Медицина • 23 Тамыз, 2018

Жанармай неге қымбаттайды?

885 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жыл сайын тұқым себу мен егін орағы науқан­дары алдында жанар-жағармай бағасы қымбаттайды. Биыл да солай болды. Тамыз айы­нан ауылшаруашылық тауар өн­ді­­рушілері үшін арзандатылды де­ген жанармайдың тоннасы 181 мың теңгеге дейін өсті. Әрі қарай не болары белгісіз. Соңғы 15 жыл­дағы ауылшаруашылық тауар өнді­рушілеріне арзандатылып бе­ріліп келген жанармай бағасына талдау жасасақ, шаруаларға жасалған әділетсіздіктің куәсі боласыз.

Жанармай неге қымбаттайды?

«Ауыл жылы» деп жарияланған 2003 жылы 1 тонна дизельдік отын­ның бағасы 234 доллар көлемі­нде, ал 1 тонна бидайдың бағасы 98 доллар болса, 2017 жылы 1 тонна дизель оты­ны – 542 доллар, ал 1 тонна бидай 110-120 доллар болды. Яғни 15 жыл­дың ішінде дизель отыны 308 дол­ларға немесе 231%, ал бидайдың бағасы небәрі 12-22 долларға немесе 112-122% қана өсіпті.

2003 жылы 1 тонна бидайға 416 литр дизель отынын сатып алуға (немесе айырбастауға) болатын болса, 2017 жылы 1 тонна бидайдың құны небәрі 215 литр немесе 2 есе аз дизель отынын сатып алуға ғана жетіпті.

Елімізде жылына 80 млн теңгеден астам мұнай өндіріліп, шикізат және өңделген күйінде шетелге шығарылып, еліміздің бюджетіне қо­мақты қаржы түсуде. Әрине, елі­­міздің алға қарыштап дамуы­на мұнай экспортының қосқан үлесі ерекше. Алайда табиғат-ана­ның берген байлығын ұтымды пай­да­лана алмай отырғанымыз қын­жыл­тады.

Әсіресе, осындай бай­лық­тың ортасында отырып, мұнай өнім­дерінің әлеуетін ауыл ша­руа­­шылығын қарқынды дамытуға жұмсай алмай келеміз. Халқымыз күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерін өндіруге жұмсалатын мұнай өнімдерінің бағасын реттей алмай, жыл сайын егін жинау кезінде дизель отыны бағасының қымбаттауына жол беріп келеміз. Нәтижесінде дүкендерде, базарларда нан, ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидек, т.б. азық-түлік өнімдері қымбаттай түсуде.

Жыл сайын науқан кезінде жанармай қымбаттауына байланысты Энергетика министрлігінің басшылары баспасөз мәслихатын өткізіп: «Бұл бірнеше факторларға қатысты жағдай. Тұтыну көлемінің өсу себебі өндірілген дизель отынының басым бөлігі ауыл шаруашылығы мен темір жол салаларын қамтамасыз етуге жұмсалады.

Бұдан басқа сұраныстың артуы Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалының маусымдық өсуімен және көрші елдердің шекаралас аймақтарында бағаның диспаритетіне байланыс­ты отынның шекара асып кетуіне қатысты болып отыр. Осыған орай Ресейден қымбат бағамен жанармай сатып алуға мәжбүр болдық» дейді. Бұл жыл сайын қайталанатын және таусылмайтын жырға айналды.

Жанармай бағасының өсуіне Үкіметтің 2018 жылғы 16 сәуірдегі №173 Қаулысына сәйкес дизель отынына арналған акциз мөлшер­ле­месінің ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап, яғни ауыл шаруашылығы жұмыстары қыза бастағаннан 1 литрі үшін 7,7 теңгеге көтерілуі де әсер еткен.

Үкіметтің бұл шешімін қалай түсінуге болады? Азық-түлік бәрімізге керек. Жасқа да, кәріге де, шаруаға да, жұмысшыға да, мұнайшыға да, министрге де. Бәріміз күнде дүкенге барамыз. 3 мезгіл тамақтанамыз.

Ал сол өнімдерді өндіріп жатқан шаруаларға жан-жақты қамқорлық жасап, қолдау көрсету арқылы (жанар-жағармай бағасын төмендету, арзан несие беру, субсидиялау, т.б.) азық-түлік өнімдерін арзандатуға атсалысудың орнына, дәл егін жинау науқаны алдында дизель отынының акциз мөлшерлемесін көтеруі тіптен түсініксіз.

Егер Үкімет мұнай өнімдерінің бағасын нарық заңдылықтарына сәйкес реттеп отырған болса (шека­ра­лас елдердегі баға диспари­те­тіне байланысты дизель отыны­ның шекара асып кетпеуі үшін), онда мұнайды қымбат сатудан түс­кен қаржы есебінен ауыл шаруашы­лығына қажетті 730-770 мың тонна жанармайға (бұл елімізде өндірі­летін мұнай өнімдерінің 0,9%-і төңірегінде ғана) субсидия беру мәселесін неге шешпейді? Не себепті жуырда жаңғыртудан өткен мұнай өңдеу зауыттарымыз елді қажетті жа­нармаймен қамтамасыз ете алмай, Ре­сейден қымбат бағаға сатып алуға мәжбүрлейді?

Үкіметтің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне беретін жанар­майдың бағасын арзандату саясаты сын көтермейді. Ауыл шаруашылығы тауар өнді­­ру­ші­лерінің бір жылға қажетті мұнай өнімдері 769 мың тонна болса, арзандатылып берілген жанармай көлемі небәрі 394 мың тонна, оның да бағасы соңғы кезде жоғарыда айтылғандай қымбаттап кетті.

Мемлекет басшысы 2014 жылы 17 қазандағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізде жаңа мұнай өңдеу зауытын салу қа­жет­тілігін нақты экономикалық мы­салдармен дәлелдей келе, «Өзі­міз­дің мұнайымыз бола тұра, кім кө­рінгенге алақан жайып, әлдекімдерге жалынып, мұнай өнімдерін сұрамас үшін, бізге қандай болғанда да жаңа мұнай өңдеу зауытын салу керек» деген болатын.

Алайда арада 4 жыл өтсе де әлі күнге дейін жаңа мұнай өңдеу зауытын салу ісі шешілмей, жоғарыда айтылғандай мұнай өнімдерін Ресейден тасымалдау тыйылмай тұр.

Жыл сайын Қазақстанның Энер­гетика және Ауыл шаруа­шы­лығы министрліктері егін егу мен жинау жұмыстарын жүргізуге дизельді отынды жеткізу үшін бірлескен түрде мұнай өңдеу зауыттарына облыстарды бекітеді, ауылшаруашылық тауар өндірушілерге қажетті мұнай өнімдерінің көлемін анықтап, оны уақтылы жеткізу туралы шешімдер қабылдайды.

Алайда әртүрлі себептермен ша­­руаларға қажетті өнімдер же­тіс­пей жатады. Нәтижесінде ша­руа­лар­дың ала жаздай аптап ыстық­тағы еңбегі еш болады, егін жинау мер­зімі созылып, өнім ысырап болады. Еліміздің азық-түлік қауіп­сіз­ді­­гіне орасан зор зиян келеді. Бір қы­зығы, осы мәселе жыл сайын қай­та­­ла­нады. Сондықтан Үкімет өте өзек­ті бұл мәселені арнайы қарап, ауыл ша­­руа­­шылығына жұмсалатын жанар-жағар­­майдың (дизель отыны, бен­зин, т.б) жеткілікті қорын құрып, оны арзан­датылған бағамен шаруа­­ларға жеткізіп беретін жүйені құруы қажет. Бұл – еліміз үшін өте маңызды.

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

экономика ғылымдарының докторы