– Біздің қоғамда Қазақстанда АЭС салынса, ол қоршаған ортаға зиянын тигізеді деген пікір қалыптасып отырғаны рас. Осы пікір қаншалықты дұрыс және Қазақстанға бүгінгі таңда не себептен атом электр стансасының салынуы қажет?
– Егер АЭС салынған кезде халықаралық тәжірибедегі озық технологияларды қолданса, мамандардың біліктілігі терең болса, ғалымдардың білімі, қабілеті жоғары деңгейде болса, онда Қазақстанда экологиялық қаупі бар АЭС салынады деп қауіптенудің еш себебі жоқ деп айтар едім. Керісінше, халықаралық деңгейдегі озық тәжірибемізді пайдалана отырып, ұлттық атом энергетикасын жоғары дәрежеде дамытуға болады.
Бұл экономикалық жағынан тиімді. Атом ядросының қилы тағдыры бар, осыған орай, Ұлтық ядролық орталық ғалымдарының тәжірибесіне әлем назар аударып отырғандығын да естен шығармау керек. Елімізде көміртекті отын көзі жеткілікті болғандықтан, Қазақстанға жақын маңда атом электр стансасы салына қоймас. Десек те Қазақстан үшін біраз уақыттардан кейін электр энергиясының негізгі көздерін қалайда жаңарту қажеттігі туындайды. Бұл орайда АЭС өзінің күш-қуатына орай электр энергетикасымен қамтуда озық технология жетістігі болып табылатындығын ескерген жөн.
– Атом реакторларын конверсиялау немесе айырбастау дегенді түсіндіріп берсеңіз. Әрі оның маңыздылығы туралы айтып өтсеңіз?
– Атом реакторының конверсиясы дегеніміз – жоғары байытылған отыннан төмен байытылған түріне көшу. Бұрындары жасалған зерттеу реакторларында жоғары деңгейде байытылған «Уран-235» изотобындағылар пайдаланылып келді. Осыған орай «Уран-235» әу баста 36 проценттен 90 процентке дейінгі аралықты қамтыды. Төмен байытылған «Уран-235»-те небәрі 20 процент изотоп бар. Не себептен төмен байытылған уран изотобына көшіп жатырмыз?
Себебі жоғары байытылған уран негізінен атом қаруын жасауға қолданылады. Жаппай қырып-жою қаруының қаупін азайту үшін бізге төмен байытылған уран көзі керек. Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық ынтымақтастықтар алдындағы міндеттеріне орай Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығында 2010 жылдан бастап ИГР және ИВГ.1М. реакторларын айырбастау жұмыстары қолға алынған. ANL келісімшарты бойынша аналитикалық зерттеулермен қатар, тәжірибелік отын түрін төмен байытылған уранда сынау жұмыстары да жүргізілуде.
2017 жылы ИВГ.1М реакторын алғаш рет кешенді екі ВОТК-НОУ сынақ жүйесімен төмен байытылған уран бойынша іске қостық. Осы арқылы 20 проценттік «Уран-235» реакторы жұмысын бастады. Бүгінде осындай 9 жоба іске қосылды. Осы арқылы аса маңызды, яғни радиациялық топырақ жабындарын сақтайтын «Байкал-1» кешенінің техникалық жағдайын жақсартып, инфрақұрылымын қалыпқа келтіріп жатырмыз. Тағы да бір ИГР реакторын конверсиялау туралы мәселені қазір талқылау үстіндеміз. Бір сөзбен айтқанда, соғыс құралы ретінде жасалған күрделі ғылыми-техниканы залалсыздандыру қажет. Атом тек бейбіт өмірге қызмет етуі тиіс.
– Ұлттық ядролық орталық қауіпсіз атом энергиясы бағытында қандай шетелдік әріптестермен, ғалымдармен бірлесе жұмыс атқаруда?
– Ұлттық ядролық орталық шетелдік ұйымдармен және ғылыми қорлармен ұзақ жылдар бойы әріптестік қарым-қатынас жүргізіп келеді. Атап айтсақ, Жапония, АҚШ, Ресей, Франция, Бельгия, Беларусь және тағы басқа атом энергетика саласына қызығушылық танытып отырған елдер Қазақстанмен әріптестік байланыстарын нығайтып отыр.
Жыл сайын біздің әріптестеріміздің қатары ұлғайып келеді. Мысалы, қазіргі уақытта Ресейдің Н.А.Доллежаль атындағы ғылыми-зерттеу және конструкторлық энерготехникалық институтымен де бірлесіп жұмыс атқару үшін өзара келіссөздер басталды. Ал Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінде Франция елінің ИТЭР ұйымымен келісімшартқа қол қойдық.
– Ұлттық ядролық орталық Семей сынақ полигонының қауіпсіздігін нығайту, радиоэкологиялық жағдайын жақсарту бағытында орасан зор жұмыстар атқарып жатқандығы белгілі. Десек те, жарылыстардан зардап шеккен жерді радиациядан тазарту жұмыстары толығымен қашан шешіледі? Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуы тиіс деп ойлайсыз?
– Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының хал-ахуалын зерттеп, радиациялық ластану деңгейін анықтау 1994 жылдан басталып, қазірге дейін жүргізіліп келеді. Алғашқыда бұл шаруаның тоқтап қалған кездері де болды. Қаржылай қиындықтар, мамандардың жетіспеушілігі, құрал-жабдықтардың жоқтығы да біраз қолбайлау еді.
Бертін келе бұл мәселелер шешімін тапты. 2004 жылдан бастап полигон жерлерін зерттеу жүйелі түрде жүргізіле бастады. «Семей сынақ полигоны жеріндегі қауіпсіздік шараларын қамту» бағдарламасы бекітіліп, әлі күнге дейін осы жоба жұмыс істеп тұр. Полигонның кешенді түрде 10410 шаршы шақырымы (бұл жалпы полигон аумағының 56,3%-і), сондай-ақ 770 шаршы шақырымдағы «Балапан» сынақ алаңының да жері зерттелді.
Дәл қазіргі уақытта полигон аумағын зерттеу мәселесінің деңгейіне келсек, 9970,45 км2 жер техногенді радионуклидпен ластанғаны анықталды. Бірақ бұл адамдарға, қоршаған ортаға қауіпті емес, сондықтан ауыл шаруашылығына пайдалана беруге болады. «Опытное поле» және «Дегелең» сынақ алаңдарындағы ластанған тұстарды зерттеп, топырағын қопара алып, оларды «Байкал-1» қойма сақтағышына жеткізу жұмыстары жүруде.
Осы маңда радиациялық қауіп деңгейінің азаюына бір себеп, 5,05 км2 аудандағы топырақты тереңінен жыртып, былғанған беткі қабатын алып тастауымыздан болып отыр. «Дегелеңнің» 0,065 км2 алаңында радиацияға былғанған жерлердің 40 ұңғымасына таза топырақтар себілді. Осы «Дегелең» мен «Опытное поле» алаңдарының «4» и «4А» деп аталатын тұстарына баруға мүлде тыйым салынды.
Біздің жобалауымызша, 2021 жылы Семей полигонының жерін кешенді зерттеуді толық аяқтаймыз. Экологиялық тексеруден соң қанша мөлшерін ауыл шаруашылығына тапсырамыз, соны анықтаймыз. Біраз жерлерге тыйым салынады, біраз тұстары қорда тұратын болады. 2021 жылы Семей ядролық сынақ полигонындағы радиоэкологиялық жағдай туралы ақпарат толығымен алынатын болады. Сынақтың зардаптарын таратпау, ел мен жерді сауықтыру үшін «Бұрынғы Семей сынақ полигонының жерін сауықтыру» бағдарламасы да қолға алынып, онда белгіленген жерлерге мүлде тыйым салынып отыр.
Бірақ бір нәрсені түсінген жөн. «Полигон жерін толықтай тазартамыз» деген бір жақты бағыт алу бұл қателік. Аса қауіпті сынақ алаңдарының тұсына адам баруға болмайды деген белгі қойылып, бұл жерлер үнемі бақылауға алынатын болады. Радиациялық ластану деңгейіне үнемі мониторингілік бақылау жүргізілетін болады.
Полигон – Қазақстан ғалымдарына ұзақ жылдар бойы қоршаған ортаның радиациялық зерттелуіне ықпал ететін тәжірибе алаңы екендігін де ұмытпаған жөн.
– Болашақ физик-ядрошы мамандар Ұлттық ядролық орталықта қайта оқытудан өте ала ма? Атом саласына қандай жоғары оқу орындары мамандар дайындайды?
– Атом саласына маманданушы студент жастар бізден тәжірибеден өте алады. Бүгінде Ұлттық ядролық орталықта Қазақстандағы түрлі жоғары оқу орындарының студенттері келіп, ғылыми-тәжірибелік жұмыстармен айналысуға мүмкіндік жасалған. Олардың арасында әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, «Назарбаев Университеті» АҚ және тағы басқаларын атауға болады.
Мен өзім «Техникалық физика» мамандығы бойынша PhD қорғауында диссертациялық кеңестің төрағасымын. Бұл жобамыз Семейдегі Шәкәрім университетімен бірлесе атқарылуда, оны жақында ғана қолға алдық. Иә, қазақстандық жоғары оқу орындары атом саласына жас мамандар дайындайды. Бірақ ең алдымен түсініп алатын дүние, атом саласы дегеніміз – бұл уранды барлап, іздеп, табудан басталып, АЭС-терге қажетті отын түрлерін дайындай білу, ядролық құрылғылардың қауіпсіздігін дұрыс атқара білу, экологиялық қауіпсіздік деңгейін жетілдіру сияқты көптеген маңызды дүниелерді тереңінен оқып, тәжірибеден өту деген сөз.
– Биыл Ұлттық ядролық орталық «Токамак» (КТМ) ғылыми-зерттеу жұмысына орай тағы да қандай кешенді жобаларды қолға алмақ?
– 2017 жылы 26 мамырда Ресейдің Қазан қаласында ТМД-ға мүше Ресей, Беларусь, Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінің «Токамак» КТМ-ды бірлесіп пайдалану жөнінде өзара үкіметаралық келісімі болған еді. Осыған байланысты плазмалардың жануын омдық түрде қарастыру, жүйені басқару және автоматтандыру сияқты көптеген шаруалар қолға алынбақ және Халықаралық ИТЭР ұйымы мен ҚР ҰЯО-ның өзара ғылыми-техникалық әріптестігіне орай ИТЭР-дағы апатты жағдайлардың алдын алу, радиациялық жағдайға төзімді материалдарды зерттеу сияқты жұмыстарды бастап кеттік. Осылардың барлығы да бұрын-соңды әлемде болмаған тың жаңалықтар. Адамзат баласының термоядролық синтез технологиясын басқара білуінің тың көрсеткішін, қазақ ғылымының әлемге танылуы мен жетістігі деп білемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист
Шығыс Қазақстан облысы,
Курчатов қаласы