде дүниеге келген сәбилер санының елеулі өсуі есебінен 100 мың адамға көбейген. Мұның өзі әлемдік мұнай нарығында қалыптасқан қолайсыз жағдайға және жергілікті мұнай қорларының сарқыла бастауына байланыс­ты мұнай өндіру компаниялары адамдарды жұмысқа қабылдауға мораторий жариялауға мәжбүр болып отырған қазіргі уақытта жұмыссыздық проблемасын туындатты. Осыған орай Маңғыстау облысы Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыс­тарымен бірге Үкіметтің жұмыс күші артық өңірлердің жұмыскерлерін өз еріктерімен жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныс аудару бағдарламасына енгізілген. Алайда өткен жылы 20 маңғыстаулық отбасы ғана жұмыс күші тапшы солтүстік өңірлерге көшіп барыпты.

Осы орайда Маңғыстауға іссапарға бірге барған әріптесіміз, белгілі ғалым, заң ғылымдарының докторы Асылбек Сма­ғұлов жергілікті тұрғындармен кездесу­лерде «Атақты Абылай хан өз заманында көршілес Хиуа хандығы еліміздің оңтүстік шекарасы маңындағы ауылдарға шауып, тонаушылықпен айналысып, тынышты ала берген соң Кіші жүздің адай руынан – бір жарым мың, тама руынан бір жарым мың – барлығы үш мың батыр әрі бойдақ жігітті жинатып, оңтүстік шекараны күзетуге аттандырған екен. Олар хиуалықтардың беттерін бірнеше дүркін қайтарып, тас-талқандарын шығара түре қуып тастап, ел шетіне шапқыншылықты біржолата тоқтатқан екен. Кейін сол жақтың қыздарына үйленіп, ұрпақтары бүгінге дейін оңтүстік өлкеде бір қауым жұрт болып отыр. Ал қазір еліміздің теріскейіндегі Қызылжар секілді өңірлерімізде тұрғындар саны кеміп кеткендіктен, түгін тартса, майы шыққан құнарлы  жерлеріміздің иесіз қалу қаупі бар. Сондықтан да Маңғыстаудың бүгінгі жастары өткеннен тағылым алып, ойланса, құба-құп», деген еді тереңнен толғай. Естір құлақ болса, есті сөз-ау...

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

Қазақстанның құрметті журналисі