Спорт • 16 Тамыз, 2018

Илья Ильиннің бала күнінен естелік

463 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Илья Ильиннің бала күнінен естелік

                                         

Жеңістерге бастаған жеңіліс­тер болмаса, жетіс­тіктердің қадірі қаншалықты құнды болар еді? Егемендіктің бедерінде екі дүркін Олимпиада чемпионы (өзім үшін әлі солай) атанған Илья Ильиннің жеткіншек күнінен қалған мына суретті көріп отырып, осы бір қас-қағым сәттің жан толқытар тарихы барын білгенде аяқастынан алтын тауып алғандай қуанышымыз еселене түсті. 

– 1998 жылы Алматыда жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан республикалық чемпионат өтті. Ұл балалардың арасындағы ел біріншілігі ЦСКА-да ұйымдастырылды. Мен ол кезде ҚазТАГ фототілшісімін. Осы спорттық шарадан бізге репортаж жасауға тапсырма берілген. Армияшылар клубының Орта­лық стадионына келсек, қатысушы­лар санының аздығынан жарыс уақытынан бұрын аяқталып кетіпті. Стадионда адам жоқтың қасы. 

Қарасам бұрышта бір бала жылап отыр. Әкесі жанында жұбатып тұр. Көрсеткіші сәл төмен болып, екінші орын алып қалған екен. 

– Атың кім, балақай? – дедім жақындап. 

– Илюша.

– Фамилияң?

– Ильин, – деді ол қорсылдаған танауын тартып. 

– Қане, штангаға отыр. Жылама! Әлі-ақ Әлем чемпионы боласың, – дедім арқасынан қағып. 

– Суреттегідей Илья штангада көңілсіз отырды. Мен шырт еткізіп фотоға түсіріп алдым. Бұл сурет «Казахстанская правда» газетінің бірінші бетінде жарық көрді. 

– Екінші орын алған бала республикалық басылымның бірінші бетіне қалай шықты?

– Айтып отырмын ғой. Бұл республикалық ірі спорттық жарыс болатын. Біз барғанда жарыс аяқталып, жұрт тарап кеткендіктен газеттің бірінші беті Ильяға бұйырды. Кейін Илья Ильин жылдар өте келе, 2006 жылы Қытайда өткен жастар арасындағы әлем чемпио­натынан жеңіспен оралғанда, әуежайдан қарсы алған БАҚ өкілдерімен бірге барып, құт­тықтадым, – дейді еліміздегі ең байырғы фототілшілердің бірі Юрий Беккер. 

– Айттым ғой саған, көрдің бе Әлем чемпионы болдың! – дедім Ильяға.

– Ал мен сізді көп жылдан бері іздеп жүрмін. Аты-жөніңізді де сол кезде сұрап, жазып алмаппыз. Баяғыда газетке шыққан фотоны анам ба, ағам ба, қиып алып қойған екен, Қызылордадағы үйімнің қабырғасында ілулі тұр, – деді ол қуана құшақтап. 

Содан бері белгілі фототілші Юрий Беккер мен спорт саңлағының достығы берік десек те болады. 

Орайы келіп тұрғанда, қоржыны ел шежіресіне толы Юрий Беккер желтоқсан оқи­ғасы кезінде түсірілген әйгілі сурет­терімен де танымал екенін айта кетелік. Және бұл жұмыстары үшін аз таяқ жемеген...

Осылайша Әлемнің үздік ауыр атлеті, екі дүркін Олим­пиада чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері атанған Илья Ильин биыл орда бұзар 30 жасқа толды.   

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 АЛМАТЫ