Аймақтар • 17 Тамыз, 2018

Жезқазғандағы жекеменшік Диснейленд

392 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жезқазған қаласында тұратын Виталий Хлебов деген азаматтың игі ісі бүгінгі күні көп­тің аузында жүр. Ол өзі тұратын үйдің аула­сын кі­ші­гірім Диснейлендке айналдырып жіберген.

Жезқазғандағы жекеменшік Диснейленд

Виталийдің қолынан шыққан өзге ғалам­шарлықтар мен динозаврлардың, ертегі әлемінің басқа да кейіпкерлерінің үлкенді-кішілі мүсіндері қазіргі уақытта маңайдағы балалардың көзқуанышына айналған. Балалар демекші, олар Виталийдің ауласына емін-еркін кіріп, ондағы ғажайып туындыларды қалағандарынша тамашалай алады. Бұған үй иесі тарапынан еш қарсылық жоқ.

«Әлемді жақсы жағына өзгерту үшін және онда жақсылық көбірек болсын десек, өзгерісті алдымен өзімізден бастауымыз керек», – дейді Виталий Хлебов.

Он саусағынан өнер тамған Виталийдің бұл ісіне соншалықты көп қаржы кете қоймапты. Себебі ол мүсіндердің көбісін пенопласт материалынан жасаған екен. 

Хлебовтің мамандығы – суретші. Өзінің айтуынша, мүсіндерді жасау кезінде әжептәуір тер төгіп, еңбектенуге тура келген. Кейіпкерлерінің кім екендігі түсінікті болу үшін әрі олардың ба­ла­­лар­ды баурап алатындай тартымды шығуы үшін ұсақ-түйек бөлшектерді жасаудың өзіне мән беріп, аямай күш жұмсапты. Содан да болар, ше­бер­дің қолынан шыққан туындылар тұр­ғын­дар тарапынан зор сүйіспеншілікке бөленген.

Өзінің бұл ісін «Рухани жаңғыру» бағдарла­масына қосқан тамшыдай болса да үлесім деп білетін жезқазғандық шебер Елбасының азаматтарды ел үшін қандай да бір пайдалы іс жасауға шақырған үндеуін толығымен қолдайтынын айтады. «Патриот болғаннан жамандық көрген адамды кездестірмедім. Меніңше, әрбір адамның миссиясы – жақсылық жасау, айналаңа қуаныш сыйлау. Біз бұл өмірге қонақпыз, сондықтан соңымыздан мағыналы із қалдыра білуіміз керек», – дейді жаны жомарт Хлебов мырза философиялық  ой түйіндеп.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Жезқазған