Қазақстан • 24 Тамыз, 2018

Арал тағдыры – адамзат тағдыры

12119 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгін Түрікменстанның Түрікменбашы қаласында Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) құрылтайшы мемлекеттер басшыларының саммиті өтеді.  

Арал тағдыры – адамзат тағдыры

Аталған қор 1993 жылы Арал теңізін құтқару, Арал аймағын экол­огиялық сауықтыру жөніндегі бірлескен іс-қимылдарды, бағдар­ламалар мен жобаларды іске асы­ру мақсатында Қазақстан, Қыр­ғызстан, Тәжікстан, Түрік­менстан және Өзбекстан бас­шыларының бірлескен шешімімен құрылған болатын. 

Бүгінде бұл ұйым XX ғасырдың ірі апаты деп мойындалған Арал теңізі проблемасының салдарын жою жөніндегі Орталық Азия мем­лекеттерінің күш-жігерін үйлес­тірудің ықпалды құралына айна­лып үлгерді. Оның үстіне БҰҰ Бас Ассамблеясының 63-ші сес­сиясында Халықаралық Арал­ды құтқару қорына бақылаушы мәр­тебесін беретін қарар қа­был­данды, бұл құжат оның ха­лық­ара­лық ұйым ретіндегі рөлінің арт­қанын айғақтайды.

2009 жылы Халықаралық Арал­ды құтқару қорының Алма­тыда өткен саммитінде Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Сырдария өзенінің өткізу қабілетін күшейтуге және Солтүстік Аралды сумен көбірек қамтамасыз етуге бағытталған «Сырдария өзенінің арнасын және Арал теңізінің солтүстік бөлігін реттеу» жобасының бірінші кезеңін аяқтағаны жөнінде хабардар ете келе, Қазақстан әлемдік эко­номикалық дағдарысқа қара­мастан, жоспарланған жұмыс­тарды тоқтатпауға ниетті екендігін айтқан болатын. Бүгінде аталған жұмыстың үшінші кезеңіне аяқ бастық. 

Міне, биыл аталған қордың құ­рылғанына 25 жыл, ал Алматы сам­митінің өткеніне де тоғыз жыл­дан асты. 

Қазақстан тарапынан осы уа­қыт­ аралығында қыруар іс атқа­рылды. Сырдария өзені­нің ең тө­­менгі ағысында орналас­қан әрі су­мен қамту проблема­сын сезінетін Қазақ­стан осы мәсе­ле­­лерді өңірдегі бар­лық мемлекет­тер­­мен бірлесіп келісілген су сая­са­­тын жүргізу­дің арқасында ғана та­­быс­ты ше­шуге болатынын те­рең түсіне­ді. Арнасы кепкен Арал­­­дың экологиялық зардабын кө­бі­­­рек тартып отырған да біздің тарап.  

Халықаралық Аралды құт­қа­ру қоры жұмыс жүргізіп кел­ген жыл­дар ішінде Арал төңі­ре­гін экологиялық тұрғыдан сауық­тыру және әлеуметтік-эконо­микалық проблемаларын ше­шу жөніндегі көптеген бағдар­ла­малар жүзеге асырылды. Қазақ­стан Дүниежүзілік банктің қол­дауымен теңіздің солтүстік бөлі­гін қалпына келтірді. 

Мемлекет тарапынан да бөлінген қомақты қаражаттың арқасында теңіздің солтүстік бөлігі Арал қаласына жақындап, жергілікті халықтың тұрмысын жақ­сартуға оң ықпалын тигізді, ба­лық аулауға, жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді. Ең бастысы, теңіз тартылған соң нәпа­қа­сынан айырылып, тұзды шаңнан қаш­қан жұрт Аралға қайта оралып, ата қоныстарында ата кәсібін жал­ғастыруға мүмкіндік алды. Арал теңізінің құрғаған табанында 2008 жылдан бері ауданы 56,5 мың гектар жерге сексеуіл егу жұ­мы­сы жүргізілгенін де айта кету керек.

Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында елдегі экологиялық ахуалға Арал­дың жайын қатыс­тыра отырып ерекше мән берген болатын. 

«Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Бағзы замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, аста-төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның кесірінен Жер-Ана жара­тыл­ғаннан бері шөбінің басы тұл­пар­лардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құнары құр­дымға кетті. Түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар мия­лы жерлеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды. Осының бәрі – жерге аса нем­құрайлы қараудың ащы мысалы», деген еді Елбасы. 

Арал теңізінің тартылуы, тіпті құрдымға кетуінің себеп-салдары талай айтылды, жазылды. Тіпті Қазақстан ғарышкері Айдын Айымбетов ғарышқа сапарында Арал теңізін суретке түсіріп, кесапаттың ғаламдық ауқымын да айтып берген еді.

«Жалпы, ғарыштан қарасақ, Арал теңізі қандай үлкен теңіз болғанын байқаймыз. Бірақ дәл қазіргі жағдайын айтсам, теңіздің суы тартылып, сор топырақ құммен араласып, елді мекендер мен құнарлы жерлерге жақындап келеді. Ғарыштан Арал теңізінің қаншалықты көп тартылғаны анық көрініп тұр», деген болатын ғарышкер. 

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап теңіз деңгейі төмендей, кей алқаптары сортаңға айналды. Өйткені Аралға құятын өзен бойына халық тығыз қоныстана бастап, суды көп мөлшерде қажет ететін шаруашылыққа ден қойған болатын. Аралдың түбіне жеткен мақта мен күріш шаруашылығы екендігін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеп қойды. Сөйтіп КСРО-ға қарасты ішкі су қоймаларынан ауланатын балықтың 13 про­центін беріп отырған Арал теңі­зі құрдымға кете бастады. Бір кез­дері дүркіреген балық шаруа­шы­лығы жойылып, алып кемелер қайраңда қайырлап қалды. Сон­дай-ақ теңіз аумағынан аулана­тын аңдардың да қарасы кеміді. Ал теңіз айналасындағы біре­гей өсімдіктер тамырынан қурап, айналаны тұзды құм басты. Бір сөзбен айтқанда, кеңес­тік шаруашылық жүргізудің қасі­ре­тінен табиғаттың тепе-теңдігі бұзылып, Арал қасіреті нағыз апат­қа айналған-ды. 

Сөздің шыны керек, Арал теңі­зінің мәселесі біздің өңірге, сон­дай-ақ Халықаралық қор құрған мемлекеттерге ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіріп отыр­ғаны рас. Тіпті, экологиялық апат­тың деңгейі жаныңды түршік­тіреді. Дәлел ретінде айтар бол­сақ, теңіз­дің тартылуы салдары­нан жыл сайын 75 миллион тон­наға дейін шаң мен улы тұзды жел кө­теріп, оның тозаңы қа­зірдің өзін­де Еуропа мен Ан­тарк­тидадан табы­луда. Міне, халық­аралық қоғам­дастық осы үшін де алаңдайды. 

Әлбетте, тастың ауырлығы алдымен түскен жеріне ғана сезіледі. Осы орайда Қыр­ғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өз­бекстан мемлекеттерінің де Арал зардабын тартып отырғандығына ешқандай талас жоқ. Алайда соңғы 10 жылдың көлемінде Аралға қатысты осынау ұйымның жұмысы саябырсып, құрылтайшы мемлекеттер іштен тынып жатты.

Сайып келгенде, Түрік­мен­башыдағы мерейтойлық саммитте Аралдың тағдыры аймақ тағ­дыры ауқымынан әлдеқашан шығып кеткендігін тараптар талассыз мойындап, атқарылған іс­терге қорытынды жасап, Арал­ды құтқару қорының жұмы­сын жан­дандыруға келісіп, болашақтағы жоспарларымен бөлісуі тиіс.

Сөздің орайы келгенде ай­та кету керек, күні кеше Каспий теңізінің құқықтық мәртебе­сін анықтауда көршілес мемле­кет­тердің ортақ мәмілеге келіп, ауыз­біршілік танытқаны әлемге үлгі болды. Ал Арал теңізіне байла­нысты қауіпсіздікпен, қорға­ныс­­пен ұштасатын қиындық жоқ. Бас­тысы – экология, елдің сау­лы­ғы және содан соң ғана эконо­мика. Бір аймақтағы бауырлас мемлекеттердің бұл мәселеде де ортақ шешімге келері күмән тудырмайды.

Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»