Президент • 23 Тамыз, 2018

Сенім грамоталарын қабылдады

596 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев бірқатар мемлекеттің елшілерінен Сенім грамотасын қабылдады. Президент өз сөзінде дипломаттардың қызметіне ресми кірісуімен құт­тықтап, бұл әр дипло­мат­тың өміріндегі жауапты да қуанышты сәт екенін атап өтті.

Сенім грамоталарын қабылдады

Рәсім барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа Ливанның Төтенше және өкілетті елшісі Жискар Әл-Хури, Украинаның Төтенше жә­не өкілетті елшісі Иван Кулеба, Бра­зи­лияның Төтенше және өкілет­ті елшісі Марсия Доннер Абреу, Германияның Төтенше және өкілетті елшісі Тило Клин­нер, Пәкістанның Төтенше және өкі­летті елшісі Имтиаз Ахмад Ка­зи сенім грамотасын тапсырды.

Мемлекет басшысы Аста­на­ның 20 жылдық мерейтойы атап өтілгенін айтып, қысқа уа­қыт ішінде Қазақстан елорда­сы көп ұлтты халқымызды бірік­тіргенін, сондай-ақ тың идеялар мен инновацияларға жол аш­қанын жеткізді.

«Астана бейбітшілік пен ке­лісімнің жаңа платформасы ре­тінде танылды. Мұнда Еуразия­лық экономикалық одақ, Шан­хай ынтымақтастық ұйымы, Еу­ропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымы, Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ис­лам Ынтымақтастығы Ұйымы, ЭКСПО көрмесі аясында ма­ңыз­ды құжаттар қабылданды», деді Елбасы.

Сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шы­лары­ның VI съезін өткізу мә­селе­леріне ерекше тоқталып, ел­дердің делегацияларын осы шараға белсенді атсалысуға шақырды.

«Жуырда біз үздік тәжі­ри­белерге негізделген жаңа «Астана» халықаралық қаржы орталығын аштық. Елдеріңізді осы орталықтың жұмысына атсалысуға шақырамын», деді Президент.

Бұдан бөлек, Қазақстанның жа­һандық дағдарысқа қара­мас­тан тұрақты дамып келе жат­қа­нын мәлімдеп, елімізде эконо­миканың өсіміне қолайлы жағдай жасалғанын атап көрсетті.

«Қазақстан жаңа жағдайға бейімделіп, дәйекті реформаларды жүргізуді жалғастырып келеді. Заманауи талаптарға сай болу үшін цифрландыру және адами капиталдың сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Елімізде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасып, шетелдік озық технологиялар мен капиталды тарту көзделіп отыр», деді Мемлекет басшысы.

Елбасы Қазақстанның көр­шілес елдермен экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақ­сатымен заманауи инфра­құ­ры­лымды белсенді дамыта түске­нін, «Батыс Қытай – Батыс Еуро­па» халықаралық көлік дәлізі­нің 2,7 мың шақырымға созыла­тын қазақстандық бөлігінің құ­ры­лы­сы толық аяқталғанын атап өтті.

«Осы айда Ақтау қаласында өткен Бесінші Каспий саммитінде Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстан басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды. Онда қауіпсіздік және эко­логия мәселелерімен қатар, Кас­пий маңы елдерінің инфрақұры­лы­мын одан әрі дамыту, көлік желісінің әлеуетін арттыру қарас­тырылған. Құ­рық порты­ның іске қосылуы Транскаспий бағыты бойынша жүк тасымалдауды қамтамасыз етті. Соның арқасында, 2020 жылға қарай бюджетке жылына 5 миллиард доллардан астам қосымша кіріс түседі, ал Қазақстан өнімдері әлемнің 120-дан астам елінің нарығына жеткізіледі», деді Н.Назарбаев.

Сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саясаты сындарлы ынты­мақ­тастық пен прагматизм қағи­даттарына негізделгенін атап өтіп, Астана екіжақты және көпжақты байланыстарды одан әрі дамытуға баса көңіл бөлетінін айтты.

Н.Назарбаев Германиямен бү­гінгі екіжақты қарым-қаты­на­сымыз стратегиялық деңгейге көте­­рілгенін атап өтіп, ел прези­денті Франк-Вальтер Штайн­майердің Астанаға алғашқы ресми сапары және ЭКСПО-2017 көр­месіне қатысуы екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін бергеніне тоқталды.

«Біз германиялық әріптес­тері­мізбен бірлесіп, Қазақстанға төр­тінші өнеркәсіптік революция элементтерін енгізуге, озық технологиялар мен инвестиция тарту жөніндегі жұмысты жалғастыруға ниеттіміз. Қазақстандағы неміс диаспорасы елдеріміз арасындағы «алтын көпір» деп білеміз», деді Елбасы.

Мемлекет басшысы өткен жыл­дар ішінде Қазақстан мен Ук­раина едәуір жетістіктерге қол жеткізгенін айтып, екі елді достық пен ынтымақтастыққа негізделген тарихи байланыстар біріктіретінін атап өтті.

«Былтыр елдеріміздің өзара сауда айналымы 19 процентке өсті. Қазақстанда Украинаның қа­ты­суы­мен жұмыс істейтін кә­сіп­орын­дар­дың саны да артып келеді. Біз экономикалық ынты­мақ­тас­ты­ғымызды, әсіресе өн­ді­ріс пен ауыл шаруашылығын­дағы бай­ланыстарымызды одан әрі өр­кендете түсуіміз қажет», деді Пре­зидент.

Н.Назарбаев Пәкістан Қазақ­станның Оңтүстік Азиядағы ма­ңызды әрі перспективалы серік­тесі саналатынын атап өтіп, Пәкістан Шанхай ынтымақтастық ұйымының толық мүшесі ретінде оның жұмысына тың серпін беретініне сенім білдірді.

«Сауда-экономика сала­сын­дағы байланысты нығайту мақ­сатымен бірлескен Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің жұмысын жандандырып, тиісті «Жол картасын» қабылдау қа­жет», деді Мемлекет басшысы.

Президент биыл Бразилиямен арадағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл болғанын айтып, бұл елдің Латын Америкасындағы рөлі зор екенін атап өтті.

«Мен 2016 жылғы қыркүйекте «Үлкен жиырмалық» форумы аясында Бразилия Президенті Мишел Темермен кездестім. Онда біз екіжақты қатынастарды жаңа сапалы деңгейге көтеру жолдарын талқыладық. Осыған орай, технология, ауыл шаруашылығы, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп салаларында бірлескен жобаларды іске асыруды жандандыру қажет. Орнатылған визасыз режім елдеріміздің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын ілгерілетуге септігін тигізеді деп ойлаймын», деді Н.Назарбаев.

Елбасы ширек ғасыр ішінде Ливанмен достық байланыстарымыз өзара түсіністік пен әріптестік рухында қалыптасқанын айтты.

«Бүгінде Қазақстанда Ливан­ның бірқатар компаниялары табысты жұмыс істеуде. Бірлескен Үкіметаралық комиссия құру, іскер топтар өкілдерінің өзара сапарларын ұйымдастыру екі жақты байланысқа тың серпін беретініне сенімдімін. Біз Бейруттің Таяу Шығыс аймағында тұрақтылық пен қауіпсіздікті орнатуға бағыт­талған күш-жігерін жоғары баға­лаймыз», деді Президент.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев рәсімге қатысушыларды Қазақ­стан­дағы дипломатиялық мис­сия­ларының басталуымен тағы да құттықтап, олардың қызметтері ел­деріміз арасындағы достық пен сенімді одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді.

Салтанатты рәсімнен кейін елшілер журналистерге сұхбат беріп, алдағы жұмыс жоспары­мен бөлісті. Ливан елшісі Жискар Әл-Хури өз елінде Қазақстанның жетістіктерін жіті қадағалап отыратынын жеткізіп, Қазақстанның ядролық қарудан азат әлем құру идеясын, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінде көтерген бастамаларын қол­дайтынын мәлімдеді. «Ли­ванда да көпұлтты саясат ба­сым­дыққа ие. Екі мемлекет ара­сындағы достық ынтымақтас­тық­ты күшейтіп, Таяу Шығыс пен Ор­та­лық Азияда қауіпсіздікті сақтау­ға мүмкіндік беріп отыр», деді елші.

Журналистермен қазақша амандасқан Бразилия елшісі Марсия Доннер Абреу екі ел арасындағы ұқсастықты тілге тиек етті. Оның айтуынша, Бразилия Еура­зия­лық экономикалық одақ­пен тиімді әріптестік орнатуға мүд­делі. Әсіресе, Латын Амери­ка­сын­дағы беделді ұйым саналатын, құрамында Аргентина, Брази­лия, Уругвай секілді мемлекет­тер бар МЕРКОСУР ұйымы да ЕЭО-мен байланыс жасауды қолдайды.

Германия елшісі Тило Клиннер екіжақты сауда-экономикалық байланыстың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Оның айтуынша, тауар айналымының құны 6 миллиардтан асқан. Т.Клиннер мұны 10 миллиардқа жеткізуге мүм­кін­дік бар екенін жеткізді. Соны­мен қатар елші неміс компания­ларының Қазақстанда жұмыс істеуге мүдделі екенін жеткізді.

Украинаның Төтенше және өкілетті елшісі Иван Кулеба өз елінде Президент Н.Назарбаевтың есімі зор құрметке ие екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл Украинада Елбасына арнап кітап шығару жоспарланған.

«Нұрсұлтан Назарбаевтың Украинада тау-кен саласы бо­йынша білім алғаны белгілі. Содан бері 60 жыл өтіпті. Осы тарихи датаға құрмет ретінде Н.Назарбаевқа арналған кітап әзірленіп жатыр. Онда Нұрсұлтан Әбішұлының Украинада өткізген уақыты жайында баяндалады. Жалпы, оның Мемлекет басшысы ретіндегі әрі бітімгерлік қызметі жан-жақты көрсетіледі. Сондай-ақ бұрынғы Днепродзержинск, қазіргі Каменский қаласында арнайы мұражай бар», деді И.Кулеба.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»