Аймақтар • 20 Тамыз, 2018

Ақан серінің 175 жылдығына арналған республикалық айтыс өтті

531 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақтың небір тұғырлы тұлғаларын дүниеге әкелген Айыртау ауданында «Ұлылар елі – серілер жері» атты республикалық  айтыс ұйымдастырылып, Ақан серінің 175 жылдық мерейтойына арналды. 

Ақан серінің 175 жылдығына арналған республикалық айтыс өтті

Дүбірлі жыр бәйгесіне айтыссүйер қауымға танымал от ауызды, орақ тілді суырып салма 12 ақын өлеңмен өрнектелген сөз жарысын қыздырды.

Сөзге жүйрік, ойға тапқыр, шашасына шаң тимес кілең жүйріктер көнеден келе жатқан өнерімізді жаңа қырынан ұлықтап, тәуелсіздіктің арайлы таңын, ел бірлігін жырға қосты. Бірін-бірін зілсіз қалжыңдармен түйреп, әзіл аралас  шумақтарды төгілтті.

«Жүйріктен-жүйрік озар жарысқанда» демекші, кімнің жеңімпаз атанары әркімнің дайындығына байланысты. Қазылар алқасы бағына емес, бабына қарап бағалайтынына, ешқандай бұра  тартуға жол берілмейтініне сенімдімін»– дейді халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы.

Жыр кешінде жұртшылық қызыға тамашалаған жұптардың бірі  қарағандылық Мақсат Ақанов пен алматылық жас ақын Аяулым Жұмабекқызының  қыз бен жігіт айтысы болды. Басқа жұптар да  көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Қазылар алқасының бірауызды шешімі бойынша бас жүлдеге тігілген 700 мың теңге ақшалай сыйлықты Мақсат Ақанов иеленді. Бірінші орын мен 500 мың теңге Ринат Зайытовқа , екінші орын мен 300 мың теңге  Аспанбек Шұғатаевқа,  үшінші орын мен 200 мың теңге Жарқын Жұпарханға бұйырды.

Өзге  жыр сүйейлері де ақшалай сыйлықтармен,  алғыс хаттармен марапатталды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы