Медицина • 17 Тамыз, 2018

Ақтөбеде «7 – 20 – 25» бағдарламасына 100-ге тарта адам өтініш тапсырған

426 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Аталған бағдарлама аясында қабыл­дан­ған өтініштердің саны бойын­ша Алматы, Астана және Ақтау­дан кейінгі 4-ші орында Ақтөбе қаласы тұр. 

Ақтөбеде «7 – 20 – 25» бағдарламасына 100-ге тарта адам өтініш тапсырған

Ақтөбеде бағдарлама шарттары мен талаптарына сай 100-ге тарта адам өтініш тапсырған, олардың он процентке жуығы несие алып үлгерген. Ақтөбе қа­ла­сында «7 – 20 – 25» мемлекеттік-ипо­текалық бағдарламасын жүзеге асыруға екінші деңгейлі 8 банк тартылған. Соның ішінде «Банк центр кредит» филиалының белсенді екені байқалады. Бұл несие алушылардың дені осы банк­ті таңдағанынан көрінеді. Ақтө­бе қалалық тұрғын үй қа­ты­нас­тары бөлімінің басшысы Жанар­гүл Дүйсекенованың айтуын­ша, аталған банк арқылы несие алуға тілек білдіргендерге 51 мил­лион 452 мың теңге несие беріл­ген. 50-ден астам адамның өтіні­ші қаралып, банк тарапынан олар­дың төлем қабілеттері растал­ған. Оның мөлшері 361 мил­лион теңгеге тең. Таяу арада 55 адамға 456 миллион 137 мың 600 теңгенің несиесін беру көзделіп отыр. 

Өңірде «7-20-25» ипотекалық бағ­дарламасына қатысуға тілек білдірушілер қатарының өсе түсу себебі екінші деңгейлі банктер мен кәсіпорын өкілдері, құрылыс компаниялары арасындағы өзара байланыстардың оң жолға қойылғанында деуге болады. Бұл бағытта бағдарлама бағыттарын жұртшылыққа түсіндіру үшін қолға алынған шаралар мен ак­ция­лардың ықпалы да айтарлықтай. 

«7 – 20 – 25»  бағдарламасының екі артықшылығын айта кеткен жөн. Біріншіден, құрылысы аяқталып, әзір тұрған үйді сатып алу мүмкіндіктері барынша мол. Баспананы қаланың қай тұсынан көп қабатты үйдің қай қабатынан немесе қандай құрылыс компаниясы салған үйді таңдау қажеттігін әр адам өзі шеше алады. Екінші артықшылық − «7 – 20 – 25» ипотекалық бағдарламасы аясында үй, пәтер кезегіне тұрудың қажеті жоқ. Ең бастысы, соңғы алты айдағы кірістің мөлшері көр­сетілген анықтама болса болғаны. Бұған қоса өз атында басқа үй мен жылжымайтын мүліктің тіркел­мегенін растау керек.

Осы материалды әзірлеу барысында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановқа жолығып, облыс орталығында аталған бағдарламаның жүзеге асу барысын сұраған едік. 

− Республика тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайын одан әрі жақсарту − Мемле­кет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев жүргізіп отырған салиқа­лы саясаттың басым бағытта­ры­­ның бірі. Өзгесін айтпаған­да, Ел­басының «Бес әлеумет­тік бас­тамасының» бірі әр отбасы­на баспана алудың жаңа мүмкін­дік­терін қарастыру болды. Бұл ретте «7 – 20 – 25» ипотека­лық бағдарламасы мен «Нұрлы жер» мем­лекеттік тұрғын үй бағдарла­масы бірін-бірі толықтыра түсті. Екі бағдарлама тұрғындарға қол­же­тімді баға бойынша аз уақыт ара­лығында баспаналы болуға мүм­кіндік береді, құжаттарды әзір­леуге әрі кеткенде екі-үш апта ғана уақыт кетеді. Сондықтан да бүгінде Ақтөбе қаласында тұрғын­дар­ды пәтермен қамтудың басты арнасын осы бағытқа бұрып отырмыз, − деді І.Испанов. 

Жоғарыда «7 – 20 – 25»-тің өзге бағдарламалардан екі ар­тық­шылығын айттық. Бұған қо­са оның үшінші артықшы­лы­ғын да қоса айта кеткіміз келеді. Аталған бағдарлама шеңберінде жетім балалардың да жаңа баспанаға қол жеткізу мүмкіндігі бар. Осы орайда, Ақтөбеде өзге өңірлер үшін үлгі боларлықтай тәжірибе қа­лыптасқан. Яғни қазірдің өзін­де өңірде «7 – 20 – 25» бағдар­ламасына сәйкес жетім балалардың банктегі есепшоттарына қаржылай сертификаттар берілуде. Қобда отбасылық үлгідегі балалар үйінің тәрбиеленуші түлегі Тимур Акиев күні кеше «7 – 20 – 25» бағдарламасы аясында 3 бөлмелі пәтер кілтіне ие болыпты. Отбасын құрған жігіт зайыбы екеуі екі бала тәрбиелеп отыр екен.

«Бірнеше жыл мемлекеттік тұрғын үй қорында пәтер кезегінде тұрдым. Алайда, кезегіме жете алмадым. Содан соң «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» 2 864 000 теңге қаражат жи­нақтадым. Бұл сома да баспана сатып алуым үшін аздық етті. Осындай қысылтаяң сәтте Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов ипотекалық тұрғын үй алу үшін бастапқы жарнаға қажетті 700 000 теңгенің сертификатын табыс етті. Сөйтіп 3 бөлмелі пәтер кілтіне ие болдым»,  дейді ол. 

Қысқасы, несие алу мүмкіндігі мен несие тарихы талаптарға сай келсе «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша рә­сімдеуге жол ашылды дей беріңіз. Аталған бағдар­ла­ма­ның осы қарапайым да түсінікті шарттары ақтөбеліктерді ерекше ынталандырып отыр. Облыс орталығында «7 – 20 – 25» бағдарламасына сәйкес тұрғызылып жатқан сәнді де сапалы құрылыстар тұрғындар тілегін толығымен өтей алады. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ