Медицина • 23 Тамыз, 2018

Конституция – тұрақтылық тұғыры

1143 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ елі 30 тамызда Конституция күнін атап өтеді. Бүкілхалықтық дауыс берумен қабылданған Ата Заңымыз тәуелсіздікке таудай тіреу болып, нәтижесінде сол күн халықтық мерекеге айналды. 

Конституция – тұрақтылық тұғыры

Тәуелсіздік ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы болатын. Дегенмен, олар қаншама тәуелсіз мемлекет құру жолында жанын құрбан етіп, бастарын бәйгеге тіккендерімен, уақыт талабы асқақ ойларды жүзеге асырмай келген еді.

Мемлекеттік қалыптасу, Консти­туция қабылдаудың қиын жолын тек біз ғана емес, өзге елдер де бас­тарынан өткізді. Біздер этнос ре­тін­де осынау сындарлы қалыптасу, даму жолынан абыроймен өттік. Қа­зақ қоғамы елдікті түрлі әдіс-тәсіл­дермен жетілдіре отырып, бір­лік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мем­лекеттіліктің белгілерін жасақтауда тарихи мүмкіншілікті тиімді пайдалана білді.

Ата-бабаларымыз құрған құқық­тық қоғам заманауи түсініктегі мем­лекет ұғымына сай келмесе де, бас­қарудың сол түрі олардың еркін және тәуелсіз орта қалыптастыруға деген ұмтылысының куәсі екені анық.

Тарихқа зер салсақ, сол кездің озық ойлы азаматтары Керей мен Жәнібек бабаларымыз 1465 жылы алғаш Қазақ хандығын құрып, мемлекет функцияларын өздеріне жүктеп, елдің жан-жақты дамып, өсіп-өрбуіне қамқоршы болған. Ал олардың ізба­сарлары ішкі қайшылықтарды ақыл­мен шеше отырып, сыртқы жаулармен, әсіресе жоңғарлармен жан берісіп, жан алысқан, адам төзгісіз арпалыста елді қорғап, сырттан төнген қатерді жеңіп, ұрпақтарына жарқын жол көрсетіп, тәуелсіз ел болуға өлшеусіз еңбек сіңірді.

Қазақ елінің Автономиялы Респуб­лика мәртебесіндегі Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда қабылданып, оның нормалары саяси жүйе мен қоғамның ағымына сәйкес дамып, өзгеріп отырды.

Алашорда арыстары қол жеткізе алмаған арманның орындалуына Кеңес Одағының ыдырауы себе­бін тигізіп, мемлекетіміздің егемен­дігін жария­лаудың мүмкіндігі туды. 1991 жылы 16 желтоқсанда еліміз­дің тәуел­сіздігі туралы дүние жүзіне жар салып, екі жыл өткен соң, тәуелсіз Қазақстанның алғаш Конститу­циясын қабылдап, Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Мемлекет басшысы деп танылған күн бүгінде тарихымыздың ең жарқын тарауына айналды.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Ата Заңын әзірлеушілердің бірі, академик Сұлтан Сартаев ондағы конституциялық нормалардың жедел, қысқа уақытта енгізілу себебін мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынас сипатын өзгерту, мемлекет егемендігін бекіте түсудің қа­жет­тілігімен түсіндіреді. Өйткені сол кезеңде бір қоғамдық жүйеден екіншісіне ауысу барысында бұрынғы ел билігіндегі консервативті күштер өз орнын босатып беруге ашық қарсылық білдіріп жатқан уақыт еді.

Сол кездегі қоғамның белсенді мү­шелерінің қолдауымен жүзеге ас­қан, тәуелсіз даму жолы, қазіргі Конс­­титуцияның шынайы жағдайын көр­сетіп отыр. Қоғамдағы өзгерістер сол Ата Заң негізінде іске асуда. Тә­уел­­­сіздік алған жылдар ішінде қоға­­мы­­­мыз­­дың басым бөлігінің әл-ауқа­ты жақ­­­сарға­ны көрер көзге бірден байқалады.

Жалпы, Конституцияда мемле­кет­тік биліктің жүзеге асырылуы, аза­маттың, тұлғаның қоғамдағы орнын нақ­тылау механизмдері белгіленген. Хал­қымыздың бостандықты, теңдік пен келісімді қолдайтыны Ата Заңның кіріс­пе бөлімінде-ақ көрініс тапқан. Конс­­титуция қоғам мен мемлекет ал­ды­на жаңа міндеттер жүктейтіні ақиқат.

Біз өз іс-тәжірибемізде азаматта­рымыздың ел заңдарын жаман деп шағымданғанын ешқашан естіген де, көрген де емеспіз. Қылмыстық қуда­лау тұйығына кірген адамдар көбіне құқық қорғау органдарының қызме­тіне шағым айтады. Олар жауапты лауазым иелерінің процессуалдық талаптарды анықталған тәртіп бойынша орындамауларына наразылығын білдіреді. Мәселен, тергеу барысында заңсыз әдіспен алынған дәлелдердің заңдық күші болмайтыны, кінәлі емес болуы мүмкін деген ойдың өзін сезіктінің пайдасына жарату сияқты конституциялық қағидаттар сақтала бермейді.

Осындай жайттар құқықтық нигилизм мен құқықтың құнсыздануын көрсетеді. Мұны қоғам мүшелері де кө­ріп отыр. Олар конституциялық нор­ма­ларды назарға алмауды, өкілетті адам мен құқық қорғау органдарының аза­матты қорғамауын қалыпты жайт деп қабылдауға бой үйрете бастайды.

Қоғам мүшелеріне құқықтық көмек көрсету барысында Конституция мен заң нормаларын сақтамау жайт­та­рының кездесетініне куә болып жүрміз. Құқық қорғау органдары заңмен бекітілген процессуалды нор­маларды әр уақытта сақтамайды, нәти­жесінде сезіктінің кінәсі туралы дерек­тер заңсыз әдістермен жиналады. Ал бақылаушы орган бұл заң бұзу­шылықтарға көз жұма қарайды. Оған қоса, «қағаз толтыру» арқылы дәлел жинау әдетке айналып бара жат­қан секілді. Осындай жағдайлар Конс­т­итуцияның кейбір нормаларына өзгеріс енгізуге мәжбүр етті. Нәти­жесінде қадағалаушы органның бірқатар өкілеттіліктері сот саласына берілді.

Әйтсе де мемлекеттің азаматтарды қорғау немесе конституциялық құқықтарын сақтау механизмдері жоқ деп айтуға да болмас. Ол бар. Алайда шағымданушы өз құқықтарының бұзы­­­­луына орай берген сауалына алатын жауабының мазмұны сол органға деген наразылықты туындатады. Себебі сол бір жапырақ қағазда шенеунікке ғана түсінікті тілде, «жауап беріп құтылсам болды» деген оймен жауап беріледі. Ал сол қабылдаған шешімдерді түсіну үшін адамдар не жазғанын ұғындырып беруін сұрап, сотқа қайтадан өтініш түсіруге мәжбүр болған жайттардың орын алғаны бүгінде ашық айтылып жүрген ащы шындық.

Бас прокурордың баспасөзде жарияланған сұхбатында Жоғарғы сот шешімімен 269 сот үкімі өзгертіліп, прокурордың наразылығымен 12 сот­талушының ақталып шығуы ту­ралы деректер қылмыстық қуда­лауды жүзеге асыру барысында жібе­ріліп келген кемшіліктердің әлі де аз еместігін көрсетеді. Кейбір мем­лекеттік органдардың бюрократ­тық аппаратқа айналып, негізгі мін­дет­терінен ауытқып кеткені де құпия емес. Олар азаматтармен қарым-қатынасын оңтайландырып, мәселені дауға ұластырмай шешу орнына, мемлекеттік ғимараттар айналасына адам өтпес дуалдар салып, қоршауларды жетілдірумен әлек. Олар мұны экстремистерден қорғану мақсатында орнатамыз дегенімен, лаңкестермен тікелей айналысатын орган қызметкерлерінің айқай-шусыз-ақ осы бағытта көп істі тындырып жүргендерінен бейхабар болса керек.

Құқық қорғау органдары арыз­да­нушының мәселесін нақты шешудің орнына бюрократиялық нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауға ма­шықтанып алғаны да жұрт аузында жүр. Сол актілерде қойылатын талап­тардың бірқатары іс жүзінде еліміздің заңдарына қайшы келіп жатады.

Дегенмен, қолдан жасалған кедер­гі­лер мен туындаған мәселелерге қара­мас­тан, азаматтық қоғам Конститу­ция­мен бірге дамып, өмір сүруде, заң та­ла­­бын орындау ережеге айналып келеді.

Сайып келгенде Конституциямыз барша халықтың тең құқықтық дәре­жесін қамтамасыз етіп қана қоймай, бостандықтары мен құқықтарына кепіл болуда. Лайым, осылай болғай. Қоғам мүшелерінің оған күдіксіз сеніммен қарайтынына кәміл сенемін.

Осы сәтті пайдаланып, байтақ даламызды – Ұлы Дала елін Отаным деп ұғатын әр азаматымызды Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесімен құттықтаймын. Барлығына денсаулық, бақ-береке тілеймін!

Тельман ӘЛЕНОВ,

Астана қаласы адвокаттар алқасының мүшесі