Білім • 20 Тамыз, 2018

Астанада математика мен тілді терең меңгеруге арналған мектеп ашылды

612 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласында математиканы, ағылшын және қазақ тілдерін тереңдетіп оқытатын «SEED School» атты жаңа мектеп ашылды.

Астанада математика мен тілді терең меңгеруге арналған мектеп ашылды

Елорда тұрғындарының саны жыл сайын артып келеді. Оған туу көрсеткіші мен ішкі көші-қонның артуы әсер етіп отырғаны анық. Ресми деректерге сүйенсек, бас қалада  әр оқу маусымы сайын мектепке баратын балалардың саны  10-15 мыңға артып отырады. 2010-2011 жылдары Астана мектептерінде 74 мың бала оқыса, өткен жылы 145 мың оқушы білім алған. Осыған байланысты ел астанасында шағын мектептердің де қатары көбейіп келеді. Бұл біріншіден, балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік тудырса, екіншіден ұстаздардың жүгін жеңілдетуге жол ашады. 

«SEED School» математи­ка­лық-тілдік мектебінде 1-4-сы­нып оқушылары қазақ және орыс топтарына бөлініп бі­лім алады. Онда математика және қазақ, ағылшын тілдері те­рең­­де­тіп оқытылып, роботты тех­ни­ка, радиотехника және инфор­­матикадағы жаңа техно­ло­­гиялар да егжей-тегжейлі үй­ре­ті­леді. Оқушылар түске дей­ін негізгі пәндер бойынша са­бақ алса, түстен кейін мектеп ұйым­­дастырған 12 үйір­меге қа­тысады. Оның ішінде ба­­ла­лардың мемлекеттік тілді жетік меңгеруі үшін ұйым­дас­ты­рылған қазақ тілін­дегі драма үйір­месі және ағыл­шын тілінде жүретін  журналис­тика үйірмесі бар.

«Біздің шағын мектебімізде математика және қазақ, ағыл­шын тілдері тереңдетіп оқыты­лады. Бұдан бөлек 12 үйірме мен факультативті сабақтар жүр­гізіледі. Балалар таңғы 8.00-ден 18.00-ге дейін осында болады. Мектептің өз асханасы бар, оқушылар 3 мезгіл тамақ­­танады», дейді «SEED School» мек­тебінің оқу ісі жөнін­де­гі меңгерушісі Бибігүл Нұрымғалиева.

75 орындық шағын мектеп­тің тағы бір ерекшелігі – әр сы­ныпқа 16 баладан артық оқу­шы қабылданбайды. Жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйлеген «Дарын» республикалық ғылыми-тә­жірибелік орталы­ғының директоры Шолпан Қирабаева елордада шағын мектептер мен балабақшалардың өте қажет екенін айтып, осындай білім орталықтарының көбеюі білім сапасын арттыруға көмектесетінін жеткізді.

Білім ордасына жұмысқа шақырылған қызметкерлердің барлығы жаңартылған оқу бағдарламасы курсынан өткен бірінші категориялы ұстаздар екенін айтқан мектеп директоры Гүлсім Егізбаева сабақ халықаралық әдіснамамен үш тілде жүргізілетінін атап өтті.

Айта кетейік, SEED – ізде­ну, зерттеу, эксперимент жасау және жаңалық ашуға негіз­делген оқу жүйесі. Бұл жүйе ба­лалардың алған білімін теория­лық және практикалық тұрғыда меңгеруіне мүмкіндік береді.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»