Үкімет • 23 Тамыз, 2018

Жоспарлы межелер орындалуымен құнды

279 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен кезекті Үкімет отырысы өтіп, онда орақ науқанының барысы талқыланды, сонымен қатар 2016-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының биылғы 6 айдағы қорытындысы баяндалды. Отырыста жылыту маусымы мен жаңа 2018-2019 оқу жылына дайындық шаралары кеңінен сөз болды. 

Жоспарлы межелер орындалуымен құнды

Жаңбыр суынан зардап шекпеуі керек

Кезекті Үкімет отырысында күн тәр­ті­біндегі мәселелер талқыланбас бұ­рын Премьер-Министр Бақытжан Са­ғынтаев толассыз жауған жауын салдарынан Астананың бірқатар көшелерінің су астында қалғанын тілге тиек етіп, соның салдарынан жаяу жүргіншілер мен автокөлік иелері зардап шеккенін, қоғамдық көлік қозғалысы қиындағанын айтты. Б.Сағынтаев осы мәселе жөнінде Елбасы тарапынан да бірнеше рет орынды сын-ескертулер айтылғанын атап өтті. Бұл мәселені шешу үшін тиісті тапсырмалар жүктелген.

− Қала тұрғындары қалалық ком­му­налдық қызметтердің нашар жұмы­сынан зардап шекпеуге тиіс. Бауыржан Мо­мышұлы даңғылы мен «Тұран» даңғылында, «Ұлы Дала» көшесінің қиылыстарында, Бараев көшесінде, «Жастар» шағын ауданында және тағы басқа жерлерде су басу жағдайлары жиі орын алады, – деді Б.Сағынтаев.

Жиында аталған мәселені шешу жолдарын таныстыру үшін Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев онлайн байланысқа шықты. Оның айтуынша, қаладағы барлық жүйені теңгерімде ұстап, нөсерлік ағын қызметтерімен айналысатын, жауын-шашын кәріз жүйесін бұру жөніндегі арнайы кәсіпорын құру жоспарланып отыр. «Астана–Тазалық» деп аталатын кәсіпорын қаланы судан тазартып қана қоймай, оны жүйелі түрде реттеп отыру үшін жұмыс істемек. Бұл мәселеге қатысты Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігіне Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп аталған мәселені пысықтауды тапсырды. Әкімдікке жақын арада осындай жағдайлардың алдын алу, коммуналдық қызметтердің жұмысын күшейтуге қатысты қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.

Күзгі егін науқанының сәтті аяқталуы бақылауда

Еліміздегі егін жинау жұмыстары жө­нінде Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев баяндады. Оның айтуын­ша, жалпы жұмыс штаттық режімде жүргізілуде. Орақ науқаны Жамбыл облысында 95,2 процентке аяқталса, Түркістан облысында 95,6 процентке аяқталды. Аталған өңірлер бойынша орташа түсімділік гектарына 21 центнерді құраған.

− Жиын-терін жұмыстары Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізіліп жатыр. Аталған облыстардағы дәнді дақылдар жиналатын алқап 3 млн гектарды құрайды, оның 1,1 млн гектары немесе 36,3 проценті жиналды. Гектарына 18,1 центнер орташа түсімділікпен 2 млн тонна астық бастырылды. Астықтың жалпы түсімі 20 млн тонна болады деп болжануда, бұл биылғы қуаңшылық жағдайында жаман көрсеткіш емес. Негізгі астық өсіретін өңірлер егін жинауға тамыз айының соңында, қыркүйек айының басында кіріседі. Әкімдіктердің деректері бойынша техникалар егін жинауға 100 процент дайын, – деп мәлімдеді Ө.Шөкеев. Премьер-Министрдің орын­басары – Ауыл шаруашылығы ми­нистрі келтірген ақпарат бойынша, егін жинау жұмыстарын дер кезінде жүр­гізу үшін ауылшаруашылық тауар­ларын өндірушілерге 394 мың тонна ар­зандатылған жанар-жағармай бөлінген. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев келтірген ақпаратқа сүйенсек, Қазақстан бойынша 20 тамыздағы жағдайға сәйкес дизель отынының көлемі 260 мың тоннадан асады, күзгі науқан кезіндегі жұмыстарға 110,5 мың тонна дизель жұмсалған.

Ал республикада жалпы астық сақтау орындарының сыйымдылығы 26,7 млн тоннаны құрайды, оның ішінде астық сақтау кәсіпорындарында – 13,7 млн тонна, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерде – 13 млн тонналық орын бар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, қазіргі таңда ІІІ санатты бидайдың бір тоннасы 48-49 мың теңге тұрады. Жаңа жиналған өнімді экспортқа жіберу үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ө.Шөкеев мемлекеттік органдармен бірлесіп логистика мәселелерін шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Тақырыпты қорытындылаған Пре­мьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Энергетика министрлігі егін жиын-те­рімі аяқталғанға дейін бекітілген кес­теге сәйкес дизельдік отын жеткізудің тұ­рақ­тылығын қамтамасыз етуді ескертіп, бір­қатар тапсырма жүктеді.

Жарты жылда – 1800 жұмыс орны

Биылғы алты айда 2015–2019 жыл­дарға арналған индустриялық-инно­ва­циялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындысын баяндаған Ин­вестициялар және даму министрі Жеңіс Қа­сы­м­бек индустрияландыру картасы ая­сын­да жарты жылда 1800-ден астам тұ­рақ­ты жұмыс орыны ашылғанын мәлім­деді.

− 2018 жылдың І жарты жылдығын 2010 жылмен салыстырғанда өңдеу салаларында жұмыс істейтін қосымша 3,5 мың кәсіпорын пайда болды. Негізінен өсім машина жасау, азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс материалдары кәсіпорындары санының өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Олардың жалпы сомалық үлесі өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының жиынтық өсімінде 50 проценттен асты, – деді министр.

Биылғы алты айдың қорытындыларын өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыс­тыр­ғанда өңдеу секторындағы өндіріс 5,2 процентке артып отыр. Оң динамикаға ықпал ететін негізгі драйверлер: машина жасау, химия өнеркәсібі, азық-түлік өнімдері өндірісі, мұнай өңдеу, металлургия, құрылыс материалдарының өндірісі. Инвестициялар және даму министрінің айтуынша, биылғы есепті кезеңде барлық мақсатты индикаторлар бойынша оң қарқын байқалады. Мемлекеттік бағдарлама аясында кәсіпорындарға жүйелі қолдау шараларын көрсетудің нәтижесінде жаңа өндірістерді іске қосу, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаң­ғырту және кеңейту шаралары жалғасуда.

Биылғы алты айда Индустрияландыру картасы аясында 187 млрд теңгеге жуық сомаға 18 жоба іске қосылған. Екінші жарты жылдықта жалпы сомасы 1,1 трлн теңге болатын 100-ге жуық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Онда 12,2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Тақырыпты қорытындылаған Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев кәсіпорындарды жаңғырту есебінен жаңа жоғары технологиялы өнім шығаруға, түбегейлі жаңа салалар құруға және сол арқылы экспортты арттыруға мүмкіндік туатынын айтты.

Жылыту маусымына дайындық жүргізілуде

Энергетика министрі Қанат Бозым­баев биылғы жылыту маусымына да­йындық жұмыстары кестеге сай жүр­гізіліп жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, қазір 4 энергоблоктың жөндеу жұмыстары аяқталып, 20 қазандық пен 20 турбина жөндеуден өткен. Алдағы уақытта 4 энергоблок пен 25 турбина жөндеуден өтеді деп күтілуде. Бұған қоса, 21 мың шақырым электр желісі жөнделіп, 497 қосалқы стансасы да қалыпқа келті­ріл­мек. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағындағы 568 қазандық­тың 413-і жөнделген. Бұған қоса, электр стансаларында 2,8 млн тонна көмір және 81 мың тонна мазут қоры әзірленген.

− Орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету аймағындағы қазан­дық­тарда 979 мың тонна көмір, 32 мың тонна мазут жиналған, – деді Қ.Бозымбаев.

Өңірлерді көмірмен қамтамасыз ету барысы жайында баяндаған Инвес­тициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек биылғы 7 айда 60 млн тонна көмір өндірілгенін, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 процентке артық екенін жеткізді.

Биыл 3 млн бала мектепке барады

Жиында 2018-2019 оқу жылының бас­талуына дайындық барысы туралы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндады. Оның айтуынша, республикада 898,4 мың баланы қамтитын 10 311 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Оның 6727-сі – мемлекеттік, 3584-і – жекеменшік. Еліміздегі 99 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Министр келтірген ақпарат бойынша, елімізде жаңа оқу жылында 3 млн-нан астам бала 7024 мемлекеттік мектепке баратыны анықталған. Оның ішінде 350 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа қабылданбақ. Республикалық бюджет қаражаты есебінен 110 мектеп салынып жатыр, оның 72-сі биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жергілікті бюджет есебінен 94 мектеп салынуда.

Сөз соңында Үкімет басшысы Білім және ғылым министрлігіне жаңа оқу жылына мектептердің сапалы даярлығын және де мектептерді оқулықтармен қамту мәселесін бақылауда ұстауды тапсырды.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»