Президент • 24 Тамыз, 2018

Атырау облысында өндіруші саланың үлесі басым

679 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Қазақстан Президенті бірқатар өнеркәсіп кәсіпорны мен әлеуметтік нысанды аралап, Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. 

Атырау облысында өндіруші саланың үлесі басым

Мемлекет басшысының Атырауға сапары «Карат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Дәулет» жеке индустриялық аймағының жұмысымен танысудан басталды. Елбасына бұл жерде нан және макарон өнімдерін шығаратын цехпен қатар, дайын өнім үлгілері көрсетілді.

Сондай-ақ Қазақстан Президентіне Атырау облысындағы инвестициялық жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, қуаты 52 мегаватт болатын жел электр стансасы, ыстық күйінде мырыш жалату цехы, робот арқылы дәнекерлеу әдісін қолдана отырып, металл құрылғыларын, карбон негізіндегі қуатты кабель, крекинг катализаторларын өндіру жөніндегі кәсіпорындар, фармацевтика зауыты, қысымды өлшеуге арналған құрылғылар шығаратын зауыт, құс фабрикасы, аумағы 20 гектар болатын жылыжай және басқа да жобалар бар.

Жалпы, «Дәулет» жеке индустриялық аймағы – көп салалы заманауи кәсіпорын. Оның құрамында нан және кондитерлік өнімдер өндіретін «Дәулет нан» зауыты, ауыз су дайындайтын цех, «Райхан» шаруа қожалығы, макарон өнімдерін өндіретін цех, диірмен, ет комбинаты, тігін цехы, сондай-ақ асфальт-бетон зауыты жұмыс істейді.

«Дәулет» жеке индустриялық ай­ма­ғында 244 жұмыс орны ашылған. Жо­баның құны – 1,51 млрд теңге. Кәсіпорын соңғы төрт жылда кемелдене түскен. 

Мемлекет басшысы мұнан соң «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына барып, өндірістік үдерістерді қадағалау орталығының жұмысымен танысты. Онда Елбасына цифрлы зияткерлік кен орнының жүйесі көрсетілді. Бұл нақты уақыт режімінде өнеркәсіп нысандарынан түсетін ауқымды мәліметтерді өңдеуге, шұғыл шешім қабылдау мақсатымен оған әрі қарай талдау жасауға, сондай-ақ кен орындарындағы өндіру үдерісін жақсартуға мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Назарбаев кен орындарына цифрландыру элементтерін енгізудің арқасында еңбек өнімділігі артып, құрылғыларды жөндеу мерзімінің және бірін бірі қайталайтын құрылымдардың қысқарғанын айтып, түпкі нәтиженің пайдасы бастапқы шығыннан екі есе және одан да көбірек болатынын атап өтті.

– Мұнай өндірудің қазіргі әдістерімен ғана шектелмей, заманауи тәсілдерді де қолдану қажет. Ең алдымен, қыз­мет­кер­лерді озық технологиялармен жұмыс істей білуге үйрету керек, – деді Қазақ­стан Президенті.

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ах­мет­жан Есімов Мемлекет басшысына «Ұлт­тық индустриялық мұнай химия­сы тех­нопаркі» арнайы экономикалық аймағы қызметінің негізгі нәтижелері туралы баяндады.

Сонымен қатар Қазақстан Пре­зи­дентіне Атырау қаласы инженерлік же­лі­сінің электронды сызбаларына, ауыл шаруашылығына арналған жерлерге, кең таралған пайдалы қазбалар орындарына және өңірдегі жерлерді пайдалану шарттарына және мемлекеттік қызметке электронды форматта тапсырыс беруге немесе мемлекеттік органға өтініш жолдауға онлайн-мониторинг жасау үшін мүм­кіндік туғызатын Атырау облысының геоақпараттық порталының жұмысы таныстырылды.

Атырау облысы әкімінің аппарат басшысы аталған электронды ресурстың енгі­зілуі өңірдің инвестициялық тартым­дылығын арттыруға, бизнес-процесті автоматтандыруға, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қатерін және жерді пайдалану шарттарының бұзылуын азайтуға мүмкіндік беретінін айтты.

Жалпы, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты кәсіпорындар жылына 2800 мың тонна мұнай, 170 млн текше ме­тр ілеспе газ өндіреді. Өндірілген өнім не­гі­зінен Польша, Германия және Еуро­па­ның өзге де мемлекеттеріне экспорт­талады.

Кәсіпорын басшыларының мәлім­де­­уінше, кен орындарын цифрландыру жедел шешім қабылдау мен шығындарды оң­тай­ландыруға мүмкіндік берген. Мә­селен, осы үдеріспен қамтылған «УАЗ» кен ор­нында бұрын аста-төк жұмсалып кел­­ген жанар-жағармай 45 процентке дейін үнемделе бастаған. Өндірісті цифр­лан­­дыру нәтижесінде мұнай-газ ұңғы­мала­рын­ың жай-күйі толық бақылауға алынып, автоматтандырылған жүйе қалыпты мұнай шығындарын 2 процентке дейін қысқартуға, электр энергиясын 37 процентке дейін үнемдеуге жол ашқан. 

Соңғы жылдары кәсіпорында бұ­рын­ғы оператор мамандықтарына сұраныс тө­мен­­деп, керісінше IT саласы мамандары­на сұраныс артқан. Бұл – өндіріске жаңа тех­нологиялардың енгізілгендігінің бірден-бір дәлелі. 

Өндірістегі игілікті істер туралы Елба­сына баяндалып, оң бағасын ал­ған­дығын да атап өту керек. Мемлекет бас­шысы осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру туралы тапсырмалар берді. 

Ал өңірдегі заманауи технологиялар­ды кеңінен қолданып отырған «Жігер­мұ­найсервис» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінде Елбасы өнім өндіру көле­мін, еңбек өнімділігін, металл өңдеу дәл­дігін арттыруға, сондай-ақ адам факторына байланысты қателіктерді болдырмауға мүмкіндік беретін, роботтың көмегімен дәнекерлеу әдісі қолданылатын металл құрылғыларын өндірудің технологиялық үдерісімен танысты.

Нұрсұлтан Назарбаевқа зауытта ішкі нарыққа және экспортқа шығаруға арналған дайын өнім үлгілері көрсетілді.

Қазақстан Президенті кәсіпорын еңбеккерлерімен кездесуі барысында өнер­кәсіптің түрлі саласында заманауи цифр­лы технологияларды енгізудің ма­ңыз­дылығын атап өтіп, «Жігермұнай­сер­вис» компаниясының өндірісін әрта­рап­тандырудың артықшылықтарын айтты.

«Жігермұнайсервис» ЖШС-ның жо­ба­лық қуаты – жылына 4000 тонна. Жо­баның құны – 2 650 млн теңге. Бүгінде кә­сіпорында 49 адам еңбек етеді екен. Кәсіпорын 2017 жылы пайдалануға бе­ріл­ген. Қазіргі уақытта бұрғылау, мұнай кәсіп­шілігі және қалыптан тыс құрал-жаб­дықтарды жалға беру мен жөн­деу, мұнай және газ кен орындарын жайғас­тыру, металл бұйымдары мен бұрғы­лау жаб­дықтарын әзірлеу қызметін көрсе­теді. Оған қоса нарыққа қоршаулар, баспал­дақтар, тіреулер, үрліктер, түрлі көлем­дегі контейнерлер мен астаулар, бұрғы­лау мұнараларын және басқа да металл бұйымдарын шығарады. 

Елбасы кәсіпорынның жас қызмет­кер­лерімен де пікірлесіп, оларға бүгінгінің тала­бы бойынша жастардың бірнеше маман­дықты қатар меңгеру қажеттігін, заманауи технология және сапалы біліммен қаруланған адамның аты озатындығын мысал етті. 

Мемлекет басшысы Атырау сапары­ның аясында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау гуманитарлық университетіне «Қаз­ТрансОйл» компаниясы сыйға тарт­қан жаңа Студенттер үйінің ғи­ма­ра­ты­мен танысты. 

Биылдан бастап студенттер қоныс­тан­дырыла бастаған үй заманауи талаптарға сай келеді. Жайықтың жағасына жақын ор­наласқан ғимаратта студенттердің алаң­сыз білім алуына барлық жағдай жасал­ған. Сәні мен сәулеті келіскен, 450 адам­ға лайықталған ғимараттың бірінші қабатында заманауи оқу залы, бассейн, асхана және әкімшілік бөлмелер болса, екінші қабатында коворкинг алаңы, спорт және жаттығу залдары қоныс тепкен. Ал жоғарғы қабаттары 17 шаршы метрлік жатын бөлмелерден тұрады. Оған қоса, әрбір ғимаратта жуынатын және тұрмыстық бөлмелер қарастырылған. Студенттер үйі заманауи жиһаздармен жабдықталып, қауіпсіздік шаралары да барынша ескеріліпті. 

Студенттер үйінде Мемлекет басшысына өңірде «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» орындалу жайы баяндалды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың мә­лім­деуінше, Атырау халқы аталған бағдар­ламаларды ыстық ықыласпен қабыл­дап, толық қолдау көрсетуде. 

Елбасына осындай жетістіктерді баяндай келе, Н.Ноғаев былтыр және биыл ежелгі Сарайшық қаласын шайып келген Жайық өзенінің 1,5 километрлік жаға­лауы шегенделгендігіне, басқа да мәде­ни-тарихи мұраларды сақтап қалуға бағыт­талған жұмыстарға тоқталды. 

Атырау облысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бойынша 1792 пәтерлік 26 тұрғын үй салынып, 
«7 – 20 – 25» бағдарламасы арқылы беріл­мек. Мемлекет басшысы, осы орайда облыс әкіміне әрбір тұрғын үйдің сапалы әрі сәу­летті болуын мұқият қадағалауды тап­сырды. 

Өңірде өткен жылы «Бизнес-Бастау» жобасы арқылы 750 адам оқытылса, биыл бұл жобамен 1325 адам қамтылған. 

Сондай-ақ кіріс көлемі 25 айлық есеп­тік көрсеткіштен аспайтын 65 мың адам­ның жалақысы 1,1 млрд теңгеге өскен.

Ал қазір мұнайлы өңірдегі елді ме­кендердің 98,3 проценті газдандырылған, қазір тұрба тартылып жатқан Азғыр өңіріне көгілдір отын жеткен бойда бұл көрсеткіш 99 процентке жетпекші.

Сонымен қатар 2020 жылға қарай өңірдегі жатақхана тапшылығы мәселесі түбегейлі шешілмек. Атап айтқанда, осы мезгіл ішінде 1960 орындық 13 жатақхана салынбақ. 

Жатақханада тұратын студенттермен әңгімелесу барысында Елбасы оларды үлкенді құрметтеуге, кішіге қамқор бо­луға шақырып, өз Отанын сүюге негіз­дел­ген қазақ халқының салт-дәстүрін ұста­нудың маңыздылығын айтты. Уни­вер­ситет студенттері Бес әлеуметтік бас­тама аясындағы жобалардың жү­зе­ге асы­рылғаны және студент жастар­ға әр­дайым қолдау көрсетіп келе жат­қа­ны үшін Нұр­сұлтан Назарбаевқа алғыс­тарын жеткізді.

Мемлекет басшысы жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Атырау об­лы­сының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Жиында ашқан Елбасы тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның зор жетістікке жеткеніне тоқталып, оған Атырау халқы да айтарлықтай үлес қосқанын ерекше атап өтті.

– Біз 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын қабылдадық. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Цифрлы Қазақ­стан», индустриялық-инновациялық даму мем­лекеттік бағдарламалары және Бес әлеуметтік бастама жүзеге асырылып жатыр. Мұның бәрі әрбір қазақстандықтың өмірін жақсартуға бағытталған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы нысандарды аралап көріп, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы жөніндегі есепті тыңдаған соң, жалпы аймақтың экономикасы қар­қын­ды дамып келе жатқанын және әлеу­мет­тік тұрақтылық қамтамасыз етілгенін айтты.


Атырау облысының әкімі биылғы бі­рінші жартыжылдықтағы өңірдің әлеу­меттік-экономикалық даму қоры­тын­дылары жөнінде баяндады.

– Облыстың өңірлік жалпы өнімі 2018 жылғы бірінші тоқсанда 1 646,2 мил­лиард теңгеге, индекс көлемі 112,1 процент­ке жетті. Республиканың ішкі жалпы өнімін­дегі өңірдің үлесі 14 процент болды. Өнер­кәсіп өндірісінің көлемі 3 653,1 миллиард теңгеге артты. Іс жүзіндегі индекс көлемі – 112,6 процент. Еліміз бойынша өңір­дің үлесі 27,7 процентті құрайды. Жыл басынан бері 333,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл Кәсіп­керлікті қолдау картасы аясында құны 21,8 миллиард теңге болатын әрі 331 жұ­мыс орнын ашатын 8 жобаны іске қосу жос­парланып отыр, – деді Нұрлан Ноғаев.

Нұрсұлтан Назарбаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының бір­қатар бағытына қатысты оң нәти­желерге тоқталып, өңір экономикасы өсімінің негізгі көрсеткіштері өндіруші секторға тиесілі екенін атап өтті.

– Мен бағасы құбылмалы шикізат ресурстарына үміт артпай, баламалы өн­діріс құруға арналған индустриялық-ин­но­вациялық даму бағдарламасын ұсындым. Үлкен кәсіпорындар құру міндетті емес, экспортқа жұмыс істейтін икемді жоба­ларды жүзеге асыру қажет, – деді Мемле­кет басшысы.

Елбасы мемлекеттік қызметшілердің жалақысына қатысты қанатқақты жобаны жүзеге асырудың тиімділігін айтып, жергілікті атқарушы органдарға осы тәжірибені қолдануды, сондай-ақ сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы күресті күшей­туді тапсырды.
Жиын соңында Қазақстан Прези­денті облыс әкімдігіне және орталық мем­лекеттік органдарға өңір экономикасын әртараптандыру, «Ақтөбе – Атырау

– Ас­трахань» автомобиль жолының құры­лысын тезірек аяқтау, аграрлық және қайта өңдеу саласын дамыту, жаңа жұмыс орын­дарын ашу, Бес әлеуметтік бастама ая­сын­дағы жобаларды сапалы іске асыру, сондай-ақ жүктелген міндеттер үшін басшылардың дербес жауапкер­ші­лігін бекіту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан» 

Атырау облысы