Футбол • 22 Тамыз, 2018

Қазақстанның футзалшылары Аргентинамен кездеседі

408 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футзалдан Алматыда өтіп жатқан студенттер арасындағы әлем біріншілігінде Қазақстанның ерлер құрамасы табысты өнер көрсетіп, өрелі өнерімен өз жанкүйерлерін қуантуда.

Қазақстанның футзалшылары Аргентинамен кездеседі

Топтық турнирдің тұсаукесер кездесуінде 2016 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері Чехия құрамасын 4:3 есебімен ұтқан жерлестеріміз келесі турда Жаңа Зеландияның қақпасына жауапсыз екі гол соқты – 2:0. Үшінші бәсекеде Беларусьпен кездестік. Олар да осал қарсылас емес. 2014 жылы Испанияда өткен дүниежүзілік додада беларусьтіктер үшінші орынға табан тіреген болатын. Бұл матч 1:1 есебімен тең аяқталды. Осылайша, өз тобында бірінші орын алған Қазақстан құрамасы плей-офф додасына жолдама алды.

Жарыс жолында енді сегіз мықты команда ғана қалды. Ширек финалда отандастарымыз Аргентина құрамасымен күш сынасады. Оңтүстік Американың оғландары осы күнге дейінгі студенттердің айтулы доп додасында жеңіс тұғырына көтеріле алмағанымен, бұл елде футзал өте керемет қарқынмен дамығанын жанкүйерлер жақсы біледі. Атап айтсақ, осыдан екі жыл бұрын ұлттық құрама командалар арасында Колумбияда өткен әлем чемпионаты аргентиналықтардың жеңісімен аяқталған еді. Десек те біздің жігіттер өз жерімізде өтіп жатқан жарыста жанкүйерлерді жерге қаратпайды деп үміттенеміз. Бұл бәсеке 23 тамызда өтеді.

Өкінішке қарай, Қазақстанның әйелдер құрамасы бұл жарыста сәтсіз өнер көрсетуде. Алғашқы кездесуде 3:5 есебімен Жаңа Зеландияға есе жіберген аруларымыз келесі матчта Португалиядан ойсырай ұтылды – 1:14. Бүгін жерлестеріміз Францияға қарсы ойнайды.     

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ