Бизнес • 17 Тамыз, 2018

Ауыл кооперативінің артықшылығы

643 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел ішінде отырып ерніңе табиғи азық-түліктің тимегені қиын екен. Аудан орталығындағы азық-түлік дүкендерінде шеттен тасымалданған сүт өнімдері сыңсып тұр. Ал мал сүмесімен күн көріп отырған шаруалардың өнімі неге осы сөрелерге жетпей жатыр? 

Ауыл кооперативінің артықшылығы

Осы уақытқа дейін таңғы сауынды кешкі сауынға қосып тасымалдаудың реті келмеді. Әрқайсысын жеке тасу өзіндік құнын өсіріп, шығынды көбейтіп жіберетін еді. Бірлік ауылындағы Ирина Исюк бұған дейін он шақты сауын сиыр бағып келген болатын. Сауғанымен, сүтін өткізетін жер жоқ. Бар қиындық осында. Ауылдық кооперативке бірігу, сөйтіп мал өнімдерін ел игілігіне жарату туралы жаңа бастаманы қуана қабылдаған. Өткен жылы Бірлік ауылында сүт қабылдайтын пункт ашуға ниет етті. Қабылданған сүтті тоңазытатын құрылғының құны бес миллион тұрады. Екі жарым миллионын мемлекет өзі өтеп береді, қалған қаржының жылдық үстемесі – алты-ақ процент. 

Кооперативке осы елді мекеннің жиырмадан астам тұрғыны бірікті. Қазір барлығы сауылған сүттерін қабылдау орнына тапсырып, тәп-тәуір табыс табуда. Ирина Ивановна кооператив мүшелерінен сүттің әр литрін 75 теңгеден қабылдап алып, әр он бес күн сайын есеп айырысады. Мал бағудың шынымен табысты екендігіне көзі жеткеннен кейін 3 миллион теңге несие алып, 11 сауын сиыр сатып алды. Сүті бұлақтай кілең қара ала сиырлар игі­лік­тің басы болып оралды. Әр сиырдан тәулігіне шамамен 20 литр сүт сауы­лады. Мемлекет сүттің литріне 10 тең­геден субсидия төлейді. Енді табыстың көлемін де ептеп есептей беруге болар. 

Сүт қабылдау пунктінің меңгерушісі тұрғындардың сүтін қабылдау кезінде сапасы мен майлылығына жіті көңіл аударады. Әзірге шөп бояуы қаша қойған жоқ, сүттің майлылығы 3,8 проценттен айналып тұр. Ауыл халқы сүтті мол алу үшін мал тұқымын асылдандыруға бет бұрған. Бұрынғы атасы сиыр болғанымен, ешкінің сүтіндей ғана сүт беретін өнімсіздерінен құтылмақ. Ирина Исюк басшылық ететін «Ақ ниет» кооперативі асыл тұқымды екі бұқа сатып алды. Оның біреуі сүтті қара ала болса, екіншісі қазақтың ақбас тұқымды бұқасы. Жалғыз сүтке ғана иек артпай, ет өндіруге де ұмтылып отыр. 

Кооператив қожасының меншігінде 150 гектар жайылымдық жер бар. Мал азы­ғына қажетті шабындық тұнып тұр. Ендігі жетпей жатқаны техника. Алдағы уақытта ет пен сүтті қатар өндіріп, жем-шөп дайындауға қажетті техника сатып алуға көңілдері ауып отыр. Әйтпесе, шөптің әр тіркемесін 25-30 мың теңгеден сатып алатын болса, бағымдағы малын қыстан шығаруға бір миллионға жуық қаражат кетеді екен. Сүт бұлағы сарқылмаса, оған да қолдарының жететіндігіне сенімді. 

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың арқасында ауылдық кооператив құрып, табысты еңбек етіп жатқан халықтың қарекетінің екінші жағы бар. Бұған дейін сауда сөрелерінде құрғақ сүттен дайындалған сүтті ішіп келген аудан тұрғындары таяудағы уақытта жергілікті өніммен жеткілікті қамтамасыз етіледі. Ел ішінде тұрып,  бағымындағы малдың игілігін көрмеу ұят емес пе?!   

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Ақмола облысы,

Сандықтау ауданы