Таным • 23 Тамыз, 2018

Игілікке төккен тер

530 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде еңбекқор Бермағамбе­тов­тер­дің әулетін білмейтіндер кемде-кем. Есепші Бәйіш пен үй шаруа­сын­­да­ғы Жамиғаның бауырынан өрбі­ген ұл-қыз­дардың ішінде Махам­беттің өмірге деген көзқарасы бөлек. 

Игілікке төккен тер

Жаста­йы­нан ең­бекті өмірінің басты қағидасы деп тү­сінді. Сол кездегі тұрмыстың қиын­­­ды­ғын жеңуді мақсат еткен ол бауыр­ла­ры мен ата-анасына көмектесіп, еңбек май­­данына ерте араласты. Бала күні­нен тех­никаға жақын болатын. Мектеп қа­быр­ғасында жүріп, өзінің өнертап­қыш­ты­ғымен ауылдастарын талай таң қал­дырып жүрді. Оның қолы­нан шыққан дүниелер сол кездегі тех­ни­ка­лардың ішінен ерекшеленіп тұрушы еді.

Кеңес өкіметі тараған кезден-ақ бо­ла­шағын болжай білген Махамбет «Қай­нар» кәсіпорынын құрып, табыс­тың қайнар көзін ашты. Кәсіпорынның бұлай аталуы да тегін емес еді. Маңдай тері тамшылап жүріп, жайлауларды аралап, құдық аршу мен қазудан бас­талған кәсіп, халыққа қажетті қайнар бұла­қ­тың көзін ашқанымен бірдей еді. Сол кезде де оның конструкторлық қа­бі­ле­ті іске асты. Өзі жасап шығарған «құ­дық қа­­затын машинасы» әлі күнге аула­­дағы тех­никалардың қатарында сапта тұр.

«Қайнардың» тағы бір дөңгелеткен кәсібі – диқаншылық болды. Бүгінге дейін аудан аумағынан егін егіп, бақ­ша салатын кәсіпорын өз өнімін дала­ға сатпай, астықты тартатын диір­мен де салған. Қиын жылдары халық­тың басты тағамы нанды да пісіріп, ауыл­даста­рының алғысына бөленді. Ауылдас­тардың есінде шығар, жары Талшын апамыз да бақша салған жылдары 1000-1500 дана банка жауып, қысқа қажетті ащысы мен тәттісін дайындаған кез де болған еді. Міне, бүгінде «Махамбеттің құдығы», «Махамбеттің диірмені» аталып кеткен ұғымдарды халық жадынан шығарған емес.

Махамбет ауылдастарының арасында саятшылық, аңшылық өнерімен де танымал екенін айта кеткеніміз дұрыс. Аңшылық туралы сөз қозғалғанда ол шын мәнінде мылтық ұстағанның бәрі аңшы, суға қармақ салғанның бәрі ба­лықшы еместігін айтады. «Кез келген мықты аңшы түз тағысын соңынан жүй­рік көлікпен қуып жетіп немесе үстінен тікұшақпен төніп келіп, оп-оңай ата салуды кәсіби аңшылыққа жатқызбайды. Олай аңның обалына қалуға болмайды ғой. Жасына, жынысына қарамай жайрата беруге үзілді-кесілді қарсымын»,  дейді наразылық танытып.

«Адамның ең асыл қасиеті – жақсы­лық» демекші, Махамбеттің әулеті қайы­рымдылық жасаудан да кенде қалып көр­ген жоқ. Әр уақытта қариялар мен аз қам­тылған отбасыларға қол ұшын беріп келеді. Талай жанның алғысы мен батасын алғандықтан да шығар, ең­бекқор әулеттің тамыры кеңге жайылып, жапырақтары жайқалуда. Бүгінгі тынымсыз тірлікке немере-жиендері араласып, әулеттің тынысын кеңейтіп жатыр.

Бүгінгі таңда «Қайнар» шаруа қожа­­лығы болып қайта құрылған кәсіп­орыны атакәсіпке бой ұрып, мал өсіруді қолға алған. Шәути дала қосы мен Жұ­мағұл қыстақтарында 20-ның үстін­де жылқы, 200 бас ірі қара мен 1000 бастың үстінде қой-ешкі өсіріп отыр­ған шаруашылықтың қадамы ширақ. Ауыл шаруашылығына қажетті техни­каны шырқ айналдырған ұлдары мен неме­релері күндіз-түні тынбай еңбек­тенуде. Олардың басы-қасынан зейнетке шыққан Махамбет те қалған емес.

Міне, еңбек майданында 60 жылдай қызмет қылған Махамбет пен жары Талшын өздерінен тараған ұрпақ­­­та­рымен бірге тынбай бейнеттеніп, зейнетін көруде. Қисыннан алып шығар қажырлы еңбектерінің арқасында еліне сыйлы болған Бермағамбетовтердің еңбекқор отбасын – нағыз еңбек әулеті деп атауға болады.

Қайрат ЖАҚЫП

Батыс Қазақстан облысы,

Қазталов ауданы