− «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару бойынша республикалық кеңсе бастамашы болып отырған оқушылардың өлкетану акциясы да Президент алға қойған міндеттер мен «Туған жер» арнайы жобасы аясындағы облысаралық сан алуан іс-шаралардан тамыр тартады. Бұл білім мен тәрбие беру ісінде өлкетану жұмыстарының ауқымын мейлінше кеңейте түсуге мүмкіндік береді. Орта мектепте туған жердің тарихы мен оның киелі жерлерінің құпиясы мен тылсым сырын жан-жақты түсіндіру – патриотизмнің ең жақсы үлгісі. Осы орайда еліміздің әр аймағындағы жас өрендердің өзге облыстардағы көрнекті орындармен танысуының, бұл үшін бір апталық арнайы бағыттар белгіленуінің берері мол. Ақтөбеге Қарағанды облысынан мектеп оқушылары мен жетекшілерден құрылған 67 адамның келуі осындай мақсатты көздейді, − деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ляззат Оразбаева.
Қарағанды облыстық білім басқармасының өкілі Әлібек Бисенбаевтің сөзіне сүйенсек, өткен шілде айында 60 ақтөбелік жасөспірім Сарыарқаның сары даласына туристік-экскурсиялық сапармен барып қайтыпты. Жас қонақтарды қарсы алу және оларды өңірдегі киелі нысандармен таныстыру кезегі мен эстафетасы ендігі кезекте ақтөбеліктерге келіпті. Атап өтерлік мәселе, 60 қарағандылық оқушының басты құрамын арнайы мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері мен тұрмысы төмен аз қамтылған отбасылардың балалары құрайды.
Үш күннің ішінде экскурсиялық бағыт бойынша жас қонақтар танысатын өңір ғажайыптары мол. Қарағандылық оқушылар алғашқы танысқан нысандардың бірі − облыс орталығында өткен жылы ашылған «Жекпе-жек сарайы». Мұнда спорттың жекпе-жек түрлері бойынша республика чемпионаты мен халықаралық турнирлер өткізіліп келеді. Сондай-ақ сарыарқалық ұл-қыздар өңірлерде баламасы жоқ Шығармашылық академия ғимаратында өздерінің тұрғыластары шұғылданатын студияда болған кезде қызығушылығын жасыра алмады. Ал «Жұбановтар әлемі» мұражай үйі өзінше бір әлем, өзінше бір сырлы дүние десе де болады. Қайталанбас таланттардан тұратын музыкалық әулеттен өрбіген нағыз академиктердің өмір жолы мен қызметі әрі қазақ өнері мен мәдениетіне және ғылымына қосқан сүбелі үлесі жасөспірімдерге мол әсер қалдырды.
Кеңес одағының екі дүркін батыры Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институтындағы әуе техникасы музейі де еліміздегі айрықша нысандар қатарына кіреді. Бұл арада алған әсерін 11 жастағы қарағандылық жас қыран Кирилл Чикалов былайша білдірді.
– Ұшқыш отырған кабинаға кіріп, оның штурвалын көрген кезде мені айрықша сезім биледі. Оны қалай басқаруға болатынын тыңдаған сәтімде қиялым тағы да көкке өрлеп кетті. Осы кезде туған жер мен Отанымды кез келген уақытта қорғауға әзір болуым керектігін терең түйсінгендей болдым.
Ал 13 жасар Мөлдір Есенжолға шығыстың батыр қызы Әлия Молдағұлова мұражайы үлкен әсер қалдырыпты. − Мергендікпен нысанаға дәл көздеу қасиеті ата-анамыздың қанымен беріле ме екен, жоқ әлде бұл үзбей жаттығудың нәтижесі ме, қайткенде де Әлия апама ұқсағым келеді. Майданнан жазылған хаттар мен әскери киімдер де көңілімді босатумен бірге, ерік-жігерімді ұштағандай күй кештім. Ақтөбе көрікті қала екен. Маған мұндағы көрнекті орындардың бәрі де ұнады, − дейді батылдығы мен өжеттігі көзінен көрініп тұрған қаршадай қыз.
Өз кезегінде Қарағанды облысының жетекші өкілі Хамит Ибрагимов танымдық тұрғыдан жан-жақты әрі терең ойластырылған экскурсия бағдарламасы оқушылармен бірге ересектер үшін де аса тартымды болғанын айтып берді. Ақтөбе аймағындағы сакралды нысандардың, соның ішінде ХVII-XVIII ғасырлардан сыр аңғартатын Абат Байтақ және Қыз Әулие кесенелерімен және Қобыланды мен Есет батыр мемориалдық кешенімен танысу сәтінде үлкеніміз бар, кішіміз бар − бәріміз бірдей ғасырлар қойнауымен қауышқандай күй кештік. Өткенсіз бүгін жоқ. Өткен тарихымыз бен салт-дәстүрлерімізді қастерлеу арқылы ғана өркениет көшіне бет түзей алатынымыз анық. Ақтөбе сапары бізге осы ақиқатты тағы бір дәлелдеп берді, деді ол одан әрі. Қобда топырағында және Алға ауданындағы «Күншуақ» сауықтыру лагерінде болған кезінде еліміздің орталығы мен батысындағы балғын жастар бір-бірімен етене жақындасып, емен-жарқын ой-пікір алмасып, спорт түрлерінен жолдастық кездесулер өткізді. Қалай дегенде де, балдырғандардың ойлау қабілеті мен дүниетаным шеңберінің өсуі экскурсияның ең басты олжасы мен құндылығы болып қала бермек. Олар арайлы Ақтөбе аймағынан елімізде осындай қызықты да тартымды экскурсиялар мен жорықтар жиірек бола түссе екен деген тілекпен тарқасты.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе
Суретте: қарағандылық жас қырандарды қарсы алу сәтінен көрініс