Медицина • 20 Тамыз, 2018

Елорда орманын зиянкестерден қалай қорғаймыз?

985 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

1998 жылы жаңа елордамыз дүние жүзіне жария­ланып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оның төңірегіне орман егуді тапсырған шақ­та «Астананың маңа­йындағы жерлер – жазық дала, орман өсіруге аса­ қолайлы емес», деп­ атал­ған бастамаға се­нім­сіздік танытқандар да­ табылды. Дегенмен, бүгінде Астана орманы­ның аумағы 75,1 мың гек­тар­ға жетіп, Шортанды ауданына қарай 100 шақы­рымдай аумаққа дейін созылған. 

Елорда орманын зиянкестерден қалай қорғаймыз?

Тіршілік бар жерде оған кері әсе­рін тигізетін биотикалық факторлар, яғни зиянкестер мен аурулардың  қатар жүрері табиғи заңдылық. Қа­зіргі кезде еліміздің көптеген елді мекендерінде, сонымен қатар Астана қаласының да жасыл желектерін зиянкестерден қорғауда химиялық өң­деудің кемшіліктері ескерілмейді. Өң­деу барысында  алғашқы кезде зиян­кестер жойылып жақсы нәтиже көр­сеткенімен, кейінірек оның жасырын зияны орын ала бастайды. Мәселен,  қайталап өңдеуден соң аз уақытта кейбір зиянкестердің (кене, өсімдік биттері т.б.) қолданылған инсектицидтерге бейімделу үрдісі жүріп, тө­зім­діліктері артады.

Сондықтан орманды  зиянды ағзалардан қорғау шаралары ғылыми тұрғыдан негізделген болуы тиіс. Бұл ретте жыл бойына жүйелі түрде зиян келтірудің алдын алу шаралары мен жасыл желектердің орманпатологиялық мониторингісі жүргізілуі, зиянкестердің популяциясы бақылануы, онымен күресу әдістері (биологиялық), карантиндік және басқа  шаралары кешенді атқарылуы қажет. Басымдық химиялық өңдеуге берілсе де, қолданылатын инсектицид бірінші кезекте адамға, қоршаған ортаға, жан-жануарлар әлеміне, соны­мен қатар пайдалы фаунаға қауіп­сіз болу керек. Бірақ өкінішке қа­рай, мұндай инсектицидтер мүлдем жоқ­тың қасы.

Инсектицидтерді пайдаланғанда аз уақытта зиянкестердің жаппай азаюы байқалғанымен, сондай-ақ оңай және көрнекі болып көрінгенімен, олардың табиғи жауларын (энтомофагтар) жойып, қалған популяциясының көбеюіне мүмкіндік туғызады да химиялық өңдеуді қайта жалғастыруды қажет етеді. Қайта-қайта және есепсіз өңдеу, зиянды ағзалардың инсектицидке деген төзімділігін қалыптастырып, экономикалық және биологиялық тұрғыдан тиімсіз етеді. Сонымен қатар екінші дәрежедегі зиянкес­тер қатарының табиғи жаулары жойылғаннан соң, олар негізгі қатарға шығады да көп мөлшерде химиялық препараттармен өңдеуді талап етеді.

Біздің зерттеулеріміз бен кей­бір ақпараттар бойынша, мұндай қарқындағы химиялық өңдеуді пай­да­лану, инсектицидтерге зиян­кестердің тұрақтылығын қалыптас­тыратындығы, нәтижесінде Астана жасыл белдеуінде кездесетін екін­ші дәрежедегі зиянкестердің жаппай көбеюіне қолайлы жағдай жаса­латындығы байқалды. Мұндай жағ­дайда  жапырақ және қылқан кеміргіш зиянкес бунақденелілер санының артуы  ағаштардың жапырақтарын жеп,  жалаңаштап, әлсіретіп, аурулар мен дің зиянкестеріне қолайлы жағдай туғызады. Соның салдарынан екпе ағаштардың біраз бөліктерінің мүлдем қурап кетуіне соқтырады.

Қазіргі кезде  пестицидтерді шамадан тыс қолданып, бүрку барысында қоршаған ортаның ластануы (су қоймаларының, топырақ, ауа) және пестицид қалдықтарының адам ағзасында қалып қоюы (әртүрлі он­кологиялық және  аллергиялық, бедеулік және т.б. аурулар тудырады), сонымен қатар жануарлар мен өсімдік әлемінің азуы байқалуда. Демек пестицидтерді қолдану кезіндегі келеңсіз нәтижелер ескеріліп, оны ең соңғы шара ретінде пайдалану қажет. Бұл зиянкестерге қарсы қорғаудың кешенді жүйесін, яғни экологиялық қауіпсіз биологиялық әдісті басымдықпен қолдану мәсе­лесін өзекті етеді. 

Осы орайда Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкерлері 2016 жылдан бастап «Жасыл аймақ» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандарымен бірлесе отырып, Астана орманында өсіріліп жатқан ағаштың 60-тан астам түрі мен ағаштардың тұрақты плантациясындағы саны 50 мың дана  ағашты-бұталы 62 түрлі тұқымдықтарға кешенді қорғау шараларын әзірлеуде.

Аймақ екпелерінде марал, бұлан, елік, суыр, дала қарсағы, ондатр, қоян және кіші тышқандар мекендейді. Мұнымен қоса, балқарағай торғайы, сұр шіл, сұр сандуғаш, көк қарға, жа­сымық, шиқылдақ, мәскеу торғайы тәріз­ді қанаттылар да кездеседі. Қа­лып­тасқан дәстүр бойынша  2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың қатысуымен  олардың қатары тағы да 150 қырғауылмен толықты. Аталған іс-шаралар арқылы зиянкес­тер ошағына жол бермеу, қоршаған ортаны ластамау мүмкіндіктері мен биологиялық қорғау тәсілдеріне баса назар аударылуы тиіс.

Біздің институт ғалымдары пес­тицидтерді пайдаланудың кері әсе­рін жете түсіне отырып, өсімдік қор­ғаудың экологиялық қауіпсіз әдістерін жасауды мақсат етуде. Мәселен, ғылыми қолдау мен дер кезінде атқарылған қорғау шараларына байланысты бүгінде Астана жасыл белдеуінің, жалпы орман алқабының орманпатологиялық жағдайы ағымдағы жылы өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жақсара түсті.

18 жылдың ішінде жасыл белдеудің көлемі Бурабай ұлттық паркімен те­ңес­кендігін ескерсек, ғылым мен тә­жі­рибе ұштасқан орман алқабының кө­лемі дәл осы қарқынмен өссе, келер жылы Бура­байға дейін жалғасып, одан әрі Пав­лодар, Қарағанды және Қостанай өңірлеріне де бойлары сөзсіз.

Қазіргі кезде институт Қазақстанда жаппай өндірілетін және кең қолданыс тауып отырған ауыл шаруашылығы өндірісінде, сонымен қатар елді ме­кендердің ішінде және айналасына егілген орман-парктерін зиянкес бунақденелілерден биологиялық қор­­ғау мақсатында биопрепараттар мен био-агенттерді қолдануды насихаттауда. Бұл биоәдісті дамытып, қорғау шараларын экологияландыру, тұрғындардың денсаулығын және қоршаған ортаны сақтауда таптырмас тәсіл.

«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оған айтар тілі жоқ», дегендей, Жер-Анамен тілдесіп, Қа­зақстанның барлық аумағын жасыл белдеулеп, облыстар мен аудан­дар­дың аралықтарында ашық жатқан алаңдарды жасыл алқаппен жайқалту − біздің басты борышымыз!

Нұржан МҰХАМЕДИЕВ,

Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының орман және жасыл желектерді қорғау секторының жетекшісі,

Гүлназ МЕҢДІБАЕВА,

орман және жасыл желектерді қорғау секторының ғылыми қызметкері