Әдебиет • 17 Тамыз, 2018

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ. Күншуақ қаласындағы жазушы

1567 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ. Күншуақ қаласындағы жазушы

Жазушы Мархабат Байғұттың «Әпкем­нің ауылы» әңгімелер жинағын оқып шыққан соң, бір ысып, бір суыған көңілдің көкжиегінде әлем картасына түспеген, мамыражай өмірі, тіршіліктің ала-құла дүрмегінде бақуатты ғұмыр кешіп жатқан тұрғындары бар Күншуақ қаласы тұрып қалған. Жазушының бірнеше әңгімесінде осы Күншуақ қаласы армандар орындалатын, бір жас өссе қызмет етуге кететін қала ретін­де суреттеледі. «Әпкемнің ауы­лы» әңгімесіндегі бірінші жақтан сөйлеп отырған кейіпкеріңіз де сол Күншуа­ғыңыздан келген.

Оңтүстік Амери­каның қияндарын ашуға сеп болған, кон­кис­тадорлардың арманы, аңыз­дағы алтын толы Эльдорадо, Маркес­тің Аракатакасының сөздегі бейне­сіне айналған Макондо, Фолк­нер­дің есейгенде жазған күллі шығар­маларының кеңістігін құрған округ Йокнапатофа сынды Күншуақ та – Мархабат Байғұттың шығармашылық кеңістігіндегі аяулы, аңсарлы мекен. Америка Құрама Штаттарының оң­түстігінде туып, жас күнінде универси­тетте оқыған жылдарын, Еуропа­ға барған әдеби сапарын, Жаңа Орлеан­дағы қысқа мерзімді әдеби өмірін есепке алмағанда, Фолкнер бүкіл сана­лы ғұмырын Миссисипи штатын­дағы Лафайет округінде өткізген. Туған же­ріне өмірімен де, шығармашы­лығы­мен де адал болған Фолкнердің ұста­нымы осы жағынан Мархабат Байғұт­тың да өмір салтына ұқсай ма, қалай?!. Екеуі де отандарының оңтүсті­гінде туыпты. Екеуі де басқа қалада сту­денттік өмірлерін өткізіп, анда-санда күнкөріс қамымен, жұмыс бабы­мен өзге қалаларда болыпты. Бірақ кіндік қаны тамған туған өлкелерінен алысқа ұзамапты. Шығармашылық әлемдерінде жұрттың аңсары ауып тұратын бір-бір мекен пайда болыпты.

Әрине бұл салыстыруымыз табиғаты жағынан мүлде екі бөлек қаламгердің туындыларын қатар қоюдан туған жоқ. Ол мүмкін де емес. Тек екеуінің оңтүстікте туып, одан алысқа ұза­май және айналасындағы адамдарды суреттеу арқылы Адам сафи зәуза­тының жан дүниесін ашуға деген құш­тарлықтары себеп болған. 

«Барлық ақын – баласы бір ананың» деген сияқты, күллі жазушылардың да түп мақсаты бір арнаға барып тоғысады. Қоғамдағы әлеуметтік-моральдық құбылыстарды терең зерттеп, бір адамның я отбасының тағдыры арқылы оның тарихқа барып тірелетін терең себептерін ашып, мазмұны жағынан бір арнадан ауытқымай, оқырманға ой салып, өмір туралы, адам жайлы толғандырады.

Мархабат Байғұттың сезімге, сар­казмге, юморға толы әңгіме­лері та­қы­рыптық жағынан сан алуан. Тіпті, біріне-бірі тек мазмұн­ы жағы­нан емес, стильдік қағидалар жағынан да ұқсамай кетіп жатады. Оның себебі де түсінікті. Дулат Исабеков айтқандай, «өз кейіпкерлерінің қалың ортасынан алыстамаған» жазушының кейіпкерлері қанша түрлі болса, тақырыбы да сонша алуан. Ал тақырып стиль таңдай­ды. Мәселен, «Иттің құқығы», «Гамбург­тегі қазақтар» сияқты әңгімелерін «Жоғалған Жұрнақ», «Әпкемнің ауылы» шығармаларымен бір қатарға қоя алмайсыз. Себебі жазылуы басқа. Сезіну, жеткізу өзге. Ал әңгіме ретінде қарасаңыз, бәрі де бір қалыпта. 

Жазушы қаламынан туған шығарма­лардың өне бойында осыған дейін оқыр­мандары байқап, басып айт­қан­дай өзіндік юморы, сарказмы бірден көзге түседі. Қазақ қоғамын пси­хо­логиялық, әлеуметтік, экономикалық өзгерістерге әкелген екі түрлі форма­цияны бастан кешкен үлкен буын жазушы­ла­ры­мыз­дың көбінде кездесетін екі дәуір­дің кескін-кейпі Мархабат Байғұт шығар­маларында айқын көрінеді. «Маши­на мәселесі», «Ауылдағы аукцион» әңгіме­леріндегі күле отырып суреттей­тін оқиғалардың түбінде терең күр­сініс жатыр. Тәуелсіздік бастал­ған елең-алаң шақтағы жекеше­лен­діру жағдайлары республикамызда кең етек алғаны сонша, байтақ еліміздің бір пұшпағындағы мәдени ғимараттар пысықайлардың қолында кетті.

Ауылдағы клубтың өзі ел-жұрттың игілігіне қызмет ете алмай қалғанына қынжылған Еңсегейдің еңіреп жылағаны не? Аукцион арқылы сатылған ғимараттардың өзі «голландтық әдіспен» іске асқан. Жазушы ә дегеннен неге қазақы әдіспен емес деген ой тастайды. Осы бір кішкентай штрихтың өзінен шетелдік дүниелерге құмарлығымызды мысқылдайды. Әлемнен үлгі алу, әлемге қызығу, өзгенің қаңсығы таңсық болу – бәрі байқаған құбылыс. Бірақ осының әлеуметтік себебін ашқан кім бар? Бұл жай ғана қазақ қоғамындағы мін я қазақ бойындағы мінез емес. Әлі күнге осы дамыған елдермен жарысып, тіпті, дүниеге өзіміз үлгі көрсете бастадық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы «ауруымыз» асқынып бара жатқан жоқ па? Неге ылғи біреумен жарысып, біреудің өлшеміне бас ұрамыз? Ештеңе көрмеген, дүние біліміне қолы жетпей қапыда қалған, әр нәрсеге «қолын мезгілінен кеш сермеген» ұлт болғанымыздан Еңсегей жылаған жоқ па? Темір құрсаулы тоталитарлық жүйеден босаған ұлттың әр жаңалыққа қомағай келетіні, әр жылтыраққа қызыққыш келетіні түсінікті шығар. Бірақ осы әлемге арбалудан ажырайтын да уақыт келген жоқ па? Жазушы кейіпкерінің жан дүниесі арқылы осындай толғаныстарға жетелейді. Адам жаны – қырық қатпар. Әр қатпарында жасырынған шешуі қиын жұмбақ бар.

Жазушы әр қатпарға үңіледі, әр жұмбақты шешеді. Шарқақпа ауылының шетіндегі дөңесте күнде кешқұрым бірдей шығып, өткен заманға әртүрлі көзқараспен қарайтын Сыпатай, Үрпекбай, Арзымбет, Елемес, Ожан шалдардың неше жылдан бері әдеттері соғыс ардагерлеріне машина береді екен деген сыбыс шыққанда нілдей бұзылғаны. Дүниенің зары өткен бес шал әлденеден дәметіп, бірінен-бірі сыр жасырып, дәстүрлерінен жаңылған. Ақыр соңында машина мәселесінің арты сұйылып, бәлкім орта жолдан араласқан пысықайлардың кесірінен ешқайсысына бұйырмай қалады. Соңында шаңытқан дөңесте қайта бас қоса бастаған бес шалдың зары одан әрі зорая түседі. Жазушы айтқан оқиғадан бұрын оның идеялық-философиялық тұжырымы алға шығады. Мархабат Байғұт қаламының бір ерекшелігі, әңгімесінің сюжеті өмірде тура солай болғандай, қаз-қалпында тұрғандай әсер қалдыруы. Оның астарындағы айтпақ ой, жасалмақ пайымды оқырман еншісіне қалдырады. Оның юморында, сарказмінде азаматтық позициясы ашық білінеді. «Гамбургтегі қазақтар», «Шығарма», «Кандидаттың имиджі», «Банктің иттері», «Әкімнің әйелі», «Әкімдіктің әрекеті» сияқты әңгімелері – жазушы көзқарасы, ұстанымы. Нәтибек, Немеребай, Шөберебайлардың немістерден қалған үйге иелік етіп, оны ақырында «қазақыландырып» жібергендерін күле отырып сынай суреттеуі, депутаттыққа үміткер кандидаттың Күншуақ қаласында «Вариант» кафесінде өз имиджін қалыптастыру жөнінде өткізген штаб отырысы кезіндегі, одан кейінгі жанталасқан, көзбояушылық әрекеттер, жаңа салынған банк айналасын кезіп жүрген иттер, әкім әйелінің әкімнен зор «қылықтары» жазушы ымыраға келе алмайтын қоғамның мінездері. Оның сарказмінің түбінде де осы ымырасыздығы жатыр. Ауыл адамдарын, ауыл тұрмысын, тіпті, айтқанда қарапайым қазақ мінезін суреттеуде жүйрік қаламы қала өміріне келгенде тосылып қала береді. Ол қаланы жатырқамайды.

Тек қала деп өзгерген, я қала өзгерткен қазақты жатырқайды. Әпенде болса да ауылда жүрген кейіпкерлері юмормен, сарказммен жазылса да оның қаламына, жүрегіне етене жақын екенін аңғарып отырасыз. Қаладан жақсы ұсыныс түсіп, біржола сонда қоныс теуіп қалған Ормантайдың тағдырын айтыңыз. Оның баласы Қиса – мүлде басқа қазақ. Ауылды көрмеген, білмеген. Жылда апарамын деумен келе жатқан әкесінің де уақытының бір сәті түспей қояды. Ақыры дертке шалдығып, онысына киікоты ем болып шығады. Ал киікоты қалада тапшы. Содан ауылға хат жазып, досына алдыртады. Кейін өзі де ауыл­ға барады.

«Бармасаң, келмесең, жат боласыңның» кері. Ешкім де таны­майды. Ең ақыры біраз адам киік­отының қасиетін біліп, оны түгел ауыл маңынан жоғалтыпты. Енді тек тауда ғана қалыпты. «...Киікоты мүл­де сиреп кеткен, адамдардан үркіп, тау-тастың қуысына тығылып, қорқып өсе­тін болған» дейді Ормантай. ­­­«...КИІК­­­ОТЫ­­ мүлде шөп емес! КИІКОТЫ, ол – адамдар. Азайып, азып-тозып, ­тоналып бара жатқандар» деп тұжы­­рым жасапты бұл әңгіме туралы Шерхан Мұртаза. Өткенді аңсау, болмысты іздеу Ормантайлардан Қисаларға мұра болып қалды. Бүгін біріміз – Ормантай, біріміз – Қисамыз. Бірақ Киікоты емеспіз. Біздің көп өкінішіміздің бірі осы шығар, бәлкім. Көкірегі ыстық дүниенің ғажайыптығын Төлеген сағы­ныш пен аңсаудан іздейтін. Сірә, адамды жазушы болуға итермелейтін де осы бір ғажап сезім шығар. «Оқу залы», «Көрпесайдың кітапханасы», «Сізді сүйген қыз едім» әңгімелерін­дегі лирикалық баянның аңсардан, сағыныштан тумағанын айтып көріңіз, кәне. Карелиядағы саунаны Ойпаңбелге әкеп орнатпақ болған Сайрамбай мен Тастыбайдың әпенділіктері де ауыл адамдарын сағындыратын оқиға емес пе? Жазушы Жұмабай Шаштайұлы: «Мархабат қазақ өмірінің бүгінгі тынысына үңілген кезде жаңаша өзгерістерді көргіш. Оның кейіпкерлері – Дон Кихоттық әпенділіктен арыла алмаған, сөйтсе де барға қанағат, жоққа салауат қылатын біртоға жандар. Бұл жағынан ол Бейімбет Майлиннің тікелей мұрагерлік жорасына жүре алады» деп бағалапты. Жүрсе жүретін-ақ шығар. Оны замандас, қаламдас, бастысы жазушы көзқарасымен бағалаған ағадан артық айта алмас­пыз. Дегенмен «Әпкемнің ауылы» әңгімелер жинағында осы сөзге дәлел болатындай, сағыныш пен аңсаудың ең бір ауыр толқындарын жүрегіңе әкеп соғатын екі шығарманы ерекше айтқым келеді. Олар – «Әпкемнің ауылы» мен «Жоғалған Жұрнақ». 

Күншуақ қаласынан бірнеше жыл көрмеген Үрисән әпкесінің ауылын бетке алған інінің жан толқынысы мен әпкесінің: «Қаладағы, Күншуақтай шәһардағы күнім ғой деуші едім. Күнім дегенім – інім ғой деуші едім» деген ақ жүрек пейілінің арасындағы алапат сезімді қалай жеткізуге болады. Оны тек сезінуге мұрсат бар. Айкөрік ауылына келсе, әпкесі үйінде жоқ екен. Мектепте еден жуушы болып қызмет ететін көрінеді. Көрші әйелден сұраса: «Әлгі келмей кеткен інісі боларсың?» деп мысқылдайды. Мектепке іздеп барса, онда да бір еден жуушы әйел әпкесіне келмей кеткенін бетіне салық етеді. Мектепте директор, мұғалімдер болмай, бір сыныпты тыныштандырып отырған әпкесі қоңырау болғанша күтіп, сыныпта оқушыларға айтып отырған әңгімесіне құлақ салады. Күйеуі Жұлдызханның көзі тірі кезіндегі жақсы жағдайларын айтады. Ендігі кезде жұрттың басынғандығын айтып, бар мұңын, сырын тіршілік күйбеңінен хабары жоқ оқушыларға айтып отыр. Әңгіме соңында Күншуақтағы інісін тіреу көретінін айтады. Ал неше жыл бойы әпкесінің ауылына ат ізін салмай кеткен інісі есік сыртында барлық әңгімесін тыңдап тұрған. Ештеңе айтпаған. Жазушы да үндемеген. Бәрі түсінікті еді. Үрисәннің шарасыз күйі мен сағынышы, інісінің сағынышы пен ұяты тура сол сәтте қатар шарпысқан. Үндемеу, түсіну ғана бар. Қателігің үшін сағынышың кінәға айналды. Я жақыныңа жат болуға айналғаның үшін қанша сағынсаң да, кінәңнің жүгі ауыр. 

Ал Жұрнақтың тауқыметті тағдыры, қасіреті ше? Онда қандай сағыныш?

Қонақбай ағайдың білімді баласы Жұрнақ жынданып кетеді. Мәскеуге сол уақытта өз күшімен оқуға түскен, кейін Алматыдағы сүйіктісіне жолығуға барған уақыты Желтоқсан оқиғасына сәйкес келіп, Жұрнақ та тұтқындалып кеткен. Содан Қонақбай мұғалімді де ауданнан ауданға, облыстан облысқа сүйрелеп, әбден қажытқан. Ақыры дүние салған. Ал баласы Жұрнақ жындыханаға түсіп, кейін туыстары шығарып алып ауылға әкелген. Ешкімді танымайды, бірақ біреуге зияны жоқ. Ауыл балалары «жынды Жұрнақ» деп мазақтайды. Бала не білсін... Өзіміз де сақалы қауғадай орысты «Борадатый» деп мазақтап, оны есімі екен деп, жынды деп үй айнала қашатынымыз есіме түскен. Баламыз, не білдік дейсің... Сол Жұрнақ тек Сағыныш деген апайын таныған. Кейін сүйген қызы Алма есіне түскен.

Арматура көрсе тұра ұмтылып, оны темір құрлы көрмей иіп тастайтын бұла күшінің ар жағында үлкен қасірет жатқандығын жұрт қайдан ұқсын. Жындылыққа балаған. Жұрт та өсектің бәрін біліп айтпайды ғой... Сол Жұрнақ кіндік қаны тамған үйін тауып алып, көрші ауылға етегімен тас тасыған, үй саламын деген. Бірақ бір қаһарлы аязды күні шапанының етегіндегі тас­ты түсіріп жатып, қатып қалған. Ал ол тасы кейін қараса, расымен бір үй салуға жететіндей-ақ екен. Әу баста Жұрнақ анадан егіз туған. Қонақбай егіз ұлына Жалғау, Жұрнақ деп ат қойған. Жалғау бала күнінде шетінеп, Жұрнағы аман қалған. Адам болған. Бірақ тағдырдың жазуынан оза алмапты. Тек артында өзі тірнектеп тасыған тасы қалған. Әңгімені ұзақтау баяндап кетсем, ғафу етіңіз. Өйтпеске де лажым жоқ. Жазушы: «Ойландыңыздар ма, ол неге Сағындықов ағай мен Сағыныш апайымызды ғана есте сақтап қалған? Демек, оның санасында сағыныш атты ұғым өлмеген. Айнымаған...» деп ой тастайды. Кіндік қаны тамған үйіне барып, тізе бүккенінен де сыр іздейді. Бәрі рас.

Кездейсоқ дүниеден ғибрат жоқ. Ал Жұрнақтың тағдыры ешқандай да кездейсоқ тағдыр емес. Ол қазақтың тағдыры, қазақ арманының тағдыры. Тіпті, мен Жұрнақ пен Жалғау аттарынан да астар іздер едім. Грамматикада жалғау – сөз түрлендіруші қосымша, ал жұрнақ – сөз тудырушы қосымша. Демек, Жұрнақ өз тағдырымен жаңа қазақтарды тудырды, жаңа сананы оятты. Кіндік қаны тамған үйінің іргесіне төккен тасы жаңа заманның іргетасы болды. Ал ол іргетас жазушы Мархабат Байғұттың да арман-аңсары, сағынышы екені екібастан. 

Әңгімелерінен күн шуағындай жылылық есетін жазушы расымен Күншуақ қаласында тұратындай. Шығармаларының өзегінде білінер-білінбестей қылаң беретін осынау қала жазушы қиялында қандай екен? Барып көрер ме еді... Енді ол біздің де сағынышымызды түртіп, аңсарымызды оятып барады.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»