Торғын Тасыбекова: Тұлғалар тәлімін көп көрдім

«...Бірде театрға қарай бағыт түзеп, өнер ошағының маңайындағы  көшеде келе жатыр едік, әдемі көйлек киген қыпша бел ару жүргіншілер жолын асыға кесіп өтіп, аялдамаға қарай жүгірді. Қас пен көздің арасында бұлтты аспаннан жарқ етіп шыға келген жарық күндей маңайына шуақ шашқан сұлу бейне қос студенттің көңілін әп-сәтте нұрға бөлеп үлгерді. Қасымдағы серігім теңдессіз тартымды жаратылыстан көз алмай, сол тұрған қалпы орнында қатып қалыпты. Ал мен болсам: «Сірә, актриса деген осындай болса керек» деп іштей ой түйіп үлгердім...». 

Студент шағының естен кетпес әсерлі естелігін осыдан бірнеше жыл бұрын ұстазымыз, театр сыншысы Әшірбек Сығай дәріс үстінде нақышына келтіріп баяндап бергені бар еді. Әр әңгімесін әдемі әзіл мен керемет көркемдікке құрып, суреткерлік қиялмен қызықты жеткізер сыншы баянынан кейін-ақ бұл актрисамен жалқы сәт жүздесіп, пікірлесуге ынтыққанбыз. Болашақ театр төрешісінің көңілінде сол кезде-ақ ұмытылмас әсер қалдырған әсем ару –  бүгінде «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағына ие болған актриса Торғын Тасыбекова, ал сұлулыққа сұқтана көз тіккен сырбаз бозбала – театр өнерінің тарлан таланты Әшірәлі Кенжеев болатын.

Егемен Қазақстан
21.08.2018 2285
2

Тәрбиеледі, шыңдады, шынықтырды

...Алматының аптабы дәл осы күні айрықша «асқынып», шақырайған күннің көзі төбені тесердей жерге төніп тұр. Бірақ біздің көптен жоспарлаған кездесуімізге мәдени шаһардың 40 градус ыстығы та кедергі бола алмады. Келісілген уақытта межелі жерде болуды көздеп, жол­ға әдеттегіден артығырақ уақыт алып, театрға қарай аяң­да­дық. 20 минутқа ерте жет­кенімізге марқая бергеніміз сол еді, күзетші актрисаның әлде­қашан келіп, бізді өзінің грим бөл­месінде күтіп отырғанын жеткізді. Әлгінде ғана ғимаратқа еркінси енген бойымызды енді тез жинап, төртінші қабатқа имене көтерілдік. Өнер иесі бізді жадырай қарсы алды. 

– 5-сыныптан бастап Алма­тыдағы №12 мектеп-интернатта оқыдым. Жас­тайым­нан ин­тер­наттың тәртібі бойыма сің­ген­діктен болар, мен үшін қай кезде де уақыт қымбат. Міне, театрда қызмет етіп келе жат­қаны­ма 60 жылға жуықтапты. Осы уақыт ішінде мен бірде-бір мәрте жұмысқа кешіккен жан емес­пін. Ең кемі 15 минутқа ерте келе­тінмін. Әлі де солай. Алғаш театр табалдырығын аттағаным 1961 жыл болатын. Қарап отырсам, қызым, 60 жыл деген – бір адамның ғұмыры ғой. Ал біз сол өмірді сахнада кешіп келеміз. Тәубе, бақыттымын. Тағдыр Асқар Тоқпановтай кемеңгер ұстаз­дан тәлім алуды, Әзірбайжан Мәмбетовтей жаңашыл режиссермен жұмыс істеуді нәсіп етті. Әнуар Молдабеков, Сәбит Ораз­баев, Асанәлі Әшімов, Әнуар Боран­баев бастаған сахналық әріптестерімнің өзі бір төбе! Әрине бастапқыда қиналдық, қинала жүріп шыңдалдық. Біздің бағымыз сол – Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожам­құлов, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков бастаған қазақ өнерінің тау тұлғаларының тәлі­мін көре жүріп театрға келдік. Сәбира Майқанова, Шолпан Жандар­бекова, Хадиша Бөкеева, Хабиба Елебекова, Бикен Римова сынды нағыз сахна май­тал­­ман­дарының қам­қор­лы­ғын көр­дік. Бикен апам туған анам­дай болды. Тіпті өзінің мен жайын­­­дағы естелігінде: «...театры­мыз­ға көк көзді сары қыз келді. Кел­гені­нен-ақ бар­лығы­мыз сол қызға ғашық бол­дық» деп жазыпты. Шолпан апам да жа­­нына ерекше жақын тұтты. Ме­нің та­биғатым негізінен ли­ри­­калық ампулаға жақын бол­­ған­дықтан, Шолпан апай екеу­міз жиі бір рөлге түсіп қала­тын­быз. Ол кісі бірінші құрам, мен екін­ші құрам­да қатар ойнап жүр­дік. Сах­налық киіміне аса кірпияз­дықпен қарайтын апай, сол талабын мен үшін тұң­­ғыш рет бұзып, өз костюмін маған бер­гені бар. Қай кезде де сах­­на­лық келбетіме, шеберлігіме алаң­­дап, үнемі гримімді тек­серіп, ақыл-кеңесін айтудан жалық­­қан емес. Үлкен­дердің сол та­ғы­­лы­мы, қамқорлығы бізді кәсіби тұр­ғы­дан ғана емес, адамгер­шілік­­­ке де тәрбиелеп, шыңдады, шынықтырды.  

Сахнаға 60 жыл еркеледім

Актрисаның бағы – ойнаған рөлі. Бұл жағынан келгенде де Қазақстанның халық әр­тісі Торғын Тасыбекованың жұл­­­дызы жоғары болды. Ең алғаш 1962 жылы Әзірбайжан Мәм­бетов қолтаңбасында сахна көрген Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы Мағыш (Мағрипа) рөлі өнер иесі­нің шығармашылық ғұмыр­бая­нының жолашар жауһарына айналды. Мағыш бейнесінен кейін-ақ сахнагердің сан тарапты сыршыл кейіпкерлер галереясы қызықты бейнелермен толыға түсті. Олардың қатарында: Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» спектакліндегі – Әлиман, төл драматургиямыздан: М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыландысындағы» – Құртқа, «Қарагөзіндегі» – Ақбала, Ғ.Мүсі­репов­тің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуын­дағы» – Баян, С.Мұқановтың «Шоқан Уәли­хановындағы» – Катерина, Ә.Тәжібаевтың «Майрасындағы» – Майра, Б.Римованың «Абай-Әйгері­міндегі» – Әйгерім және тағы басқа бейнелер, әлемдік классикадан: У.Шекс­пирдің «Асауға тұсауындағы» – Бьянка, М.Фриштің «Дон Жуанның думанындағы» – Донна Анна, Н.Гогольдің «Ревизорындағы» – Мария Антоновна, қазіргі заман драматургиясынан – Ә.Таразидің «Ақын... Періште... Махаббат...» қойылымындағы – Беймаза әйел, Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» спектакліндегі – Қатира, Д.Исабековтің «Ескі үй­дегі екі кездесуіндегі» – Зей­неп, Шахимарден мен Қ.Ыс­қақ­тың «Томирисіндегі» – Елес, «Қазақтарындағы» – Ана, Б.Жә­киевтің «Жүрейік жүрек ауырт­пайындағы» – Күлегеш әйел, У.Гаджибековтің «Аршын мал аланындағы» – Жихан әпке, И.Ғайыптың «Естайдың Қор­ланын­дағы» – Қорлан сынды бейнелер актри­саның сан тарапты бағыт пен мінезде көрінуіне, сахналық шеберлігін шыңдауы­на теңдессіз мүмкіндік сыйлады. Торғын Тасыбекованың кинема­тография саласындағы ізденісі де елеулі. Арасындағы ең шоқтықтысы – Әзірбайжан Мәм­бетовтің кино өнеріндегі тырнақалды туындысы – «Ән қанатында» фильміндегі Майра Уәлиқызының прототипі – Сәби­раның рөлінде ойнауы дер едік. Сондай-ақ «Фархад-Шырын» мен «Король Лир» фильмдерінің кейіпкерлерін, кинодағы Ақбала мен Мағыштың сөздерін дыбыстап, әсем даусымен қазақ көрер­менімен қауыштыруы да ұлт өнерінің өркендеуіне қосылған қомақты үлес. 

– Біз театрға келген алғашқы жылдарда Әзірбайжан Мәмбетов Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясын сахналады. Сондағы Мағыш рөлімен танылдым ғой. Мағыштың жолы жеңіл болды. Содан кейін-ақ кілең басты рөлдерді ойнай бастадым. Баян мен Құртқадан бастап, талай күрделі рөлдерде өзімді сынап көрдім. Әйтсе де, адам армансыз болмайды. Жастайымнан Ақ­тоқты мен Қарагөз рөліне ерекше қызықтым. Кейінірек Ғабит Мүсіреповтің Ұлпанын сахнаға шығаруды іштей армандадым. Бірақ, бұйырмады. Әйтсе де оған өкінбеймін. Сахна мені 60 жыл еркелетті. Әлі де еркелегім келеді. Көңілге бір кірбің салар тұс – замандас құрбы-құр­дастарымның қатары сиреп, көзкөргендерден ешкім қалмай бара жатыр. Небір дүлдүл таланттар дүниеден өтіп кетті. Әнуар Молдабеков қандай еді! Құдайберген Сұлтанбаев пен Құман Тастанбековтің кәсіби шеберлігінен бөлек, адам­гер­шілігі де аңызға бергісіз әңгіме. Соларды ойласам, көзіме жас келеді. Сағынамын. Біз осындай таланттармен серіктес бола жүріп шеберлігімізді шыңдадық. Өзгені айтпағанда, әрқайсымыз бір-біріміз үшін үлкен мектеп едік. Мәселен, Б.Жакиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай» спектаклінде Құман екеуміз қатар ойнадық. Сондай шынайы шықты. Театр репертуарындағы өзімізге жақсы келетін, жақсы көріп ойнайтын қойылымдардың бірі болды. Әр ойнаған сайын жанымыз рахаттанатын. Өткенде Асанәлі драматург Сұлтанәлі Балғабаевқа осы «Жүрейік жүрек ауыртпай» драмасы секілді театрдың үлкендері ойнайтын пьесаға тапсырыс бердім деп қуантып қойып еді. Соны күтіп жүрміз (күлді). Балаларым болса: «Мама, осы күнге дейін 200-ге тарта рөл ойнадың, енді қайтесің, демалсаңшы. Өзің аман-есен жүрсең болды» дейді. Бірақ біз актрисамыз ғой. Біз сахнасыз өмір сүре алмаймыз. Біздің тәңіріміз – ұлы мәртебелі театр! Шығармашылық шабыт беретін, жанымызды бар дерттен арылтатын қасиетті орын – сахна. Сахнаға шықсақ аурудан жазылып кетеміз. Міне, жасымыз 80-ге келсе де әлі күнге театрды аңсап тұрамыз. Рөл берсе жасап, жасарып қаламыз. Осындайда жүрекке әжім түспейді деп қалай дәл тауып айтқан. Біздің де жүрегіміз жас, көңіліміз – бала! Бұрынырақта қойылған бірді-екілі рөліміз болмаса, қазір жаңа қойылымдарға қатыспаймыз.  

Мәселен, жақында театрымызда «Қыз Жібек» қойылды. Сонда Төлегеннің анасын ойнап шығуға жағдайымыз келетін еді. Әнімізді де айта аламыз. Сон­дай кездерде «Шіркін, біздің де бо­йы­мыздағы барды сарқып пай­­да­ланса, театр өнері ұтпаса, ұтыл­мас еді ғой» деп іштей ой­лап қоя­мын. 

Егіз жүрекпіз

Театр табалдырығын атта­ға­ны­нан-ақ сахнаның сәні, көрер­менінің сүйіктісіне айналған талантты актриса өмірлік серігін де осы театрда жолықтырған еді. Сонау бір жылы Гоголь көше­сін­де кездейсоқ жолыққан сұлу бой­жеткен студент Әшірәлі Кенжеев­тің жүрегіне сөнбейтін махаб­бат отын жаққан. Абай мен Әйгерім болып өнерде де, өмірде де қол ұстасып, өнегелі өмір кешкен Қазақстанның ха­лық әртісі Әшірәлі Кенжеев пен Тор­ғын Тасыбекованың ғибратты ғұмыры қай кезде де замандастары мен соңынан ерген іні-қарындастары үшін тек аңыз-ертегілерде кездесетін мінсіз махаббаттың үлгісіндей.

– Тағдырдың маған тарту еткен үлкен сыйы – Әшірәлі Кен­жеев­тей асыл жарды өмірде де, өнерде де ғұмырлық серік етуі дер едім. Ең алғаш тас жолдың бо­йында ұшырасып қалған сол бекзат бейне арада көп уақыт өтпей-ақ менің ең жақын сырласым, қорғаныма айналарын білген, тіпті сезген де жоқпын. Есесіне, театр репертуарында жүрген режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің Шыңғыс Айтматовтың «Құс жолы» повесі бойынша қойылған «Ана – Жер-Ана» спектакліндегі Әлиман рөлі арқылы мені жанына жақын тартып үлгерген боз­баланың сезімі де, өмірлік байламы да берік болып шықты. 

...Ол кезде менің театрға қабылданғаныма біршама уақыт өтіп, қадау-қадау рөлдеріммен көрермен арасында азды-көпті таныла бастаған кезім болатын. Сондай рөлдердің бірі – «Ана– Жер-Ана» қойылымын­дағы Әлиман бейнесі. Алматы кон­сер­ваториясының «Актер ма­ман­дығы» бөлімінің студент­тері аталған спектакльді жиі келіп көріп жүреді. Арасында Әшірәлі де бар. Сонда Әлиман рөліне сырттай ғашық болып, спектакль қойылатын күні Әшірәлі мені көру үшін театрға келеді екен. Сөйтіп жүргенде көше­де жолығып, енді шын ұна­тып қалады. Арада көп уақыт өт­пей Әшірәлі оқитын топ­тың бір топ студенті спек­такль­дердің көпші­лік сахналары­на қатысу үшін театрға қабылданады. Бірде сахнада М.Фриштің «Дон Жуанның думаны» спектак­лі жүріп жатқан. Онда мен Донна Аннаның рөлін ойнаймын. Қойылым барысында кейіп­керім өліп қалады да, Әнуар Мол­да­бековтің мені сахнаға көтеріп алып шығатын жері бар. Содан бір күні Әнуар келіп: «Тор­­ғын, ренжімеші. Мен бүгін бір жақ­қа шұғыл кетуім керек. Менің орныма сені сахнаға мы­на жігіттер көтеріп шығады» деп әлгі студенттерді нұсқады. Әжеп­тәуір қалыптасып қалған акт­ри­­самын, сахнаның артында қаз-қатар тұрған студент 3 жігітті аса менсініңкіремей: «Көтере алмай­сыңдар ғой» дедім. Сол сәтте арасынан Әшірәлінің дау­сы қаттырақ шығып: «Байқап көрелік» деді. Сөйтіп Әшірәлі, Әнуар Боранбаев және Сәулебек Асылханұлы үшеулеп жүріп мені сахнаға алып шықты. Содан бастап бір-бірімізбен танысып, жақын араласып кеттік. Театр сах­­на­­сында талай бейнелерді бірге кейіптеп жүріп, жанымыз бен жүрегіміздің егіз болып кет­кенін тіпті аңғармай қалыппыз. Аз ба, көп пе білмедім, маңдайға бірге болу бұйыртқан 35 жылдық ғұмырымызда өмір мен өнер сахнасында қол ұстасып жүріп талай рөлдерді кемеліне келтіре кейіптедік. Біз үйленгенде Құрманбек Жандарбеков батасын берді. Жақындарымыз, дос­тарымыз тілеулес болды. Айнұр, Азамат, Айжан есімді алтын асықтай ұл мен қыз тәрбие­ледік. Шүкір. Қозы мен Баян, Абай мен Әйгерім болып талай көрерменді шынайы сезім, мәң­гілік махаббатқа сендірдік. Ол біз­дің тек сахнадағы актерлік жұмы­сымыз емес, шынайы жан сыры­мыз еді. Сондықтан болса керек, 10 жыл бойы сахна­­дан түспей, көрерменнің қошеметі­не бөленген «Абай-Әйгерім» халыққа ерекше жақын, ыстық болды. Бикен Римова «Абай-Әй­герімді» Әшірәлі екеумізге арнайы жазған еді. Рөлім болмай қиналып жүрген бір шақтарда апа: «Мына Әйгерімді саған арнап жазамын. Бойың да, ойың да, даусың да Әйгерімге келіп тұр» деп осы пьесаға қалам тартты. Жақып Омаровтың ре­жис­серлігімен қойылған спек­такльге Сыдық Мұха­мед­жанов­тың сыршыл музы­касы ерекше мазмұн берді. Осы қойылыммен Семей жерін аралап, Әйгерімнің ауылы­на бардық. Тобықты елі спектакльді ерекше қошеметпен қарсы алып тұрып: «Біз сахнадан талай Абайды көріп жүрміз. Бі­рақ дәл мұндай келбетті Абай мен сұлу Әйгерімді көрмедік» деп ризашылықпен батасын бер­ді. Әйгерімнің ауылындағы ақ­сақал­дар болса «Әжеміз тіріліп келіп, ортамызға оралғандай болды» деп зор құрмет көрсетіп, шапан жауып, ат мінгізгені бар еді. Бұл да болса өнердің құдіреті. Жас­а­ған жұмыстың, тудырған бей­не­нің жүрекке жеткені деп білемін. 

Кейде маған жастар, өзің сияқты журналистер «Әшірәлі аға екеуіңіз үйде де, сахнада да, гас­трольде де бірге жүрдіңіздер. Бір-бірлеріңізден жалығып кететін кездер бола ма? Жалпы, екі өнер адамының бір шаңырақ астында бірге тұруы қиын емес пе?» деп жиі сұрақ қояды. Жоқ, ондай жағдай болған емес. Неге десеңіз, жақсы көрген адамдар бір-біріне үйде – дос, түзде – жанашыр, қамқор. Үнемі спектакльден соң үйге бірге қайтып, дастарқан басында да өнер жайлы әңгімеміз таусылған емес. Біз махаббатымызды тұрмыстық деңгейге түсірмедік. Барынша ұғысып, сыйласуға тырыстық. Бүгінде міне, сол Әшірәлімнің өмірден өт­кеніне 18 жыл өтіпті. Ғаламат акте­рлігінен бөлек, ақсақалдыққа дайын тұрған азамат еді ғой. Мінезі ақжарқын, әсіресе жас­тарға үйірсек еді. Жастарды жаны­на шақырып алып, ақылын айтудан бір сәт те жалыққан емес. Отбасына да, балаларына да ерекше қамқор болды. Амал қан­ша, 55 жасында бақилық боп кете барды. «Бәрін уақыт ем­дейді» дейміз. Бірақ өмірде бір-ақ рет берілетін ондай махаб­бат еш­қашан ұмытылмайтын көрі­неді. Керісінше, жылдар алға жыл­жыған сайын сағынышың есе­леніп, биіктеп кете береді екен... 

Талантты жастар өсіп келеді

60 жыл бойы көркем келбет, сыбызғыдай сызылған әсем даусымен сахнаның сәнін кіргізіп, сан тарапты сұлу бейнелерді көрер­менімен қауыштыр­ған Қазақстанның халық әртісі, ғибратты ғұмыр иесі Торғын Тасы­бекованың жеміс пен жеңіс­ке толы шығармашылық жолы қай кезде де тағылымды. Бүгінде Сәбира, Хабиба, Хадиша, Шолпан, Бикен апаларының жолын жалғап, өзі де театрдың анасына айналған актрисаның жастарға айтар ақылы да, өнегелі өмір ғибраты да таусылмақ емес. 

– Жастар үнемі ақыл сұрап келіп тұрады. Біз де кезін­дегі Шолпан, Бикен апаларымыз секілді қолымыздан кел­генін­ше білгенімізді үйретіп, ақылы­мызды айтуға тырысамыз. Кезін­де үлкен апаларымыздың мінезі мен әрекетінен бойымызға дары­ған тектілікті кейінгі өскелең буын да сезініп, біліп өссе дейміз. Шүкір, қазір театрдың ішінде жастар жаман емес. Ешқайсысы алдымыздан кесіп өтпейді, сыйлап тұрады. Бұл – киелі қарашаңы­рақ М.Әуезов театрының бағзы­дан келе жатқан бұзылмас дәстүрі ғой. Театрдың ішкі тәрбиесі, сыйласымы тереңнен тамыр тартады. Мұнда Қаллеки, Серағаң, Елағаңдардың тағылымды ізі сайрап жатыр. Соны жастар жағы жіті сезінеді. Талантты балалар өсіп келе жатыр. Мені сол қуантады. 

P.S: Осыдан біраз уақыт бұрын сыншы Әлия Бөпежанованың актриса жайлы «Жаны жарық сахнагер» атты мақаласын  оқыған едік. Сондағы жазба тақырыбы бізді ерекше елең еткізген. Өнер иесімен таныса, сырласа келе сыншының актриса табиға­тын тап басып танығанына тәнті болдық. Есіктен кіргеннен-ақ жүзінен нұр шашып, мейірім шуағына бөлеген сұлу жанның әңгімесі де әсерлі, көркем. Кемеңгер Абай айтпақшы, саф сұлу өнер көңілі бықсық адамнан тумайды, нағыз өнер – жаны таза адамның ғана табиғатына тиесілі екен. Тыңдап отырып, өзің де ғажайып бір әлемге еніп кеткендей әсерленіп, толқисың. Ал актрисаның сахнадағы рөлдері қандай! Бәрін болмаса да, Торғын Тасыбекованың кейінгі жылдары кейіптеген бірнеше кейіп­керін сахнадан  көру бақытына ие болып, жан әлеміміз бір сілкініп қалған. Басқаны айтпағанда, актрисаның көрермен алдына жалқы мәрте шығуының өзі сахнаны жайнатып, жарқыратып жібереді. Бұл – санаулы дарындарға ғана тиесілі даралық. Иә, 80 жыл бойы жүрегіне әжім тұрмақ, дақ түсірмеген актрисаның жан әлемі шын мәнінде аппақ, жап-жарық...

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»
 

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

21.09.2018

Маман дайындау мәселесі талқыланды

21.09.2018

Астанада тұрғын үй кешенінде шартты өртті сөндіру бойынша тактикалық оқу-жаттығу өтті

21.09.2018

Бүркітші қыз Айшолпан түскен «Көшпенділер» фильмі көрерменін қуантады

21.09.2018

Павлодарда биыл 1655 жұп қосылса, 1101-і ажырасқан

21.09.2018

Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу бойынша жоба әзірленді

21.09.2018

Кәрім Мәсімов терроризмге қарсы орталықтың отырысын өткізді

21.09.2018

Қостанайлықтар жарықдиодты шыны жолмен жүреді (ВИДЕО)

21.09.2018

Қанат Ислам мақтааралдық жас боксшыларға мастер-класс өткізді

21.09.2018

Алексей Луценко: «Алматы турын» апталық жарыс қылса керемет болар еді

21.09.2018

Бурабайда жаңа мешіт ашылды

21.09.2018

Онкологиялық қызметтің атасы Сәкен Нұғмановтың 100 жылдығы атап өтілді

21.09.2018

Дзюдошы Ерлан Серікжанов жартылай финалға шықты

21.09.2018

Қайрат өз құрамын жария етті

21.09.2018

Асқар Жұмағалиев Үндістанның АТ және телекоммуникациялар министрімен кездесу өткізді

21.09.2018

Шетелдік мамандар ауылдық мектеп оқушыларына ағылшын тілін оқытуды бастады

21.09.2018

Шыңғырлау ауданында төрт емдеу нысаны күрделі жөндеуден өтті

21.09.2018

Рани Мукерджидің қазақтарға сәлемі

21.09.2018

Елбасы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқармасының төрағасын қабылдады

21.09.2018

Даниал Ахметов Зырян ауданын Алтай деп атау туралы ұсынысты қолдады

21.09.2018

Халқына демесін болған күйші

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Qasiet pen qasiret

«Dánikkennen qunyqqan jaman» degen sózge mán bersek, munda úlken fılosofııalyq maǵyna bar. Táýba, bireý bireýden nan surap jeıtin zaman emes qazir. Toqshylyq zaman. О́zimizdi qoı ústine boztorǵaı jumyrtqalaǵan barshylyqta, etek-jeńniń keń kezinde dúnıege kelgen, zárýlik kúıin sezinbeı ósken urpaqqa balaımyz. Dastarqannan nan, maı, qant, sút, qaımaq eshqashan úzilgen emes. Sonymyzben baı sanalmasaq ta, bardyń sanatynan bolatynbyz... Qudaı saqtaı gór, taǵamǵa talǵam-talabymyzdyń sharyqtap ósip ketkeni sonshalyq keıde dastarqannan búginde nan qoıylatyn bos oryn tappaı qınalatynymyz ras. Sóıte tura, toqshylyq zamanda ómir súrip jatqanymyzdy sezinbeıtinimiz jaman. Moıyndaǵymyz kelmeıtini qorqynyshty. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Minez adamnyń taǵdyry ma?

Qazir Elbasynyń «Bolashaqqa baǵdar: rýhanı jańǵyrý» baǵdarlamasy týraly jıi áńgime qozǵalýda. Jańa turpatty jańǵyrýdyń eń basty sharty – ulttyq kodyńdy saqtaı bilý, ıaǵnı zaman jańalyqtaryn qabyldaı, oǵan ún qosa otyryp, basqa ulttardan árdaıym erekshelendirip turatyn ózińniń ulttyq bolmysyńdy, qazaqy qalybyńdy damyta bilý ekendigi aıtylýda.

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Esti men eski

Elektrondy aqparat quraldaryn qosa qalsań-aq jarq etip shyǵa keletin ánshilerdiń bitim-bolmystarynan syr aýlaı uzaq qadalatynyń bar. Qyz-jigitterdiń arasynda burynnan biletiniń ıa qatarǵa jańa-jańa ilingenderiniń oryndaǵan ánderine qulaı elikpeseń de – beker obaldary káne, beıjaı tyńdap otyrǵyzbaıtyn izdenisteriniń qýaty barshylyq. Bul salanyń jetik bilgiri sanalmasań da, tańdaǵan repertýaryna ózińshe kóńil aýdaryp, naqyshyn ishki tarazyńmen ólshep, órnek ıirimin oısha saraptaısyń ǵoı, baıaǵy. 

Ермухамед Мәулен, «Егемен Қазақстан»

Boljam aıtyp baıyǵandar

Sport bızneske aınalǵaly qashan. Árıne bul sózben qazir eshkim daýlasa almaıdy. Álemdegi eń baı adamdar sportshylar ekeni anyq. Alaıda osy sport bıznesi salasynda alaıaqtyq ta joq emes. Ásirese bás tigip aqsha tabatyndar men qandaı báske qoıý kerektigin usynatyndardan aıaq alyp júre almaısyz. Keńes beretin keń­seler men aqyl aıtyp otyratyn saıttar qap­tady. Aldaǵy ýaqytta alaıaqtardyń arbaýyna túspes úshin bul júıeniń qalaı áreket etetinin aıtyp óteıin. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Naǵyz Báıterek

Qazirgi baspasóz betterinde, buqaralyq aqparat quraldarynda «Báıterek» degen sóz teńeý retinde kóbinese qoǵamǵa eńbegi sińgen nemese ómir jolynda jeke basy jaqsy tabystarǵa jetken, sodan halyqtyń kózine túsken adamdarǵa qatysty qoldanylyp júr. Durys-aq. Ondaı adamdardyń eńbegi halyq ıgiligine jarap jatsa, sol ıgilikten kóptegen adamdar nár alyp, turmysyn jaqsartsa nemese sol adamnan úlgi alý arqyly urpaǵyna durys tárbıe, baǵyt-baǵdar berse, tipti basqany bylaı qoıǵanda, et jaqyn týystary, aýyldastary sonyń saıasynan pana taýyp, sol arqyly ómirin durys arnada jalǵastyryp jatsa, nege qoldanbasqa. Rasynda da, mundaı adamdar «Báıterek» degen atqa ábden laıyq qoı.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу