Медицина • 23 Тамыз, 2018

Солтүстік Қазақстанда мектепке 22 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді

376 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өңірде өткен педагогтардың дәстүрлі тамыз кеңесінде көптеген мәселелер талқыланды.

Солтүстік Қазақстанда мектепке 22 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді

Облыс әкімі Петропавлда соңғы мектеп осыдан 11 жыл бұрын салынғанын еске салды. Қазір облыс орталығында 1500 орынға шақталған 2 мектептің құрылысы басталды. Өңірде тағы 900 орындық мектеп салу  көзделген. Қызылжар ауданының орталығы Бескөл кентінде білім ордасын салу жоспарланған. Мұның бәрі–мемлекеттік тілдегі білім үйлері. 120 мектеп жөнделіп, 4 мың компьютер жаңартылмақ.

Қ. Ақсақаловтың айтуынша соңғы 5 жылда мектептерді жөндеуге жылына 300 миллион теңгеден бөлініп келген. Бұл қаржыға білім ошақтарының тек 10 пайызы ғана қалпына келтірілген. Келесі жылы бұл мақсат үшін қаржы 10 есе көп бөлінетін болады. 2019 жылы 5 миллиард теңгеге 120 мектеп жөнделеді. Жыл сайын 300-400 компьютер жаңартылса, келесі жылы  4 мыңы сатып алынады.

Мектептерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету 86 пайызды құрайды. Облыс әкімі аудан әкімдеріне бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 100 пайызға жеткізуді тапсырды.

Облыста «уақытша отбасы» атты тың жоба жүзеге аса бастады. Оған сәйкес тұрғындары аз ауылдардың балалары  ірі елді мекендерде тұратын отбасылардың шаңырағында тұрып, мектепте білім алады.

Кеңес соңында марапаттау рәсімі өтті. «Үздік орта білім беру ұйымы» атағына Ғ.Мүсірепов ауданының Тоқсан би орта мектебі ие болды. Мектеп ұжымына өңір басшысы 22 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы