«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен жылдың қазан айында Шығыс Қазақстан облысында «Менің мектебім» жобасының тұсауы кесілген еді. Жоба шеңберінде облыстағы 277 толық жинақты мектептің 476 кабинетін химия, физика, биология және роботты техника сыныптарымен Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі негізінде заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау жоспарланған-ды. Ерекше атап өтерлігі, жас ұрпаққа қажет жобаны қаржыландыруды өңірдегі кәсіпкерлер мен ірі кәсіпорындар толықтай өз мойындарына алды.
Енді, міне, Алла сәтін салса, аймақтағы 277 білім ордасының оқушылары 1 қыркүйектен бастап заманауи құрылғылармен жарақталған жаңа кабинеттерде білім алатын болады. Облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділованың айтуынша, елімізде баламасы жоқ бірегей акцияға Шығыстың атымтай жомарт азаматтары 2,8 млрд теңге көлемінде қаржы аударыпты. Оның 2,3 миллиард теңгесі 4 кабинетке қажет құрылғыларды және 500 миллион теңгесі жиһаздарды сатып алуға жұмсалыпты. «476 кабинеттің 66-сы физика, 53-і химия, 85-і биология, 272-сі роботты техника кабинеттері.
Елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асырудың Жол картасы әзірленіп, барлық мектептердің 30 пайызын роботты техника кабинеттерімен жабдықтау міндеттелген еді. Біздің облыс бұл межені 42 пайызға артығымен орындап отыр. Жоғарыда айтқан 277 мектепте ашылатын кабинеттерде сабақ беретін мұғалімдердің барлығын оқыттық. Ұзын саны 600 адамға (323-і мұғалім, қалғаны – лаборанттар) Мәскеуден, Лондоннан келген мамандар роботты техника кабинетіндегі құрылғылармен қалай жұмыс істеу керектігін, яғни практикалық жағын жақсылап үйретті. Теориялық жағын мұғалімдеріміз «Өрлеу» біліктілікті арттыру институты арқылы жаңартылған білім бағдарламасы аясында оқыды. Дегенмен мұнымен шектелмей, мұғалімдерді алдағы уақытта арнайы курстарға жіберуді жоспарлап отырмыз», дейді басқарма басшысы.
Осыдан біраз уақыт бұрын «Нұр Отан» партиясы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында балаларға арналған 1 мың тегін IT-сыныптарын ашу жөнінде ұсыныс айтқаны белгілі. Сайрангүл Жұмаділова Шығыс Қазақстан бұл бастаманы жүзеге асыруға қазірдің өзінде дайын екендігін айтады. «Үкімет еліміз бойынша 1 мыңдай ІТ-сынып ашуды жоспарлауда, ал біздің облыс қазірдің өзінде 277 сынып ашуға әзір. Семей мен Өскемендегі екі колледжде IT-мамандарын даярлайтын орталық ашқан болатынбыз. Семейдегі ресурстық орталықтың дайын бағдарламасы бар екен. Біз оны мектеп бағдарламасына бейімдедік. 306 сағатқа жоспарланған бағдарлама 3-тен 10 сынып оқушыларына дейін арналған. Бұл бағдарламаны Білім және ғылым министрлігіне жіберіп, келісімдерін алдық. Қазір ІТ-сыныптарды ашуға дайынбыз. Онда сабақ беретін мұғалімдерді оқытып жатырмыз. Әр мектептен екі мұғалімнен. Олар қолдарына ІТ-маман деген куәлік алып шығады. Оқушыларды роботты техника, бағдарламалау, мехатроника, вебдизайн және модельдеу сияқты бес бағытта оқытуды жоспарлап отырмыз. 3-4 сыныптарға ойын түрінде өткіземіз. Әрі қарай күрделене береді. Сонда бала мектеп бітіргенде өндірісте жұмыс істеуге дайын болады», дейді С.Жұмаділова.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы