Әдебиет • 17 Тамыз, 2018

Мәлік Ғабдуллиннің ғылыми-әдеби еңбектері қамтылған 11 томдық кітабының тұсаукесері өтті

1302 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Таяуда Көкшетау қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің ғылыми-әдеби еңбектері қамтылған 11 томдық кітаптың тұсаукесері өткізілді.

Мәлік Ғабдуллиннің ғылыми-әдеби еңбектері қамтылған 11 томдық кітабының тұсаукесері өтті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру шаралары аясында өткізілген тұсаукесерге батырдың қызы Майдан Мәлікқызы бас­таған ағайын-туыстары, қоғам қайраткерлері, жергілікті ақын-жазушылар қатысты. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары мен Астана, Степногор қалалары және облысымыздың 17 ауданынан келген кітапхана өкілдеріне оқырман олжасына айналатын жинақтарды салтанатты түрде табыс етті.  

Бұл жинақ Алматы қаласын­дағы халықаралық қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллиннің басшылығымен «Идан» баспасынан 1000 дана ти­ражбен жарық көріп отыр. Салтанатты жиында сөз сөй­леген Бигелді Ғабдуллин Мәлік Ғабдуллиннің еңбектерін шет тіліне аудару қажеттілігіне тоқ­талып, таяуда жазушы Сәкен Жүнісовтің «Аманай мен Зама­най» повесі ағылшын тіліне аудары­лып, жарыққа шыға­­ты­нын айтып, жиналған қауымды бір қуантып тастады. Мәлік Ғаб­дуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек ғалым Мәліктің мазмұны терең еңбектері қамтылған жинақты дайындау барысындағы жұмысқа тоқталды. 

Салтанатты жиында сөз сөй­леген жазушы Жабал Ерға­лиев Ұлы даланың біртуар ұл­дарын ұлықтау «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясымен астасып жатқанын тілге тиек етті. Ғалымдар кітап мазмұнына қыс­қаша шолу жасаса, батырдың қызы Майдан Мәлікқызы әкесі­нің мол мұраларын  мәңгілік есте қалдыруға зор мүмкіндік ту­ғыз­ған ел ағаларына өз риза­шылығын білдірді. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше