Таным • 23 Тамыз, 2018

Қаржы саласының қайраткері - Алтай Зейнелғабдин

752 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Белгілі ғалым, қаржыгер, экономика ғылымдарының докторы, профессор Алтай Зейнелғабдиннің ғылыми қызығушылық ауқымы өте кең де сан қырлы. Өмір жолында ол өзінің энциклопедиялық білімімен отандық экономиканы дамытуға үлкен үлес қосып келеді.

Қаржы саласының қайраткері - Алтай Зейнелғабдин

Абыройлы азамат өзінің өнегелі еңбек жолын ҚазКСР Есептеу орта­лы­ғының жалпы экономикалық мін­­­деттерін оңтайландыру бөлімінің аға инженері ретінде бастаған, кейін Бүкілодақтық Мемлекеттік техно­­ло­­гиялық-жоспарлау институтында және ҚазКСР Қаржы министрлігінің ақпараттық-есептеу орталығында басшылық қызметтер атқарған.

Алтай Болтайханұлы елдің қаржы жүйесін дамытудың теориялық, әдісна­малық және практикалық мәселелеріне баса назар аударған, бұл оның Қазақ мемлекеттік басқару академиясы жанынан Қаржы-банк менеджменті ғылыми-зерттеу институтын құру идея­­­­сында көрініс тапты. Мұнда Алтай Бол­тай­ханұлының жетекшілігімен Үкімет үшін нарықтық жүйеге көшу, әлеу­меттік-экономикалық дағдарысты еңсеру бойынша ауқымды зерттеулер жүр­гі­зілді. Оның ұлттық валютаны енгізу қа­жеттілігін негіздеуі де тарихи сәт болды.

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.На­зарбаевтың көреген саясатын іске асыру мақсатында, халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін А.Зейнелғабдин белгілі эко­номист-ғалымдармен бірлесіп әлемдік ғылымның қазіргі жетістіктері негізінде нарықтық экономиканы және қаржы жүйесін тиімді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен тұжы­рымдамаларды әзірлеуге қатысты.

Дарынды ғалым Қарағанды облысы­­­­ның Ақтоғай селосында дүние­ге келген. Жастайынан атасының қолында тәрбие­леніп, оның ғибрат аларлық, тамаша тә­лім-тәрбие берерлік өсиет сөздерін ойға түйіп, рухани құндылықтарды, әділ­дік пен адалдық қағидаттарын бо­йы­на сіңіріп өскен. 1969 жылы Алматы ха­лық шаруашылығы институтын бітірген.

1978 жылы білім беру жүйесін қар­жыландыру мәселесі бойынша канди­даттық диссертацияны тамаша қор­ғап шықты. Бірақ білімге құштар ғалым мұ­нымен шектелмей, 1995 жылы «Қар­жы жүйесі және оның Қазақ­стан Рес­публикасында жұмыс істеу тетігі» тақы­рыбы бойынша докторлық диссертация қорғады. Зерттеуде қаралған салық салу, шаруашылық субъектілерінің қаржы ресурстарын қалыптастыру мен пайдалану тетіктері, республикалық және жергілікті бюджеттерді әзірлеу мен пайдалану әдістері ғалымдардың мемлекеттік міндеттерді шешуінде әлденеше рет қолданыс тапты.

Сонау қиын-қыстау 90-жылдары Алтай Болтайханұлының көзқарастары Қаржы министрі А.С.Павловтың назарына ілінген. Александр Сергеевич  практик-ғалымның республикалық бюджетке ұсынған сарапшылық қо­рытындысымен танысқан соң, оны Қаржы министрлігі Бас бюджеттік басқармасының директоры қызметіне шақырған, ал 1997 жылы Сырттан қарыз алу жөніндегі комитеттің төр­ағасы етіп тағайындайды.

Алтай Болтайханұлының ғылыми әзірленімдерінің арқасында елдің мемлекеттік қаржысын басқару жүйе­сіне елеулі реформа жүргізіліп, салық салу жүйесін жетілдіруге, бюджет шы­ғыстарын оңтайландыруға, респуб­ликалық және жергілікті бюджеттердің кірістері мен шығыстарын бөлуге, мемлекеттік ішкі және сыртқы борышты тиімді басқару тетігін құруға бағытталған саясат жалғастырылды.

Ғалымның таланты мен белсенді азаматтық ұстанымына үлкен саясат та зәру болды. 2003 жылы Қазақ­стан Республикасы Президентінің Жар­лығымен Алтай Болтайханұлы Есеп коми­тетінің мүшесі болып тағайын­далды, мұнда оның практик-қаржыгер ретінде әлеуеті барынша ашылды. Ал­тай Болтайханұлы өзінің мол тәжі­рибесімен және креативті ойлары­мен Қазақстанның қаржылық бақы­лау жүйесінде реформалар жүргізу қажет­тілігі туралы алғашқылардың бірі болып сөз қозғаған болатын. Ол О.Өксік­баев, З.Загоскина, А.Нұрымов, Ш.Шар­дарбеков, К.Сейітқұл, А.Сұлтанғазин сияқты пікірлес-кәсіби тұлғалармен бір командада жұмыс істеді.

Команданың құзыреті мен кәсіби­лігінің арқасында Есеп комитетінің қызметі жетілдіріліп, республикалық бюджет шығыстарын, мемлекет активтерін сапалы бағалауды, салықтық және кедендік әкімшілендіруді қамта­масыз ететін бақылау және сарап­шылық-талдамалы жұмыстың заманауи нысандары мен әдістері енгізілді.

Алтай Болтайханұлының жаңа­шыл идеялары отандық қаржылық бақылау жүйесін одан әрі реформалау кезінде де пайдаланылды. 2013 жылы олар Қазақстан Республи­ка­сында Мемлекеттік аудитті енгізу тұжы­рымдамасын және 2015 жылы «Мем­лекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын әзірлеуге ықпал етті. Осы кезеңде ғалым халықаралық стандарттарға көшу жөніндегі жаңа әдіснамалық база құруға, сәйкестік аудиті, тиімділік аудиті және қаржылық есептілік аудиті саласындағы әдістемелік ұсыныстар дайындауға баса назар аударды.

Ғалымның ондаған жылдар бойы отандық жоғары мектептің айтулы дәс­түрін дамытуға септігін тигізіп жүр­ген педагогикалық қызметі ерекше құрметке ие. Алматы халық шаруашылығы институты, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті сияқты еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында жұмыс істей отырып, Алтай Болтайханұлы көптеген жылдар бойы жас ұрпақты қаржы ғылымының қыр-сырымен таныстырып қана қоймай, олардың өмірлік жолын айқындап берді. Ол кәсіби білікті мамандардың бірнеше ұрпағын тәрбиелеп өсірді, оның жетекшілігімен көптеген канди­даттық және докторлық диссертациялар қорғалды.

Ұлағатты ұстаздың алдынан тәлім алып, білім нәрімен сусындаған шәкірттер өздерінің оған деген шексіз құрметі мен алғысын білдіріп келеді. Бүгінде олардың көпшілігі мемлекеттік органдарда басшылық қызметтер атқарып, квазимемлекеттік сектордың әртүрлі құрылымдарын басқарып отыр.

Бүгінде Есеп комитетінің Қаржы­лық бұзушылықтарды зерттеу жөнін­дегі орталығы директорының орын­басары қызметін атқара отырып, Алтай Болтайханұлы тиімділік аудитін, қар­жылық есептілік аудитін жүргізу әдіснамасының даму траекториясын айқындайды, мемлекеттік аудиттің әлемдік тәжірибесін Қазақстан Рес­пуб­ликасының талаптарына бейім­дейді. Соңғы 6 жыл ішінде оның бас­шы­лығымен мемлекеттік аудит сала­сындағы 20-дан астам ауқымды зерттеу жобалары жасалды.

Алтай Болтайханұлының қаржы жүйесін, мемлекеттік аудитті, қазақ­стандық экономикалық ой-пікірлер мектебінің ең үздік рухани дәстүрін дамыту, ғылыммен айналысатын жас­тардың жаңа ұрпағын және мемлекет көшбасшыларын тәрбиелеу бойынша қызметі еленіп, мемлекеттік наградалар табысталды. Алтай Болтайханұлы Президенттің Алғыс хатымен, «Құр­мет», «Парасат» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды.

Алтай Болтайханұлы барлық жағынан белсенді өмірлік ұстаным иесі, өз үлгісімен дене шынықтыру және салауатты өмір салты құндылықтарын дамытуға ықпал етеді, сондай-ақ Есеп комитетінің футболдан ардагерлер командасының негізін қалаушы және белді ойыншысы болып табылады.

Ол креативті, идеяға толы, демок­ратияшыл басшы, әріптестеріне, сту­дент­теріне, магистранттары мен док­торанттарына әрдайым қол ұшын созуға дайын, адамгершілігі мол, қайы­рымды жан. Сондай-ақ күрделі мәсе­лелерді қарапайым тілмен түсіндіру, стратегиялық даму бағыттарын айқын­дау қабілетімен ерекшеленеді.

Жетпістің биігіне көтерілген көр­некті ғалымның бойындағы адами асыл қасиеттер кейінгі ізбасарларына үлгі-өнеге болса нұр үстіне нұр.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»