Саясат • 16 Тамыз, 2018

Зүлфия АМАНЖОЛОВА: Каспий конвенциясы – тұрақтылық пен орнықты даму кепілі

447 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл 12 тамызда Ақтау қаласында Каспий маңы мемлекеттерінің Бесінші саммиті өтіп, онда теңіздің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға қол қойылғаны белгілі. Бейресми түрде «Каспий конституциясы» деп аталған бұл құжаттың ерекшелігі, мән-маңызы жөнінде шетелдік және отандық сарапшылар, саясаткерлер өз пікірлері мен көзқарастарын білдіруде. Осы орайда біз Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Зүлфия Аманжоловаға аталған Ақтау саммитінің қорытындысына қатысты сұрақтар қойған едік.

Зүлфия АМАНЖОЛОВА: Каспий конвенциясы – тұрақтылық пен орнықты даму кепілі

– Зүлфия Алтайқызы, Каспий теңі­зінің құқықтық мәртебесін нақтылаған конвенцияның басты ерекшелігі, маңызы туралы пікіріңіз қандай?

– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бесінші Каспий саммитінің қорытындысы бо­йынша бұқаралық ақпарат құралдары үшін жасаған мәлімдемесінде Конвен­ция­ны «Каспий конституциясы» деп атады. Бұл құжат жағалау мем­ле­кеттері үшін ынтымақтастықтың барлық салаларында өз қатынастарын орнатуға негіз қалаушы құжат болып табылады.

Конвенция Каспий теңізінің суы, түбі, табиғи ресурстары және оның үстін­дегі әуе кеңістігін қоса алғанда, оны пай­да­лануға қатысты жағалау мем­лекеттерінің құқықтары мен міндет­те­мелеріне байланысты барлық мәселелер кешенін реттейді.

Су айдынын шектеу мәселелері айқындалды. 15 теңіздік миліне енетін аумақтық сулар белгіленді. Олардың сыртқы шекаралары мемлекеттік шекаралар мәртебесін алады. 10 мильдік балық аулау аймақтары аумақтық сулармен іргелес болып, онда әр мемлекеттің балық аулауға айрықша құқығы бар. Балық аулау келісілген ұлттық квоталар негізінде жүзеге асырылады. Балық аулау аймағынан тыс ортақ су аймағы сақталады. Жағалау елдерінің тулары астында жүретін кемелерге теңіздің мемлекеттік шекарасынан тыс жүзу еркіндігі беріледі.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның ережелерін жүзеге асыру мақсатында президенттер сыртқы істер министрліктеріне нақты міндеттерді қоюға уағдаласты. Сыртқы істер министрліктеріне Каспий теңізі мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі жұмыс тобын құру тапсырылды. Бұл топтың жақын арадағы міндеті Каспий теңізіндегі тікелей бастапқы сызықтарын орнату әдістемесі туралы келісімді пысықтау және келісу болып табылады.

Мемлекеттер басшылары, сондай-ақ Каспий теңізіндегі сенім шаралары туралы келісімді пысықтау қажеттілігі туралы келісті. Бұл келісім аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты, орнықты дамуды қамтамасыз етудің ортақ мақсаттарына қызмет етуі тиіс.

Каспий жағалауы елдерінің прези­дент­тері жағалау мемлекеттері келіссөз­дер топтарының алдына Каспий теңізі био­­логиялық ресурстарының заңсыз кәсі­біне қарсы күреске бағытталған Келі­сім бо­йын­ша жұмысты аяқтау туралы міндет қойды.

Саммит барысында қол қойылған маңызды құжаттар арасында Каспий жағалауының мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы, сондай-ақ Көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерді атап кетуге болады.

Сонымен қатар мемлекеттік шекарамызды аумақтың тегіс периметрі шегінде айқындап алғанымыз Қазақстан үшін маңызды жайт болып табылады, яғни Конвенцияға қол қойылғанға дейін Қазақстанның құрлықтық шекаралары заңды түрде ресімделген болса, енді Кон­вен­ция Қазақстанға өз егемендігінің шегін те­ңізде де анықтауға мүмкіндік береді.

Біздің еліміз ашық теңіздерге және Дүниежүзілік мұхитқа қол жеткізе алмайтын ішкіқұрлықтық мемлекет. 1982 жылғы Ішкіқұрлықтық мемлекеттердің транзиттік саудасы туралы конвенциясы және 1965 жылғы теңіз құқығы жөніндегі БҰҰ конвенциясы сияқты халықаралық әмбебап құжаттар арқылы ішкіқұрлықтық мемлекеттердің Дүниежүзілік мұхит және ашық теңіздерге еркін транзит жасау құқығы анықталады. Каспий теңізінің жағалауында орналасқан барлық елдер осы конвенциялардың қатысушылары болып табылмағандықтан, бізге Дүние­жүзілік мұхитқа қол жеткізу құқығын бекіту қажет болды.

Біз, яғни барлық жағалау мем­ле­кеттері ашық теңіздер мен дүниежүзілік мұхитқа Каспий теңізінен және кері қарай бір-бірінің аумағы арқылы транзит еркіндігі бойынша келісімге қол жет­кізе алдық. Су асты кабельдері мен ма­гистральды құбырлар маршруты өтетін мемлекеттермен келісім бойынша осы елдер аумақтарында мұндай кабель­дер мен құбырларды Каспий теңізі­нің түбінде салу мүмкіндігі әлемдік нарық­тарға көмірсутегін жеткізу жолдарын әртараптандыру үшін ауқымды перспективаларға жол ашады.

– Каспий теңізінің жер қойнауын пайдалану үшін теңіздің түбін шектеу мәселесі көпшілікті толғандырып отырған жайттардың бірі. Бұл мәселе қалай реттеледі?

– Қабылданған құжатқа сәйкес, әрбір мемлекет жер қойнауын пайдалану бо­йынша егемендік құқықтарын өзінің түптік секторы шекараларында жү­зеге асырады. Мұнда егжей-тегжей­лі түсініктеме беру қажет, себебі Қазақ­стан бұл бағытта көрші елдермен айтар­лықтай жұмыс атқарды. Қазіргі таңда Кас­пийдің солтүстік және орталық бөлі­гіндегі түбі мен қойнауы шектелген. Қазақстан Ресеймен тиісті Келісімді 1998 жылы, ал оған тіркелген Хаттаманы 2002 жылы бекітті. Қазақстан мен Әзер­байжан арасындағы теңіз түбінің шектеуі 2001 жылғы Келiсiмде және 2003 жылғы оған тіркелген Хаттамада белгі­лен­ген. Сонымен қатар 2003 жылы қол қойыл­ған Каспий теңізі түбінің шектес учаске­лерін шектеу сызықтарының торабы бо­йынша Қазақстан – Әзербайжан – Ресей үш­тігінің келісімі бар. Қазақстан мен Түрік­менстанның түбін делимитациялау туралы уағдаластық 2014 жыл­ғы Келісіммен бекітілді. Түптің шектес учаскелерін шектеу сызықтары тора­бының аумағы Әзербайжан және Тү­рік­менстанмен үшжақты форматта анық­талған соң, біздің мемлекетіміз Кас­пий теңізінде жер қойнауын пайдалану бо­йынша егемендiк құқықтардың шегін заң­ды рәсімдеуді аяқтады деп айта аламыз.

– Саммитте Каспий жағалауы мем­лекеттерінің басшылары тағы қандай мәселелерге назар аударды?

– Қоршаған ортаны қорғау мәсе­ле­леріне де ерекше көңіл бөлінді. Тарап­тар­дың бұл жағдаяттар бойынша ұста­нымдары келіссөздердің басынан бас­тап жақын болды. Бұл өз кезегінде экологиялық аспектілерге қатысты ере­желерді тыңғылықты әрі ертерек келіс­тіруге мүмкіндік берді. Каспий теңізінің қоршаған ортаны сақтау мәселелеріне ортақ тәсілдемелер негізінде 2003 жылы тараптар Тегеран конвенциясы деп аталатын Каспий теңізінің табиғи қоршаған ортасын қорғау туралы шектелмелі Конвенция жасады. Ақтау конвенциясына сәйкес, Каспий теңізінде биологиялық әртүрлілікті бұзатын кез келген іс-әрекетке тыйым салынады.

Сонымен қатар тараптар Каспий теңізіндегі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру ережелеріне келісті.

Әңгімелескен

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»