Аймақтар • 23 Тамыз, 2018

Солтүстік Қазақстан полицейлеріне 11 қызметтік көлік берілді

530 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыста футболдан  Ішкі істер министрлігінің  ашық чемпионаты басталды. Астананың 20 жылдығына арналған спорттық жарыс бірнеше күнге созылады.

Солтүстік Қазақстан полицейлеріне 11 қызметтік көлік берілді

Мерекелік шараның ашылу салтанатына «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов,  ведомстволар мен құқық қорғау органдарының өкілдері, танымал спортшылар қатысты. 93 жастағы соғыс, еңбек ардагері Степан Башкиров өз сөзінде жиналғандарды спортпен жүйелі түрде айналысуға, саламатты өмір сүруге үндеді.

«Облыс спорт саласын дамытуға жан-жақты  көңіл бөліп келеді.  Петропавлда Александр Винокуров атындағы әмбебап спорт сарайы бой көтерді. Жақында заманауи теннис орталығы ашылады», деді  облысы әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров.  

Жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне жаңа қызметтік көліктердің кілттері табыс етілді. 11 көлікті алуға жергілікті қазынадан 52 миллион теңге бөлінді.

Ашық чемпионат шымылдығын  Солтүстік Қазақстан мен Астана қаласы командалары ашты. Елордалықтар 4:1 есебімен жеңіске жетті.Басқа кездесулер де аса тартысты өтті. Жарыс ертең аяқталады.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы