Білім • 23 Тамыз, 2018

Жастар – партиялық жобалардың белсенді қатысушысы

456 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің әр түкпірінен келген белсенді жастар, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары және жас кәсіпкерлер Ақмола облысының Зеренді ауданындағы «Зерен» республикалық жастар жазғы білім беру лагерінде бас қосты. 

Жастар – партиялық жобалардың белсенді қатысушысы

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бі­рінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жастар форумының үшінші маусым қатысушы­ларымен арнайы кездесіп, олардың алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі, сондай-ақ қазіргі әлемдік геосаяси ахуалға назар аударып, осы жолдағы жастардың рөліне тоқталды.

– Елбасының саяси және рухани жаңғыру реформаларын жүзеге асыруды белсенді жалғастыруымыз қажет. Себебі Мемлекет басшысы жариялаған жүйелі жаңғыру бағдар­ламаларының негізгі мақсаты – ұлттық құн­ды­лық­тарымызды дәріптеп, әлемдік тәжіри­белер­ден үйрене отырып елдігімізді нығайту. Сон­дықтан бұл жұмыстарға мемлекеттік органдардан бөлек, қоғамдық бірлестіктер, сая­си партиялар, үкіметтік емес ұйымдар және жастар белсене қатысуы керек, – деді Мәулен Әшімбаев.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары бұл бағытта «Нұр Отанның» қолға алған жұмыстарына көңіл бөліп, жастарға жаңа пар­тиялық жобалар жайында жан-жақты сөз етті. Оның айтуынша, 20-дан астам жаңа пар­тиялық жоба қолға алынып, тиісті жұмыстар басталған.

Өз сөзінде спикер партияның «Цифр­лы Қазақстан», «Рухани жаңғыру» бағдар­ламаларын жүзеге асыруға үлес қосуға, халықтың цифрлы сауаттылығын арттыруға және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бірқатар нақты жобаларды қолға алғанына ерекше тоқталды. Атап айтқанда, партия алдағы үш жылда тегін 1000 ІТ-сынып ашуды жоспарлап отыр. Онда жылына 150 мың бала бағдарламалау, робот техникалары және 3D модельдеу негіздерін меңгеретін болады. Ал болашағын ақпараттық технология саласымен байланыстырғысы келетін азаматтар үшін «Нұр Отан» 20 ІТ-орталық ашып, білікті ІТ-мамандар даярлау ісін бастап кетті. Аталған жобаның түлектеріне тек Қазақстаннан ғана емес, әлемдік ІТ-нарығындағы тапсырыстарды орындау арқылы шетелдік компаниялардан да жұмыс табуға мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде еліміз бойынша 100-ден астам ІТ-сынып пен 15 ІТ-орталық ашылды. Мәулен Әшімбаев бұл жұмыстар «Нұр Отан» партиясының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуына қосқан нақты үлесі екенін атап өтті.

Ауыл балаларына ағылшын тілін үйрету үшін партия «English for Jastar» жобасын жүзеге асыруда. Соның аясында алдағы уа­қыт­та шетелдік азаматтарды, «Болашақ» бағдар­ла­масының түлектерін және ағылшын тілін ер­кін меңгерген жасотандықтарды, барлы­ғы 500-ге жуық жас азаматты еліміздің әр өңірін­дегі ауыл-аймаққа, соның ішінде шалғай­дағы елді мекендерге жіберу жоспарланып отыр.

Бұдан басқа Қазақстанның әр түкпірінде жастар инфрақұрылымын дамытуға бағыт­тал­ған жаңа партиялық жобалар да бар. Со­лардың қатарында отандық кітапханалар­дың жұмысын жаңғыртып, заманауи білім ор­та­лықтары ретінде қайта құру бастамасын ерекше атап өткен жөн. Осы мәселеге назар аударған Мәулен Әшімбаев еліміздегі кітап­ха­налардың басым бөлігінде материалдық-техникалық база мен қызмет көрсету сапасы ескіргеніне көңіл бөлді. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы «Мектеп асханаларын жаңғырту» жобасы арқылы білім беру мекемелерінде дұрыс тамақтану жүйесін енгізуді қолға алып отыр.

«Денсаулық сабағы» және «Спорт инфра­құ­рылымын жаңғырту» жобалары арқылы партия мектеп оқушыларының саламатты өмір салтын ұстануларына да жағдай жасау­ды қолға алуда. Соның нәтижесінде «Нұр Отан» бизнес қауымдастықпен бірлесіп мектептерде қазіргі заманға сай спорт алаңдарын ашып, бас­тауыш сынып оқушылары үшін «денсаулық сағатын» енгізбек.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев қазір ақпарат заманы екенін айтып, осындай кезеңде Елбасы анықтап берген міндеттерді жүзеге асырып, мақсатқа қол жеткізу жолында жастардың бойында қандай қасиеттер болуы керектігіне тоқталды.

Кездесу соңында жастар өздерін толған­дырған сауалдарын жолдап, алдағы уақытта түрлі жобаларды партиямен бірлесіп жүзеге асыру үшін тың идеяларымен бөлісті.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы